ШҚО-да кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті – «AMANAT»

/
ШҚО-да кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті – «AMANAT»

«AMANAT» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы мен облыстық әкімшіліктің кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі бірлескен Өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кеңес жұмысына облыстық басқармалар басшылары, депутаттар, бизнес-қоғамдастық және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кеңесте, кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара тиімді байланыс орнатуға жауапты маманды және кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерінің тізімі, жауапты басқармалар,  өңірлік департаменттерді бекіту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, өңір кәсіпкерлері жиі көтеріп жүрген өзекті мәселелердің бірі — ауыл шаруашылығы мен туризм саласындағы субсидияларды төлеу бойынша қалыптасқан берешек мәселесі қаралды.

ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қазір облыс бойынша 30,7 млрд теңге көлемінде қарыз бар. 

Салалық басқарма өкілдерінің айтуынша, берешектің негізгі себептерінің бірі — 2022 жылдан бастап енгізілген «күту парағы» тетігі. Бұл ереже бойынша субсидияға өтінімдер қаржы болмаған жағдайда да қабылданады, ал төлем қосымша қаржы бөлінген кезде ғана жүзеге асырылады. Бұған қоса, республикалық бюджеттен қосымша қаржыландырудың жеткіліксіздігі де әсер еткен.

 «Қарыздың негізгі себебі — өтінімдерді шектеусіз қабылдау мен республикалық деңгейдегі қаржы тапшылығы. 2023 жылы қосымша 4,6 млрд теңге мал шаруашылығын, 1,8 млрд теңге қайта өңдеу саласын субсидиялауға бағытталды. Дегенмен бұл жалпы берешекті толық жабуға жеткіліксіз», — деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Жаннат Кошерова.

 Кеңес барысында қатысушылар субсидиялау рәсімдерінің ашықтығын арттыру, төлем кезектілігін оңтайландыру және бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

 «Өңірлік үйлестіру кеңесі – кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін алаң. Партия бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдап, олардың шешімін табу жолында нақты қадамдар жасайды. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласындағы субсидиялау – өңір экономикасының маңызды бағыттарының бірі, бұл мәселе партия бақылауында болады», — деді «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар мен бастамалар пысықталып, оларды орталық деңгейде қарау үшін партияның республикалық құрылымдарына жолдау жоспарлануда.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары