Standard&Poors: Монетарлық саясат мінсіз емес
Standard&Poors: Монетарлық саясат мінсіз емес
Standard&Poors агенттігінің тәуелсіз несие рейтингіне қатысты жақында жариялаған болжамдары әлем елдерін, оның ішінде Қазақстанды да біршама алаңдауға түрткі болды. Бұған дейін несие жүйесінде «тұрақтылық» деңгейінде жүрген еліміздің жағдайы кенеттен «теріс» деп бағаланды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы екі жылда Қазақстанда экономикалық өсу мен тиімділік төмендеп, монетарлық саясат әлсіздене түседі. Ал зейнетақы қорларын біріктіру мен мемлекеттендіру шаралары ішкі нарықтық капиталды дамытуға мүмкіндік бермейді. «Біздің көзқарас бойынша, монетарлық саясат пен қаржылық трансмиссиялардың тиімділік механизмі төмендейді. Алдағы уақытта Қазақстанның өзге елдердің жан басына шаққандағы ІЖӨ-нен әлдеқайда жоғары ІЖӨ көрсетеді дегенге күмәнмен қараймыз» делінген ақпаратта.
Бұл болжам Қазақстан үшін қауіпті ме? Ең алдымен, Standard&Poors агенттігінің әлемдегі ең беделді үш халықаралық рейтинг агенттіктерінің қатарына енетінін айтып өтейік. Бұл рейтингте Қазақстанның қарыздарды қайтармау қауіп-қатері біршама артқанын байқатады. Бүгінде республикамыздың рейтингі ТМД бойынша ең жоғарғы болып саналып келеді. Тіпті, Италия, Испания, Грекия секілді елдерден әлдеқайда жоғары. Қаржыгерлердің айтуынша, Қазақстан сияқты дамушы ел үшін бұл көрсеткіш «жаман емес». Бұл деңгейге жетуге әлемдік мұнай бағасының өсуі өз септігін тигізді. Қауіптілік жағына келсек, америкалық агенттіктің болжамы экономикамызға орасан зор өзгеріс әкелмейді, дегенмен бұл экономикада шешілмей тұрған терең мәселелердің барын көрсетеді. Сонымен мұның себебі не?
Біріншіден, бірыңғай экономикалық қауымдастықтағы Ресейдің әсері үлкен. Қаржы сарапшылары Ресейдің ІЖӨ мен экономикалық өсуі 1 пайызға төмендейді деп болжап отыр. Бұған Батыс тарапынан жасалған санкциялар мен Украина арасындағы шиеленіскен жағдай әсер еткен. Егер соңғы мәселе шешілмесе, Ресей Федерациясының экономикалық секторы одан ары күрделене түспек. Мәселен, 3 наурыздың өзінде шетелдік инвесторлар Ресей нарығының 12 пайызға құлдырағанын хабарлаған болатын. Ал 29 мамырда Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін, Ресей жағдайына қарап, Қазақстанға да сол шамалас болжам жасалған болатын.
Тағы бір себеп, үкімет жария салған «ғаламдық» жобалардың сәтсіздікке ұшырауы. Мәселен, бір ғана Қашаған кен орны бүгінде миллиардтаған қаржының қазынаға түсуін тежеп тұр. Бөлінген қаржылардың талан-таражға түсуі, әлсіз менеджмент, жобаның тиянақты зерттелмеуі есебінен Қашағанның нақты қашан жұмыс істеп бастайтынын айту қиын. Сондықтан да, батыс инвесторлары болжаған экономикалық дүмпу орын алмады. Сонымен бірге, 945 млрд.-қа бағаланған Атыраудағы мұнай-химия өнеркәсібі, 600 млрд.-тық «Арселор Миттал Теміртау» кешені де толыққанды жұмысын бастаған жоқ. Бұл жобалар да экономикалық өсудің бірнеше пайыздық үлесін қамтамасыз етулері тиіс болатын.
Үшіншіден, экономикамыздағы бірнеше он жылдықтар бойы қалыптасып келе жатқан мәселелер. Бір қарағанда, дағдарыс артта қалды, мұнай бағасы тұрақты. Үкімет Қазақстанның қарыштап дамып жатқанын айтады. Алайда, тәуелсіздік алған жылдардан бастап экономикада түбегейлі реформалар жүргізілмеді. Мемлекеттің қатысуынсыз реттелмейтін псевдоэкономика қалыптасты. Ал мемлекет негізгі рөл ойнайтын экономикада төл валютамен қаржы алу, қаржыландыру төмендеді. Бәсекенің төмендеуі әлсіз бизнес ортаның қалыптасуына әкелді. Мұны халықаралық компаниялар, рейтинг агенттіктері мен инвесторлар жақсы біліп отыр. Осы себептен де мемлекетке ешкім артық ақша бергісі келмейді. Жыл сайын өтетін экономикалық, бизнес форум-саммиттер Қазақстан төңірегінде жасанды имидж қалыптастырып келді. 2013 жылы Ernst & Young қарқынды дамушы нарықтарды зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасына сәйкес, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан компаниялардың 59 пайызы нормативтік-құқықтық ортаның ашық, жариялы емес екенін айтады. Инвесторлардың қатысуымен өтетін соттар, келіссөздерде инвестициялардың қауіпсіздігі мен кепілдігі сақтала бермейтінін айтқан.
Бұдан бөлек Қазақстан рейтингінің төмендеуіне және болашақта экономикалық өсімнің тежелуіне ақпан айындағы теңгенің құнсыздануы да үлкен рөл атқарды. Мамандар, бизнес өкілдері әлі күнге дейін 19 пайыздық девальвацияның нақты себебі түсіндірілмеген дейді. Жалпы себептерді тізбелеген Ұлттық банк әрекетінен кейін шетелдік инвесторлар Қазақстан экономикасының тұрақтылығына сенімін жоғалтып алған. Осындай қордаланып қалған себептер экономика дамуын біртіндеп тежеп келеді.
Диас БЕЙСЕНБЕК