Біз соңғымыз ба?..

Қазір қандай өнер саласында болмасын, «жаңа тақырып жоқтың қасы…» сынды пікірлер көбейіп кеткені рас. Мен бұнымен толық келіспеймін. Біздің бүгінгі күнделікті өмірімізде үлкен орын алып жатса да, тиісті дәрежесінде не бұқаралық ақпарат құралдарында, не шығармашылық өрісте көрініс таппай жатқан тақырып баршылық. Солардың бірнешеуін мен өзіміздің «Шабыт» шаңырағында оқып жүрген болашақ драматургтер мен режиссерларға ұсынбақпын. 

Шамамен 15 жыл бұрын «электроника кезеңі» деп атауға келетін ғасыр да емес, тұтастай бір мыңжылдық, бүтін бір дәуір басталған болатын. Бүгінгі «Нетбук» сынды ықшам компьютерден бастап, ең жаңа планшетке дейін қаншама ақпараттық-техникалық жаңалықтар бізді өз саналуандығымен жылдан жылға қуантып отыр. Тіпті, кеше ғана таңсық болған «интернет» деген ұғым бүгінде «микротолқынды пеш» немесе «теледидар» сияқты үйреншікті заттардың біріне айналып кетті. Қазіргі таңда, осындай өмір сүру формасының көбінесе жағымды жақтарын атайды. Ол, ең алдымен, жылдамдық пен ыңғайлылық. Алайда, біз ойлағаннан немесе ойлағымыз келгеннен әлдеқайда терең әрі нәзік мәселенің екінші тұсы да бар. Кез келген құрал (әсіресе бүгінгі жаһандану аясындағы қуатты ақпараттық-электронды жүйе) өткір пышақ іспеттес. Оны сақтықпен пайдаланбаса қауіп туғызуы мүмкін.

Менің айтқым келгені, өнерде болсын, баспада болсын әділетсіз түрде назардан тыс қалып жатқан бір тарихи ақиқат бар. Ол 90-шы жж. бірінші жартысында Қазақстанда туылған ұрпақтың (жаһандық үрдіске ілескен елдер арасындағы) «электронды емес» дәуірді көріп үлгерген «соңғы буын» екендігі. Неліктен осы маңызды жайт өнер саласында оригиналды шығармалар мен тың идеялар ретінде көрініс таппай жатыр? Сюжеттердің көбісі таза мелодрамалық немесе «батыстық» үлгідегі «экшн» сарынына еліктеу бағытында болып тұр. 

Құрдастарым еске түсірсе, біздің балалық шақ әлдеқайда табиғи және баяндырақ еді. Осыдан 15-20 жыл бұрын аулалар саябақ немесе балабақша алаңқайына көбірек ұқсас болатын. Ал қазір жас буын ауланы тек автотұрақ ретінде қабылдауға мәжбүр. Жастар қазіргідегідей ғаламтордағы дайын өнімді ойланбастан көшіре салмай, қажетті ақпаратты сөредегі оқулықтардан зейін сала іздеуші еді. Ал рухани азықты 100-ден астам «коммерциялық» арнасы бар теледидардан емес, көбінесе ата-анасы сақтаған көркем әдебиеттен іздеуші еді. Жалқылыққа және «қанішерлікке» баулыған виртуалды ойындардың орнына таза ауадағы салауатты ойындар мен үстелде ойнайтын интеллектуалды ойындар пайдалы да қызықты еді. Әрі ұжымда қарым-қатынас жасауға және достыққа тәрбиелеуші еді. Уақыт-сағатымен ғана бағдарламалар көрсететін бар-жоғы 5 арнада бір күнде бір рет кеңестік болса да, «мейірімді» мультфильм көрсетуші еді. «Ұсқынсыз әрі ақымақ теңіз өсімдіктерін» кейіпкер етіп алған шетелдің 24 сағаттық арналары жоқ болатын. Бос уақытта және мерекелерде ата-әжесіне, туыстарына және барлық көршілерге қонаққа бару немесе солармен бірге қыдыру сияқты дәстүрлер болатын. Міне, бұған дейін осындай «виртуалды емес» өмір болған. Неге!? Осы уақытқа дейін біздің суреткерлеріміз осы мәселені көрмейді, неге сезінбейді, бұл тақырыпты өз деңгейінде неге көтермейді?

Ең бастысы, ол кезде адамның (әсіресе, жастар мен балалардың) жеке уақыты мен кеңістігі, жеке назары мен қызығушылығы өзінің ғана «меншігі» іспеттес болатын. Ал қазір сол «меншіктің» көп бөлігін электрондық-ақпараттық техникалық құралдар: ұялы телефондар, интернет, әлеуметтік желілер, спутниктің телеарналар, айфондар және т.б. «ұрлауда». Бұл үрдіс күшеюде. Демек, біздің замандас адамның бейнесі 15 немесе 20 жыл бұрынғы адам бейнесінен гөрі ой-санасы, психикалық (тіпті физикалық) және ақпараттық иммунитет жағынан әлдеқайда әлсіз және қорғансыз болып шығатыны түсінікті. Осының барлығы болашақ әдеби, драматургия, театр немесе кино сюжеттері үшін аса маңызды, әрі құнарлы өріс.

Соынымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: әзірше бұл мәселені шеше алмасақ та, уақытты артқа жылжыта алмасақ та, басқа амалымыз болмаса осы шындықтарды негізге ала отырып, тақырып ете отырып, өнер туындыларын неге жасамасқа?! Ерекше, неғұрлым қызықты, нақты жағынан неге осы ойды жеткізбеске?! Тілшілер айтса… ұмытылар. Саясаткерлер айтса… ұмытылар. Өнер адамдары айтса, мәңгі бақи ел есінде қалар.  

   

Батырбек Үрістембеков

Back to top button