ШЫҒЫСТАН ШЫҚҚАН «БАРЫС»

Қазақта «Көз қорқақ, қол батыр» деген сөз бар. Осыдан төрт жыл бұрын ілкіден ұлттық спорт түріне айналған қазақ күресінен турнир ұйымдастыруды қолға алмағанда, бүгінгідей толағай жетістікке жетпеген болар ма едік, кім білсін?! Бір заманда қазақ күресі арқылы аты әлемге мәшһүр болған Қажымұхан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың ізбасарлары еліміздің әр өңірінде жүр. Ал оларды жұрттың алдына шығарып, құрыш білектерін сынға салған сәтін тамашалау нағыз мереке емес пе?! 

Ертеде кең иықты, жауырыны қақпақтай қапсағай денелі балуандардың өнерін той-томалақта қызықтайтын. Алайда, қазақ күресі – бір күндік салтанаттың ермегі емес. Бұл – ұлттық спорттың ішіндегі өзіндік ережесі қалыптасқан, әдіс-тәсілдері ғылыми тұрғыдан дәлелденген ерекше күрес түрі. Апайтөс батырларымыздың «Күш атасын танымас» қағидасы арқылы күш сынасуы бұрыннан бар. Қазақ күресі сонысымен де қызық, сонысымен де тартымды. 

Дегенмен, қаншама жылдар­ бойы ұлттық спорттан қол үзіп қалсақ та, бұл идеяны қайта тірілтіп, жаңғыртушылардың мақсаты жылдан-жылға орындалып келеді. Әуелгіде еліміздің түкпір-түкпірінде өз бетінше күресіп жүрген балуандарды жинау, оларды бозкілемдегі белдесуге шақыру әжептәуір қиындық келтірген еді. Жаңа бастаманың болашағына күмәнмен қарағандардың кездесетіні өз алдына, «Қазақстан Барысы» турнирінің дәстүрлі түрде өткізілетіндігіне де сенбеген еді жұрт. Бірақ ұлттық спортты дамыту мен насихаттауды негізгі мұраты деп таныған ұйымдастырушы топ қазақ күресін ұлттық идеяның нақты көрінісіне айналдыруды көздеді. Бүгінде игі бас­тама әу бастағы діттеген мақсатын ақтап жатқандай әсерге бөленді. 

«Қазақстан Барысы» турнирі идеясы­ның авторы, «Қазақстан Бары­сы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық Кеңесінің төрағасы Арман Шораев: «Соңғы кездері атам заманнан бері келе жатқан ұлттық байлығымыз – қазақша күрес этнографиялық көрініске айналды. Меніңше, бұл – дұрыс емес! Қазақ күресі – біздің №1 ұлттық спортымыз болуы керек! Алғаш «Қазақстан Барысы» атты күрес додасын өткізгенде жүрексіндік. Бірақ нәтижесі таңғаларлықтай! Демек, қазақ күресі нағыз бұқаралық спортқа айналып үлгерді. Ең қуантарлығы, осы төрт жыл ішінде жер-жерде қазақ күресі секцияларына қатысушы балалар мен жасөспірімдердің саны 2-3 есеге дейін көбейді!», – дейді.

Расында да, кеше ғана шағын ауыл­ды аймақта белдесіп жүрген балуандарды бүгінде дүйім халық тани бас­тады. Жасы да, жасамысы да. Егер «Қазақстан Барысы» турнирі ел тарапынан қолдауға ие болмаса, мемлекет ұлттық спортқа деген жанашырлығын танытпаса, апайтөс балуандар – Бейбіт Ыстыбаевты, Айбек Нұғымаровты, Ұлан Рысқұлды, Шалқар Жоламановты, кеше ғана «Қазақстан Барысы» атанған Мұхит Тұрсыновты кім білетін еді?! Әлбетте, бұдан соң жеткіншектер де балуандар сияқты салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрып, қазақ күресімен шұғылданатындығына күмән жоқ.


Бірегей спорт түрінің дамуына даңғыл жол


Төртінші мәрте өткізілген турнирдің дайындығы да, жөні де бөлек. «Сарыарқа» велотрегіне жиналған спортсүйер қауым тағы бір тамаша белдесудің куәсі болды. Тіпті, шетелден арнайы ат басын бұрған қонақтар да қазақ күресінен атойлап өткен жарысты тамашалап, ерекше әсер алғандықтарын жеткізген екен. Ал турнирді тікелей эфирден көрсеткен Ресейдің «Боец» және Түркияның екі бірдей телеарнасының алдына қаншама көрерменнің жиналғанын есептей беріңіз. 

Дүбірлі доданың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Нұр Отан» партия­сы Төраға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те қазақ күресінің мәртебелі ұлттық өнер екендігін айта келе, төртінші рет өткізіліп отырған Қазақстан Президентінің жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің бас­талуымен жұртшылықты құттықтады. 

– Бұл сайыс – азаматтық бастаманың нәтижелі түрде іске асырылып, қалың ел жоғары бағалайтын ауқымды әлеуметтік шара ретінде салтанат құрғандығының жар­қын көрінісі. Ел­басы, «Нұр Отан» Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан – 2050» стратегиясының жүзеге асырылуы. Еліміз­дің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қа­та­ры­нан табылуы үшін дені сау, рухы биік, дәстүрге бекем халық бола білуіміз керек. Тек өз тарихының, тілінің, ұлттық болмы­сының қадірін білетін ел ғана өсіп-өркен­дей алатыны, бәсекеге қабілетті болатыны даусыз. Сондықтан да «Нұр Отан» партиясы өзінің ұйымдастырушылық әлеуетін пай­да­лана отырып, «Қазақстан барысы» баста­масына, оның бұған дейінгі үлкенді-кішілі іріктеу сындарында жер-жерде қол­дау көрсетті. «Бұл бір жағынан, партия­ның сая­си Доктринасында көрсетілген ұлттық құндылықтар ба­сым­дықтарын іске асыруға бағытталған, көкпар мен аударыс­пақтан, асық атудан сайыстардың, респуб­ли­калық айтыс сияқты шаралардың қата­ры­нан та­бы­лар келелі іс болса, екінші жа­ғынан, Ел­ба­сымыз айтқандай, азаматта­рымызды саламатты өмір салтына, бұқара­лық спорт­қа тәрбиелеудің көрнекті құралы. Биыл 15 жылдық мерейтойын өткізіп отырған «Нұр Отан» партиясы да ел бірлігі мен тыныштығы, оның әлеуметтік тұрғыда өркендеуі, соған бағытталған Елбасы сая­сатының іске асуы үшін аянбай еңбек етіп жатқан, яғни «саяси кілемдегі» халық­тың балуа­ны іспеттес ұйым. Өз кезегінде қазақ күресінде тек қара күш қана емес, алдымен қайсар намыс пен отты рух, дәл саясаттағыдай, ақыл мен айла керек десем, артық айтпаспын», – деді партия Төрағасының бірінші орынба­сары. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары осындай тамыры терең ұлттық құндылық­пен елді сусындатып, мәдениетіміздің жаңғыруына, бірегей спорт түрінің дамуына даңғыл жол салған «Қазақстан Барысы» қоры басшылығына және осы істің басы-қасында жүрген барша азаматтарға алғыс айтты. 


«Қазақстан Барысы» турнирі – 4 


Сонымен, «Қазақстан Барысы-2014» турниріне 28 балуан қатысты. Олар «соқыр» жеребе арқылы қарсыластарын анықтап, боз кілемнің көркін қыздырды. Сайдың тасындай іріктелген балуандардың осалы жоқ. Алғашқы жекпе-жекте-ақ өздерін кәсіби шеберлігі жағынан көрсеткен олардың қай-қайсысы да жеңіске лайық дерсің. Алайда, «Күш атасын танымас» демекші, қазақ күресінде кіл мықтыларға ғана орын бар! 

Осы орайда, бозкілемге шыққан балуандардың бәрін тізбелеп жатқанша, нағыз ұлттық күреске тән өзіндік айла-тәсілдерін паш еткен білектілердің сайысына тоқталсақ. 

…«Қазақстан Барысы-2013» атағы­мен шыққан Шығыс Қазақстан облы­сының үміті Айбек Нұғымаров 1/8 финалдық белдесуде Қызылорда облысының балуаны Руслан Әбдіразақовқа күтпеген жерден тізе бүкті. 117 келі тартқан Әбдіразақов өзінен 20 келіге ауыр атақты қарсыласын жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Ал 140 келілік Бейбіт Ысты­баев 95 келілік Мұхит Тұрсыновқа қарсы шыққан. Бастапқы кезде баяу қимылдаған Бейбіт сылбыр күресті. Соны пайдаланған Мұхит сырттан шалу әдісін сәтті жасады. Ал кейін Бейбітке баяу күрескені үшін тағы ескерту жасалды да, Мұхитқа жамбас ұпай берді. Ұстаған жеріне тас кенедей жабысатын Мұхиттың мерейі үстем болды. 

Ақырғы сындағы үшінші орын үшін жекпе-жекте Дәулетхан Жақыповты Руслан Әбдіразақов жеңіп кетті. Ал «Қазақстан Барысы-2014» атағына таласқан Қарағанды облысының балуаны Асыл Барменов пен Шығыс Қазақстан облысының балуаны Мұхит Тұрсынов арасындағы белдесу нағыз қызықты сәтке толы болды. Нәтижесінде шымыр қимылы, тамаша техникасы бар, «Жалын» лақап атымен белгілі Мұхит Тұрсынов 26 жасында «Қазақстан барысы» атанды! Сөйтіп, сайыс қорытындысында жамбылдық балуан Дәулетхан Жақыпов жеңіске деген жігері үшін «Көрермен көзайымы» атанып, оған құны 25 мың доллардан асатын «Хюндай Элантра» көлігінің кілті табыс етілді. Қызылордалық Руслан Әбдіразақовқа қола белбеу және 10 мың доллар, ал бапкері Садық Мұстафаевқа 5 мың доллар сыйақы тапсырылды. Екінші орын алған қарағандылық «Жас сұңқар» Асыл Барменов – күміс белбеу мен 30 мың доллар, ал бапкері Сұлтан Тыныспаев 10 мың доллар иеленді.

Ал дүбірлі доданың жеңімпазы, «Қазақстан барысы – 2014» атағын жеңіп алған шығысқазақстандық балуан Мұхит Тұрсыновқа алтын белбеу және 150 мың АҚШ долларын «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің өзі табыстады. Оның бапкері, әрі әкесі Шыңғыс Тұрсынов та құралақан қалған жоқ. Оған 30 мың доллар сыйақы берілсе, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «ауыс­палы кубок» іспеттес «Алтын тайтұяқты» Мұхиттың қоржынына салды. 

Мұның бәрі қазақ күресін Азия және жазғы Олимпиада ойындарының бағ­дарламасына енгізу мақсатында атқарылып жатқаны айқын. Қазақ күресі қазақ халқының болмысын нақтылайтын мәдени құн­дылық ретінде ЮНЕСКО-ның халықа­ралық бағдарла­ма­ла­рының ті­зіміне еніп, мерейімізді үстем етпекші. Сол сияқты Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жер-жерден ағылатын миллиондаған қонақтарға өз есігін айқара ашқан тұста, қазақ күресінен «Әлем барысын» өткізу жоспарланып отыр. «Қазақстан барысы» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, осы турнир идеясының авторы Арман Шораевтың айтуынша, оған 50-ге жуық ұлттық құрама жиналады деп болжануда. 

Динара Мыңжасарқызы 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button