ҰЛТЖАНДЫ
ҰЛТЖАНДЫ
Журналистика төңірегінде әңгіме қозғала қалса, аузымызға бірінші боп Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов есімдерін аламыз. Әрине, тектен-тек емес. Заңдылық. Әйтпесе, қазіргі таңда жазу-сызу өнерінің толқын-толқын өкілдері кеуде керген қуаныштарын «Шерағаң шекпеніне», «Бердіқұлов мектебіне» байланыстыра жеткізбес еді. Үлкен ұстаздардың шекпенінен шығып, шыңдалып, тезінен өткен қаламгерлердің жиған-терген үлгі-өнегелері жетерлік. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы – «Социалистік Қазақстанға» қызметке ауысып жатқанымда Сейдахмет ағаның түйіп-түйіп жеткізген ақыл-кеңесі күні кешегідей есімде.
– Жанатжан, бұл жолы саған ақ батамды шын пейіліммен беремін. Үлкен газетке кетіп барасың, сәттілік тілейміз. Сен менің юнкоррымсың, қанатымның астында өздерің мерейлене айтатын «шоғы еш сөнбейтін ұстахананың» көрігінен өттің. Осы киелі ұяның тағылымын жаңа ортаға тереңірек сіңіре біл. Неге екенін қайдам, «СҚ» маған ұнамайды. Өте сүреңсіз шығады. Басымды шауып алса да менің жеке пікірім. Мазмұны да, ажары да көңіл көншітпейді. Топырлаған журналистердің не істеп отырғаны беймәлім. Оның үстіне он тоғыз облыста он тоғыз тілшісі бар. Тоқсаны жабылып төрт беттік басылымды жайнатып, жарқыратып шығаруға болады ғой. Ал шалқайғанда, шіренгенде шетінен сұмдық. Өздері де сезсе керек. Қаламының желі бар жігіттерді тартуда. Көптің ішінен іріктеп тек Сарбас Ақтаев пен Бекболат Әдетовті оқшауырақ даралар едім. Меншікті тілшілерінен Сабыржан Шүкіров пен Байжігіт Әбдіразақовтың жағзандарына ішің жылиды. Қалған жүйріктері өзіміздің ленжастықтар – Ақселеу Сейдімбеков, Рашит Рахымбеков, Байтұрсын Ілиясов… Олар қазір жиі көрінбейді. Сөйтіп сен де ұйыққа батып, жұтылып кетіп жүрмегейсің. Әйтеуір «СҚ»-ның сірескен мұзын бұзуыңа тілектеспін…
Рас. Қанымызды тасытқан жастықтың жалын қуаты әуелде ештеңені сездірмеген. Қырағы қиығы қиырдағыны шалатын Сейдағаңның бір ауыз сөзін ықылым заманнан кейін бекерден-бекер тірілтіп отырғам жоқ. Әңгімеміздің дәнегі, лепесіміздің тұздығы болсын. «СҚ»-ның сүр сеңін шынымен-ақ қақырату оңайға түспеді. Ептеп-септеп макетке енгізілген өзгерістер мен тың ізденістерді ұжым мүшелері жаппай тік тұрып, қос қолдарын бірдей көтеріп қабылдамағаны анық.
Ескі сүрлеуден шыққысы келмегендер жаңашылдық ұсыныстарды мойындамауға тырысқан. Миларын қатып-семген қасаңдық шырмаған ойы да, көзқарасы да мұқыл кейбіреулер бүйректен сирақ шығаруға ұмтылған. «Партия газетіне әшекейдің қажеті шамалы…», «Біз – «Лениншіл жас» емеспіз…», «ЦҚ»-ның органына тақырыпты ойнатып, сызықтарды құбылтып беруге болмайды…» Осындай кедергілерді жою үшін қызбалықты сабырмен шідерлеуге тура келгенін жасыра алмаймын. Қуаныштысы, бір-бірімізді қабағымызбен ұғысқан серіктес әріптестердің табылуы.
Осы орайда ұстазым Сейдахмет ағаның көрегендігіне таң қалмасқа лажың жоқ. Сарбас Ақтаев пен Бекболат Әдетов газеттің ұңғыл-шұңғылын жетік білетін нағыз кәсіпқой журналист боп шықты. Сиқыр сөздің қасиеті мен киесін тамыршыдай сезетін олар әп дегеннен-ақ құшағын ашып, бұрын-соңды бір дөңгелек үстелдің басында қатар отырмаған маған іш тарта назар аударғаны бар. Лездеме үстінде, мерекелік нөмірлерді талқылау барысында редакциялық алқаның мүшелері ретінде ерекше қамқорлықпен арқамнан қақты. «Газетіміздің ажары кіре бастады. Макеттегі Жанаттың қолтаңбасы атойлап тұр. Кәне, өздерің кейінгі бір айдың тігіндісін сапырып шығыңдаршы…» Ақселеудің күн сайынғы нөмірден жылт етіп көрінген безендіру элементтерін көргендегі ризашылығын қаз-қалпында жеткізейін. «Бәсе, біздің «СҚ»-ның бет-бейнесін де түрлендіріп өзгертуге болады екен. Сен енді тездетіп газетіміздің фирмасын жаңартшы. Художниктерге заказ беріп, әдемілеп қайта жаздырып байқашы. Сапекең мен Сарбас түсінеді ғой. Айды аспанға шығарып, жариялап жіберуі мүмкін…»
Жаңаға құштар жігіттердің қолдауы мен демеуі еңсемді биіктетіп, құлшынысымды қанаттандырып жіберді. Өстіп жүргенде Торғай облысындағы меншікті тілші Сабыржан Шүкіровтен хат алдым. Конвертке салынған сәлемдеме емес, тілдей телефонограмма. Стенографист Биебаева Күлтәй апай қолыма ұстатқан жеделхатты екі-үш мәрте оқыған шығармын. «Сәлем, Жанат мырза! Сені сыртыңнан жақсы танимын. Ақселеу арқылы да аты-жөніңе қанықпын. Көркемдеу-безендіру бөлімінің тізгінін ұстапсың. Тілшілер бөліміндегі қыздардан естігем. Алғашқы ізденістерің мен макеттегі жаңалықтарыңды байқап, қуанып қалдым. Әсіресе, менің фельетонымды ойдағыдай етіп, әдемілеп беріпсің. Осы жолыңнан тайма! Хош көңілден – Сабыржан Шүкіров, 11 июль 1978 жыл…»
Сабыржан екеуміздің таныстығымыз осылайша басталған-ды. Көп кешікпей аппаратта жыл сайын өткізілетін меншікті тілшілердің дәстүрлі басқосуында емен-жарқын сырласқанымыз есте. Әдебиет төңірегінде, журналистика жайында, жеке шығармашылық хақында… Он тоғыз облыста он тоғыз тілші. Әрқайсысы бір-бір тұлға. Алғашқы әсер қашанда алабөтен сезіледі емес пе? О кезде тілшілер армиясы кіл сайдың тасындай зор жігіттерден іріктелгендей көрінетін. Бойы да, ойы да озық оғландар. Қызылордалық Байжігіт Әбдіразақов, қарағандылық Еркеш Ебікенов, шымкенттік Алтынбек Жолдасбеков, талдықорғандық Сейдахмет Мұхаметшин, өскемендік Мұқан Әбуғалиевтерді бірінші рет жүздестіргендегі көңіл күйді суреттеудің өзі ғанибет. Алыптармен иық тіресіп, нық басқан торғайлық тілші Сабыржан Шүкіровтің аты-жөні де үлкен ұжымда ерекше құрмет-қадірмен аталатын.
Сабыржанды нағыз ұлтжанды журналист деп бағалайтын. Ісіне сөзі сай Сәкеңнің қаламынан шыққан сын мақалаларға, көкейкесті проблемалық материалдар мен қандауыр фельетондарға редакторат мүшелері еш күмәнданбайтын. Таңертеңгі макетті бекіту үстінде де, кешкі бет қарау кезінде де редактор Сапар Байжанов «Сабыржанның саяси сауаты мықты, не жазса да иін қандырып жазады. Тілі гүрзідей, сөз танитын шешен журналист» деп ұдайы мақтап отыратын.
Жөн-жосықсыз мадаққа бара бермейтін редактордың бірінші орынбасары Балғабек Қыдырбекұлы мұндайда қоштай жөнелетін. «Райкомолды басқарып, обкомның тезінен өткендігі анық байқалады. Мылжың сөзі аз. Цифрлар мен фактілерді ойната біледі. Меншікті тілшілердің көбі тіл білмейді. Шіркін, тілші біткен Шүкіровтей болса… Сапар десе, біз мына Бекболатқа рахмет айтуымыз керек. Сабыржанды тауып жүрген осы…»
Иә, өзі армандаған журналистика көрігінің ыстық-суығында шыңдалған Сабыржан аса ауыр кезеңнің толқынына сүңгіп кетті. Торғайдың дабылды даласында он төрт айдай сырғып өте шыққан тілшілік он төрт жылдың сабағы мен тағылымы тұңғиыққа тұншықтырмай, теңіз дауылпазы – альбатросша еркін қанат қаққызды. Сайын сахараның саяқ сардары намыс отын жаныған. Қабілетті де, тәжірибелі журналист бүгежектемей, болат қаламұшын қайрай түсті. Көкейінде жүрген толғақты ойларының кісенін ағытып, екінің бірі жүрегі дауалап бара бермейтін өткір де шетін тақырыптарды қанын сорғалатып, бірінен соң бірін жариялады.
Туған тілдің түйінді де, күрмеулі проблемалары, жер-су атауларының шұбарлануы, ұлттық салт-дәстүрлердің аяқасты етілуі, қоғамның барлық саласындағы қазақ кадрларының кемсітуге ұрынуы, дербестікке ұмтылу, демография мен көші-қон мәселелері тәрізді, әсіресе, әлеуметтік ахуалдың келеңсіздіктерін айдай әлемге паш етуге құлшына кірісті. Баба тарихымыздың арғы-бергі шежіресі, ел өмірінде өшпес із қалдырған тарихи тұлғалар хақындағы толғаныстар жазылды. Бұрын-соңды республика деңгейінде көтеріліп, мемлекеттік мәселе ретінде ой қозғаған уытты сын материалдар қалың оқырман назарын айрықша аударғаны мәлім. Осынау үлкен үрдісті ұмтылыс Бас газеттің штурвалын Шерхан Мұртаза ұстаған кезде мүлдем бөлек дүмпуге ұласты. Тың тынысқа ие болған «СҚ» енді азуын айға білеген…
Компартияның күшейіп тұрған шағы. Орталық Комитеттің Саяси бюросы бекіткен жаңа редакторды ұжымға таныстырған Бас идеолог Өзбекәлі Жәнібеков сөзін аяқтай бере орнынан көтерілген Шерағаң:
– Өзеке, лебізіңізге рахмет. Маған жақсы газет жаса дейсіз. Қалың жұрт жата-жастана оқитын газет шығарыңыз дейсіз. Дұ-р-ыс! Жауапты міндеттен қашпаймыз. Бірақ, көктен мықты журналист жасайтын құдіретім жоқ. Өзіңіздің алдыңызда көздері жәудіреп отырған осы журналистердің бар қабілет-қарымын жанып, ортақ арнаға жұмылдыруға тәжірибемді саламын. Ол үшін, әрине, әділеттің ақ жолынан таймай, ақиқат пен шындықтың бетін ашып, жылдар бойы қордаланып қалған келеңсіздіктерді бірлесіп жазамыз. Құр әшейін шимай-шатпақ емес, шиқаны тамшылаған өткір сын мақалаларға жол ашуымыз керек. Сонда ғана өресі мен талғамы биік оқырманның ойынан табыламыз деп сенемін. Жоғарыдан тек қолдау күтеміз. Өйткені, менің өз басым журналистердің өлшеусіз еңбегін жегені тікен, көтергені алтын – түйеге теңеймін…
Айтқандай-ақ журналистердің екінші мүмкіндігі ашылып, бастықтарымен жарыса көсіліп, қопарып жазды. Бұл орайдағы сын жебесінің ұшы, ең алдымен, биліктегі бюрократияға бағытталды. Мәскеу мақұлдап, Кремль қолдаған Колбиннің ізіне шырақ алып түскен тілшілер талай былық-шылықтың бетпердесін сыпырған еді. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде қазақты қазаққа таластырып, бірін-бірі көзге шұқытқан небір құйтырқы зымиян әрекеттердің жай-жапсары әшкереленді. Бұған дейін аудандық дәргейдегі партком хатшыларының шекесінен шертуге үркектейтін «СҚ» журналистері бір өзі жарты патша саналатын облыстық партия комитетінің бірінші секретарын сынауға жұмылды. Ақ мылтық журналистер жазған материалдарға бас-көз болып, алғашқы сүзгіден өткізген, сөйтіп барып «жариялауға жарайды» деп қол қойған Сабыржан Шүкірұлы сан мәрте тәуекел ұстарасының жүзін ұстаған-ды. Жүрек жұтқан журналист өзі де «Кіші 37» емес пе?» атты атышулы жанайқайға құрылған саяси сараптамасымен дүр сілкіндірді. Намысы кернеген қалам қайраткері бұра тартпады, әлсіздікке ұрынып солқылдамады, ар сөзіне жүгінді. Ақиқат – алдаспан. Қазақтарға менсінбей танау шүйіретін Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Меңдібаев қалпақтай ұшты. Сондай-ақ Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Жигулин мен Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Волчков орындарынан алынды. Мінеки, мұның бәрі әділеттің күшін, газет сөзінің пәрменділігін, журналистердің қажыр-қайратын айғақтаса керек.
Тағы да қайталап еске түсіреміз. Мұртаза мектебінен өткен журналистер «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білді. Басылым абыройын асқақтатып дәуірлеген жылдары Сабыржан ағамыз партия тұрмысы бөліміне жетекшілік етті. Бас редактордың орынбасары, редакциялық алқаның мүшесі болды. Демек, бұл лауазымды қызметтер өзіндік шежірелі тарихы бар газеттегі қаламгер Шүкірұлының жанкешті еңбегін айқын көрсетеді.
Бірер жылдың бедерінде журналистік танымалдығы зорайып, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атанған Сабыржан Шүкірұлы 1991 жылдың қаңтар айында жаңадан ұйымдастырылған республикалық «Сұхбат» және «Позиция» апталықтарының бас редакторлығына тағайындалды. Осы жерде іште бүгіп қалуға болмас жайды айта кетелік. Аты да, мақсаты да бұлыңғырлау көрінген қазақ және орыс тілінде шығатын басылымға қимаған ниеттес, пікірлес жігіттер Сәкеңе өз ойымызды ашық білдірдік. «Бекер-ақ қызыққансыз. Қазіргі креслоңның қадірі биік-ау…» Ол сабырлы қалпынан айнымаған. «Бауыр басқан төл газетімнің орны мен үшін тым бөлек. Үлкен үйдің ұйғарымы. Бір ойлағандары бар сықылды. Келешекте аптасына жеті рет шығаратын үлкен газетке айналдырмақ. Амал нешік, пәрменге көнеміз де…»
Былайша қарағанда, өз алдына жеке отау, дөкей бастық. Сөйтсе-дағы тәуелсіздік қарсаңындағы елең-алаң. Заман да, саясат та мың құбылған көмескілеу кез. «Сұхбат» апталығының сиқы да біртіндеп сұйыла бастады. Қуаныштысы, бесаспап журналисті қаламы далаға тастамайды. Себебі, қызмет – қолдың кірі. Сүйікті «СҚ»-сы – «Егеменге» қайтып келуді қош көрмеген Сабыржан «Ана тілі» ұлт газетінің бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлының шақыруымен зиялылар ортасына келді. Бөлім басқарды, бас редактордың орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Дара журналистік табиғатына үйлесетін ұжымда бұршақтатып тер төгіп, бұрқыратып жазды. Әр туындысы ұлттың мерейін өсірді.
Өзекжарды мәселелерді, толғағы піскен тақырыптардың қатпар-қатпарын үңгіп-қаузап, тереңінен қалам тербеді. Бір жақсысы, қарымды да қағылез сұрмергеннің ой-қиялын маздатып, жүрегін сыздатқан үлкенді-кішілі публицистикалық маңызды көкейкесті көзқарастары сарғайған газет-журналдар тігінділерінде қатталып қалмай, бірінен соң бірі жеке кітап болып шығып жатты. Намысшыл ұрпақты ұйқысынан оятып, сезімі сергек оқырмандар қазынасына айналған бұл еңбектер әлі де өз мәнін жоғалтпай, кәдеге жарауда.
Әңгіме ырғағына орай Сабыржан Шүкірұлының республика баспаларынан жарық көрген кітаптарын атай кеткен жөн шығар. Олар – «Тамаша өмір», «Шақшақ Жәнібек», «Нақпа-нақ», «Рухани өріс кернеуі» және «О заман да, бұ заман», «Мемлекеттік тіл мұраттары», «Қолтаңба», «Таныс сөздің бейтаныс сырлары», «Шақшақ Жәнібек» тарихи деректі роман, «Атамды менің сұрасаң…» т.б. Қай еңбегінде болсын автордың зерттеушілік зердесі мен мәнер-машығы көзге ұрып тұрады. Қаламгерлік жолын Жангелдин ауданының «Жаңа өмір» газетінен бастаған ол өзі қасиет тұтқан қазақ сөз өнерінің үлкен мектебінен ғұмыр бойы дәріс алды десек артық айтқандық емес. ҚазМУ-дің журналистика факультетін, Алматы жоғары партия мектебін тәмамдаған.
Ол Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының, Халықаралық жазушылар мен көсемсөзшілер қауымдастығының мүшесі болды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісінің иегері. Сәкеңнің тікелей кәсібіне қатысты елеулі деректерді әдейі мақтаныш сезіммен қағаз бетіне түсіріп отырмыз. Көп жағдайда қайсыбір жандар өмірбаян жолдарын жалаң жолдармен әрең толтырады. Ал елі ардақтаған, қаламдастары құрметтеген Сабыржан Шүкірұлының туған мәдениеті мен әдебиетіндегі өзіндік қолтаңбасы айшықты да оқшау шалынатыны даусыз…
* * *
…Кей-кейде ой селін бұғалықтай алмай қиналасың. Тізгінді іркіп, соңғы нүктені қоя салуға болар еді. Бірақ… Әлгінде тізген кітаптардың арасындағы ерекше туынды – «Қолтаңба» хақында екі ауыз сөз. Жинақтың құндылығы мен қасиеттілігі жөнінде тәптіштеп жатуды артық көрдім. Кітаптың форзацына – алғашқы және соңғы қосар беттеріне безендіру рәуіште берілген жыпырлаған автографтар талай жайдан сыр шертеді. Еріксіз шұқшия үңілесіз, ойға шомыла толғанасыз. Қас-қағым мезетте қилы-қилы күйге бөленесің-ау. Тарих, Тұлға, Тағдыр…тоғысы іспетті. Өткеннің өшпес ізі жанарыңның алдында андыздап, атойлап тұр. Бұл да болсын қаламгердің ұқыпты ізденісін, шынайы шеберлігін айғақтағандай.
Осы тамаша кітап туралы алғысөз орнына берілген толғаныста замандас әріптестері Ақселеу Сейдімбек пен Ербол Тілешов төмендегідей ой өрбітеді:
– Сабыржан Шүкірұлы қазақ журналистикасына, жалпы қазақ руханиятына араласа бастаған кезең бүгіндегі экономикалық жағынан тоқырау аталып жүргенімен, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамыған дәуірі еді. Бұл кезеңде Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов сияқты көрнекті ақын-жазушылар өздерінің негізгі шығармаларын дүниеге келтірді, бұлардың соңын ала беріп, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин сияқты бүгіндері қазақ сөз өнерінің аса көрнекті тұлғаларына айналған дарынды үлкен шоғыр келді. Кино өнерінде, сурет өнерінде, театрда осындай дара талантты, ерекше қаблетті тұлғалар көптеп саналатын. Қазақ рухани мәңгілік астанасы Алматы «мен боламын» деген дарынды қазақ баласын бауырына басып, бүкіл Алаш аумағынан жиналған азаматты халқымен қауыштырды. Сол Алматыда «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері, «Жұлдыз», «Жалын» журналдары сияқты басылымдарда ұлтымыздың елшіл ұлдары мен қыздары қызмет етіп жатты. Осылардың бел ортасында Ахаң мен Жахаңның ізі қалған қасиетті Торғай топырағынан келген Сабыржан да жүрді. Жоғарыда айтылған ағалардың алдын көрді, замандастарымен сыйласты, өзінен кейінгі ұрпақтың табысына қуанды. Сол Сәкең қазір астаналық болғанымен, нағыз шығармашылық кезеңін Алатау бөктерінде өткізді. Мына қолдарыңыздағы жинақ Сабыржан Шүкірұлы өмірінің Алматы кезеңін көбірек байқатады. Қаламгерлер ортасы, шығармашылық ізденістер кезеңі оның куәгерлерін де, сөз өнеріне қатысы бар адамды да бейжай қалдырмас. Бұл жинақтың оқырманын бейтарап күйде қалдырмас және бір себебі – тура осындай мазмұндағы алғашқы кітап болуы. Яғни «Қолтаңба» арқылы Сабыржан Шүкірұлы ұлттық жазба мәдениетіміздегі жаңа бір жанрдың шымылдығын ашып отыр деуге толық болады.
Әу баста ескерткендей, «аз сөз – алтын». Алып-қосар жоқ. Әдебиетіміздің марқасқалары мен кіл классиктері бастаған, талай ұрпақ-буынның өкілдері жан сырын, тілек лебізін автограф арқылы жеткізіпті. Олар жалғыз-жарым емес, ондап, жүздеп саналады. Ой ұшқындарында Сабыржанға деген ілтипат пен құрмет анық байқалады. Ұшқыр қалам иесі де өзіне сыйланған туындылар төңірегінде қызықты сыр шертеді. Танымы мол, өнеге-үлгісі ұлан-асыр.
Ендеше, бұған неге қуанбасқа… Сондықтан ғажайып тамаша туынды тасада қалмасын деген пікірімді шегелеп жатқаным ғой…
* * *
Сабыржанның суретін бірөңкей сылдыр сөзбен, немесе бірөңкей жылтыр сөзбен сүйкеп шығу әсте мүмкін емес. Мінезге бай. Онда да Жаратқан иенің құдіретімен пайда болған кен қабатындай алтыны мен күмісі, қоласы мен темірі қатар ұшырасатын құдды қазыналы қыртыс. Көзге шалынып, көңілге ұялар тамаша қасиеттер сегіз қырлы қаламгердің жан-әлемін әрдайым жарқыратып, сәулелендіріп тұрады. Ең құнды кредосы мен мұраты – адалдық жолынан айнымады.
Журналист, жазушы, әдебиеттанушы, этнограф, лингвист, өлкетанушы, сыншы… суреткер айнала-маңайына үнемі сергек назар аударуға мән береді. Бұл көбімізде кездеспейтін ғажап ғадет. Адамгершілігі мен кісілігі құп қосылған. Әрине, өзіне тән паңдығы мен маңғаздығы да бар. Мұнысы тәкаппарлық пен өзімшілдіктен әлдеқайда жырақта екенін қадап айтар ек.Ұмытып бара жатырмыз ба, қалай? Әзілкештер ауылына қоңсы қонған Сәкеңнің жатыпатар жұмсақ юморы мен қалжыңы да мойын бұрғызады. Жүрген жерін, отырған ортасын зілсіз оспаққа кенелтіп, мәз-мейрам етеді. Оның бұл мінезін облыстардағы меншікті тілшілер жақсы білсе керек. Жыл сайынғы редакциядағы дәстүрлі жиналыстарда, лездемелерде әріптестерін әзілмен қағыстырып отырады.
Өте білімпаз, көп жайдан хабардар болғандықтан оның жазғандары полемикаға, айтысқа, пікірталастарға шақырып, өзі де өзгелердің қаламынан шыққан ойлы дүниелерге үн қосуға әманда әзір. Бөстеки бұра тартудан аулақ, даңғаза дау-дамайдан ада, кекшілдікті қоздырар ішкі есептен таза көңілден білдірген сөз-сайыстың сабағы көл-көсір. Ұлт рухын оятар, қазақ мүддесін қозғар киелі сөздің сәруар жанашыры санатындағы Сабыржан портретін әрлей түсетін тағы үш түйір үзікті еске түсіргім келді.
Қазақтың зор жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Үш ерлігін» әйгілеп, «Мен» романын қызғыштай қорғап, бозторғайша шырылдаған Сабыржанның қазасын естігенде шалғай Чехиядағы Мұхаң «Сөз сырын танитын сиректер сойынан еді» деп қатты күйзеліпті…
Алатаудан өзегі өртеніп жеткен Бекболат аға дүйім жұрттың алдындағы қоштасу сөзін өксік буып әрең жеткізіпті. «Қайран, Сабыржан дос!..» Бұл жайды естіген мезетте менің көзімнен де бір тамшы жас ыршып түскен…
Осы жазбамды ақ параққа таңбалау үстінде Сабыржан көкем жатса-тұрса аузынан тастамайтын Любовь Шариповнаның азан шақырып қойған есімінің Махаббат екенін естіп-біліп аңырып қалғанмын-ды. Сөз жоқ, өзгелер де таңданады. Сүйікті серігін, жан жарын, біздің алтын жеңешемізді Сәкеңдей-ақ мәпелеп, аяласын…
Ұлтжанды азаматтың асқақ бейнесін ендігі жерде туған елі ардақтайтын болады.
Жанат ЕЛШІБЕК,
жазушы, халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты