389
ҚАРА ДОРБАДАҒЫ ҚОЛЖАЗБАЛАР
ҚАРА ДОРБАДАҒЫ ҚОЛЖАЗБАЛАР
Біздің
Бейнеудегі Бәтиұлы Мәден деген ақсақалдың ескіше сауаты мол болатын.
Абыр-сабыр, келіп-кетіп жататын қонақ, көрші-көлем, бала-шағадан үй
босады-ау деген кезде, үлкен қара дорбадан ақ орамалға түйген Құран
кітабын алып оқып отыратын еді. Біраз оқығасын:
– Сұлтан, соңғы кезде менің көзім ауыратын болды», – деп кітапты орнына қойып, жаймашуақ әңгімеге көшетін.
Сол әңгімелердің бірінде, мен:
–
Мәдеке, әңгіме деген көп қой. Соның ішінде ұрпаққа ұлағат болар
сөздерге көбірек көңіл бөлсек. Мәселен сіздің өзіңіздің атадан өрбу
шежіреңізді мына бір қағаздарыңызға қарай отырып айтып берсеңіз қайтеді?
– дедім. Ол болса:
– Әй, сол әруақтарды қозғап не қыламыз! – деп айтқысы келмеген ыңғай білдірді.
–
Қалай болады сонда, Мәдеке? – деп, мен сөз бастадым. – Ертең маған бір
күні «құдаң кім» дер, «оның тумалары, жігі қайсы» дер, мен «білмеймін»
деуім керек пе? Балалар ержетіп, бүгінгі жиендердің біреуі келіп, «кәне,
нағашы, сен осы біздің шалмен көп әңгімелесетін едің, біздің
аталарымызды айтып бер» десе, ал мен айта алмасам ше?.. Сіз маған
айтпасаңыз, мен жазып оларға жеткізбесем, оқу оқып, білім алып, нан
тауып жегенімізден не пайда? – деп аяқтадым.
Осылайша, ептеп
«дау» айтқасын, Мәдекең бұйымтайыма құлақ асты, сұрағанымды айтатын
болды. «Қызыл қыспақты» көп көрген шал ғой, бай баласы әрі ескіше
оқыған, сауатты болғасын, баяғы қорқып қалған ізбенен «балаларыма кесірі
тимесін» дейтін шығар, ашылып айта алмай, алғашқыда көмескілеу
ой-толғамдардың ептеп шетін шығарып жүрді.
Шамасы, 1980 жылдың ар жақ, бер жағы болар, бір күні:
–
Менде қараш Ыбырайым ахунның шежіресі бар, ескіше жазылған, мен оқып
отырайын, сен жаз. Көп керегіңе сол жарап қалар! – деді.
Үлкен
дәптерге әдемі қолтаңбамен жазылған шежірені бір айға жуық жұмыстан бос
кездері жазып жүрдім. Осы кезге дейін құлаққа шалынып жүрген әруақты да
атақты шалдардың ата-баба, ру тарихы тайға таңба басқандай анықталып
қалды.
Құдамыз 1993 жылы бір-жар ай төсек тартып жатты да,
тамыз айының 13-ші жұлдызы күні, таңда, бала-келін, немерелерінің
алдында пәниден бақиға аттанды. Жатқан жерің жайлы болғыр, қайтыс
боларынан бір-екі күн бұрын, бір әңгіме тұсында:
– Баяғыда
«бәлен» деген кәкеміз: «Әй,балалар, бұл қоныс, қоныс болар дейсің бе,
бұл дүние, дүние болар дейсің бе?» деп отыратын еді. Біз таң қалатын
едік. «Кәке, ол не дегенің, не болатын еді?» деп. Жарықтықтың айтқаны
келді де тұрды. Көп ұзамай-ақ алай-дүлей басталды да кетті. Мал қырылды,
ел босты. Қоныс қалды жөніне, мал-дүниенің тоз-тозы шықты. Елім деген
ерлер көзден ұшты. «Елу жылда – ел жаңаның» кейпі ме, әйтеуір, басымыз
айналып, аман қалғанымыз дым білмес, мәңгүрт болып, күнделікті нанымызға
қуанатын күнге тап болдық. Арақпен қосылып, «атада жоқ ақыл» келді
елімізге. Әркім өз алдына «шер» болды. Атасын сұрасаң аларып қарайтынды
шығарды. Ал, ескіге көз жүгіртсек, біздің ел кімнен кем еді! – деп, бір
толғап еді Мәдекең.
Бір күні марқұмның садақасы үстінде,
«Осы Құран кітап оқылып тұрса жақсы болады дейді, атамның кітабын ашып
көр!» – деген қарындасымның өтінішімен қара дорбаны ақтарып отырып,
ішінде қасиетті кітаппен қатар жатқан, төрт-бес әр түрлі көлемдегі
дәптерлердің бар екенін көрдім. Керек болар-ау деген оймен ептеп арап
әрпін танып, ескіше оқып үйренген кезім еді. Дәптерлер толығымен ескіше
жазылған қолжазба екен. Тәптіштеп оқысам, Әбубәкір Кердері, Закария,
Сәттіғұл сияқты шалдардың сөзі.
Сонымен қатар, 1935-55
жылдар аралығында жазылған Мәдекең шалдың өз туындылары. Көбі елге,
тамыр-танысқа сәлем хат болып жазылған. Басқа да мен білмейтін, аттарын
естімеген ақындардың сөздері бар. Адам санасын әрлі-берлі толқытқан
кеңес идеологиясының нышаны сияқты, сол кездегі белсенді ақындарға
еліктеп, партия мен күн көсемдерді мақтаған сөздерінің, бертін келгесін
болу керек, белінен бір сызыпты.
Өткен өмірдегі өз тамырын,
нәр алар кәусар бұлағын аңсаған азаматтарды сол қолжазбалардың
кейбіреуінен үзінділер арқылы таныстырғым келеді.
…Әр затты әуре болып
айта бермей,
Жолсызбен жөнге түсіп
тарта бермей,
Басымды бала жастан бағар едім,
Сөзімді осы жазған оқып көріп,
Елімнің жақсылары мақұл десе
Баптаған бәйге атындай
шабар едім.
Алқада алуан түрлі әнге салып,
Құрбыға қызыл тілмен
жағар едім.
Сап тарқан саясаттан сақтанамын,
Мен болып Әмудария ағар едім.
Сән түзеп салтанатпен жүрген
болсам,
Жағдайды жайғастырып
жазар едім.
Айрылып ағайыннан арып жүрмін
Ас-суын ата-ананың бере алмай,
Назырқап, науқасым жоқ,
налып жүрмін!..
Бұл
кішкентай үзінді «Мәдекеңнің 1936 жылы ел-жұртынан айрылып, өзінің
жалғыз қалғанын айтып, және халықтың зұлматқа ұшырағанына, аштықтың
апатына кездескеніне арнап айтқаны» дейтін ұзақ дастан сипатты
туындысынан еді.
Бісмілла – сөздің ұраны,
Дәуіт, қалам, ақ қағаз,
Құрметті
құрал бұ-дағы… – деп басталып, адамзат тарихының діни кітаптардан
белгілі, қорлық-зәбір көріп, соңынан түзеліп кеткен асылдарын еске
түсіріп, қалың елге, ел ішіндегі бас көтерер азаматтарға тоқталып, өз
өмірбаян тарихын ата-бабамен ұластырып, сөзін келешекке үміт артумен
аяқтайды.
…Ағалар осы болды келген шамам,
Жаныма жәрдем бергей хақ тағалам,
Құр көксеп өткен күнді
не қылайын
Серпілер бір күндері бастан тұман.
Кешу мен Жанғазының ұрпағы едім,
Сөйлесем барлық жанға ортақ едім,
Ақсақал, қатар-құрбы,
азаматтар,
Сөзімнің кешірерсің
артық-кемін..!
Ата
тарихымыздағы көп ақтаңдақтардың ішінде, әлі де болса толық
анықталмай, шын бағасы берілмегені – Кеңес үкіметінің сол бір жылдардағы
ел ішінде бас көтерер азаматтарға көре-тұра жала жауып, жоқ қылып
отырған кезеңі болса керек. Бертін келе ептеп басы ашыла бастаған
шындық, алдымен ел ауызында жүрген Закария, Өришан сияқты ақындарымыздың
сөздерінен басталады.
…Тұтқынға алған біздерді
Сәл нәрсенің жаласы,
Орынсыз қуған дұшпандар
Көңілдің болып аласы.
Өтірік-жала, жәбірді,
Атасыз иттің баласы,
Жазықсыз іске шатаған.
Жауыз деп бізді атаған.
Анығын ашпай қылмыстың
Түрмеге тығып қамаған.
Қарумен баққан қарауыл,
Қойдай түртіп санаған.
Құптай берді сөздерін
Сентрден келген тергеуші.
Бір жеті өтпей арадан
Бұзықтың сөзі шын болды.
Болса да өтірік, жаладан.
Қайғырды сырттан ата-ана,
Күдер үзіп баладан.
Жолыға алмай кетеді,
Көбіне жылап даладан.
Жаны ашитын қарындас.
Бір көруге зар болып,
Көлденеңдеп жанаған.
Көз алдында тұрсақ та,
Жақындап бізге келе алмай,
Алып келген тамағын,
Берейін десе бере алмай,
Кідірмей келіп кіруге
Өзіне-өзі сене алмай,
Кетуге көзі қия алмай,
Қайта айналып артына
Жаутаңдап бізге қараған.
Есікте тұрған қарауыл
«Кейін қайт» деп ақырса,
Алды-артына тараған.
Әкімнен үміт үзілді,
Үкім түсіп жаңадан.
Бер жағы алты ай, жыл жарым,
Ар жағы бес жыл шамадан.
Бұдан артық не болсын,
Болмаса жәрдем панадан.
Келіп еді қорғаушы
Ақтөбе деген қаладан,
Қаратайұлы біреуі,
Жасы жеткен шал адам…
Жиналдық адай болып
бір түрмеге,
Тізілген нар түйедей қатар-қатар,
Адамды адай болсаң әурелеп тұр,
Қылмысы болмаса да заңға жатар.
Қауіпті сол адамның біреуіміз,
Күн қайда елге барып амандасар. – Бұл Закарияның 1929-30 жылдарда жазылған түрмедегі толғауынан үзінді.
Ареставай жүріп келет, кілең зарлап,
Құдайдан тілеп алған қатын-бала,
Айрылды бір-бірінен
қойдай шулап,
Туған жер, Түркпеністан,
Болат, Жаңғақ,
Бір түрлі пікір етіп қарағанда,
Қалғанда не бітірем
жалғыз зарлап.
Мұрт-сақал қиып алды шайқылардың,
Байлардың айдап алды малдыларын,
Қозғалсам орынымнан «бабай» дейді,
Боқтайды, «осы бабай қалай?» дейді.
Жаныма жатқан жерім тыныш емес
Мақшарда көз салғай да бір құдайым!… – Бұл жетпіс бес жасындағы Өришанның Қазаншықта жатып жазған сөздері.
Жоғарыда келтірілген екі асылымыздың сөздері мен Мәден шалдың өз сөздері үндесіп жатқан сияқты.
…Жан көрмеген ғаламат,
Бір заман болды-ау қапылған.
Жауың шығып жақыннан,
Дұшпаның болып қасыңнан.
Талайлар нақақ атылған.
Ұстап беріп ұлтыңнан,
Көрсеткен кез сыртыңнан,
Ерік кетіп басыңнан
Кінәсіз босқа атылып,
Қырылды талай асыл жан.
«Бандит» деген ат алып,
Мал жинаған момындар,
Орынсыз кетті-ау шаталып.
Алшаңдаған мырзалар
Кебінсіз жерге көмілді-ай,
Осылар еске түскенде
Қабырғам жаман сөгілді-ай.
Лаулаған жалын ішім дерт,
Тоқтатпайды жанған өрт,
Осылар еске түскенде
Бұзбассың қалай көңілді-ай.
Белгілі өлген жері жоқ,
Қазып көмген көрі жоқ,
Талай жан сөйтіп өлулі-ай.
Қаһарынан айрылып
Талайдың шамы сөнулі-ай,
Осы сөздің бәрі рас,
Ақиқат көзім көрулі-ай.
Айдаған күні несібе
Ақылымнан айрылып,
Тек жаным қалды менің де,
Болмады заман сенуге-ай.
Отыз бесінші жылдың қысында
Аз қалдым мен де өлуге-ай!..
Әрине
қалың дәптерлерде тек қуғын-сүргін, азапты күн тақырыбынан басқа да
көп жәйттер бар. Дегенмен, осы басты назар аударып, жұрт көңіліне беріп
отырғаным, сол жылдары белгісіз кеткен ел ағаларының, зиялы да зерделі
азаматтардың көне сандықтар түбінде жатқан қолжазбаларына күн түсіріп,
олардың арман-мүдделерінен, өсиет-баталарынан көз жазып қалмауға шақыру.
Халық басына іс түскен мезгілде, қиын-қыстау кездері ел
арасындағы азамат бір-біріне жау болмай, тентегі болса «тек» деп, есі
түзу естісі ертең өкінетіндей қылық көрсетпей, заманның зор күштеріне,
соқыр толқындарына ауызбірлікпен қарсы тұруға шақыру.
Далалық
ақындық дәстүрдің тамаша үлгілерінің жалғасы сипатты Мәден Бәтиұлының
туған жеріне, ел-халқына, ата-баба салт-дәстүріне сүйіспеншілікке толы
басқа да сөздерін оқырмандар назарына беру – келешектің үлесі.
Сұлтан ЖҰМАБЕКҰЛЫ
Бейнеу кенті