ЖЕМҚОРДЫҢ ЖЕМДІ АСТАУЫ

ЖЕМҚОРДЫҢ ЖЕМДІ АСТАУЫ

ЖЕМҚОРДЫҢ ЖЕМДІ АСТАУЫ
ашық дереккөзі

Қазақстанда «Сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің хабарлауынша, жаңа заң осы салада бәсекелестік пен ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Енді сатып алуға квазимемлекеттік сектор субъектілері, яғни ұлттық компаниялар мен холдингтер де енеді. Бұған дейін олар қолданыстағы заңнама талаптарынан бөлек, өз ережелерімен тендер өткізіп отырған еді. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алу монополизацияланды. Мәселен, 2012 жылы холдингтердің бірі бір көзден сатып алуы 70%-ды, баға ұсынысын сұрату бойынша 19%-ды, ашық тендер 8%-ға жуық, электронды сатып алуы бар-жоғы 0,07%-ды құраған. Дәл осындай жағдай жер қойнауын пайдаланушы компанияларда да: баға ұсынысын сұрату бойынша 50%-дан астам, бір көзден 12,5%, ашық тендер бойынша 7,7%, электронды сауда 0,5%. «Қазір сатып алу жүйесі сан түрлі және бірыңғай тәсілді қолданбайды. Мемлекеттік сатып алымдардан бөлек тағы да 5 ұлттық холдинг, 20-дан астам ұлттық компания, жер қойнауын пайдаланушылар, табиғи монополия субъектілері бар. Олардың әрқайсысы өздерінің сатып алудағы ережелерін қолданады», – делінген агенттік мәлімдемесінде. Бұндай жайт тек ұлттық компания-холдингтерде ғана емес, барлық мемлекеттік органдарға да тән құбылыс.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ МЕМЛЕКЕТТІК 

САТЫП АЛУ САЛАСЫНДА


Жалпы, 2013 жылы мемлекеттік сатып алуға 2,4 трлн. теңге жұм­салған. Бұл бюджеттің (6,85 трлн.) үштен бір бөлігін мемлекет өз қажеттілігіне жұмсайды деген сөз. Қаржы министрлігінің дерегінше, бүгінгі таңда сатып алу процесінде 184,4 мың қатысушы тіркелген. Өкініштісі, мемлекеттік сатып алу – Қазақстандағы жемқорлық қылмысы ең көп жасалатын сала. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстардың 70 пайызы осының үлесіне келеді. 2014 жылдың 1 тоқсаны бойынша мемлекеттік сатып алу саласындағы қылмыс өткен жылмен қарағанда 34%-ға немесе 181-ден 242 қылмысқа өскен. Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны 16,5%-ға артқан. 6 айда 113 адам жауапқа тартылды. Келген жалпы шығын көлемі 145 млн. теңге, оның тек 77,4 млн.-ы ғана қайтарылған. Мамандардың айтуынша, мемлекеттік органдарда парақорлық жойылмайынша, мемлекеттік сатып алу әділетті, әрі ашық өтуі мүмкін емес. 

ЗАҢНЫҢ ӨЗІ ЖЕМҚОРЛАРҒА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ


Түйткілі көп саланы реттеуі тиіс заңнама толығымен орындалмайды деуге негіз бар. Ашықтық, әділеттілік, теңдік, бәсекелестік секілді сатып алудың принциптері тек теория жүзінде қолданылады. Тендер бойынша ақпараттың қарапайым интернет қолданушысына қолжетімсіздігі шикіліктің бар екенін көрсетеді. Көптеген мемлекеттік мекемелердің сайттарына сатып алу бойынша ақпарат алу мүмкін емес. Кейбірінде лот нөмірі жа­зыл­ғанымен, қатысушылар мен комиссия шешімі жарияланбайды. Ал жарияланғанның өзінде құжаттар техникалық себептерге байланысты ашылмай жатады. Демек, жасыратын нәрсе бар. Мысалы, Павлодар облысы құрылыс басқармасының сатып алуында конкурстың жа­былғаны хабарланғанымен, хаттамалар қорытындысы жоқ. Астана қаласы энергетика басқармасының сайтындағы ең жаңа деген хаттамалар 2012 жылғы болып шықты. Қарағанды қаласы әкімдігіндегі мемлекеттік сатып алу бөлімі болса, бос сілтемелерге әкеледі. Ауыл-аудан, аймақтарда сатып алуды жариялау деген түсінік тіпті жоқ. Ал бұл жүйедегі ашықтықты қамтамасыз ететін бірден-бір жол. Бір жағынан, ақпараттың болмауы, бұл салада жемқорлықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етіп отыр.

Екіншіден, заңның өзі заң­бұ­зушылық жасауға, жемқорлыққа жол беруіне  ықпал етеді. Әсіресе, тендерде бір көздің (бір монополист компания) жеңімпаз атанатыны кең таралған. Ұйымдастырушылар өздеріне жақтас компанияны жеңіске жеткізу үшін, өзге компанияларға қолдан кедергілер жасайды. Одан бөлек, заң бойынша егер жеңімпаз немесе жеткізуші келісім-шарт жасаудан бас тартса, тендер өткізілмеген болып жарияланады. Сәйкесінше, бір көз заңды түрде тендер жеңімпазы атанады. Немесе тендер өткізушілер кез келген себеп бойынша сатып алуды өткізілмеген деп шешім шығарып, бір көздің қызметін пайдалануға «мәжбүр» болады. Ал ұйымдастырушылар әртүрлі себептерді сылтау етіп, қа­ты­сушыларды жолдан тайдырып, мүдделес ұйымды жеңіске жеткізеді. Ал заңның орындалуын, мемлекеттк сатып алу ережелерінің талаптарға сай өткізілуін бақылап жатқан мекеме жоқ.      

Үшіншіден, күмәнді келі­сімдердің салдарынан сапа мәселесі тыс қалып, бюджет қаражаттары талан-таражға түсіп отыр. Биыл 1 наурыздан бас­тап мектептердегі тамақтандыру мемлекеттік сатып алудан шығарылды. Құптарлық жайт. Себебі алаяқ кәсіпкерлердің алақол қызметі оқушылардың уланып, жиі ауруханаға түсуіне себепкер болды. Көрсетілетін қызмет пен ұсынылатын ас мәзірі де көңіл көншітпейді. «… Біріншіден, бұрын анықтаушы фактор баға болса, бүгін де бұл – сапа. Екіншіден, жеткізушіні қаржы органдары анықтаса, енді құзірет мектеп директорында. Егер мектептің өз бюджеті мен қаржылық реттеуі болса. Болмаған жағдайда, оны аудандық, не қалалық білім басқармалары анықтайды», – деген еді Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев. Ал дәл осындай сапасыз қызмет түрі ең төменгі нарықтық баға ұсыну арқылы ғимарат салудан бастап, жол төсеуге дейін кездеседі.

18 МИЛЛИОНДЫҚ ШКАФ


Төртіншіден, бақылау мен қадағалаудың жоқтығынан (өздері тендер өткізіп, шешім қабыл­даса, кім бақыласын?!) лотқа ұсынылған қызмет түрі немесе зат бағасының шамадан тыс болуы шенеуніктердің бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалануына әкелді. Бұны мемлекеттік сатып алу порталына кіріп-ақ байқауға болады. Бастысы, ол сандарға ешқандай экономикалық, техникалық, не өндірістік негіздеме жоқ. Мысалы, Павлодар облысында 2013 жылы шенеуніктер үшін жаңбырдан қорғанатын 12 қолшатырдың әрқайсысын 12 530 теңгеге, жалпы сомасы  150 360 теңгеге сатып алған. Сондай-ақ аяқ киім тазалайтын бір кремнің бағасы 4 200 теңгеге (12 крем 63 мың теңге) шыққан. Биыл Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония баян музыкалық аспабын 1 339 280 теңгеге сатып алуға конкурс жариялаған. Жаңақорған аудандық білім басқармасы 18 260 440 теңгеге шкаф (алтыннан қапталған болар) сатып алуды жос­парлап отыр. Ал Астанадағы №41 «Балдырған» балабақшасы балалар қуанышы үшін А10 форматындағы алфавит кітабын 500 000 теңгеге сатып алған.

Сонымен бірге, жақында Қа­зақстанның мемлекеттік органдарында 40 мың АҚШ долларынан асатын қымбат ондаған қызметтік көліктерге тендер жарияланғаны мәлім болды. Қостанай облыстық ІІД құны 36 млн. теңге тұратын Ғ класстағы соңғы үлгідегі машинаны сатып алуға тендер жариялаған. Ішкі істер министрлігі әрқайсысы 12 млн. теңге тұратын 9 көлікке сатып алу конкурсын аяқтаған. Батыс Қазақстан облыстық ІІД-де қалысар емес. 7,6 млн, 8,9 млн, 11,6 млн. теңге тұратын қызметтік көліктер алынған. Қаржы полициясы болса, 10 млн.-ға екі машина, 8,9 млн.-ға төрт көлікті сатып алған. Ал 9 млн. теңге тұратын қызметтік көлікті сатып алуға Тараз мемлекеттік университеті хабарландыру берген. Тізе берсек, бұндай «рекордтық» бағалар әрі қарай жалғаса береді.

ШЕТЕЛДЕ ШЕНЕУНІК АДАЛ


Шетелде біздегі дарақылық пен парақорлық жат. Мемлекеттік сатып алу тәжірибесінде ашықтық, айқындылық, ақпараттың қолже­тімділігі, мемлекеттік және қоғам­дық бақылау негізінде процедураларды өткізу, ашық және тиімді бәсекелестік, шектеудің болмауы, әділеттілік, пен теңдік секілді принциптер бұлжытпастан орындалады. Кез келген шендінің қымбат көлік сатып алғаны туралы белгілі болса, ол бірден жұмыстан қуылады, тіпті бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Германияның заңнамасы бойынша, мемлекет сатып алуда жеке сектормен бәсекелес болып есептелінеді. Бюджеттік ақшаны үнемдеу мақсатында нарықтағы ең төменгі бағаны көрсеткен қатысушы жеңімпаз атанады. Қатысушының ұйымдастырушылармен байланысы жоқ екені жіті тексеріледі. Бір көзден сатып алуға мейлінше аз жүгінуге тырысады.

Ал АҚШ-та алғаш рет «Мем­лекеттік сатып алуды реттеу туралы» Заң 1792 жылы қабылданды. Бақылау мен қадағалау сатып алу саясатын жүргізу федералды басқармасына жүктелген. Конкурс, аукцион, келісім-шарттардың тиісті жүргізілуін федералды басқарма тексеріп отырады. Ұлыбританияда сатып алу келісім-шарт арқылы жүргізіледі. Қазынашылық бөлімнің өкілі ғана экономикалық тиімділікті санап барып, мемлекеттік сатып алуға рұқсатын береді. Франция мен Бельгияда сатып алу процедураларының барлық кезеңінде мемлекеттік бақылау күшейтілген. Тендерді жариялағаннан бастап, шешім қабылданып, қаржы төленгенге дейін келісім-шарттардың дұрыстығын арнайы жұмыс комиссия­сы тексереді. 

Мәселен, Австралия мен Жаңа Зеландияда мемлекеттік сатып алу туралы заң жоқ. Бұны жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады. Бұған қарамастан, ол жақта ешқандай заңбұзушылық жоқ. Себебі, бұл екі ел жемқорлыққа бейімділігі ең төмен мемлекеттер қатарына кіреді. Әрбір мәселе жеке заңсыз-ақ азаматтар мен шенеуніктердің адалдығы мен ашықтығы арқасында жүргізіліп отыр. Ал бізде, өкінішке қарай, жемқорлықтың деңгейі де жоғары, шенеуніктің алаяқтығы мен тойымсыздығы да жоғары. Сондықтан парақорлық індеті жойылмайынша (біздің жағдайда, толық жойылмайынша) мемлекеттік сатып алу жүйесінде ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету мүмкін емес.

Диас БЕЙСЕНБЕК