ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

ҚАРТТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

ҚАРТТАРҒА   ҚАМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі

Тараз қаласындағы  №2 емханада «Жан-дауа» деп аталатын  қарттарға арналған денсаулық мектебі жұмысын бастады.  Аталмыш мектеп облыста тұңғыш рет зәру жандарға есігін айқара ашты. Бұрын мұндай орталықтар емдеу-алдын алу мекемелерінде жұмыс істемеген. Бұл мектепті ашудағы басты мақсат – Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында халыққа алғашқы санитарлық-медициналық көмек негіздерін ұйымдастыру мен бағдарлама үрдістерін іске асыру. Орталық аясында  дені сау бала, отбасын жоспарлау, қант диабеті, артериалық гипертония мен ишемиялық жүрек ауруының мектептері және жастар денсаулық орталығы да тұрғындарға қосымша тегін қызмет көрсететін болады.

Денсаулық мектебінің ашылу салтанатында сөз алған емхананың  бас дәрігері Жеңіс Тойшыбекованың айтуынша, бұл орталыққа түрлі ұлт өкілдерінің қарттары, еңбек ардагерлері кез келген уақытта келіп, өздеріне ұнайтын істермен айналыса алады.  Сонымен қатар, зейнеттік демалысқа шыққан қарттардың саламатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулықтарын тұрақты қадағалап  отыруына мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, мұнда  түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Олардың ішінде – шахмат, домино сияқты түрлі спорт түрлері, бейнелеу,  тоқыма тоқу өнері, театр студиялары, түрлі спорттық жаттығулар, дәрілік шөптермен ем-дом қолдану тәрізді  қызықты жарыстар да бар. Қажет болған жағдайда дәрігер мамандардан кеңес алуға да болады. 

Мерекелік шараға жиналғандар қуаныштарын білдіріп, алғыстарын айтты. Жиын барысында қарттарымыз ұлттық билер билеп, ән айтып, әрқайсысы  өз өнерлерін ортаға салды. Алдағы уақытта қарт адамдар мектебі барлық емдеу – алдын алу ұйымдарында ашылады деп жоспарланып отыр.

Шолпан Тайжанова,

облыс әкімдігі денсаулық сақтау 

басқармасының баспасөз орталығы