Жекешелендірудің жаңа толқыны

Жекешелендірудің жаңа толқыны

Жекешелендірудің жаңа толқыны
ашық дереккөзі
244

Мәдениет және спорт сарайларының құны қанша? Бұл нысандар қандай мақсатта қолданылып, мемлекетке қандай пайда түсіріп келді? Әр сарайдың өз қызметі бар десек те, халықтың бұл нысандарға сирек бас сұғатыны жасырын емес. Әсіресе спорт сарайларының жұмбақ жай-күйі жұрт арасында түрлі қауесет туғызып отыр. Оларды ұстап тұрудың өзі де оңай емес. 

Жекешелендіруге берілетін 700 нысанның ішінде бірнеше спорт сарайы бар. Атап айтсақ, Ақмола облысы бойынша «Бурабай» спорт сарайы, «Оқжетпес» футбол клубы және тағы басқалары. Сонымен қатар облыс орталықтарындағы шағын спорт кешендері де жеке меншікке берілмек. Бұл спорт кешендерін ұстап тұру үшін жылына бірнеше миллион доллар қажет екені белгілі. Десе де, бұл нысандардан мемлекетке пайда бар ма? Мәселен, спорт кешендерінде жарыстар өткізу, концерттік бағдарламаға жалға беру сияқты қызмет көрсете алады. Алайда, бұдан түскен қаржы кешеннің жылдық шығындарын ақтай алмайтыны аян. Жалпы, спорт кешендерін ұстап, мемлекет қалтасына салмақ түсіргеннен жеке кәсіпкердің қолына беру әлдеқайда тиімді дейді мамандар. 

Қысқы Азиада ойындары қарсаңында халықаралық талаптарға сай бірқатар спорт ареналары салынды. Алматы қаласы мен қала маңайынан бой көтерген азиадалық кешендердің жағдайы бүгінде не боп жатыр? Үкімет бұл нысандарды әзірге жеке меншікке берген жоқ. Десе де, әлемдегі басқа да спорт нысандарының күйін кешпесіне кім кепіл? Мысалы, олимпиада өткізген мемлекеттердің көпшілігі олимпиада қарсаңында зәулім нысандар тұрғызады да, жылдар бойы шығынын санап отырады. Себебі мыңдаған көрерменге арналған зәулім сарайлар кішкене қалашықта қаңырап қала береді. Оған дүниежүзі бойынша мысал көп (Қытайдағы әйгілі «Құс ұясы» стадионын ұстап тұру үшін жылына 10 миллион доллар жұмсалады). Соның тағы бір дәлелі Сочи олимпиадасының спорт кешендері. Атап айтсақ, Сочи қаласында 2014 жылғы Қысқы олимпиада ойындарына салынған спорт нысандарына миллиардтаған қаржы бөлінді. Ал осы кешендерді ұстап отырудың өзі қаншама қаражатты талап етеді. Осы орайда Bloomberg агенттігі Сочи спорт кешендерін ұстап тұру үшін алдағы үш жылда 7 миллиард доллар қажеттігін есептеген. Халықаралық талаптармен салынған ареналардың барлығы мемлекет меншігі. Ендеше бұған жұмсалар шығын есебінен мемлекеттік қазынаның жылдар бойы ортая беретіні де сөзсіз. Себебі алып нысандардың бұдан әрі не үшін пайдаланылатыны белгісіз. 

Дене шынықтыру және спорт істері бойынша агент­тіктің мәліметіне сүйенсек, респуб­ли­калық бюджеттен велотректі ұстап тұруға ай сайын орташа есеппен 130 миллион теңге бөлінеді екен. Ал шаңғы-биатлон стадионына – 35 миллион теңге бөлініп тұрады. Бақсақ, бұл нысандар ел бюджетіне айтарлықтай қымбатқа түсіп отыр. Ал агенттіктің бұл сұраққа мардымды жауабы жоқ. Жеке меншіктің қолына кеткен спорт сарайларының алғашқылары – Балуан Шолақ атындағы спорт кешені болатын. Бірнеше жыл бұрын аталмыш сарай жеке меншікке берілген. Бірақ Үкіметке қараған тұста алматылық спорт сарайын ұстап тұруға ай сайын – 22 миллион теңге бөлініп тұрса керек. Бүгінде Үкімет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбейді, өзін-өзі ақтап, концерттер, сайыстар мен басқа да қалалық шараларды өткізетін орынға айналған. Жеке меншікке берілген спорт сарайлары жұмысын тоқтатпай, осылай жалғастырып кетсе қай тарапқа да тиімді. Десе де былтыр Балуан Шолақ сарайының астынан ойынхана табылып, құқық қорғау органдарын әбігерге салған болатын. Себебі, басшылық ойынхана орналасқан қабатты қоғамдық тамақтану кәсіпорнына жалға бергенін айтып, ақталған. Алайда тұмсығының астындағы жасырын бизнесті байқамау мүмкін емес қой. Жеке меншікке берілген спорт сарайы, мейлі стадион, мейлі шағын ареналардың қожайындары «Өзім қожа, өзім би» деп білгенін істеп, ойынхана, ойын-сауық орталықтары, букмекерлік кеңсе мен кеңселер салмасына да кепіл жоқ. 

Алматы қаласындағы нысан­дар­дың қай-қайсысының да орналасқан жері – алтындай қымбат. Орталықта, тау бөктерінде орналасқан ескі нысандар жеке меншікті қызықтыратыны да сондықтан. Кәсіпкерлер ұлттық спортқа, ұлт денсаулығы мен ел келешегіне жаны ашиды дегенге депутаттар да сенбей отыр. Экономист Мағбат Спановтың пікірінше, мемлекет сатылатын нысандарды үшке бөліп қарастыруда. Проблемалы активтер, әлеуметтік маңызды нысандар және нағыз майқұйрық. «Негізі, жекешелендіру – дүниежүзілік тәжірибеде үйреншікті жүйеге айналған. Мемлекет нысанды тұрғызады, шығынды өз мойнына алады да, кейіннен бәсекеге мықты кәсіпкердің қолына береді. Бірақ елімізде бұл жағдайдың бұрын да болғаны рас, одан аузымыз күйіп қалған. Атап айтқанда, мемлекет тиынға сатқан дүниесін кейіннен қымбатқа сатып алуға мәжбүр болды. Бұл мысал әуежайлар мен энергетика саласында орын алды. Сондықтан алдын-ала ойластырып, жеті рет пішкен абзал», – дейді экономист. 


Ұлттық киноның құны қанша?


Ұлттық киноның құны «Қазақ­фильммен» өлшенбейді. Кино­сту­дияның жылдық өнімдерінің көңіл көншіте қоймайтыны баршаға аян. Бірақ бұл әңгіме өз алдына. Одан да қазақ кинематографиясының бастауы «Қазақфильмнің» жеке меншік қолға берілуі маңыздырақ. Бұл орайда депутаттар өнер ордасының болашағын басқаша елестететінін айтып, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ активтерін жекешелендіруге болмайды деген ұсыныс тастаған болатын. 

Өнер ордаларын табыс көзіне айналдырып, талан-таражға салу – мәдениетсіздік. Бұл пікірді алға тартқан бірқатар депутаттар мәдениет сарайларын жеке меншікке беруге қарсы. Депутат Мұрат Ахмадиев жаңа қожайынның ұлттық кино өнеріне қызығушылық танытып, болашағын жарқын қылуға ат салысады дегенге сенбейді. Мәдени нысандарды сату тиімсіз екенін дәлелдеп те көрді. «Республика сарайы шығын әкеле ме? Бұл бюджеттен бір тиын да алмайтын нысан. Ол өз қаржысы есебінен жұмыс жасап тұр. Сондықтан біздің ойы­мызша, жекешелендіруге себеп жоқ. Оның үстіне Республика сарайы республикалық маңыздағы тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына кіреді. Қала құрылысы мен сәулет ескерткіші болып табылады. Біздің ойымызша, нысанды сенімді басқаруға беруге болады, ал оны тек мәдениет саласымен таныс салалық мекеме ғана басқара алады», – деген пікірде. 

Жалпы, дүниежүзілік кино­сту­дия­лардың жеке меншік қолында екені баршаға мәлім. Сондықтан кино­өндіріс дамып, табысты кәсіп көзіне айналған батыс елдерінде. Өз өнімдерін табандап сатып, маусым сайын миллиардтаған қаржы жинап отырады. Оған Голливуд киностудия­лары мысал. «Қазақфильм» кино саласындағы кәсіпкердің қолына берілсе бір сәрі. Тіпті ұлттық киноөндіріс дамып, өрістеп кетуі де ғажап емес. Алайда, ұлттық студияның әрбір киносы Үкіметтен бөлінген қаражат есебінен түсіріледі. Себебі, прокатта, яғни саудада өзін-өзі ақтай алмайды. 2012 жылы «Қазақфильм» киностудиясы 50,7 миллион теңге шығынға батқан. Осы уақытта 5,14 миллиард теңге табыс түссе, 5,19 миллиард теңге шығын шыққан. Бұған мемлекеттік қаржыландырудың тоқтатылуы себеп болған. 2012 жылы киностудия 12 ұлттық фильм түсіруді жоспарлаған екен. Бірақ мемлекеттің ұлттық киноларға бөлетін қаржысы сол жылы үш есе қысқарып қалса керек. Ал жеке қожайын саудасын келістіріп жүргізе алатыны анық. Тек ұлттығымызды дәріптеу, насихаттау назардан тыс қалады деген қауіп бар.  

Дегенмен мемлекет қарамағында қалып, шаруасын шыр айналдырып отырған киностудиялар да баршылық. Ресейдің атақты «Мосфильмі» жеке меншікке берілмей отыр. Соңғы жылдары киностудияны сату туралы мәселе бірнеше мәрте қозғалған. Алайда кәсіпорынның басшылығы жеке меншікке берілгенін қаламайды. «Мосфильмді» жекешелендірсек, ұлттығымыздан не қалады» деген уәж айтады олар.  Кеңестер одағында жұлдызды кинолар түсіріп танылғанмен, бүгінгі күйі кино түсіруге келмейді. Бірақ телеөнімдер арқылы өзін-өзі ақтап келеді. Ресейдегі арналардың эфирінен берілетін әрбір бағдарламаның орталық студиясына айналып, ұсақ-түйек өнім арқылы ұлттық брендті сақтап келеді. Бұл тәжірибені Қазақстанның да қолдануына кедергі жоқ. Қайта телевидение өнімдерін көбейтуге ат салысып, бәсеке тудыруға септігін тигізе алады. 

Қайбір басылым беттерінде «Қазақфильм»-нің болашақ қожайы­ны туралы жазылды. Мәселен, «Қазтаг» агенттігіне сұхбат беріп, аты-жөнін жасырған дереккөз «Қазақфильм» студиясының 60 миллион долларға сатылатынын айтыпты. Тіпті қожайынының жарты жыл бұрын белгілі болғанын да айтады. Алайда жарты жыл бұрын қай нысандардың жеке меншікке берілетіні қалың жұртшылыққа жарияланбаған болатын. Әлгі дереккөздің айтуынша, сатылым ашық саудаға салынуы тиіс. Өйткені жекешелендіру «жаулап алуға» айналып кетуі мүмкін. «Ажалды адамның қыруар ақшасы жоқ. Кімдер қожайын болатыны белгілі емес пе? Республика сарайын сату да күмән тудырады. Он жылдан соң Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын сатса, жиырма жылдан кейін Ақ Орданы сатуды қолға алмай ма?» – дейді «Қазтагтың» дереккөзі. 

Жалпы, «Қазақфильм» территориясына көз алартқандар көп. Олардың алғашқы легі 2010 жылы ниетін ашық танытқан. Естеріңізде болса, «Қазақфильм» акционерлiк қоғамының сол кездегі президентi Сергей Әзiмов бұл қауесеттiң жалған екендiгiн қадап айтқан болатын: «Қазақфильм» сатыла­йын деп жатқан жоқ. Оны сатып алған да ешкiм жоқ. Әлгi қауесеттi таратып, баспасөз-конференциясын жасағандардың қандай мәлiметке сүйенiп өткiзгенiн бiлмеймiн?! Мүмкiн, олардың қолында деректер бар шығар. Бар бiлерiм, «Қазақфильмнiң» ешкiмге сатылмағандығы. Егер жаңа технологиямен жабдықталған киностудия жасап берiп, сонда көшiңдер десе, ойлануға болар едi. Ондай ешнәрсе жоқ, мен қалай киностудияның сатылуына жол беремiн. Әрi жаңа киностудияны салу оңай шаруа емес. Оған кем дегенде төрт-бес жыл қажет. Сондықтан, киностудияның аумағының сатылмағандығын және оны ешкiм сатып алайын деп жатпағандығын тағы да айтам. Ал, әлгiндей қауесеттi таратып жүргендердiң ондай мәлiметтi қайдан алғандығын өздерiнен сұрарсыңдар. Мiне, осындай дүниелердiң көбi, жұмыс iстеуге кедергi», – деп қайырған еді. Міне, сол қауесетті бірнеше жыл пісіріп, халықтың құлақ етін үйретіп келгені тегін емес сияқты.  


…Сарқып ішіп, ол кетті…


Бұл нысандарды сатуға қандай себеп бар? Әлде мемлекет қаражаттан қысылып отыр ма? Үкіметтің уәжі мынадай. «Жекешелендіру не үшін жүргізіледі? Жеке меншікті бәсекеге тарту үшін жасалады. Жеке қожайын – жақсы басқарушы, яғни ол жаңа тәжірибе енгізіп, мемлекет іске асыра алмайтын және қоғамға бейімделуі қиын тың бастамаларды қолға алуға шебер келеді», – деді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі департаментінің директоры Қанат Ибраев. Жалпы бұл қаражаттың қайда, не үшін жұмсалатыны айтылмайды. Депутаттардың да әлсіз дауысы алысқа бармаған сияқты. Мұрат Ахмадиев мырзаның осы мәселе төңірегінде келтірген мысалы орынды-ақ. «Қазақ мемлекеттік циркі 1997 жылы жеке қолға өтті. Бес жылдың ішінде жаңа басшысы цирк әртістерінің штатын толығымен таратты. Мүліктерін сатты. Бес жылда бар болғаны 3 цирк бағдарламасы дайындалды. Бұрын бір жыл ішінде 10 бағдарлама көрерменге ұсынылатын. Ғимараттың ішіне кафе, түнгі клуб, дүкендер толып кетті. Жеке меншікке берілмей тұрып «Қазмемцирктің» табысы 2002 жылдың 1 қыркүйегінде 8 миллион 143,5 мың болса, жеке меншікке берілгеннен кейін 49 миллион 437 мың 577 теңге шығын келген. Циркке адам келмей қалды. Бір қателік жасаған екеміз, оны неге қайталаймыз?», – дейді депутат мырза. 

Әлемдік тәжірибеде мұндай мысалдар көп. Шындығында мәдениет ошақтары мен сарайлардың көпшілігі жекенің қолында. Бірақ алғашқы мақсат-мүддеден таймай, мұражайды да, театр мен спорт кешендерін басқа орталыққа айналдырмай, әуелгі қызметін жалғастыруда. Себебі жергілікті Үкіметтің талап-шарттары қатал. Сондай-ақ жергілікті атқарушы биліктің қатаң бақылауына алынады. Нысандарға қатысты кәсіпкер міндеттері де алтын әріппен құйғандай нақтыланады. Жылжымайтын мүлікке ақша салу үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. 

Негізі, бұл тенденцияны жекеше­лен­дірудің екінші толқыны деу қиын. Өйткені жекешелендіру үздіксіз жү­ріп келеді, бұл үшінші толқын болуы да ғажап емес. 90-жылдардағы алғашқы жекешелендірудің немен тынғаны жалпақ жұртқа аян. Әсіресе, стра­тегиялық маңызды салаларға мемлекет өз бақылауын жүргізе алмай қалғаны қынжылтады көпшілікті. Сондай-ақ әуежайлар мен вокзалдар, балабақшалар бақылаусыз қаңырап қалды. Байқасақ, сол нысандарды мемлекет қайтадан қомақты қаражатқа сатып алуда немесе жаңадан тұрғызып жатыр. Қазан-ошаққа кім жақын жүрсе, сүйек соның қолында кететіні сияқты. Бұл мәселеге қатысты экономист Қанат Берентаев мынадай уәж айтып кеткен еді. «Меніңше, жекешелеуге болатын нысан қалмады. Осы жолғы тізімге бірнеше ЖОО мен Азаматтық авиация академиясы енген. Шынын айтқанда, түсініксіз бір тізім. Жекешелендіру арқылы бәсекелестікті қалыптастыру – барып тұрған өтірік. Себебі, бәсекелестік жекешелендіру нысандарының санымен емес, барлығына тең жағдай жасалғанда ғана қалыптасады. Менің ойымша, заңсыз капиталды тасадан шығару мен жеке меншікті заңды түрде рәсімдеп алу үшін жүргізіліп жатқан сияқты. Нәтижесінде жартылай қылмыстық экономика қалыптастырып отырмыз», – деп еді rikatv.kz сайтына берген сұхбатында. Өткен аптада бірнеше үкіметтік емес ұйымдар жекешелендіруге қатысты бас қосып, жеке меншікке қарсы науқан ұйымдастыру керек деген пікірге тоқталды. 

«Социалистическое движения Казахстана» қозғалысының жетекшісі Лариса Бояр: 

– «Жекешелендірудің нәтижесінде жүздеген кәсіпорын, ЖОО-лар мен ауруханалар, мекемелер жабылады, он мыңдаған адам жұмыссыз қалады. Ал қалған жұмысшылардың жағдайы ауырлайды. 800-ге тарта кәсіпорын жеке меншіктің қолына өтеді. Оның ішінде ғылыми, медициналық білім беру, шипажайларды қосқанда 400-ге тарта мекеме жойылады немесе қайта құрылады. Осының салдары Қазақстан азаматтарына тікелей және жанама әсерін тигізеді. Олай болса әлеуметтік қамтамасыз ету де жойылатын болады», – деді. 


Қарттар үйінен айрылмайық


Сатылымға шығарылған кәсіп­­­орындарды үш топқа бөліп қарас­ты­руға болады дейді сарапшылар. Қажетсіз активтер, әлеуметтік маңызы бар нысандар және нағыз батпанқұйрық. Айдалада болмаса да, алақанда тұрған батпанқұйрық активтерді кім сатып алады? Сіз бен біз ала алмаймыз. Мысалы, IPO арқылы сатылатын «Самұрық-Энерго» АҚ-ның 20-25 пайыздық үлесі. 2015 жылға жоспарланған. Сондай-ақ «ҚазАтомпром» АҚ 2016 жылы IPO арқылы 10 пайызы – 1 акциясы сатылады. Осынау майлы жердің кімге бұйыратыны да белгілі көрінеді. 

Сонымен қатар респуб­лика бо­йынша коммуналдық шаруа­шылық нысандарының барлығы жеке­шелендіруге берілмек. Олардың тең жартысы баяғыдан-ақ жеке қожайынның қолында. Олар бағаны қалаған кезінде көтерді, коммуналды төлемдердің тарифін өзара келісіп ұстайды. Үкімет сонда не істей алды? Тіпті Табиғи монополиялармен күресу агенттігі бағаның қымбаттағанын да байқамайды. Ал осындайда бұл кәсіпорындардың қожалары ертең тайраңдап кетпей ме? Сонда халық кімге нала айтпақ? Үкіметтің бақылауында жүрген күннің өзінде құбырлар мен кәріз жолдары, коммуналды қызмет көрсететін нысандардың ешқайсысы жөндеу көрген жоқ. Ал 90-жылдары  ЖШС-ға айналдырар кезде уәдені үйіп-төккен. Үкімет тарапынан қойылған үстіртін шарттарды елеген де жоқ. Сондықтан осы тәжірибеден сабақ алып, шарттарын қадап бекіту керек сияқты. 

Әсілі, тіл дамыту – қазақ тілінің аясын кеңейту баяғыдан-ақ сөз жүзіндегі дүниеге айналғандай. Республиканың әрбір облысы, ауданы бойынша мемлекеттік тілді үйрету орталықтары сатылмақшы. Мәселен, Алматы облысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылы, Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалалары әкімдігінің аппараты мекемесінің «Мемлекеттік тілді үйрету орталығы» мемлекеттік кәсіпорын сатылады. Бұл Алматы облысында ғана емес, бүкіл Қазақстанда қазақ тілін үйрететін орталықтардың келешегі бұлыңғыр. 

Нұржан Тойшы, «Галактика» корпорациясының бас директоры, экономист: 

– Жекешелендірудің пайдасы да, зияны да бар. Оның барлығы жекешелендірілетін нысанға байланысты. Мысалы инфрақұрылымдық нысандар және әлеуметке тікелей қатысы бар нәрселерді мемлекет қарауында қалдырғанымыз жөн. Себебі ешбір кәсіпкер мемлекеттік деңгейде қаражат пен басқа да ресурстарды таба алмайды, сондықтан нысандарды ұстау мақсаты өзгереді. Естеріңізде болса, небір ірі өндіріс орындары жай ғана қойма болып қалды емес пе?  Ал мемлекет сол өндірістерді сақтауға көбірек амал етер еді. Кішігірім кәсіпорындар жекешелендіруге берілсе пайдасы мол болмақ. Себебі алып мемлекетте бюрократиялық машина ешқашан жеке меншік компаниямен жарыса алмайды. Жеке кәсіпкер тез шешім қабылдап, шапшаң жұмысына кірісе алады. Сөйтіп  аз уақытта неше түрлі өзгерістер енгізіп, бәсекеге қарай жұмысты алып кете алады. Оған мемлекеттің қажеті жоқ және ондай кішігірім нысан мемлекетке тиімді емес. Тағы айтатын мәселе жылдамдыққа қатысты. Жеке кәсіпкердің шапшаңдығы мемлекеттік бюрократиялық ма­шинаның түсіне де кіріп шықпайды. 

Мәдениет және спорт сарай­ла­рының құны қазір ғимараттың құрылысы және тұрған жердің ба­ғасымен есептеледі. Жеке кәсіп­керге қажеті де осы. Ал қандай мақсатпен соғылғанын есепке алсақ, оның құны еліміздің брен­діне және атағына себеп болатын мекенжайлар болып шыға келеді. Оның бағасы қанша болуы мүмкін? Айту қиын! Пайдасын бірден бермейтін, ұзаққа созылатын бағдарламаларға қатысты объектілер олар. Мысалы қазақтар хоккейден, футболдан әлсіз. Тағы басқа қыстық спорттық ойындардан нашар және жүзуден әлсіз. Оны тек сол спорт сарайларында дамытып, елге атақ алып келуге бола ма? Оның құны қанша?  Бұл сұраққа ел жанашырлары қымбат баға береді, ал немкетер жемқор, болмаса мемлекеттік ой-пікірі жоқ адам тек ғимараттың бағасын айтады. Сонымен қатар салынған спорт, мәдениет сарайларының еш кінәсі жоқ қой. Оларды дұрыс қолдана білмеген жүйе бар. Мәселе осында. Қай мемлекетте де мұндай нысандардың көпшілігі пайда әкелмейді. Сондықтан жеке кәсіпкер қолына береді. Ал біздің елімізге келсек, бұл нысандарды кәсіпкерлер домалатып, дамытып әкетеді дегенге сенбеймін. Қайта сақтап қала ма деген сұрақ туындайды. Бұл нысанды сақтап қалу үшін мемлекет тағы да өзі демеу көрсетіп отыруы қажет. Ал «Қазақфильм» киностудиясын шетелдік инвесторлар алып, өз технологиясы және мамандарымен келсе, қазақ киносын дамытуға атсалысар еді. 

Аманхан Әлім, «Ақиқат» журналының бас редакторы:

– Жалпы, меншік деген ұғымды философиялық категорияда қараймын. Алланың меншігіндегі дүниелер бар. Құдайдың бір аты – халық, яғни халықтікі деген сөз. Сондықтан жалпы халықтық меншікті жекешелендіру туралы ойымды жекешелендірудің алғашқы сеңінде айтқанмын. Ал меншіктеудің екінші кезеңі дұрыс және сапалы жүргізілуі тиіс. Бірінші кезеңде жекешелендіруді жүргізу тәжірибесінен өттік. Капиталистік қоғамның бір көрінісі – жеке меншік болатын болса, біз соның бірінші кезеңін артта қалдырдық. Сол кездегі қателіктер бұл жолы қайталанбауы тиіс. 

Меншікті кімге беру керек? Ол өзінің қарақан басын ойлайтын адам ба, әлде ел-жұртты ойлай ма? Біз ұлттық буржузия қалыптастыруымыз керек. Ұлттық буржуазия өкілдерін қалыптастыру керек. Ол өкілдер қандай болуы керек? Алдымен ұлтын ойлайтын азамат болса, сол ұлтқа жағдай жасауды ойлауы керек. Тіпті, сол меншікке алатын адамдарға арнайы заң қабылдау керек. Сен осы қызметті мойныңа алдың, енді осы заң аясында жұмыс жасайсың деп міндеттеу керек. Мысалы, автобус парктерін жеке меншікке берді. Жекешелендіріп алатын кезде үйіп-төгіп уәдені берді олар. Сосын не істеді? Асығыс-үсігіс жүреді, аялдамаға кешігіп тоқтайды, адамды толтырып салып алады, автобустары аз. Оған қоса тарифтерді ойына келгенде көтереді. Қаласа түсіреді. Мен бір автобус паркінің басшысына айтқанмын. «Осы елде тұрасыңдар, осы елдің азаматтарын тасып, күн көріп жүрсіңдер. Ендеше неліктен осы елдің заңына бағынбайсыңдар», – дедім. Расында, ойына келгенін жасайды, «сатып алдым – менікі» дегенді түйіп алған. 

Мәселен, республика бойынша жайылымдық, шаруашылық жерлерді меншікке бергені баршаға мәлім. Сол жердің қожайындары жайылымға не өздері мал жаймайды, не жұрттың малын кіргізбейді? Үкімет оларға жерді пайдалану үшін берді емес пе? Заңды аяқтан басып, таптайды. Міне, осындай жағдай әлеуметтік қақтығысқа алып келеді. Хаос пайда болады. Ал хаостан әртүрлі қақтығыстар пайда болады. Міне, осы күйге жеткізбеу керек. 


Дос Көшім, қоғам қайраткері:

– Қадыр ағамыз айтқандай, кез келген мәселенің «жақсысы» мен «жаманы» қатар жүреді. Бізге де жағу қиын… Барлығы биліктің қолында болса, «билік уысынан шығармай отыр» деп ренжиміз, ал билік оларды жеке адамдардың қолына беретін болса, «кәсіпкерлер тек қана пайданы ойлайды, олар қоғамға жап-жақсы жұмыс істеп тұрған ғимараттарды басқа бағытқа пайдаланады» деген күдікпен қараймыз. Бір нәрсе анық сияқты: қазынаның қалтасының тесігі көрініп қалды, сондықтан соңғы жылдары бюджеттің қаржысын үнемдеу жұмыстары басталды. Доллардың бұрын-соңды болмаған күрт көтерілуі, әйелдердің зейнетке шығатын жасын ұлғайтуға талпыныс, зейнеткерлік қорларды мемлекеттің қолына алуы, қымбат машиналар мен үйлерге салықты көбейту, тағы сондайлар – мемлекеттің қазынасын толтырудың әрекеті деп білемін. Қазіргі жекешелендіру де осы жұмыстың жалғасы. Әлеуметтік маңызы бар, өз деңгейінде жұмыс істеп тұрған обьектілер мен мекемелерді жеке қолға беру – бюджеттен шығатын шығынды біршама азайтатыны да талассыз мәселе. Бірақ қоғамды бір ғана мәселе алаңдататын сияқты: жеке қолға өткеннен кейін сол обьектілер мен ғимараттардағы жұмыс бағыты сақтала ма, әлде оны сатып алған кәсіпкер оларды өзіне тиімді жаңа бір бағытқа көшіре ме? Мысалы, Қазақстандағы жүздеген тіл үйрету орталықтары жекешелендіруге түспек. Олар орналасқан ғимараттар ертең сол жұмыстарын жалғастыра ала ма? Немесе сауда орталықтары мен шағын кафелерге айнала ма? Әрине, мемлекет оларға сол ғимараттарды сата отырып, бұрынғы бағытты сақтау туралы міндеттеме қоюы да мүмкін. Ол жағдайда нарықтық экономиканың негізгі шарты да бұзылады, «жекеменшік» деген ұғым да құрдымға кетеді. Демек сол обьектілерді сатып алған жеке азаматтарға сатушы (мемлекет) ешқандай да шарт қоймауы керек. Ондай жағдайда әлеуметтік маңызы бар обьектілердің – тойханаға айналуын тоқтата алмаймыз. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының жеке қолға өтуінің де екі жағы бар. Осы уақытқа дейін бюджеттен ақша алып, сондықтан да биліктің айтқанын жазып, «жариялама» деген тақырыпты қозғамай отырған БАҚ жеке қолға өтіп, оны сатып алған адам халықтың көңілінен шығатын, әділдікті «шыңғыртып» айта білетін газет шығарып, оның таралымы көбейіп, пайдаға шаш етектен батса, қоғамға да, кәсіпкерге де жақсы болар еді. Алайда биліктің оларды тезге салатын сан түрлі тәсілдері бар екендігін де ұмытпалық… Екіншіден, газетті сатып алуға ақшасы жеткен азаматтардың көпшілігі – билікпен ауыз жаласа жүріп байыған жандар екендігін де естен шығармайық. 

Мойындауымыз керек, бұлардың бәрі – долбарлап айтылған пікірлер ғана. Ең бастысы – жекешелендірудің қандай жолдармен жүргізілетіні, бізді алаңдатып отырған мәселелердің қалай шешілетінінен қоғам хабарсыз сияқты. 1993 жылы жүргізілген алғашқы жекешелендіру халыққа ешқандай да пайда бермегенін бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан болуы керек, биліктің жасаған кез келген реформасына халық күдікпен қарайды.

Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары