Жемқорлықты жеңетін азаматтық қоғам

Жемқорлықты жеңетін азаматтық қоғам

Жемқорлықты жеңетін  азаматтық қоғам
ашық дереккөзі
157

«Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы күрестің 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасының жобасын жалпақ жұртқа таныстырды. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жетекшілігімен өткен басқосуда «кеңесіп пішкен тонның» артық-кемшін тұстары талқыланып, негізгі қағидаттары аталды.

Бауыржан Байбек мырзаның сөзімен айтсақ, бұл – «Жемқорлыққа қарсы бағдарлама сірескен нормаларға толы құқықтық құжат емес, жемқорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған саяси құжат». Сыбайлас жемқорлықтың көрінісімен емес, одан туындайтын себеп-салдар, жағдаймен күрес аталмыш бағдарламаның басты қағидаты. Сондықтан бұл құжатта мемлекет қана емес, қоғам мен әрбір азаматқа жауапкершілік жүктеледі. Әлемдік озық тәжірибені негізге ала отырып, отандық заңнаманы жетілдіруді осындай бастамалармен сүйемелдеу керек. 

Тұңғыш рет сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл үшін мем­ле­кетпен қатар, қоғам мен әр азаматтың жауапкершілігі қамтылып отыр. Сонымен қатар, бағдарлама жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қо­ғамдық бақылауды шынайы күшей­ту, ақпаратқа қолжетімділікті арт­ты­руға бағытталған заңдарды қабыл­дау қажеттігі көрсетілген. Биліктің міндеті – жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру, сонда әрбір азамат, әрбір бизнесмен мем­ле­кеттің күш-жігеріне араласатын болады, – деді Байбек мырза. 

Жұмыс тобының жетекшісі, партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіров бұрынғы бағдарламада «Нұр Отан» партиясы алдында тұр­ған жаңа міндеттер мен тапсыр­малар ескерілмегенін айтты. «Бағдар­ламаның басты мақсаты – жемқор­лық­тың кез келген көрінісіне төз­бейтін атмосфера қалыптастыра отырып, жемқорлыққа қарсы қозға­лысқа қоғамның барлық қабатын жұмыл­дыру. Білім мен тәрбиенің жем­қор­лыққа қарсы кешенді жүйесі жаса­лады, адал еңбек мәдениетін қалып­тастыру, отбасы институтын бел­сенді жұмылдыра отырып, дәс­түрлі, халықтық құндылықтарды ны­ғайту көзделеді», – деді ол. 

Жалпыхалықтық талқыға беріліп отырған құжаттың маңыздылығын атап өтті. «Нұр Отанның» XV съезін­де партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Саяси көшбасшылықтың прин­ципті мәселесі ретінде сыбайлас жем­қорлықпен ымырасыз күресудің стра­тегиясын әзірлеуді» тапсырған болатын. «Осы тапсырманы жүзеге асыру және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жасау мақсатында партия жанынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыс тобы құрылып, нәтижесінде бес айлық жұмыстан кейін біз қолымызға бағдарлама жобасын алып отырмыз. Енді оны Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалың бұқараның талқылауына ұсынамыз. Қалаған адам өзінің пікірі мен ұсынысын жолдай алатын арнайы пошталық мекенжай құрылды. Бұл партияның халық талқысына берілген алғашқы стратегиялық және маңызды құжат емес. Біздің саяси Доктринамыз да дәл осылай жазылған болатын. Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасына орай келген әрбір хатты, кез келген ұсынысты ризалықпен қабылдаймыз», – деді. 

Әбдіров мырзаның айтуынша, бағдарламаға сәйкес партияның шығындарының барлығы бақылауға алынады. Көлеңкелі экономиканың алдын алу, бизнесті ашық жүргізуге үлгі-өнеге көрсетпек. Қалай дейсіз ғой? «Бір айдың ішінде алғаш рет, жалпы саяси партиялардың тарихында тұңғыш рет қаржылық есеп-қисабымызды жариялайтын боламыз. Меніңше, осыдан кейін әрбір қайырымдылық қорынан, әрбір корпоративті қор мен үкіметтік емес ұйымнан ашық болуды талап етеміз», – деді Байбек мырза партияның жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында. Сондай-ақ ашықтық саясатына қатысты тағы бір мәселе көптен бері көпшіліктің көкейінде жүргені аян. Жиған-терген дүние мүлікке есеп беру баршаға міндеттелмек. «Нұр Отан» партия­сы мемлекеттік қызметкерлерден жеке табысы мен шығынын тұрақты жариялап отыруын талап етпек. Әсілі, бұл ұтымды шешім. Дегенмен оффшор арқылы да, апасы арқылы да ақшасын шетел асыратын шенеуніктер бұл шешімге келісе қояр ма екен? Біздің шенеуніктердің басым бөлігі бай адамдар. Егер ресми табыс пен шығын сәйкес келмесе, ең алдымен таяқ жейтін шенеунік, әрине, одан кейін оның бірінші басшысы да жауап бермек. «Нұр Отан» партиясы осылайша жемқор мемлекеттік қызметкерлерге тұсау салмақ. «Бағдарлама 10 жыл бойы іске асырылады. 10 жылдан соң бүгін 20-дағы адамдар 30-ға келеді, олар қоғам өміріне белсенді араласатын болады, бізге білім, тәрбие жүйесі, отбасы институты арқылы бүгінде сол құндылықтарды салтқа айналдыру қажет. Өйткені жемқорлық мемлекеттіктің негізін, адамға деген сенімді, адамның өз білімі мен еңбегі арқылы өзі мен отбасына әлеуметтік лифт жасай алатынына сенімін жояды», – дейді Байбек мырза. 

Бағдарламаны әзірлеушілердің пайым­дауынша, аталмыш бағдарла­маны оңтайлы іске асыру үшін әр бесжылдыққа екі мәрте жол кар­тасын әзірлеу, жыл сайын іс-шаралар жоспарын бекіту көзделген. Ал жалпы бағдарламаның жүзеге асуы азаматтық қоғамға тікелей байла­нысты. Жемқорлыққа қарсы көз­қарас пен құқықтық сананы қа­лып­тастыруды көздейтін маңызды жоба партияның nurotan.kz ресми сайтында жарияланады. 

1998 жылы сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы арнайы заң қабылданған. Ал «Нұр Отан» партиясының 2008 жылдан бері қолданыстағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасы жемқорлыққа қарсы кү­рестің негізі болғанымен, бұл қылмыспен күресті толық қамти алмайды. Сондықтан бұл құжат әлемдік тәжірибені де ескерсе керек. Әбдіров мырзаның айтуынша, қазір қоғамда жемқорлықтың жолдары жетіліп келеді, әрі ол кез келген мемлекеттің экономикалық дамуына орасан зор зиянын тигізеді. Сондықтан да жобаны дайындау барысында бұрын қабылданған заңдарда ескерілмеген тұстардың барлығы да назарға алынған. Жұмыс тобы білікті заңгерлер, ғалымдар, белсенді азаматтық институт өкілдерінен құралып, 20 рет отырыс өткізілген. Елдің ертеңіне қауіп төндіретін, өркениетті қоғамның қалыптасуын тежейтін сыбайластық әрекеттерін күрт төмендетудің тетіктері барынша қарастырылды. Халықтың талқысына ұсынылғандықтан әлі де оңды ұсыныстар мен бастамалар айтылып жатса, қабылдауға әзір.

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары