ӨЗ ІСІН СҮЙЕТІН АЛТЫНАЙ

ӨЗ ІСІН СҮЙЕТІН АЛТЫНАЙ

ӨЗ ІСІН СҮЙЕТІН  АЛТЫНАЙ
ашық дереккөзі
274

Өз ісін жан-тәнімен сүйетін адамдар аз емес. Кейде бүкіл ғұмырын кәсібіне сарқа жұмсайтындарға ерекше құрметпен қарайсың. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Нұрқазған кен-байыту фабрикасының флотаторы Алтынай Жаңағұлованы сондай жандардың қатарына жатқызуға болады. 

Ол өз мамандығы жайында таңды таңға ұрып айтып беруге даяр. Бірақ еңбектің ыстық-суығынсыз өмір сүре алмайтын Алтынай қашан да жұмыс үстінде. Соған қарамастан, біз кейіпкерімізді әңгімеге тартып, сүйікті ісі туралы сұраған едік. 

– Флот, – дегеніміз француз тілінен аударғанда «жүзу» деген мағынаны береді. Яғни, біздің құзыретімізге қоймалжыңда жүзіп жүрген заттарды теріп алу кіреді. Мыс кенін байыту жұмысы былай сипатталады. Мәселен, ұнтақталған мыс диірменге жол тартады да, кәдімгі ұнтаққа айналады. Содан кейін ғана байытуға жөнелтіледі. Бұл гидрофобты металл судан қорқатындықтан, жоғары қарай шашырауы мүмкін. Ешқандай қылт

ықсыз өнім алу үшін реагент қажет етіледі. Ал дайын өнім осы баспалдақтан өткенде және тек үш рет тазалағанда ғана дайын болады. Былайша айтқанда, біз дайын металды қарапайым тастан-ақ жасаймыз», – деп егжей-тегжейлі түсіндіріп берді фабрика қызметкері. 

Демек, байытылған мыс концентраты флотатор мамандарының тер төккен еңбегінің арқасында өмірге келеді деген сөз. Біз Алтынайдың қысқа ғана әңгімесінен мыс концентратын өндіруге шолу жасағандай болдық. Флотация – технологиялық процестің нағыз қайнар көзі. Онсыз өндірілген пайдалы қазбалар адамзат баласына ешқандай пайда әкелмей, қажетсіз тас күйінде аяқ астында жатар еді. Нұрқазған кен-байыту фабрикасының флотаторы Алтынай Жаңағұлова да алынған шикізатқа кәдімгі тіршілік иесіндей қарайтындығын айта келе, кейде сәтсіздіктің де орын алатындығын жеткізді. «Жұмысыңның бәрі оң бола бермейтін кездері болады. Ондай күні үйге басым салбырап қайтады. Адам болған соң, моралдық және физикалық тұрғыдан шаршайсың. Өзіңе жүктелген міндетті ойдағыдай атқара алмағаның қынжылтып жатады. Ал керісінше, жұмысшы межеден тыс орындаған кезде, бәрін де ұмытып кетесің. Бұл сүйікті ісіңнен алған әсерің шығар», – дейді. 

Бір қызығы, Алтынайдың арнайы білімі жоқ болса да, оның қоластындағы шәкірттерінің жоғары техникалық білімі бар. Егер қолында дипломы болса, Алтынай бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қызмет бабында биік белестерге өрлейтін бе еді, кім білсін?! Бірақ бұл ой Алтынайды соншалықты мазалаған емес. 

 Еңбек жолымды Қарағайлы елді мекеніндегі кен-байыту фабрикасынан бастадым. Мектепті тәмамдаған соң мөлшерлеуші болдым. Сосын флотацияға ауыстырды. Осында жұмыс істеп жүріп, еңбектің тәтті екенін сезіп, білім алуға да уақыт таппай қалдым, – деп күледі Алтынай. 

Тоқсаныншы жылдары кен орындары да тоқырауға ұшырады. 1994 жылы Алтынай еңбек еткен кен-байыту комбинатының есігіне қара құлып салынған екен. Бірақ Жаңағұловтар отбасы қол қусырып отырмай, Ақтаудағы цемент зауытының ашылғанын ести сала, жұмысқа орналасып кетеді. Уақыт өте келе Нұрқазған кен-байыту фабрикасының да тұсауы кесіледі. Жаңағұловтар отбасы еңбек жолын осында жалғастырып, бүгінде отбасылық әулет аталмыш ұжымда абыройлы қызмет етіп келеді. Үлкен ұлы балқытушы. Мыс кенін байыту үшін флотаторға қажетті реагенттерді дайындайды. 

Кейіпкеріміз Алтынай Жаңғұлова уақытты кері айналдырып, қайтадан өмір басталса да, осы мамандықты таңдайтын едім дейді. Өйткені, ол кішкентай кезінен тастарды, металдарды жинаумен айналысыпты. Тағдырдың жазуымен кен-байыту комбинатына орналасқан соң, металды тануға деген махаббаты арта түсіпті. 

Бүгінде Алтынай білген-түйгенін жас мамандарға үйретуден жалыққан емес. Себебі, концентраттың әр грамы оңай еңбекпен келмейді. Жас мамандардың білімді болғаны бір бөлек, еңбекте тәжірибе жинақтап, өзін көрсетуі екінші мәселе. Міне, флотатор Алтынай шәкірттерінің аяқтан тік тұрып кетуіне, саланы мейлінше тезірек игеруіне күш-жігерін сарқа жұмсауда. 

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары