Ислам пайғамбарының есімін келемеждеу кім үшін қажет?
Ислам пайғамбарының есімін келемеждеу кім үшін қажет?
Кейінгі кездері ислам дінін кемсітіп, масқаралау істерінің
ара-тұра болса да көрініс беріп жатуы мұсылман қауымын алаңдатып отыр.
Арғы тегі кашмирлік, Бомбейде мұсылман отбасында дүниеге
келген Салман Рушти деген жазушы 1988 жылы жарық көрген «Сайтанның өлеңі» атты
романында пайғамбарымызды астарлы түрде келемеждеймін деп, бүкіл мұсылман
қауымының қарғысына ұшырап, басымен қайғы боп кеткенін әлем біледі. Одан соң
(2005 жылы) Данияның «Джилландс постен» деген бір аймақтық газеті жергілікті
суретшінің пайғамбарымызды бейнелеген карикатуралық суреттерін жариялаймын деп,
басы пәлеге қап кешірім сұрап құтылғаны бар. Енді болса…
Ия, енді, тағы да сол мұсылман қауымының тірегі асыл
пайғамбарымыз Мұхаммед салалоху уәләйхи ассаламның атына кір келтіретін оқиға
пайда болды. 2014 жылы жылдың наурыз айында Facebook әлеуметтік желісінің түркиялық
пайдаланушылары тарапынан жарияланған, астына «Мұхаммед» сөзі бедерленген аяқ
киімнің суреті жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды. Суретті әлеуметтік желіде
жариялаған адам «жазда үй ішінде киюге арналған аяқ киімнің сапасы жақсы
болғаны үшін сатып алғанын және оның «Gezer» белгісімен шығарылғанын» айтқан.
Бұл оқиғаны естігендер ашу-ызаға булығып, оған қарсы бір
шара қоданбаққа бекінген. Сөйтіп пайғамбарымыздың
есімін масқаралау ниетінде табанына «Мұхаммед» сөзі бедерленген аяқ киімдерге
қарсы «Bingol Birlik ve Beraberlik» қоғамы наразылық танытушылардың қолын жинауды
бастап кетті. Азғана уақыттың ішінде наразылық шарасын қолдап, оған қол қойғандардың
саны көбейе түсті. Аталған аяқ киімдерді шығарушы «Gezer» фабрикасы «өз
өнімдеріндегі жазуды (аяқ киім табанындағы) кейіннен білгендігін және соңынан
өз өнімдерін қайта жинап алуға шешім қабылдағанын» білдіргеннен кейін ғана мұсылман қауымының наразылығы сәл басылғандай
болды. Болған оқиғаға орай Түркия БАҚ-тарына берген сұхбатында «Gezer»
фабрикасының басшыларының бірі Долмажидің айтуына қарағанда «фабрикада 2200-дей
адам жұмыс істейді, әрбір өнім бірнеше тексеруден өтеді. Соған қарамастан
табанына «Мұхаммед» сөзі жазылған аяқ киім назардан тыс қалған. Себебі, аталған
аяқ киімнің табандары шетелден әкелінген».
– Біз аталған аяқ киімнің қалыбын бұзып тастадық және
сатылған, сатылуға таратылған аяқ киімдерді жинап алуға шешім қабылдадық.
«Gezer» – аяқ киім фабрикасы ретінде біздің ұлттық
брендіміздің айнасы деп білеміз және Мұхаммед салалоху уәләйхи ассаламға деген
шексіз құрметімізді білдіре отырып, салғырттығымыз себебінен кеткен қателіктеріміз
үшін барша мұсылман қауымнан кешірім сұраймыз, – деді Долмажи.