ЖЕРДІ ЖАЛҒА БЕРГЕН СОҢ...

ЖЕРДІ ЖАЛҒА БЕРГЕН СОҢ...

ЖЕРДІ ЖАЛҒА  БЕРГЕН СОҢ...
ашық дереккөзі

Қазақстан Республикасында шетелдіктерге
жерді жалға берудің мерзімі ұлғаймақ. Бұрын бұл мерзім он жылмен
шектелетін болса, енді оларға сол жерде жүзеге асырған жобасы өзін-өзі
ақтағанша отыра беруіне рұқсат етіледі. 

Елдегі
ауылшаруашылығы нысанындағы жерлер азаматтығы жоқ тұлғаларға, шетел
азаматтарына, шетелдік заңдық тұлғаларға жалға беріліп келгені мәлім.
Биылдан бастап, ол жерлер қытайлық фермерлерге де беріле бастады.
Қазіргі Үкіметтің ұсынып отырған заң жобасы бойынша, егер жерді жалға
алушының негізгі обьектісі жер телімі болса, инвестициялық стратегиялық
шарт өзін-өзі ақтағанша, онда жерді жалға берудің мерзімі 10 жылдан асып
кетуі мүмкін. Бұндай норма жарғылық қоры үлесінің 50 пайыздан астамы
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға тиесілі компанияларға жүрмек. 

Осыған
орай, инвестиция енгізудің шарты конкурсқа қатысудың негізгі критериі
болып табылады. Ал ауылшаруашылығы нысанындағы жерлерді инвесторлардан
қайтарып ала отырып, соның негізінде жер телімдерінің қосалқы қорлары
жасалмақ. Бос жерлер конкурс немесе аукциондар арқылы жерді пайдалануда
жаңа технологиялар мен ауылшаруашылығы өнімдерін мол өндіретін, ол
өнімдерді ішкі-сыртқы рынокқа сата білетін инвесторларға беріледі.
Сонымен қатар заңдық актілер енгізілген инвестиция көлеміне және жерді
жалға алудың мерзіміне де бақылау жасауды енгізу ұсынылып отыр. 

«Аталған
көрсеткіштер бойынша міндеттемелерді орындамау – жерді жалға алу шартын
біржақты бұзудың негізі бола алады», – делінген ресми ақпаратта.
Өңірлік даму министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, жер негізінен, ауыл
шаруашылығы мақсатында ұсынылады.

 Министрдің мәліметіне
сүйенсек,  Қазақстанда шетелдіктерге жалға берілген жердің көлемі 313
мың гектарға жеткен. Б.Жәмішев шетел азаматтарын қазақтың ұланғайыр
даласы қызықтыратынын және географиялық тұрғыдан ешқандай шектеу
қойылмайтындығын жасырмады: «Әңгіме ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер
турасында болып отыр. Географиясы бойынша ешқандай шектеу қойылмайды.
Біз жаңа заң жобасында Аргентина тәжірибесіне сүйеніп, арнайы шарттар
түздік: шетелдік жер пайдаланушылардың жеке бір ауданда шоғырлануын
шектеуді ұсынбақпыз. Мұндай тәжірибе басқа да елдерде бар, біз үшін ол
әбден қисынды деп санаймыз». 

Бүгінде Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге Ресей, Белоруссия, Қытай, араб елдері құмартатын көрінеді. 

Есен Байнұр