Харуо Имаи, Киото университетінің профессоры: Құлтемір адамды алмастыра алмайды

Харуо Имаи, Киото университетінің профессоры: Құлтемір адамды алмастыра алмайды

Харуо Имаи, Киото университетінің профессоры:  Құлтемір адамды  алмастыра алмайды
ашық дереккөзі
253

Таяуда Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде халықаралық экономика, қаржы және энергетика конгресі өткен болатын. Қазақстан, Жапония, Түркия, Украина, Әзірбайжан, АҚШ, Англия, Қырғыз Республикасы, т.б. мемлекеттердің мұнай-газ, энергетика, экономика секторларында басшылық қызмет атқаратын тұлғалар мен ғалымдар қатысқан басқосу үш күнге созылды. Жиында Орта Азия республикаларының энергетика ресурстарының болашағы, Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту өзектілігі және жаңа энергия көздерін игеру мәселелері кең ауқымда талқыланды. Конгрестің алғашқы күні баяндама жасаған Киото университетінің профессоры Харуо Имаимен сұхбаттасқан едік.

– «Жер шарының экологиялық мә­се­лелерін шешуге экономиканың ықпалы» деген тақырыпта зерттеу жүргізіп, соның нәтижесін бүгін Алматыда мамандардың алдында баяндап отырмын. Қоршаған ортаның ластануы бір елдің ішінде шешілетін мәселе емес. Тіпті, біз экологиялық мәселелерді толығымен шеше алмайтын кезеңде өмір сүріп отырмыз. Біздің қолымыздан келетіні тек оған оңды ықпал ету. Өзімнің мамандығым экономист, Киото университетінде микроэкономикадан дәріс беремін. Экологияға қатысты зерттеулер жүргізгеніме жиырма жылға жуық уақыт болды. 

– Тепе-теңдігі бұзылған экологияны реттеуге эколог ғалымдардың да қау­қары жетпей жатқанда экономист маман­дар бұл мәселеге қай жағынан үлес қоса алады?

 – Бұның 1997 жылы желтоқсан айын­да өткен климаттың өзгеруі туралы конференцияда Киото хаттамасы қабылданған болатын. Бұл хаттаманы дайын­дау үшін жұмыс тобы құрылып, тек экологтар ғана емес, басқа саланың мамандары да атсалысты. Жұмыс тобының жұмысына мен де қатыстым. Конференция нәтижесінде қабылданған Киото хаттамасының мақсаттарының бірі – 2008-2012 жылдың аралығында дамыған және дамушы елдердің алты түрлі улы газдарды шығаруын азайту болатын. Менің мамандығым теориялық экономика болғандықтан біз математиканы пайдаланып, теоремалар арқылы әрекет етеміз, яғни жобалар ұсынамыз. Әлемнің отыздан астам елі улы газдарды азайтуға келісті. Улы газдардың ортаға таралуын шектеуге қатысты жобалар, бағдарламалар жүзеге асты. Мамандардың зерттеуі бойынша, Киото хаттамасы дамушы елдердің климаттың өзгеруінен туындайтын жағымсыз әсерлермен күресуде пайдаланатын ресурстарды игеруіне мүмкіндік береді. 

– Жапония хаттаманы 2002 жылдың мау­сым айында ратификациялады. Қазақстан Киото хаттамасына 1999 жылы қосылып, 2009 жылы ратификация­лады. Құжатты Еуроодақпен қоса 181 мемле­кет ратификациялапты. Бұл құжат қаты­сушы елдерге не берді?

– Хаттамаға сәйкес Еуроодақ улы газдардың таралуын 8 пайызға, Жапония мен Канада 6, Шығыс Еуропа мен Прибалтика елдері шамамен 8 пайызға азайтуға міндеттелді. Сондай-ақ, көптеген мемлекеттер CDM (Clean Development Mechanisms) жүйесін қолдайтынын білдірді. Қазақстан өзге мемлекеттермен бірге посткиотолық кезеңге аяқ басты. Қазақстан климаттың өзгеруі жөніндегі конвенцияға 1995 жылы қосылған. Посткиотолық келіссөздер нәтижесінде Қазақстан 2012 жылдан кейін де улы газдардың таралуын азайту жөніндегі халықаралық келіссөздерге қатысуға толық мүмкіндік алды. Киото хаттамасына сәйкес Қазақстанда CO2, N2O, CH4, HFCs, PFCs, SF6 газ түрлерінің таралуы қадағаланады. Киото хаттамасын ратификациялау ормандарды ұдайы басқару мен планетамыздың экожүйесіне антропогендік жағымсыз әсерді шектеуге, энергияны тұтынудың әлемдік жүйесін құруға мүмкіндік берді. Бүгінде әлемдік қауымдастық улы газдардың ауаға таралуына шектеу жасаумен бірге табиғи ресурстарды тиімді игеруді маңызды деп есептейді. 

– Сіз баяндамаңызда Киото универ­ситеті ғалымдарының Қазақстанның эколо­гиясымен біраз шұғылданғанын айт­тыңыз. Толығырақ тоқталсаңыз.

– Біздің университетте Цукатани Цунэо деген экономист ғалым болды. Көзі тірісінде Орта Азияның топырағы мен суының лас­тануына үлкен мән беріп, Қазақстанға барып, зерттеулер жүргізді. Арал теңізі, Семей полигонын көріп, республикадағы экологиялық ахуал жайында еңбектер жазып, Жапониядағы ғалымдарға таныстырды. Цукатани Цунэо қазақ ғалымдарын да қонаққа шақырған. Осыдан он шақты жыл бұрын алғаш рет Киото университетіне келген қазақ азаматтарымен таныстым. Өзім Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Бұған дейін АҚШ, Финляндия, Жаңа Зеландия, Әзірбайжан елдерінде болдым. 

Меніңше, Қазақстан – өмір сүруге өте қолайлы мемлекет. Бұнда адамдардың тіршілігіне қажеттінің бәрі бар. Қарқынды дамып келе жатқан ел екенін ғаламтордағы жаңалықтардан біліп отырамыз. Қазақстан инвестиция тартудан көрнекті ел ретінде таныла білді. Инвестиция тартумен қатар технологияларды тиімді игеруді де жеделдету қажет сияқты. Энергияны үнемдеу, жаңа технологиялар енгізу мәселелеріне назар аударған жөн. Бұл салаға сырттан мамандар тартудан гөрі өз кадрларын даярлау маңызды деп есептеймін. Бұл әрине, қомақты қаржы құюды қажет етеді. Сырттан технологияларды алғанда оны игеретін өз кадрлары болғанға не жетсін?! Республикадағы энергия өндірісі, өндірістік қалдықтарды азайту, мұнай экспорттау, т.б. қатысты әлі де жетілдіруді қажет ететін салалар бар. 

Жалпы Қазақстанның көп векторлы даму қарқынын жоғары бағалаймын. Сауд Арабиясы сияқты елдер мұнай индустрия­сын жоғары деңгейде дамытқан. Мұнайға бай ел ретінде танылған Қазақстан да бұл салада тәжірибелі мемлекеттердің даму бағытына назар аудара отырып, мұнайды ел экономикасына жаратудың жаңа әдістерін тиімді пайдалануы керек.

– Жапония қоршаған ортаның сақталуына зор мән беретініне сіздің елді аралағанда куә болдық. Осыдан 300 жылдан астам уақыт бұрын ұлы ақын Мацуо Башио: «Табиғатпен үйлесiм та-уып, жылдың төрт мезгiлiнен сұлулықты көре бiлген адамға ғана рухани кемелдiк пен жан көркемдiгi тән», – деген екен. Осыдан үлгi алған жапон халқының туған жерiн қастерлеп, қоршаған ортаны мейлiнше қамқорлыққа алатынына тәнті болдық. Табиғаттың сақталуы тек заң жүзінде, біреудің үкімімен ғана іске аспайды, бұл әр адамның сана-сезіміне де байланысты. Өзіңіз Киото хаттамасында айтылған улы газдардың таралмауына қалай үлес қосып жүрсіз?

– Жалғыз мен ғана емес, көптеген жапондар жұмысқа автокөлікпен бармайды. Өзіңіз көрген шығарсыз, бізде қоршаған ортаға зиянсыз электрпойыздар бар. Жанармайды қажет етпейтін, электрмен, ауамен жүретін қоғамдық көліктер Жапония көшелерінде көп-ақ. Олардың жай автокөліктер сияқты иісі жоқ, ауаны ластау коэффициенті 0-ге тең. Бізде қоршаған ортаға деген құрмет ерекше, заң да қатал. Автотұрақтан басқа жерге, мысалы, дүкеннің алдына автокөлікті қойсаңыз, жоғары мөлшерде айыппұл төлейсіз. Автотұрақтар өте қымбат. Мысалы, мен жұмыс істейтін университеттің ауласына машинаны жарты сағатқа қою 200 иен тұрады. Қазақстаннан жүз есе қымбат. Жалпы, жапондар баратын жеріне автокөлік мінбей, жаяу немесе велосипедпен, электрпойызбен қатынағанды жөн көреді. Жапонияда үлкен кісілер ғана емес, жастардың көп бөлігі автокөліксіз жүргенді дұрыс деп есептейді. Табиғатқа жиі шығамыз. Ерте жатып, ерте тұрғанды жөн санаймыз. Өзім кейде таңғы сағат 4 шамасында оянамын. 

– Имаи сан, бүгінгі жапон қоғамын­дағы қандай мәселе сізді алаңдатады?

– Бүгінгі таңда Жапонияда жастар мен балалар саны азайып, қарттар көбейіп барады. Кәрі кісілер санының артуымен бірге оларды бағып-қағу үлкен мемлекеттік мәселе деуге болады. өйткені, өзіңіз білесіз, бізде баласыздық мәселесінің шыққанына да ондаған жыл болды. 1970 жылдардағы көп балалы отбасылардың орнын жалғыз балалы немесе сәбиге зәру жанұялар бас­ты. Қазіргі кезде бізде қарияларға арнайы даярланған әлеуметтік мамандар қарайды. Төсек тартып жатып қалған қарт адамды күтетін роботтарды жасау осындай қажеттіліктен туды. Бірақ құлтемір адамды алмастыра алмайды. Темірмен сырласа алмайсың. Адам баласы қашанда жан дүниесін түсінетін, пікірлес, мұңдасты іздейді. Осы тұрғыдан алғанда, адамдардың дамыған қоғамда өмір сүре отырып, жалғыз қалу мәселесі туды. Осы тұрғыдан адамның бос уақытын қалай өткізуі керек деген мәселе де туындайды.

Мен үшін демалыс пен жұмыстың арасында шекара жоқ. Сенбі, жексенбі дегенді білмеймін. Аптаның жеті күні кабинетімде жұмыс істеймін. Жапонияның табиғаты тамылжыған өңірлері болмаса, шет елге қыдырмаймын. Мысалы, конгрес­ке жиналған шетелдіктер Алматыны бір күн бойы аралауға бел шешіп отыр. Мен оларға қосылмаймын. Тіпті дүкенге баруға уақытым жоқ. Орта Азияның геосаяси жағдайы және экономикасы жөнінде лекция дайындауым керек. Екі күн уақытымды соған арнамақпын. Жалпы барған жерімде қызық қуып, қыдырғанды ұнатпаймын. 

– Жапонияның 100 мың тұрғынының әрбір 37-сі жүз жасты алқымдаған екен. Жапонияда ғасыр жасаған адамдар саны бүгінде 47756 кісі. Оның 87 пайызы әйелдер. Кейінгі кезде бұл көрсеткіш 3300 адамға өскен. Ұзақ жасау жөнінен Жапония дүниежүзінде бірінші орынды ешкімге берген емес. Ұзақ жасауға қалай қарайсыз?

– Бізде қариялар 100-ден асқанда жастарға масыл болмай, өз күш-қуатым өзімде болса екен деп тілейді, өйткені талай қарияның ұрпағы жоқ, жасы келгенде әлеуметтік мамандардың қолына қарап қалады. Әйелім екеуміз ғана тұрамыз. Баламыз жоқ. Биыл 64-ке келдім. Өзімді қария жасына жеттім деп есептемеймін. Өйткені менен де үлкен қариялар бар. Жақында зейнетке шығуым керек. Зейнет деген сөз бізге ұнамайды. Бойында күш-қуаты бар, еңбекке жарамды әр адам іс істеуі керек. Зейнеткер атанатынымды ойлағанда іштей қиналамын.

– Қоршаған ортаға қатысты алда қан­дай жобаларды жүзеге асыру ойыңызда бар?

– Қазір Дзиро Акита, Хидэнори Ниидзава сияқты әріптестеріммен бірге жаһандық жылыну процесіне қатысты зерттеулер жүргізіп жатырмыз. 2020 жылға қарай әлемді қандай экологиялық жағдай күтеді? Бұл мәселе 1980 жылдан бері айтылып келеді. Өндіріс орындарынан бөлінген көмірқыш­қыл газы атмосфералық қабатқа өте­тін газдың 1/3 бөлігін құрайды. Планетадағы жасыл ал­қаптар – ормандар бұл газдың біраз бө­лігін сорғанмен, бар­лығын жұтуға шамасы жетпейді. Зиянды газдардың ауаны лас­тауы Солтүстік Америка мен Еуропаның дамыған мемлекеттерінде және Қиыр Шығыстың индустриалды елде­рінде көбі­рек орын алуда. 

Жалпы, климаттың антропо­ген­ді өзгеруінің әсері қай деңгейде бо­луы мүмкін деген сауалға жауап із­деп кө­рейік. Планета­да­ғы климаттың жылынуы 2 градусқа жо­­ғарылағанның өзінде Жер ша­рында 500 млн. адам ауыз судан тап­шылық көреді, 3 градусқа жы­лынғанда 3 млрд. адам зардап шегеді. Климат өзгеріске ұшыраған са-йын зор дауылдар, тасқын сулар қаптай­ды. Бұдан алдымен ауыл шаруа­шы­лығы үлкен зиян ше­геді де, азық-түлік тап­шылығы туындайды. Әлем­дік мұхит деңгейі өсуі мүмкін. Болашақта геогра­фия­лық кар­та қазіргі қалпынан өзгеріп, Голландия сияқты елдер мен Нью-Йорк секілді жа­ға­лауға жақын орын тепкен қалалар мен көптеген әсем аралдардың су асты­на кету қаупі бар. 

Соңғы 50 жылда булы газ­дар­ қат­ты көтерілген. Бірік­кен ұлттар Ұйымының 130 елінен 1000-ға тарта ғалым тартылған “Климат өзгеруін зерттейтін үкіметаралық сарап­шы­лар тобының” 2007 жыл­ғы төртінші есебін­де 1906-2005 жылдар аралығында жер тем­пературасының жылынуы 0,74 градусты құрайды делінген. Спутник арқылы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 1960 жылдан бері екі полюстегі мұз қабаттарының аумағы 10 пайызға азайғандығы анықталды. Әсіресе, Солтүстік жартышарда оның аума­ғы 15 пайызға дейін кеміп, мұздың қалыңдығы 40 пайызға жұқарған. 

Мұның бәрі болашақта адамзатқа орасан зор апаттар әкелуі мүмкін. Сондықтан біз бәріміз бірге бұған қарсы күресуге тиіспіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Шарафат Жылқыбаева

Серіктес жаңалықтары