ТАЛАНТТЫ ЖАСҚА ТОСҚАУЫЛ ЖОҚ

ТАЛАНТТЫ ЖАСҚА ТОСҚАУЫЛ ЖОҚ

ТАЛАНТТЫ ЖАСҚА  ТОСҚАУЫЛ ЖОҚ
ашық дереккөзі

Іргелі химия ғылымының жетістіктері қазіргі уақытта материалдық әлемнің кілтін табудың заманауи деңгейін анықтауда, ал химиялық технологиялар мен үдерістер климаттың өзгеруі, халықты таза сумен, тамақпен және энергиямен қамтамасыз ету, қоршаған табиғи ортаны сақтау сияқты ғаламдық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруда. Кезiнде Б.А.Бiрiмжановтың  «Бiз – химия ғасырының тұрғындарымыз» деген сөзі қазiргi уақытта өмір шындығына айналып отыр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  химия және химиялық технология факультетінің  органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбілов Жарылқасын Әбдіуахитұлын    әңгімеге тартып, еліміздегі жетекші ЖОО – ҚазҰУ-да химия мамандарын дайындаудағы  мәселелері мен жетістіктері жайлы сұраған едік.

– Жарылқасын Әбдіуахитұлы, бүгінде тәуелсіз еліміздің әлемдегі экономикасы мықты, әлеуетті елдердің қатарына қосылуы үшін өзге факторлармен қатар білімді, білікті жас мамандардың болуы да ауадай қажет. Осы тұрғыдан келгенде университетте жас ұрпаққа сапалы білім беруде  қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қазіргі күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 37 мамандық бойынша кадр­лар даярлайтын жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталығына айналды. Еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде, ҚазҰУ Елбасы қойған міндеттерді орындауға белсене кірісіп, классикалық университеттен әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналу жаңа кең көлемді бағдарламасын іске асыру жұмысын бас­тады. 

Жалпы, университетте білім беру ісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген, оқу үдерісінің жапсырмасыз ашықтығы, білім алушылардың академиялық ілкімділігі, «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау қамтамасыз етілген. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жаңа Академиялық саясаты іске асырылды, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет жүйесі жолға қойылды. Бұл жағдай студенттерді оқуға ынталандыруға, олардың үлгерімі мен болашақ жұмыс орнында білімін практикалық қолдану қызығушылығына ықпал ететін ірі корпоративтік желі болып табылады.

Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа әл-Фараби ғылыми кітапханасы ашылды. Жуық арада «Керемет» жастар ресурстық орталығының тұсауы кесіледі. Жаңа сапалық ұстаным негізінде мұнда «бір терезе» қағидасымен студенттер барлық қажет қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. 

– Бауыржан Момышұлы «Тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы» деген ғой. Бұл мәселе қалай шешілуде?

– Жоғары рухани-адамгершілік орта қалыптастыруға арналған «Айналаңды нұрландыр!», «Салауатты және мәдениетті дене», «100 кітап», «ҚазҰУ-Гринкампус» сияқты кең көлемді инновациялық әлеуметтік жобалар білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруге қажетті жағдайларды жасауда. Айта кететін жай, университетте 182 клубтық ұйым, көркемөнерпаздар үйірмесі, спорттық секциялар бар.

– Қазіргі күні университет ха­лықаралық деңгейде мойындалуда. Әлемдік деңгейдегі табыстарыңыздың сыры неде?

– Халықаралық деңгейде мойындалуымыздың бір көрінісі қосдипломдық білім беру бағдарламасының іске асырылуы деп ойлаймын. Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірнеше мамандықтар бойынша әлемдегі беделді университеттер деңгейіне жетті. Мысалы, Лотарингия университеті, Страсбург менеджмент мектебі, Валенсия политехникалық, Ланьчжоу және т.б. шетелдік университеттер. Университетіміздің халықаралық ғылыми мүмкіндігінің мойындалуының тағы бір белгісі ҚазҰУ-да әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica Minolta», «Microsoft» компанияларының оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының ашылуы. ҚазҰУ студенттері алғаш рет «UNIFORM project» халықаралық консорциумы аясында Токио университетімен бірге бірінші қазақстандық наноспутникті жасауды іске асыруға кірісті. «Scopus» және «Web of Science» халықаралық рейтингтік ғылыми журналдардағы мәліметтер базасында қазақстандық ғалымдар жарияланымдарының төрттен бірі ҚазҰУ үлесіне тиесілі. Барынша беделді және әлем мойындаған Thomson Reuters ақпараттық компаниясының деректері бойынша, ҚазҰУ-дің полимерлер мектебінің үш бірдей өкілі (Мун Г.А., Нұркеева З.С., Хуторянский В.В.) соңғы алты жылдың бедерінде интерполимерлік комплекстер саласындағы әлемдегі барлық ғалымдар мен мамандар арасында алғашқы үш орында тұр (http://admin.isiknowlodge.com/analyze/ra.cgi.). Бүкіл постсоветтік кеңістікте бірде-бір ғылыми мектеп осы күнге дейін мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.

– Бүгінде ғылым саласына барынша жағдай жасалып, миллиондаған қаржы бөлінуде. Еліміздегі химия ғылымы саласында жаңалықтарыңыз бар ма?

– Неге болмасын, бар, әрине. Химия саласында жүргізілетін ғылыми зерттеу­лер факультет жанындағы екі ғылыми-зерттеу институтында орындалады. Әртүрлі мақсаттарға арналған «Алхидин», «Рамон», Рихлокайн«Лимонидин», «Биосед», «Жантақ» деп аталатын синтетикалық және өсімдік текті дәрілік препараттар да биос­кринингтен өтіп, медициналық практикада қолдануға ұсынылды. Бұл препараттардың әртүрлі дәрілік формалары (инъекция, мазь, таблетка, суспензия және т.б.) дайындалған. Жалпы химия факультеті мен оның ғылыми-зерттеу институттарында ғылыми зерттеулер Инновациялық-индустриялық бағдарламаның барлық басым бағыттары бойынша жүргізіледі.

– Қазіргі таңда еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жатқан мыңдаған студенттерді мазалайтын ең басты мәселе – оқу бітірген соң жұмысқа орналасу жағдайы. Сіздерде осы мәселе қалай шешілуде?

– Жалпы, бізде үш мамандық: «химик-зерттеуші», «органикалық заттардың химиялық технологиясы» және «бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» бойынша мамандар дайындалады. Студенттер үшінші курстан соң түрлі кәсіпорындарға өндірістік практикаларға барып, болашақта қандай мамандық бойынша жұмыс істеуге болатынын көздерімен көріп қайтады. Кәсіпорындар үшін де талапты, талантты жас мамандарды жұмысқа тарту ауадай қажет нәрсе. Сондықтан, өндірістік практика кезінде білімділігімен, талаптылығымен және тындырымдылығымен көзге түскен студенттерімізге кәсіпорын басшылығы сол кезден-ақ «құда түсіп», «ен тағып» қояды. Осының арқасында көптеген студенттеріміз оқу бітірген соң «Енді қайда барамын?» деп бас қатырмастан, өзіне етене таныс болып қалған кәсіпорынға жол тартады. Атап айтсақ, біздің факультетті бітірген студенттеріміз жыл сайын тоқсан, жүз пайыз жұмысқа орналасып кетеді. 

– Сіздермен байланыс жасайтын кәсіпорындардың ішінде ірі өндіріс орындары бар ма?

– Әрине, мысалы, өткен 2012 жылы «Ор­ганикалық заттар, табиғи қосылыстар мен және полимерлердің химиясы мен технологиясы» кафедрасында маманданатын алпыс шақты студенттерді еліміздегі аса ірі бірнеше кәсіпорындарға: атап айтқанда, Павлодар, Шымкент, Атырау мұнай өңдеу зауыттары, Степногорск қаласына «КазТрансОйл» АҚ, Шымкент қаласына «Химфарм» АҚ, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» АҚ және т.б. өндірістік практикаға жібердік. 

Әрине, мұның бәрі ғылым мен білімге мемлекет, университет тарапынан жасалған қамқорлықтың арқасында мүмкін болып отыр. Өндірістік практикаға баратын студенттің жол жүру, күнделікті тамақтану және жатын орындарына қажетті шығынның барлығын университет төледі. Осының өзі студенттеріміздің болашақ мамандығы жайында нақты біліп, дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді. 

Перизат ҮРКІМБАЕВА