Олимпиада-2022: Ақ олимпиада Алматыға келе ме?
Олимпиада-2022: Ақ олимпиада Алматыға келе ме?
5 млрд. доллар. Бұл Алматыда 2022 жылы қысқы Олимпиада өте қалған жағдайда жұмсалмақшы қаржы көлемі. Алайда сарапшылар бюджеттен бұдан да көп қаржы жұмсалады деп алаңдайды. 2011 жылы Азиада кезіндегі кеткен олқылықтар тағы да қайталануы мүмкін бе? Алматы ақ олимпиаданы жемқорлық фактілерінсіз, экономикалық жағынан тиімді етіп өткізе ала ма?
АЛМАТЫ 40 ПОЗИЦИЯ БОЙЫНША АЛДА ТҰР
Биылғы жаз тек ыстық ауа райымен ғана емес, спорт айналасындағы додалармен қыза түсуде. Соның бірегейі – Алматының 2022 жылы қысқы олимпиаданы өткізуге дәмелі болуы. Әсіресе, үміткер қалалардың бірінен соң бірі олимпиаданы өткізуден бас тартып жатуы оңтүстік астананың «жеңісін» жақындата түскендей. О баста Алматыдан бөлек 24-ші қысқы Олимпиада ойындарының астанасы атануға норвегиялық Осло, украиналық Львов, Қытай астанасы Бейжің (Чжанцзякоу қаласымен бірге), швед астанасы Стокгольм, Польша қаласы Краков өтініш берді. Осы жылдың басында Стокгольм қаласының әкімшілігі олимпиада өткізбеу туралы шешім қабылдады. Ал Краков 25 мамырдағы халықтың 70 пайызы қарсы шығып, дауыс берген референдумнан кейін, олимпиада астанасы атанудан бас тартты.
Қалған қалалардың да жағдайы аса мәз емес. Осло бұған дейін бір рет –1952 жылы ақ олимпиаданы өткізді. Одан бөлек, билік партиясы ойындарды қаржыландыруға қарсы шығып дауыс берді. Украинадағы қазіргі шиеленісіп жатқан саяси жағдай Львовта олимпиада өткізуге мүмкіндік бермейтіні анық. Ал жақында сайланған жаңа билік олимпиада өткізуге өз қарсылығын білдіріп те қойды. Алматының енді басты қарсыласы көршілес Қытай астанасы – Бейжің. Бірқатар сарапшылар бұл қалада жазғы олимпиада өткендіктен, таңдау тағы бір мәрте түсу мүмкіндігі мейлінше аз дейді. Егер Пекин қысқы ойындарды қабылдаса, онда ол жазғы және қысқы олимпиаданы өткізген әлемдегі бірінші қала болмақ. Сондықтан бұл додада Алматы басқа қалаларға қарағанда айтарлықтай алда. Тіпті, ХОК-тың 40 позициясы бойынша бірінші болып тұрғаны туралы ақпарат та шыққан еді. Қайткенмен де, нақты шешім 2015 жылдың 31 шілдесінде Куала-Лумпурда Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) кезекті отырысында қабылданады.
Бұған қарамастан біздің қала басшылығы Алматының жеңіске жететініне сенімді. Әлбетте, мұндай деңгейдегі ойынды өткізу үлкен мәртебе, мемлекет имиджіне оң әсер беретіні анық. Алайда айтарлықтай жемқорлық жайлаған елде (еліміздегі жемқорлыққа қарсы күрес туралы сансыз қаулыларды еске алайық) бұл өзін-өзі қаншалықты ақтай алады? Мәселен, демократияға бір қадам жақын Еуропада қандай мәселе болмасын халықпен ақылдасу, пікірін сұрау игі дәстүрі бар. Швейцарлықтар халықтың көпшілігі олимпиадаға қарсы болғандықтан өз кандидатураларын ұсынған жоқ. Дәл осындай жағдайды Мюнхен де басынан өткізді. Өркениетті елдердегідей Алматы әкімдігі, жалпы шенеуніктер ең алдымен алматылықтардан қалада олимпиада ойындарын өткізуге рұқсат сұрауы қажет сияқты. Бірақ билік өз таңдауын жасады, біз бен сізге тек оны талқылау мен тамашалау бақыты бұйырып тұр.
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТОСҚАУЫЛ БОЛУҒА ДАЙЫНБЫЗ БА?
ҚР Олимпиадалық комитетінің мүшесі Андрей Крюковтің айтуынша, ойындарды ұйымдастыру үшін қала инфрақұрылымының жартысынан астамы салынып қойған. «Жарыс өткізу инфрақұрылымы 62 пайыз. Енді екі ғана объект тұрғызуымыз керек. Бұлар – шана-бобслей трассасы мен мәнерлеп сырғанауға арналған 12 мыңдық стадион. Себебі, барлық инфрақұрылым толығымен дайын. Оны біз 2017 жылы өтетін Универсиада кезінде дайындығын тағы бір пысықтаймыз», – деді Крюков. Бәрекелді делік. Онымен қоса, Алматы кейбір шенеуніктердің ақша десе арандай ашылатын ауыздарына қақпақ қоюға дайын ба? Біздің жағдайда, бұл риторикалық сауалға айналып кеткені қашан. Тіпті бұл тұста Спорт және дене шынықтыру ісі агенттігі төрағасы Ерлан Қожағапановтың позициясы түсініксіз. «Қазіргі таңда ең бастысы – өтінішті дайындап, оны қараша айына дейін беру. Ал ақша мәселесі турасында кейін әңгіме қозғайық» дегені бар. Ең алдымен, бұл ойындардың Қазақстанға экономикалық жағынан қаншалықты пайдалы екені саналып, тиімділігі терең сараптамадан өтілуі тиіс емес пе? Әлем елдері мұндай әлемдік іс-шаралардың әуелі қаржылық тиімділігіне баса назар аударады. Біз үшін болса, бірінші имидж маңыздырақ. Мемлекет мәртебесінің асқақтайтыны қысқы Азиада кезінде айтылып еді. Жоспар бойынша 10 мың турист келіп, әрқайсысы 2 мыңға жуық доллар қаржы пайда әкелуі тиіс еді. Бірақ, Қазақстанды танып, туристердің ағыла кеткенін байқамай отырмыз. Ендеше бұл бастама тағы да бір науқанға айналып кетуі ғажап емес, егер Азиада тәжірибесі сабақ болмаса.
2011 жылғы қысқы Азия ойындарының бюджеті бірнеше рет нақтыланып, соңында олимпиада ойындарымен теңескен, яғни 1,5 млрд. долларға жеткен болатын. Ал бақылаудың жоқтығынан миллиондаған ақшалар кейбір атқамінерлердің пайдасына кетті. Мысалы, өткен жылы қаржы полициясы 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру дирекциясының директоры Сұлтанбек Сыздықовқа 23 млн. теңгені жымқырды деген айып тақты. Шенеунік бұл соманы концерттік бағдарламаны қаржыландыру сылтауымен қалтасына басқан. Сондай-ақ, телерадиохабар тарату мен медиатехнология басқармасының басшысы 600 млн. теңге ұрлаған. Айдар Мусин 2009 жылы туысқандарының біріне компания тіркеп, телекоммуникациялық жүйелер бойынша қызмет көрсету бағасын асырып көрсеткен. Бұл тек ресми анықталған жемқорлық фактілері. Бюджеттік ақшалардың талан-таражға түсіп, қарапайым жұртты таң қалдырғаны да бар. Мысалға, Алматы туралы 10 минуттық имидждік фильм қыруар қаржыға түсірілді. Сатылуы тиіс 350 мың билеттің жасалынуына 1,8 млн. доллар жұмсалып, одан 1,6 млн. доллар «пайда» түскен. Спорт сарайының реконструкциясы 150 млн. доллар, тікелей эфир дайындығына 250 миллион доллар, «Медеу» мұз айдынын жөндеуге 130 млн. доллар, «Шымбұлақ» таушаңғысы кешенін қалпына келтіру үшін 500 млн. доллар жұмсалды… Дәл осындай жағдай ертеңгі күні ақ олимпиаданы өткізу кезінде қайталанбайды деп ешкім уәде бере алмайды. Себебі, бақылау мен қадағалау жоқ жерде жемқорлардың араны ашылатыны айдан анық.
5 МИЛЛИАРД ЖЕТЕ МЕ?
Солт-Лейк-Ситиде олимпиада өткізуге 1,5 млрд., Туриндегі додаға 3 млрд. доллардан астам қаржы бөлінсе, 2010 жылы өткен Ванкуверге 6 млрд. доллар жұмсалды. Ал биыл Сочиге рекордтық 30 млрд. доллар сома бөлінді. Алматыға алдын-ала болжам бойынша 5 млрд. доллар бөлінуі мүмкін. Ал дайындық барысы кезінде бұл сан тағы да бірнеше есеге көбеюі ықтимал. Бобслей стадионы мен мәнерлеп сырғанау стадионынан бөлек, жаңадан олимпиада қалашығын, жаңа қонақүйлер, телетрансляция, қауіпсіздік, волонтерлық жұмыс, мәдени бағдарлама т.б. іс-шараларға қаржы жұмсалмақ. Бүгінде Алматыда мұз сарайы, спорт сарайы, халықаралық шаңғы трамплиндер кешені, «Ақ бұлақ» шаңғы жарысы мен биатлон бойынша олимпиада орталығы, «Медеу» мұз айдыны, фристайл, бобслей секілді жарыстарды өткізетін «Табаған», «Көкжайлау» кешендері бар. Бірақ 2022 жылға қарай объектілерге тағы да күрделі жұмыстарды қажет ететіні анық. Ендеше жалпы бюджет тағы еселенеді. Қазақстан олимпиада комитетінің есебінше, 2017 жылы Алматыда өтетін қысқы универсиадаға 950 миллион доллар қажет екен. Ал Алматыда 2017 жылы өтетін қысқы универсиаданы ұйымдастыру комитетінің төрағасы Илья Уразаков жарысқа қанша қаржы керегі анықталып жатқанын, сомасы белгілі болған соң жұртқа жариялайтындарын мәлімдеді. Қажет сома әлі күнге анықталмаса, онда олимпиада комитеті әлгі 950 млн. доллар дегенді қайдан алған?..
Қорытындылай келгенде, биліктің халықтың қалауынсыз іске асырмақшы (ХОК Алматыны таңдаса) бастамасы ең алдымен қаржылық жағынан мемлекетке де, халыққа да ауыр тиетін сияқты. Сондықтан бұл жағдайда олимпиаданы тек кейбір тойымсыз шенеуніктер тағатсыздана күтіп отырғандай. Девальвациядан кейін есін енді жиған елде әлеуметтік саланы көтерудің орнына, миллиардтаған қаржының тиімсіз спорт шарасына құйылуы еріксіз таңданыс тудыратыны анық. Себебі, көптеген атқамінерлер ең алдымен мемлекет имиджі сән-салтанатты ғимараттар, концерт-ойындармен емес, халықтың шынайы жағдайымен бағаланатынын естен шығарып алғандай. Ал миллиардтаған ақшаға салынған Алматыдағы спорттық объектілер бүгінде қаңырап бос тұр. Себебі, онда баруға қарапайым халықтың көбінің қалтасы көтермейді. Ендеше, Азиаданың қателіктері түзелмей, ақ олимпиаданы мінсіз өткізуіміз екіталай.
P.S. Шын мәнінде Ақ олимпиаданы өткізуге мүмкіндік алсақ, онда жұмсалған қаржыға Алматының экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, транспорттық түйткілдерін толығымен шешуге мүмкіндік туар еді. Тек… ол үшін кейбір шенеуніктеріміз жеке бастың қамын емес, қаланың жағдайын ойласа құба-құп болар еді.
Диас БЕЙСЕНБЕК