ҚҰРАН ТҮСКЕН ҚҰТТЫ АЙ

ҚҰРАН ТҮСКЕН ҚҰТТЫ АЙ

ҚҰРАН ТҮСКЕН  ҚҰТТЫ АЙ
ашық дереккөзі
971
Жаһанның жолбасшысы Мұхам­мед­­ке (с.ғ.с) ардақты аяттардың түсі­рі­луі осы айдағы қасиетті түндердің бірін­де басталды. Ол түн мың айдан қа­дірлі Қадір түні еді. Пайғамбарлықтан бұрын бүкіл жаратылыстың мырзасы Мұхаммед (с.ғ.с) Мекке сыртындағы таудағы Хира атты үңгірде жұрттан жырақ, оңаша жағдайда Алла Тағалаға құлшылық ететін. Жасы қырыққа толған шағында қалыпты дағдысымен құлшылық етіп жатқан оған Жебірейіл періште (ғ.с) келіп: «Оқы!» – деп бұйырады. Ол (с.ғ.с): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Сонда періште оны қатты қысып, сосын босатып жіберіп тағы да: «Оқы!» – дейді. Мұхаммед (с.ғ.с): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Жебірейіл (ғ.с) оны тағы да қысып: «Оқы!» – деп әмір етеді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Мен оқи алмаймын», – деп қайталайды. Сонда Жебірейіл (ғ.с): «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен», – деп алғашқы аяттарды уахи етеді. Сосын: «Уа, Мұхаммед! Ақиқатында, сен – Алланың Елшісісің!» – деп көзден ғайып болады. Кітаптардың кітабы Құран Кәрім Пайғамбарға (с.ғ.с) сол түннен бас­тап жиырма үш жыл бойы түсірілді. Алла Тағала Құранның қадірі хақында былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге шипа және иман келтіргендер үшін тура жол бастаушы әрі рахым (Құран) түсті». «Расында, осы Құран ең тура жолға бастайды». Пайғамбар (с.ғ.с) үмбетіне Қасиетті Құран мен өзінің сүннетін бекем ұстануды аманат етіп былай деген:«Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің сүннетім». Алланың Елшісі (с.ғ.с) бізге Құран Кәрімді ұдайы оқып-үйренуді, жаттауды, ондағы ұлағатқа амал етуді бұйырды. Ондағы әрбір әріпте үлкен сауап бар екендігін айтты: «Сендердің ең қайырлыларың Құранды үйреніп және басқаға үйреткендерің»; «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф. Ләм. Мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп». Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі, осы айда Құран түскен. Осы айда Жебірейіл періште (ғ.с) Алланың Елшісіне (с.ғ.с) келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін. Хақ Тағаланың Кітабын үйрену, Елшісін (с.ғ.с) сүю – тәрбиенің негізгі қайнар көздері. Имам Табарани таратқан хадисте былай делінген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні Алланың Аршысының көлеңкесінде болады». Сонымен бірге, Қиямет күні әрбір мұсылманға тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болады екен. Имам Ахмад риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді: «Қияметтің күні Раббының алдында ораза мен Құран пендеге арашашы болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен тыйған едім. Енді мен оған арашашы болайын», – дейді. Құран болса: «Мен оны түнде ұйқысынан айырып едім сол үшін оған арашашы болайын», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты қабыл етіледі». Ислам тарихындағы ғұламалар, ізгі пенделер рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қойып, түгел оқып, зерделейтін болған. Төл мазһабымыздың көшбасшысы, ұлық имам Әбу Ханифа рамазан айында Құранды бірнеше мәрте хатым еткен.

 

Айрықша құлшылықтар айы

 

Атақты ғұлама Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Латаифул-маъариф» атты кітабында былай дейді: «Ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша. Пайғамбар (с.ғ.с):«Менің мешітімде оқылған бір намаз әл-Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық», – деген. Қасиетті мешіттерде орындалған ғибадаттардың сауабы да үлкен. Ізгі амалдың сауабының есе­ленуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланыс­ты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа»,– деп жауап берген». Басқа бір хадисте адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с): «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген. Олай болса, ақылды адам ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмаса керек. Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айын­да ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Әл-Хаким таратқан риуаят бойынша бірде Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин», – деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Маған Жебірейіл (ғ.с) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтерілгенімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».

Дайындаған 

Күлпара Жұмағали

Серіктес жаңалықтары