ӨЗІҢ КЕТТІҢ, СӨЗІҢ ҚАЛДЫ, ЗАМАНДАС
ӨЗІҢ КЕТТІҢ, СӨЗІҢ ҚАЛДЫ, ЗАМАНДАС
Уа, Сәке, Садықбек замандас, сенің де көз алдымыздан бұл-бұл ұшып, сағыныштың сағымына оранғаныңа да қырық күндей уақыт боп қапты-ау. Әттең дүние-ай!
Сонау 1959-60 жылдары қазіргі «Жазушы» баспасында шашы әппақ қудай, үнемі жүзінен шуақ шашып тұратын Айтбай Хангелдин деген ақын ағамыз болды. Ол кісінің әрбір айтқан әңгімесі бізге ұлағатты өнеге сияқты еді. Сонымен бірге өз дастандарының уақиғалы желісін айтқанда рахаттана тыңдайтын едік. Ол кісі де бұл жалғаннан баз кешті. Кейін елге бір соққанымда, жігіттер сенімен таныстырған еді. Біз сөйлесе келе, жақсы көретін ағаларымның бірі Айтекеңнің туған інісі екеніңді білдім. Бұл жәй бізді етене жақындастарып жіберді. Балаң жігіт шағың, ол кезде сен облыстық радиода диктор болып істейді екенсің. Содан мені сен әй-шәйға қаратпай сол радио торабына апарып, алғаш рет өлең оқытқаның есімде. Содан бері қаншама жылдар өтті. Бірақ біз әр кездескен сайын ағайын адамдай шұрқырасып қалушы едік. Оның үстіне сенің жан аямас досың Әбдіжәлел Бәкіров екеуміз бір мектепте, бір сыныпта бірге оқып бітірген едік. Ол сонау 1956 жылы болатын, Қызылорда қаласындағы атақты «1-Май» мектебінде, қазіргі Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың атындағы мектеп.
Сен сол балаң жігіт кезіңде-ақ өз бойыңды үнемі таза ұстап, мұнтаздай болып жүруші едің. Өзің де әжептәуір қызметтер атқардың. Әсіресе, жастайыңнан комсомол-жастар қатарында жүріп, соның саласындағы әрқилы қызметтерде жақсы көрінген болатынсың. Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезіңде, Сол елге белгілі ақын-жазушылар мен әр қилы өнер адамдары жиі баратын. Күн тәртібіндегі олармен қызғылықты кездесулер сенсіз өтпейтін еді-ау. Сені қай жерден көрсем де, сол ханбазардың қақ ортасында жүруші ең. Кейін сол кездегі астанамыз осы Алматыға ауыстың. Бірақ сол бәз-баяғы қарапайым қалпыңмен кеуде кермей өттің жалғаннан.
Мен сен сияқты замандасымның бойынан ерекше үш қасиетіңді қатты бағалаушы едім. Біріншіден, жоғарғы айтқанымдай сенің үнемі тап-тұйнақтай болып, таза жүретіндігің еді. Және қай кезде болмасын өзіңді өте сыпайы ұстап, сабырлы қалпыңды бұзбаушы едің. Екіншіден, біздің Сыр бойы өңірінің таза қазақилық мінез-құлқының қаймағын бұзбай, халқымыздың қонақжайлылық дәстүрін әсте ұмытпауға әдеттенген әдемілігің де жарасып тұрушы еді. Үшіншіден, өзіңді барынша қарапайым ұстап, сыйласып жүрген адамыңның әрбір әңгімесіне жіті ой жүгіртіп, және оған өзің аса байыппен жауап беріп, сол адамның жан-дүниесін ұғынуға шебер едің. Мұндай қасиеттер адамға тегіннен-тегін берілмесе керек. Әрине, қай бір сәттерде аққұба жүзің әппақ гүлдей шашыңа бір ерекше леп беретін мезгілдер де болушы еді. Оны мен ақын жанының бір сәттік тебіреніске бой алдырып, ойға шомдыратын қасиет деп бағалаушы едім. Сонымен бірге сүйсіне сырласып келе жатқан адамыңа жауап сөзіңнің арасында сәл тоқтап, ойланып қалатын да тұстарың болушы еді. Бұндай қылық өзім танитын адамдардың ішінде онша кездеспеуші еді. Сенің бұл қылығыңды мен бұрын өзіңнің сөз сөйлеу мәнеріңдегі тосындық па деп қалушы едім. Жалпы ақын-жазушы атаулының бойында бір сәттік қуаныш пен өкініштің ойда жоқта өз өрнегін салып өтетін сәттері болу керек. Рас, Сәке, сен кейінгі кездерде өзіңнің әдемі жырларыңды, және оған қоса сырларыңды молырақ жазуға бой ұрған болатынсың. Рас, Айтбай ағамыздың әрбір тарихи дастандарын елі әлі де жете зерттемей жүр. Болмаса, ол кісінің шығармаларындағы желілердің таза тарихи шындықтан өрбіп жатқанын оқырман жете сезінер еді.
Сондай асыл қасиет біздің сөз етіп отырған осы Садықбек замандасымыздың басында да барлығына әбден көзім жеткен. Өйткені Сәкең жырларының әр-бір жолдарында өзінің жоғарғыдай түйсігіне ілінген көріністер өз көркін тауып отырғандай әсер тастайды. Соған орай біз Сәкеңнің өзінің қысқа өмірінде жазып кеткен «Пернелер», «Шапақты шақ», «Уақыт сазы» бастаған таңдамалыларын қосқанда ұзын ырғасы жиырмаға таяу жыр жинақтары мен мақалаларына ден қоя отырып, асыл жары Алтынның ұсынған «Өмір» атты өлеңімен сөзімізді тұжырымдағанды жөн көрдік.
Өмір-сезім, теңіз болып толқыған,
Махаббат ол жүректерде балқыған.
Шәрбатша ішіп, мәңгі өмір сүрсем
деп,
Қорқыт болып жер үстінде шарқ
ұрам.
Өмір-сәби нәрестесі жер-көктің,
Өмір нәрі нәтижесі еңбектің.
Өмір шексіз арман беріп адамға
Бір биіктен бір биікке өрлетті.
Өмір де сел тежеу бермес тасқыны,
Бірақ оның ешкімге жоқ қастығы.
Қайсарлыққа баулиды ол адамды
Құптамайды көңіліңнің пәстігін.
Өмір-жарыс сырдаңдықты
кешпейді,
Жеңіс шыңы үмітіңді кеспейді.
Бақсақ оның әр белесі бір қамал,
Күрестермен алсам дейді төскейді.
Сондықтан да өмірге мен
ғашықпын,
Өмір бағын базарлауға асықтым.
Осы жолда мейіріңнен тартынба
Айналайын, өмір нұры – ашық
күн.
Бір сәттік түйсіктің өмірге ғашықтығына сен де куә боласың. Соған қарап мұндай жандар әлі де жүре тұрса қайтер еді дейсің. Бірақ ажал адам ықтиярымен жүрмейді ғой. Бір өкініштісі сол. Уа, Сәке! Топырағың торқа, иманың жолдас болсын. Артыңда қалған асыл жарың мен ұрпақтарыңа ұзақ ғұмыр, аздырмас абырой берсін дейміз. Өзің болмағанмен сөзіңмен жасай бер, замандасым.
Замандасың
Сейфолла Оспан