Болашақ дәрігерлер дайындайтын оқу ордасы
Болашақ дәрігерлер дайындайтын оқу ордасы
Қазақстан азаматтарының білімі мен денсаулығына қатысты өткір мәселелер талайды ойландыратыны хақ. Дені сау ұрпақ тәрбиелеуде бұл тақырыптың маңыздылығы айқын көрініс табады. Алматы медицина колледжінің мамандары мен білімгерлері де адам денсаулығының мемлекет үшін маңызды фактор екенін ұғынады. 1981 жылдың 12 наурызында ашылған бұл училище білімгерлерге ең алғаш фельдшерлiк, акушерлiк, мейiрбике iсi бөлiмдерi бойынша күндiзгi және кешкi оқыту түрiнде бiлiм бердi. Бұл оқу ордасы колледж мәртебесіне 1992 жылы училищенің тұңғыш директоры әрі ұйымдастырушысы Қалқаман Аяпұлының ықпалымен ие болды.
1987, 1989 жылдары Алматы қалалық медицина училищесi Кеңестер Одағындағы 720 медициналық училище, 80 жоғары оқу орны және 20 дәрiгерлердiң бiлiмiн жетiлдiру институттары арасында бiлiм сапасы жағынан екiншi, үшiншi орындарды иемденген білім ордасы болатын. Бүгінгі таңда да медицина мамандарын даярлайтын алдыңғы қатардағы оқу орындарының қатарынан түскен жоқ. Бүгінгі еңбек нарығына қабілетті медицина мамандарын әзірлеу осы тектес білім ошақтарының негізгі мақсаты. Колледждің ұстаздары алғашқы қызмет уақытынан бастап бүгінгі күнге дейін 4 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Оқу орны 1994 жылдан 2004 жылға дейін он жыл ішінде Американың Туссон және Миннесота қалаларымен серiктестiк қарым-қатынас орнатқан. Медицина ғылымдарының кандидаты Сұлтан Тұрарұлы Сейдуманов басшылық қызметте болған кезеңде колледжде оқыту жүйесi жетiлдiрiлдi. Сонымен қатар, күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, колледж ғимараты тарихи ескерткiштер қатарында мемлекеттiк қорғауға алынды.
Аталған оқу орнында орта медициналық және фармацевтикалық білім саласындағы 5 мамандық (емдеу ісі, медбике ісі, стоматология, фармация, зертханалық диагностика) бойынша студенттер оқып, білім алып жатыр. «Емдеу ісі» мамандығы бойынша тәлім алған студенттер «Акушер» және «Фельдшер» біліктілігін қоса игереді. «Медбике ісі» мамандығы да екі біліктілікті біріктіреді. «Стоматология» мамандығын бітірген түлектер «Тіс дәрігері», «Фармация» мамандығын оқығандар «Фармацевт», «Зертханалық диагностиканы» тәмамдағандар «Медициналық лаборант» біліктілігін алып шығады. Алматы медициналық колледжінде білімгерлер күндізгі және кешкі бөлімдерде тәлім ала алады. Мамандықтар бойынша колледж білімгерлеріне жетпіске жуық ұстаздар дәріс береді. Колледжде білімгерлерге бiлiм беру iсiнде мейiрбике iсiнiң жаңа технологияларына айрықша мән бередi.
Медицина колледжінің әлемдiк интернет жүйесiне қосылған оқу-ақпараттық орталығы, электронды оқу залымен қамтамасыз етiлген кiтапханасы бар.
30 жылдан астам тарихы бар медицина колледжі қазір заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Алматы медицина колледжінде оқытудың қазіргі заманға сай материалдық базасы жасақталған, атап айтқанда осы заманға сай жабдықталған дәрісханалар, зертханалық кабинеттер, әдістемелік кабинеттер, спорт зал, асхана бар. Тәжірибелік сабақтар қаланың ең үздік емдеу-сауықтыру, сақтандыру мекемелерінде өтеді. Оқу орнындағы кабинеттер мен зертханалардың барлығында студенттердің теория мен тәжірибені ұштастыруына қажетті жағдайлардың бәрі қарастырылған.
Колледж студенттері мен ұстаздары қоғамда болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, түрлі қоғамдық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Әр түрлі тақырыптарға қатысты тренингтер, дөңгелек үстелдер, спорттық сайыстар, ашық тәрбие сағаттары жиі өткізіледі. Колледжде білімгерлердің шығармашылық жұмысына үлкен жағдай жасалған, оларды тек мамандық бойынша дайындап қана қоймай, жеке тұлға ретінде қалыптастыруға да мүмкіндіктер қарастырылған.
Қазіргі кезде колледжді Ақмира Садықова басқарып отыр. Медицина саласындағы үздік мамандардың басшылығымен жұмыс жасап жатқан оқу ордасы заман талабына сай білікті мамандар дайындауда өзінің алдыңғы қатарда екендігін көрсетуде.
Әсел ӘНУАРБЕК