Көкшетауда жүргізушіні өзінің жүк көлігі басып кетті

/
Көкшетауда жүргізушіні өзінің жүк көлігі басып кетті
istockphoto

Көкшетауда қауіпсіздік техникасының сақталмауы салдарынан 34 жастағы жүргізуші қаза тапты. Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға 28 шілде күні таңғы сағат 05:00 шамасында Көкшетау қаласындағы жанармай құю станцияларының бірінде орын алған.

1991 жылы туған ер адам “Shacman” маркалы жүк көлігін жанармай құйғаннан кейін тоқтатып, көліктің астына өздігінен түскен. Сол сәтте көлік кенеттен қозғалып кетіп, жүргізушіні қағып кеткен. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, – деп мәлімдеді ведомство.

Аталған факті бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар, мемлекеттік еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Полиция департаменті мен еңбек қауіпсіздігі мамандары тағы да қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Техникалық жұмыстар тек барлық қауіпсіздік нормалары сақталған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс. Көлік толықтай тіркеліп, жұмысшыларға мұндай жағдайларда не істеу керектігі алдын ала түсіндірілуі керек. Қауіпсіздік техникасына салғырт қарау – адам өміріне тікелей қауіп төндіреді, – делінген ресми хабарламада.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары