МАРСЕЛЬ – БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ

МАРСЕЛЬ – БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ

МАРСЕЛЬ – БІЗДІҢ МАҚТАНЫШЫМЫЗ
ашық дереккөзі

Әріптесіміз Бану Шалова егіз ұлдай өскен, үйлі-баранды болған Русланы мен Дастанының әрбір жақсы ісін қуаныш қып әңгімелейді. Осыдан үш жыл бұрын Банудың отбасы ойда-жоқта Дастанынан айрылған сәтте, қайғы жұтып, қара жамылды. Десе де, Дастаннан қалған тұяқ бар. Дамир есімді ұл ержетіп келеді. Уақыт – емші деген. “Балалы үй – базар” демекші, Руслан мен Дастаннан өрген екі-үш немерелері Бану мен Ереннің көз қуанышы. “Өз балаң – төрге шейін, немерең – көрге шейін” деген, Бану бүгіндері үлкен ұлы Русланның баласы Марсель туралы, оның жақсы оқитыны және футболды жақсы ойнайтыны жайлы жиі айтады. 

Марсель – байқасаңыз, қазақтың есімі емес. Ол Францияның атақты футбол командасының аты. Оны қойып жүрген де – Дастан. Сондықтан есімін Дастаны қойған Марсель немересінің Бану үшін жөні бөлек.

– 2004 жылы келінім Гүлнәр аяғы ауыр кезде, Дастан оған еркелеп: “Жеңеше, сен ұл табасың, есімін мен қояйыншы”, – деп Руслан екеуінің уәдесін алдын ала алып та қойды. Кейін ол футболист болады. Қазір футболдан Еуропа лигасының чемпионаты жүріп жатыр, қай команда жеңсе, сол команданың атын қоямын, – деді. Оған біз қарсы болдық. Бірақ, Францияның “Марсель” деген командасы жеңіп, баланың есімі Марсель болады дегенде, бізге де ұнады. Футбол додасын Дастан теледидардан түнделетіп көріп, қай ойыншының қарсыласының қақпасына қалай доп соққанын ертесіне бәрімізге желпіне әңгімелейтін.

Сонымен, 2004 жылы 27 ақпанда дүние есігін ашқан Марсельдің жасы биыл онға толып отыр. Футбол командасының аты қойылғандікі ме, кім білсін, сол Марсель турасын айтқанда, футбол спортын жанындай сүйетін, допты ұршықша үйіретін нағыз майталман болып өсіп келеді. Допты көбінесе сол аяқпен тебеді. Жаттықтырушысының айтуы­на қарағанда, солақай спортшы­лардың өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар көрінеді.

Мектепке алты жасында барған. Оқуға ынта-жігері мол болғандықтан, ерте беріпті. Бүгіндері ол Алматыдағы № 119 мектеп-лицейдің төртінші сыныбын тәмамдады. 

Кішкентайынан допқа үйір болған­дықтан, жеті жасында әке-шешесі оны “ЦСКА Восток” футбол клубына беріпті. Мектептен тыс уақытта аптасына үш рет барып жаттығып жүрген Марсель Русланұлынан жаттықтырушысы Бейбіт Құлыбеков көп үміт күтіп отыр. 2012 жылы “ЦСКА Восток” балалар мен жасөспірімдер клубы арасында өзара өткен доп додасында Марсель “Ең үздік жартылай қорғаушы” атанса, 2013 жылы “Арыстан” футбол командасы құрамында Алматы қаласы бойынша жасөспірімдер футбол командалары арасындағы жарыста тағы да ерекше көзге түсті.

Жақында, нақты айтқанда, 31 нау­рыз бен 6 сәуір аралығында Түр­кияның Анталья қаласында фут­бол­дан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп, оған Қазақ­стан бойынша Алматыдан “Арыс­тан-1” және “Арыстан-2” футбол командалары (2002 және 2003 жылы туылғандар) қатысып, жүлдегер болып қайтты. Жарысты Түркияның “DAXSTAR MANAGEVENT LLP” спорт Агенттігі ұйымдастырып, арнайы шақыруларымен барды.

Халықаралық турнирге Ресей, Поль­ша, Балтық жағалауы мемлекет­терінен, Белоруссия, Украина, Молда­вия, Әзірбайжан, Грузия, Түркімен, Өзбек­стан командалары шақырылған екен. Түркияның өз командалары және бар. 

– Турнир ЖерОрта теңізі жа­ғасындағы Кириш қалашығында өтті, – дейді Бану Шалова немересінің тамаша ойынын сөз етіп, сол әсерден арыла алмай. – Кириш қаласы Антальядан 80 шақырым жерде екен. Бізді өте жақсы қарсы алды. Барлық жағдай жасалынған десек те болады. Ойын барысында екінші жаттықтырушы Руслан Жигафтов Марсельге сенім артып, оны “Арыстан-1” командасының (Марсельден жасы үлкендер, 2002 жылы туылғандар) ойынына да қосты.

Алматыдан барған “Арыстан-1”, “Арыстан-2” командалары ширек финалда Түркия командасын жеңіп, ақтық ойында Ресей командасымен бақ сынасыпты, оларды тізе бүктірген арыстандықтар жеңімпаз атанды. 

Қазір Алматы қаласы бойынша әр жексенбі күні футболдан жарыс өтіп жатыр. Сайыс нәтижесінде “Арыстан” командасының ойыншылары (2002, 2003, 2004 жылғылар) оқ бойы озып, жеңісті ешкімге бермей келеді. 

Марат ӘБДІХАЛЫҚ,

«РАС» газетінің бас редакторы