«ЖЫЛАНТАқЫР» ЖҰТЫ ЖӘНЕ ЗҰЛМАТТЫҢ ЖАЛҒАСУЫ

1916 жылғы
ұлт-азаттық көтеріліс басылғаннан кейін іле-шала келген 1917 жыл да
оңтүстік қазақтарына өте-мөте ауыр тиді. 1917 жылдың 3 қаңтарында
Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің ІІ Николай патша ағзамға
жіберген (көшірмесі Ташкент мұрағатында сақталған) «…Түркістанда қыс
басталғалы бері бір-ақ рет жұқа қар жауды. Аяз да, боранды жел де,
ызғарлы суық та болмай тұр, – деп бастаған хатының соңын: –   Кейінгі
кезде мұндағы ірі-ірі қалаларда «революциялық ауруға» шалдыққандар молая
түсуде. Өлкеде сауатты ұлтшылдар көбейді. Ел-елде
былтырғы көтерілістің сырқатынан арыла алмай жүргендер сондай
ұлтшылдардың үгіт-насихатына еріп, мемлекетке берешек алым-салықтарды
төлеуден бас тартып жүр. Егер батыстағы майдан біз үшін жеңіспен
аяқталса, солай болатынына кәміл сенемін, ұлы мәртебелім, өткен жылғы 16
шілдеде өзіңіз қол қойған «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында»
атты қаулының әлі де күшін жоймай тұрғандығын  бетке ұстап, мұндағы
желіккен басбұзар топтарды тағы бір мәрте тәубесіне келтіріп қоюға
рұқсат берсеңіз, алып империямыздың қауіпсіздігі үшін жасалған және бір
қадамымыз болып табылар еді» деген сөздермен аяқтағаны – жергілікті
халыққа тағы бір зұлматтың жақындап келе жатқанын ұқтырған еді.

Алайда
патшаның Куропаткинге қандай жа­уап жазғаны белгісіз, бір анығы – 1917
жылы ел ішіне жазалаушы отрядтар шықпаған. Соған қарамастан, жұрт басына
үш қатер бірдей төнген. Оның біріншісі – табиғи жұт, екіншісі – патшаны
тақтан құлатқан уақытша өкімет пен оның артынша орнаған кеңестік
төңкерісшілерге қарсы соғысқа түскен жекелеген орыс отрядтарынан келген
қауіп. Үшінші қатер 1918-19 жылдары өлкеде толық жеңіске жеткен кеңес
өкіметінің қателік пен кемшілікке толы сая­сатынан туындаған. Осы үш
қатер қазаққа орасан көлемде зиян тигізді. Жалпы, Түркістан өлкесінің
халқы үшін, әсіресе осындағы қазақ жұрты үшін 1917 жылдан басталған қилы
кезең тұп-тура жиырма жылға созылып, халқымыздың берекесін қашырып,
бүтінін ойрандады. Одан бұрынғы отаршылдық бізге қандай жапа шектірсе,
1917 жылдан бастап тек ел билеу формасы ғана өзгерген, ал билеушілерінің
кеуделерінде ұлы орыстық шовинизмнің қалпы мен пиғыл-ниеті сол күйінде
қалған кеңестік кезең де қазақтың басына сондай нәубет келтірді. Бұл
жәйт көзі қарақты тарихшылардың бәріне белгілі.

Негізінде,
Куропаткиннің патшаға жазған хатындағы «биыл қыс басталғалы бір-ақ рет
жұқа қар жауды» деген дерек – осы зұлматтың басталуынан хабар берген
алғашқы мәлімет-ті.

1917 жылғы бұл жұт – халық арасында
«Жылантақыр» деген атпен белгілі. Қазақша жыл қайыру бойынша 1917 жылдың
көктемінде жылан жылы басталған. Осы жыл кірмей жатып-ақ табиғат
жарықтық жылдағы қалпынан өзгеріп, қыс бойы қар, ал көктем бойы бір
тамшы жаңбыр жаумаған. Мамыр айының ортасында-ақ күн жазғы шілдедегідей
қатты ысып, көктесін шөп қурап, бидай піспей күйіп қалған. Содан
қарашаға дейін ыстық бір қайтпай, дала төсі қурап кеткен. Сулы делінетін
тау өлкесінің өзі осындай күйге түскен. Тау-тасқа жақын отырғандар
құз-шыңдар мен шатқал түптеріне тығылса да, аптап ыстықтан жандарын
қоярға жер таппай қатты қиналған. Ашық һәм жазық даланың тұрғындарының
малдары бозы күйіп кеткен даладан тістем шөп таппай, қырыла бастаған.
Созақ пен Жаңақорғанның, Шәуілдір мен Сарысудың, қазіргі Жамбыл облысына
қарасты Талас пен Шу аудандарының ұлан-ғайыр жазық далаларында отырған
қазақтардың құдықтарынан су тартылып, мал мен жан аштықпен қатар шөлден
де өле бастаған. Ол жақтарды жан-жаққа үдере көшу белең алып, бірі Арқа
жаққа асса, бірі Алатауға қарай жылжыған. Енді бірі суы мол Сыр мен
Арыстың, Талас пен Шудың бас жағына бет түзеген.

Күзде де
жаңбыр жаумаған. Желтоқсан айында өзен жағасындағы атыраптардан басқа
бүкіл оңтүстік даласы шөпсіз, бозсыз қу тақырға айналып, шаңға бөккен.
Қырсық пен кесапат бір айналғанда шыр айналып, 1918 жылдың қысы да
қар-жаңбырсыз өткен. Құдай көктен бермегесін, жер-дүние қурап, тақырға
айналғандықтан, қазақ осы жылан жылғы жұтқа «Жылантақыр» деп ат қойған.
Т. Рысқұловтың «1917-18 жылғы жұт пен ашаршылықта Түркістан
республикасына қарасты қазақтардың 500 мыңдай адамы, 3 миллиондай малы
қырылды…» деп жазғаны осы зұлматтың ақиқаты.

Дәл сол
кезде өкімет ауысып, бірі – қызыл, бірі – ақ болып, билікке таласып
соғысқан құзырлы орындар өз бастарымен өздері әлек боп кеткен. Осындай
аласапыран уақытта жұттан құрбан болғандардың нақты санын алып, оны
жазбалауға ешкімнің де шамасы болмаған-ау. Әйтсе де, Шымкент облысының
мұрағатында мынадай мәлімет сақталған: «Сырдария облысында 1917 жылы 3
млн. 898 мың төрт түлік болған. Екі жылдан кейін, яғни 1919 жылы олардың
саны бір жарым миллионнан сәл-ақ асқан».

1917 жылы
Түркістан өлкесінің бес облысындағы қазақтардың саны 2 миллион 701 мың
677 адамды құраған. Оның 1 миллиондайы Сырдария облысында, 810 мыңдайы
Жетісу облысында тұрған. Қалғандары – Ферғана, Самарқан, Закаспий
(қазіргі Түркімен жері мен Қазақстанның Маңғыстау аймағы) облыстарына
тиесілі. Ал 1920 жылы Сырдарияда 875 мың, Жетісуда 415 мың қазақ қалған.

Одан кейінгі жылдарда өлкені төңкеріс дауылы шарпып,
жұрттың тірлігінің астаң-кестеңін шығарған өліара кезең халыққа
мамыражай заман сыйлай қоймаған. «Жылантақырдан» қалған зардап пен
өзгерген қоғамның берекесіз кезеңі кесірінен аштық екі-үш жылға
созылған. 1918 жылы Ташкентте құрылған Түркістан республикасының
комитеті жанынан аштықпен күрес басқармасы құрылып, оған Т. Рысқұловтың
жетекшілік жасағаны осының айғағы. Ең өкініштісі, осы жұт пен оның
шынайы кесапаты туралы әлі күнге дейін бір де бір арнайы зерттеу еңбек
жазылған емес.

Түркістан генерал-губер­натор­лығы 1917
жылғы ақпан төңкерісінен кейін тараған. Керенский бастаған уақытша
үкімет оның орнына өлкені басқару жөнінде туатын мәселелердің барлығын
жергілікті жерде шешу үшін өзінің өлкелік органы ретінде Түркістан
өкіметін құрады. Кеңес өкіметі орнаған тұста Түркістан өлкесінің
автономиялы болуын қалаған Мұстафа Шоқай Қоқан қаласында Түркістан
автономиясын құрып, оның төрағасы болады. Бұл республиканың, яғни
М.Шоқайдың басты мақсаты – Түркістан өлкесіндегі халықтар өзін-өзі
басқаруға қол жеткізіп, Ресей әміршілерінен бөліну еді. Алайда қызылдар
Түркістанның дербес немесе автономиялы республика болғанын қаламады.
Ташкенттегі қызыл өкіметтің басына келген орыс большевиктері 1917 жылы
қарашаның аяғында өткен түркістандық боль­шевиктік кеңестердің ІІІ
съезінде тұрғылықты халықтың өкіметке қатысу құқығын шектеді.
Ташкенттегі орыс большевиктері мен қауымы Түркістан автономиясының
болуына ғана қарсы болып қойған жоқ, түркістандықтардың өздерімен тең
құқылы болуына да шектеу қойып бақты. Дегенмен сол жылдың 2
желтоқсанында Қоқан қаласында Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқан
облыстық комитеттерінен делегаттар жиналып, құрылтай өткізеді.
Құрылтайда Ресей құрамынан тыс Түркістан автономиясы құрылғаны туралы
шешім жарияланады. Бірақ бұл республика ұзақ өмір сүре алмайды. 1918
жылдың басында Ташкенттегі большевиктер комитеті «Түркістан автономиясын
қолдаймыз» деді де, бір айдан соң Қоқан қаласын қоршауға алды. Олар
М.Шоқайға «Түркістан автономиясы кеңес әкімшілігін танып, оған бас исін»
деп талап қойды. Бұған М.Шоқай көнбейді. Содан ақпан айын­да Қоқан
қаласы большевиктердің шабуылына ұшырап, Түркістан республикасы құлайды.
Бірақ мұны кейінгі кеңес тарихшылары кекесінмен «Қоқан автономиясы» деп
атады және көптеген тарихи әдебиеттерге сол атаумен кірді. Негізі ол –
Түркістан өлкесі халықтарының азаттығы мен бостандығы мақсатында
құрылған алғашқы Түркістан автономиялы республикасы еді.

1918
жылдың 30 сәуірінде кеңестер съезі РСФСР-дің құрамына кіретін жаңа
Түркістан кеңестік автономиялы республикасын құру туралы қаулы
қабылдады. Оның астанасы Ташкент болып қала берді. Жаңа құрылған
Түркістан республикасының басшыларының бәрі орыстар еді, оған бір де бір
мұсылман өкілі кіргізілмеді. Түркістан халық комиссарлары кеңесінің
төрағасы Колесов, Орталық атқару комитетінің төрағалығына Кобезев деген
орыс большевиктер сайланды. Бұл кезде жергілікті жұрт «Жылантақыр»
жұтының зардабын қатты тартуда болатын. Түркістан үкіметінің құрамында
белді орындарды әлі иелене алмаса да, жаңа автономияның басшылары
арасында белгілі тұлғаларға айнала бастаған Т. Рысқұлов пен С. Қожанов
жоғарғы басшылық алдына ашыққан қазақтарға көмек көрсетулерін өті­ніп,
бірнеше ұсыныстар тастады. Орыс большевиктері бұлардың өтініштеріне
бірден иіліп, құлақ аса қоймады. Тіпті, басшылық құрамда биік лауазымды
иеленген Тоболин деген большевик бір жиында: «Біз ақшаны ашыққан
қазақтарға емес, революцияға қауіп төндірген ақгвардияшылармен күресіп
жатқан қызыл армияның мұқтаждарына жұмсап, оның күшеюіне көмек- тесейік.
Бұлар (қазақтар дегені) бәрібір орыс пролетариатының қатарына қосыла
алмайтын сауатсыз да дүниетанымы әлсіз халық. Оларды аман сақтап
қалғанымызда табар пайдамыз қайсы…», – деп шовинистік пиғылын ашық
айтқан. Бұған Рысқұлов: «Тоболин жолдас «керемет пролетариат» екен-ау.
Жа­райды, жұттан қазақтардың бәрі, олармен қоса Ташкент, Жызақ айнала-
сындағы 40-50 мың ашыққан өзбектер де қырылсын дейік. Сонда Тоболин
жолдас сол қазақ-өзбектер төлеген салық есебінен үкімет қазынасына
жиналған қаржы мен азықтың арқасында аман қалған Ташкенттегі бір шоғыр
орыстармен ғана автономияны сақтап қалмақ па? Халықсыз республиканы
Тоболин жолдас көз алдына келтірмесе, басқа сауатты большевик мұндай
пікірден аулақ екені даусыз. Халықтың жағдайын жасамасақ, оны
сақтамасақ, онда несіне социалистік республика құрдық?» деп тойтарыс
берген.

Тоболиннен 1882 жылы Тамбовтан Ташкентке жер ауып
келген мұжық- тың отбасында дүниеге келіп, осы шаһардағы қазақтар
арасында өскен, осы шаһардағы мектеп пен әскери училищені бітірген, 1912
жылдан большевиктер партиясының мүшесі, Түркістан АКСР-ның алғашқы ОАК
төрағасы Кобезев те қалыспаған. Қазақтардың мінезін әрі 1916 жылғы
көтеріліс тарихын жақсы білетін ол: «Азиядағы ең азулы халық – қазақтар.
Біз қолымыздан келгенше, оларға білім бермеуге және қазіргі соғыс
тәсілі мен озық қаруларды қалай қолдануды үйретпеуге тырысуы­мыз керек.
Өйткені қазақтар басқа түркілерге қарағанда заманға бейім. Бұлардың
арасында батырлар да, алғырлар да көп. Егер білім мен соғыс тактикасы
жағынан бұлар орыспен теңессе, бізге үлкен жау. Ал оларды үкімет басына
отырғызу – тіптен қауіпті» деген. Иә, жер ауып келген кедей келімсектің,
өмірінде Ресейде болмаған ұрпағының көкірегіне мұндай шовинистік пиғыл
қалайша біткен деңіз…

Түркістан кеңестік республикасында
баяғы патша кезіндегідей – Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана,
Закаспий сияқты бес облыс сақта-лынып қалды. Осылайша, Лениннің көзі
тірі болса да, Түркістанда оның ұлттардың өзін-өзі билеу принципіне сай
жазылған қағидасы жүзеге аспай, өлкені басқару ісі өзге ұлт өкілдерінің
қолында қалды. Олар өздерінің билік кезеңінде жергілікті халықтың
мұң-мұқтажына аса көңіл бөле қоймады. Мұндай ұстаным жергілікті ұлттар
көсемдерінің ашу-ызасын тудырды. Олар Кеңес өкіметіне жаны қас топтармен
бірігіп, 1919 жылдың 19 қаңтар күні түнде Ташкенттегі Кеңес өкіметінің
басшыларын қырып салды. Өлтірілгендердің ішінде Колесов та, Кобезев те,
Тоболин де бар еді. (Ташкентте алдыңғы екеуінің атындағы екі көше және
ОҚО Сарыағаш ауданындағы бір үлкен ауылдың аты Тоболин атымен аталып,
1990 жылдардың басына дейін тұрды).

Хиуа мен Бұқар
республикасының ішінен де кеңеске жаулар табылып, нәтижесінде
Түркістанға шын қауіп төнді. Шымкент пен Әулиеата маңында әр жерде
жасырынып жүрген патша офицерлері өздеріне дереу жақтастар тауып, саны
300-ге жететін отряд құрды да, Ташкентке жетуге асықты. Олар алдымен
Шымкент совдепіне шабуыл жасады. Совдеп төрағасы мен біраз
қызметкерлерін өлтірген олар, қазіргі Шымкент-Ташкент тас жолының
бо­йымен Ташкентке жылжиды. Оны Осипов деген штаб-капитаны басқарды.
Осиповтың отряды жол бойындағы Ақтас ауылына жақындағанда алдарынан
капитан Маршель бастаған 100 қолдық қызыл отряд кездеседі. Екі сағаттық
атыстан кейін қызылдардың қатары селдіреп, кейін шегінеді. Маршель тірі
қалған адамдармен Рабат ауылына барып тығылады. Оны өкшелеп келген
Осипов Маршельдің сарбаздарын үйді-үйдің арасымен қуалап жүріп, қырып
салады. Он шақты қызыл әскер Қазығұртқа қарай қашады да, ары қарай
Жаңабазар арқылы Ташкентке тартады. Бірақ Қақпақ алдында оларға қарсы
кездескен бір топ қызылдар отрядт түгелімен жойып жібереді.

Дәл
осы кезде Түлкібас пен Арыс депосында жергілікті қызыл өкіметке қарсы
екі көтеріліс бұрқ етті. Ванновкада өздерін орыс патшасының ізбасарымыз,
патша билігінен басқа ешқандай билікті мойындамаймыз деп бас көтерген
шағын отряд (құрамында 41 адам бар) алдымен Түлкібас стансасын басып
алып, екі күн бойы теміржолдан бір де бір пойызды өткізбей қояды. Үшінші
күні Әулиеата совдепінің көмегімен құрылған халық жасағы келіп, ол
отрядпен бір күн шайқасады. Еш жақтан көмек келмеген ванновкалық ақтар
ақырында жеңіліске ұшырайды. Ал Арыс депосында ішкі Ресейден келіп,
қазақ даласына орнығып, әбден байыған орыс мұжықтарынан құралған топ 13
күн бойы қызыл өкіметке бет бұрған жергілікті қазақтардың бас
көтерерлерін аяусыз жазалайды. Ол топты түбі орынборлық казак Алексей
Обручев деген көпес басқарады. Алексейдің атасы Дмитрий бұл маңға 1872
жылы бір топ қарашекпен мұжықтармен ауып келген жатақ болатын.
Дмитрийдің дәрілік шөптерді жақсы танитын қасиеті болған. Арыс жағасының
қазақтары емдік шөп ретінде пайдаланып жүрген дермене өсімдігінен
бірнеше дәрі жасап шығаруға болатынын білген ол, отаршыл өкіметтің
үстемдігі арқасында Қараспан, Ақдала төсіндегі дермене өсетін алқапты өз
иелігіне айналдырып алады. Сөйтіп, жергілікті қазақтарға дермене
жинатып, Ресейге аттандыратын ірі кәсіпкер болады. Кейін Шымкентте дәрі
шығаратын Сантонин (Химфарм) зауыты ашылған кезде оған шикізат ретінде
дермене жіберетін бірден бір ірі көпеске айналады. Ол қоныстанған
Қараспан ауылы 1888 жылдан бастап, оның құрметіне Обручевка селосы деп
аталады. Обручев өзінің жақын серігі Мамаев деген отандасымен бірігіп,
кезінде сол алаптағы қазақтарға шектен тыс қысым көрсеткен. Талай
қазақты атып, талайын туған жерден бездіріп жіберген. Ең өкініштісі –
сол маңдағы екі ауыл осы екі қанішердің атымен күні кешеге дейін аталып
тұрды (Обручевка, Мамаевка).

Міне, сол Дмитрийдің немересі,
Ташкенттегі прапорщиктер дайындайтын мектептің түлегі, Шымкент уезді
жандармериясының аға офицері, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде
Арыс пен Түркістанда бас көтерген қазақтарды аяусыз басып-жаншыған
жазалаушы отрядтың командирі Алексей 1919 жылдың қаңтар айында Арыс
қаласы мен маңындағы қазақтарды 13 күн бойы қанға бөктірген. Ақ, қызыл
боп соғысқандардың кесірінен Шымкент, Арыс, Ванновка маңындағы ғана
емес, Түркістан өңірінде де жазықсыз қырылған қазақтар көп болған.
Шымкентте Осипов, Арыста Обручев, Ванновкада Ильин бастаған патша
сарқыншақтары қолдарына қару ұстап, кеңес өкіметіне қарсы шыққан кезде
Түркістанда Евсеев деген поручик бастаған 52 адамдық ақтар қолы қаланы
басып алған. Олар да оншақты күн қаланы өз дәргейінде ұстаған. Обручев
та, Евсеев те пойыз жол арқылы Ташкенттен өздеріне көмек келеді деп
күткен. Әу бастағы олардың көтеріліс жоспарлары солай болған. Бірақ
Түркістанға да, Арысқа да Ташкенттен көмек емес, Қызылорда жақтан қызыл
отрядтар келген. Әскери және саяси маңызы бар темір жолдарды ұстап тұру –
қай өкіметтің, қай басқыншының болса да ең үлкен мұраты. Қызылдарды
құлатып, билікті қолдарына қайта алуды мақсат еткен патша
сарқыншақтарының ең бірінші тек темір жол өтетін елді мекендерді басып
алуды ойлап, көтеріліс бастағандары – осы мұраттан туса керек. Алайда
халықты өз ырықтарына тез көндірген қызылдар сол шайқастарда, бәрібір,
жеңіске жеткен. Қызылордадан жеткен қызыл отряд алдымен Түркістандағы
Евсеевтің отрядын жойған. Отрядынан айрылған Евсеев үш адамымен бір
паровозға мініп, Арысқа қашады. Арысқа жеткенде Обручев отряды
Ташкенттен келген қызылдармен соғысып жатқанының үстінен түседі. Обручев
тобының да қатары сиреп, түгі қалмауға айналған екен. Станса түбінде
қызылдармен атысып отыра берсе, түбі өліп немесе қолға түсіп
қалатындарына көздері жеткен Обручев пен Евсеев атқа мініп, Ақдалаға
қарай қашады. Арттарынан оларға әбден қандары қарайған жергілікті
қазақтардың қоңырат руының бір топ қарулы адамдары түседі. Екі офицер
жолда ағып жатқан Арыстың жағасына келгенде, қанша қамшыласа да аттары
суға түспей, ит-әуреге салады. Осы мезет арттарынан қуып жеткен қазақтар
алдымен Евсеевті атып өлтіреді де, Обручевті жарақаттап аттан құлатады.
Сосын оның қол-аяқтарын қылышпен шауып, шала жансар күйінде Арысқа
лақтырып жібереді…

1918 жылдың 30 сәуірінде РСФСР-дің
құрамына кіретін Түркістан социалистік автономиялық республикасы
құрылған кезде оған қараған Жетісу мен Сырдария және Закаспий облысының
(қазіргі Маңғыстау) жерлері ежелден-ақ қазақтардың ата-қонысы еді.
Кеңестік большевиктер баяғы патша кезіндегі Түркістан
генерал-губернаторлығына қараған өңірлер мен облыстарды сол қалпында
қалдырып, оның тек атын ғана өзгертіп, кеңестік республикаға ғана
айналдыра салды. Мұнда да баяғыдай ұлт мүддесі ескерілмеді. «Әр ұлт
өзін-өзі билеуге құқылы» деген Ленин қағидалары іске аспады және бір
жылдан кейін, яғни 1920 жылы 10 шілдеде «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару
жөніндегі революциялық комитет туралы уақытша ережеге» қол қойылғанымен,
1920 жылы 26 тамызда РСФСР халкомкеңесі төрағасы Ленин мен БАК төрағасы
Калининнің ҚазАКСР-ды құру туралы декретті бекіткенімен, патша кезінде
әр генерал-губернаторлыққа бөлініп кеткен қазақ жерлері бір республикаға
біріге алмады. Түркістан республикасының басшылары Т.Рысқұлов, Ю.Алиев,
Ю.Ибрагимовтер алғашқыда Түркістанды өз алдына дербес түркі
республикасы етуге талпынды, кейін мұндағы ұлттарға қарай әр
республикаға бөлу керектігін қайта-қайта көтергендерімен, ұсыныстары
қабылданбай тасталынды. Сөйтіп қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл,
Талдықорған, Қызылорда, (Ташкент облысының шығысы мен түстік жерлерін
және Жызақ аймағын) облыс­тарын қамтитын қазақ жері – Сырдария және
Жетісу облыстары болып, 1924 жылға дейін Түркістан республикасына қарап
келді. Түркістан республикасына қырғыз жері түгелімен, тәжік және
түркімен өлкелерінің жарым-жартысы, өзбек жерінің Ферғана, Ташкент
өлкелері түгелімен, Қашқадария, Сухандарияның біршама аймағы кірді. Арғы
жағында Бұхара мен Хорезм кеңестік социалистік республикалары жатты.

Түркістан республикасы кезінде Сырдария облысы бұрынғыдай –
Әулиеата, Қазалы, Ақмешіт(Перовск), Ташқазақ (Ташкент), Түркістан,
Шымкент, Мырзашөл сияқты жеті уезден, Жетісу облысы да – Қапал, Жәркент,
Лепсі, Талғар, Ұзынағаш, Бақанас, Балқаш тәрізді жеті уезден тұрды.
Патша кезінде осы уездер ауыл сандарына қарай болыстықтарға бөлінсе,
кеңес уақытында да осы құрылым сәл ғана өзгертіліп сақталынды. Бұрынғы
болыстықтар болыстық кеңестерге айналды. Әр болыстық кеңеске 5-тен 10-ға
дейін ауылдар кірді.

Алғашқыда облыстық басшылық орган –
облыстық төңкерістік комитет деп аталды. Оны басқарған адам – облыстық
төңкеріс комитетінің комиссары, уездік төңкерістік комитет басшысы –
уездік төңкеріс комитетінің бастығы делінді. Болыстық кеңестер – ресми
құжаттарда болыстық атқару комитеті (болатком) деп тіркелді. Осы
болатком төрағаларын халық жалпақ тілмен «кедей болыс» деп атады. Мәнісі
– кедейден шыққан болыс деген мағынада. 1921-22 жылдары уездерде
кедейлердің тұрмысын жақсарту, оларды жаңа кеңестік қоғам мен еңбекке
баулитын мақсатты көздеген «қосшы одақтары» құрылды. Әр ауыл әртелге
немесе жер өңдеу серіктестігіне (ТОЗ) айналып, бірлесіп еңбек етудің
жолына түсті. Бұрынғы байлар – «байлар шаруашылығы» деп аталып,
социалистік жүйеге сай шаруашылықтарға айналды. Яғни, әр бай өзіне
жұмысшы алып, оларды асырауға, жалақы төлеуге, мұң-мұқтажын шешуге,
сондай-ақ жыл сайын табысынан белгілі бір мөлшерде мемлекетке салық
төлеуге міндетті болды. «Қосшы одағына» ылғи кедей таптан шыққан өкілдер
тартылды. Олардың өкімдері болыстық кеңес төрағалары тәрізді белгілі
бір аумаққа орналасқан 5-тен 10-ға дейінгі әртелдер мен серіктестіктерге
жүрді. Тіпті олар «байлар шаруашылықтарына» да өктемдік жүргізді.
Алайда 1928 жылға дейін «байлар қожалығы» оларға көп жағдайда бағына
қоймайды. Себебі сол кезгі тәртіп бойынша, «бай шаруашылығының» иесі
тікелей уездік комитеттің бастығына ғана есепті еді.

1924
жылы Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда үлкен өзгеріс болды. Ұлттардың
шекарасын межелеу ақыры іске асып, 14 қазан күні Түркістан, Хорезм,
Бұқара рес­публикалары таратылды. Олардың орнына Өзбек КСР-і (құрамында
Тәжік АКСР-і), Түркімен КСР-і, РСФСР құрамында Қырғыз АКСР-і құрылды.
Жетісу мен Сырдария және Қарақалпақ автономиялы облысы ҚазАКСР-інің
құрамына кірді (Ол 1926 жылы РКФСР құрамына, ал 1932 жылы Өзбекстанға
өтті). Бұрын Сырдария облысына қарап келген Ташкент пен оның
айналасындағы қазақтар жайлаған көптеген елді-мекендер коммунистердің
солақай саясатының кесірінен Ташкентпен қоса, Өзбек КСР-ына қалдырылды.

1925 жылдың басында Қазақ­стандағы облыстар губерния­ларға
айналдырылды. Сырдария облысында уездер сол күйінде қалғанымен болыстық
атқару кеңестердің сандары қысқартылып, көбісі біріктірілді. Облыстық
комиссариаттар жойылып, орнына губерниялық комитеттер құрылды. Болыстық
комитеттер сол күйлерінде қалды. Әр болаткомға қарайтын ауылдар
нөмірленді. «Қосшы одақтарының» рөлі күшейе бастады. Әртел мен
серіктестіктерден, «бай қожалықтарынан» тұрақты түрде үлес алып, еңбек
тапқан кедей-жатақтың тұрмысы күн өткен сайын жақсара түсті. 1927 жылы
Сырдария губерниясындағы қазақтардың саны 1 млн. 300 мыңға, мал саны 6
млн. 680 мыңға жетті. Әлбетте, бұл сандар көңіл тоғайтарлық-ақ еді.

1925
жылы Қазақ өлкелік партия ұйымына басшы болып келген күннен бастап,
«Қазақ даласында қазан төңкерісі болмаған, тек оның самалы ғана шарпып
өткен. Сондықтан да қазақ даласында қалайда «Кіші қазан» төңкерісін
жасауымыз керек» деп көйткен, оттаған сұмырай Голощекин төрт жылдан
кейін ақыры өз ойын іске асыруды қолға алды.

1928 жылдың
басынан бас­тап Голощекин республикалық екі – «Еңбекші қазақ» пен
«Советская степь» газеттеріне байларды тәркілеудің аса қажеттігі туралы
сан қилы мақалалар жариялап, күн құрғатпай радиодан хабарламалар жасап
тұрды. Соның алдында бүкіл одақ бойынша губерниялар тарап, олардың
орнына округтер құрылған болатын. Сырдария губерниясының орнына
Қызылорда және Сырдария округтері құрылды. Уездер тарап, аудандар пайда
болды. Жаңадан құрылған Сырдария округінде 3 қала, 21 аудан, соларға
қарасты 567 ауылдық, қышлақтық және селолық кеңестер құрылды. Округты –
округтік комитетінің бастығы, аудандарды жауапты хатшылар басқарды.
Округтар мен аудандар құрылып болған соң, 1928 жылы 27 тамызда Голощекин
Халкомкеңесі мен ОАК атынан аса маңызға ие деген атпен дек­рет
шығартқан. Ол декрет «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай
феодалдарды кәмпіскелеу және жер аудару туралы» деп аталды.

Ал
содан қазақ даласында келесі бір аласапыран басталып кеп берсін. Декрет
шыққан күннің ертеңіне-ақ бүкіл Қазақстандағы округ пен аудан
орталықтарында партия жиналыстары ұйымдастырылып, бір аптаның ішінде
жергілікті ОГПУ, НКВД, үштік комитеттердің мүшелеріне қай ауылда қанша
«бай шаруашылықтары» және оларда қанша мал-мүлік бар екенін анықтау
тапсырылған. Қаулы бойынша тәркіленетін «байлар шаруашылығын» 2 топқа
бөлген. Барлық мал басы 3000-нан асқандар – 1-топқа, 500-ге дейін
малдары барлар 2-ші топқа жатқызылған. 1-ші топтағылардың мал-мүлкі
кедей-кепшік пен колхоздар меншігіне өткізілуімен қатар феодал ретінде
сотталуы немесе жер аударылуы тиіс-тұғын. Шымкент облмұрағатындағы
деректер бойынша, Сырдария округіндегі 1928 жылы кәнпіскеленген 1-ші
топтағы байлардың саны – 89, 2-ші топқа жатқызылғандардың саны –202. Бұл
жұмыс 1930 жылға дейін жалғасты. Нәтижесінде бір ғана Сырдария
округінен 627 адам тәркіленіп, 322 адам жер аударылған. Оның 7 жетеуі
ату жазасына кесіліп, 19-ы он жылдан аса уақытқа сотталған. Кәнпіскеге
тек мал ғана емес, байлардың мүліктері мен киімдері, жіп-арқан,
ер-тоқымдары, тіпті әйелдерінің әшекей бұйымдарына дейін іліккен. Кешегі
«Қосшы одағына» мүше болғандар залым белсенділерге айналып, байдың
туыстарын да жер аудартып, ең соңы – он қой, екі сиыры барларды да бай
санап, елден бездіріп жіберген. Ел ішінде әлі де болса «шолақ белсенді»
деп айтылып жүрген атау сол кезде қалыптасқан.

Сол жылдары
бүкіл Қазақстан бойынша 23 мың адамның мал-мүлкі тәркіленген. Олардың
5531 ірі бай-кулактың қатарына жатқызылып, жер аударылған, 221-і ату
жазасына кесілген.

Бір таңқаларлығы, мұра­ғаттарда 1928
жылы қазақтан басқа ұлт өкілдері байларының дүние-мүлкі тәркіленгені
жайында мардымды дерек жоқ. Басқа жақты қайдам, дәл сол жылдары
Шымкентте Власов Федор деген көпестің иелігінде үш диірмен, жеті дүкен,
май, сабын, сыра және арақ қайнататын үш кіші зауыты, мауыты-шұға
тоқитын бір фабрикасы, Әбдікәрімов Тілләқожа атты сарттың бес дүкені,
аяқ киім тігетін екі үлкен шеберханасы, төрт диірмені, төрт шәйханасы,
алты наубайханасы, Суха Медведь ныспылы жөйіттің бұл екеуінен де көп
шағын кәсіпорындары болған. Бұлардың мүліктері қалай тәркіленді? Ол
жа­йында бір дерек жоқ…

Қалай десек те, 1928 жылдан
кейін қазақ өте үлкен зұлмат пен қауіп алдында тұр еді. Ол – адамдар
соғыссыз, майдансыз қырылатын алапат зобалаңды шақ-тұғын.

Момбек Әбдәкімұлы, 

жазушы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button