Білім ордасында 8 млн. теңге ұрланды

Білім ордасында 8 млн. теңге ұрланды

Білім ордасында  8 млн. теңге ұрланды
ашық дереккөзі

Кім ұрлады? Мектепке мұндай ақша қайдан келді? Бір ғажабы, Көкшетаудағы білім ордасында  ірі қаржы қитұрқысы орын алған болып шықты. Мектеп директоры мен бас есепші жылдар бойы жалған құжаттар жасап, бюджет ақшасын жымқырып келген.  

Қу құлқынның қамын ойлағандар өздерінің білім шаңырағында отырғанын да естен шығарып алса керек. Электронды қолтаңба арқылы қазынашылық және клиент жүйесі мен қазынашылық департаменті басшылығы тарапынан берілген электронды құжаттар кілтіне қол жеткізген бас бухгалтер жалған бухгалтерлік құжаттар жасап, ақшаны ұрлай берген, ұрлай берген. Бұған қарамағындағы мемлекеттік сатып алу маманы мен мектеп директоры да араласа бастаған. 

Майлы жілікті мүжігендей асықпай қаржы жымқырған топ істерін үш жыл бойы жүргізе береді. Ірі қаржыға құныққан директор есепшіден енді өз есепшотына сыйақы төленіп тұруын да талап етеді. Осылайша үш жыл ішінде мектептің «бас ұстазы» мен есепшілері 2 миллион теңгені қалталарына басады. Тіпті, от жағушы болып жұмысқа алынған бас есепшінің жұбайы да олжалы болыпты. Тергеу жұмыстарының нәтижесінде, оның жеке есепшотына 4 миллион 969 мың теңге  көлемінде қаржы аударылғаны белгілі болды. 

Ақшаның жолында ар мен намысты аяққа таптағандар жалпы сомасы 7 731 632 теңгені ұрлап, мемлекетке қомақты шығын келтірген екен. Істің ақ-қарасын толықтай тексерген Көкшетау қалалық сотының үкімімен мектеп директоры 7 жылға бас бостандығынан ай­рылды. Бас есепші 8 жылға және мемлекеттік сатып алу маманы 5 жылға бас бостандығынан айрылып, мал-мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленетін болды. 

Абзал Алпысбайұлы

Ақмола облысы