Адамды биік музыка асқақтата түседі

Адамды биік музыка асқақтата түседі

Адамды биік музыка асқақтата түседі
ашық дереккөзі
297

– Айтеке, өнер тарихына көз жүгіртсек, халықтардың ұлттық музыкасының өркендеу барысында пайда болған мәселелердің параллельдерін келтіруге болады. Мәселен, XVII—XVIII ғасырларда Италияның Неаполитан опера мектебі композиторлары опера-сериа жанрын биікке көтерді. Бірақ та бұл күрделі сахналық шығармаларда сыртқы, вокалистердің техникалық шеберлігі мен орындаушылықтың виртуозды жағын баса көрсету алдыңғы орынға шығып, осы арияларға зор мән берілді. Осыған орай опера «костюмді концертке» айналды, керемет ариялар мен речитативтердің алма-кезектесіп отыруындай болған қойылым операның драмалық мазмұнын әлсіретті. Бұны айтып отырған себебім, ішкі мазмұнсыз жалаң техникаға мән берушілік қай кезеңде де өнердегі дегредацияларға әкеп отырған. Сол секілді, бүгінгі біздің домбырашыларды, әсіресе жас буынды тыңдағанда домбыраның моторлы аспапқа айналып бара жатқанын байқаймыз. Бес минутқа жетпейтін күйлер екпіні жылдамдап, о бастағы күй табиғатынан алшақтап кетеді. Олардың арасында «кім шапшаң, техникалық қатесіз ойнаса, сол шебер» деген жөнсіз үрдіс қалыптасқан. Мұндай белең алып кеткен түсінікке кәсіби маман ретінде не айтар едіңіз?

– Расында да, соңғы жылдарда осы үрдіс белең алған. Жастар күйді жын қаққандай зуылдатып ала жөнеледі. Бірде Мәскеудегі съездер сарайында концерт беретін болдық. Ұйымдастырушылар бізге Құрманғазының «Сарыарқасын» бір минутта ойнау қажет деген талап қойды. Тіпті «күйді қысқартып тартыңыздар» деген де сөз болды. Сендердің ырғалған күйлеріңді шетелдік қонақтар тыңдап отыра ма деп ескерткенде, концертті ұйымдастырушы адам оркестрді тыңдап: «Аға, өзіңіз білесіз 3-4 минуттық күйді қысқартуға болмайды ғой, ойнағаннан кейін толық тарта беріңіз», – деді. Іле-шала сол шараның басы-қасында жүрген бір кісі «3-4 минуттық күйді қысқартуға болмайды, толық нұсқасын орындаңыздар», – деп рұқсат берді. Сөйтіп, концертте оркестр туындыны толық тартты. Бағдарламамызды бітіргенде домбыраның қоңыр үні шетелден келген қонақтарға ұнап, артынан тағы бір күй сұрады. Солайша, біз концертте тағы да 4-5 күйді орындадық. Егер сол концертте жандайшаптардың дегені болып, қысқартып ойнағанда, қазақ күйіне дәл сондай сұраныстың болуы екіталай еді. «Қазақтардың музыкасы бас-аяғы түсініксіз нәрсе екен» деген теріс бағасын алар ма едік, кім білсін?! Сол үшін де жастардың қазақтың қасиетті күйіне ыждағаттылықпен қарап, дұрыс орындағаны абзал. 

– Жалпы, бүгінгі моторлы екпін қалай пайда болды?

– Күйшілерге «екпінді созбаңдар» деген талап Кеңес кезеңіндегі қойыла бастады. Сонда санасы төмен кейбіреулер «мына космостық ғасырда қарттардың екпінінде отырмай, шапшаңдатыңдар» деп талап қойды. Соған байланысты бәрі жылдамдап кетті. Қазір құдайға шүкір, күйдің түп негізіне қайта келе жатырмыз. 1991 жылы Құрманғазы оркестріне келгенде екпінді азайтуды осы «Сарыарқадан» бастадым. Әйгілі дирижер, марқұм Фуат Мансуров Мәскеуден жиі келіп, ұжымның жұмысымен танысып кететін. Біздің орындауымызда «Адай» күйін тыңдаған сайын ол музыканттарға ескерту жасайтын. Ф.Мансуров ««Адайды» өте жай темпте әдемі қылып ойнау қажет. Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитовтар сияқты ұстаздардан үйрендік, олар осылай жай тартатын» деп кеңес беретін. Ол сол өзі көрген қалыпты оркестрге ұстануға тырысатын. КСРО халық артисі, композитор Еркеғали Рахмадиев те «бұл не қылған сатыр?» деген ескерту жасап отыратыны әлі де жадымызда. Сол ағаларымыздың айтқанымен бүгінде мен қай оркестрде жүрсем де, осындай жай темпке саламын. Бұл үрдісті біз ұстамағанда кім ұстайды?

– Шебер домбырашы несімен ерекшеленуі керек деп ойлайсыз?

– Домбырашы – виртуоз бола білуі керек. Виртуоз күйші – әр шығарманы өз деңгейінде, өз екпінінде, өз дәстүрінде, өз стилінде жоғары деңгейде орындай алады. Ол үшін әрбір аймақтың күй мектептерін меңгеру керек. Мұндай орындаушы шетел шығармаларын да домбыраға еркін салып, шебер орындайтын болады. Оның аспаптан шығаратын дыбысы әсем болуы қажет. Біздің орындаушыларымыздың ең бір ақсайтын тұсы – екпін. Олар жай ырғақпен ойнай алмайды. Мемлекеттік емтиханда да жастардың барлығы дерлік асығып-аптығып ойнайтынын байқап, қатты қынжылғаным бар. Сонда айтқаным бар «келесі жолы емтихан талабына сондай жай, қобыз тартып отырғандай дыбыс шығару қажет Құрманғазының «Кісен ашқанын» қоямын» деп. Күйдің бәрі жылдам емес. Әркез жылдам сөйлеп, жылдам жүру мүмкін емес қой. Сол секілді күй де кейде асықпайды. Ол жай ғана туынды емес, онда – өмір мен оқиға бар. Яғни әр күйдің өзінің екпіні, айтатын ойы болады. Мысалы симфониялық оркестр шығармаларының, халықаралық деңгейдегі скрипка, фортепиано аспаптарына жазылған шығармалардың авторы белгілеген екпіні көрсетіліп, одан аспайды, авторлық ремаркадан шықпайды. Ал домбыра күйлерін «өзім білем» деп еркіндікке салып жүрміз. 

– Қазақ ұлт аспаптарының арасында өз дәрежесінде көтеріле алмай жүрген қандай аспаптарды атар едіңіз? 

– Мені көп ойландыратын аспап – сыбызғы. Сыбызғының немесе қурайдың материалы мен техникасы бір, ең мықты дамыған жері – Башқұртстан. Сондықтан осы аспапты таңдаған музыканттар Башқұртстаннан үйренуі керек. Башқұртстанға іссапармен барғанда осы аспаптың жақсы дамығанын көрдік, халқының қолдан түспейтін кең қолданыстағы аспабы екен. Тіптен, бір композитор сыбызғы мен симфониялық оркестрге арнап шығарма жазған. Тағы бір жете дамымай жатқан аспабымыз – жетіген. Құрманғазы оркестрінің жанынан аспап жасаушы Н.Абдрахманов деген шеберге жылына бір жетіген жасаттыратынмын. Қазір Астанаға қызметім ауысып кетті де, бұл бастамам аяқсыз қалды. Бүгінде шағын ұжымда жетігенді тыңғыл-тыңғыл тартады, ансамбльге қостауға, ұжымдар мен жекелеген әншілерді сүйемелдеу деңгейіне ғана қолданады. Негізі, кез келген аспап иесі ізденбесе, дамымайды. Әр нәрсенің іздеушісі, жоқтаушысы болуы керек. Соның соңында жүріп, дамыта білсе ғана өркендей алады. Дұрыстап қолға алса, өркендететін жолдары бар, одан қайтадан арфа жасап керегі жоқ. Кезінде Құрманғазы консерваториясының «Домбыра» кафедрасы жанынан жетіген, сыбызғы, сазсырнайға арнап факультатив қылып ашқанбыз. Бүгінде сол мәселені ары қарай жалғастырса, жақсы болар еді. 

– Салыстырмалы түрде төл аспабымыз қылқобызды дамыды деп айта аламыз ба? 

– Иә, қылқобыз бүгінде кең қолданыстағы аспапқа айналған. Оның дамуына композитор Е.Рахмадиев көп күш салды, ол консерватория жанынан қылқобыз класын ашты. Сол жылдары аспаптың жасалу жолдары беймәлім болғандықтан қылдары шашырап, бұрауы қайта-қайта түсіп кетіп жатты. Н.Тілендиев бір-екі қылқобызды «Отырар сазына» оркестрге отырғызды, ал музыканттар ансамбльдерге енгізіп жүрді. 1991 жылы Құрманғазы оркестріне төрт қылқобызшыны отырғыздым. Сонда Жанар Жүсіпова, Әлқуат Қазақбаев деген бүгінгі танымал кәсіби музыканттарымыз мектеп оқушылары еді. Және альт-қобызды кейін жіберіп, олардың алдына бұрыннан келе жатқан сияқты қылып қылқобызды топ ретінде отырғыздым. Қылқобызға жанашыр керек, өйтпейінше, бүкіл мүмкіндігін көрсететін арнайы репертуар болмайынша, ол дамымайды. Анда-санда жазылған туындылар аздау. Негізгі аты – қобыз, ал прима-қобызды сым ішекті қобыз десек дұрыс болар еді. Өз басым партитураға осылай жазуды бастадым. Яғни бұл аспаптың қолдану аясын кеңейту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаландық. Нәтижесі қазір көрініп тұр. 

– Сіз қылқобызбен бірге шертерді де оркестрге енгіздіңіз…

– Шертерді оркестрге қосқанда «дыбысы тоңқылдақ, өзбектің аспабының дауысы секілді» деп оркестранттар ұната қоймады. Бірақ уақыт өте құлақ үйренді, осы аспаптар оркестрдің баяғыдан келе жатқан аспабы секілді болып кетті. Кезінде консерваторияда класс ашуына да түрткі болған едім, бүгінде аспапта ойнау тәсілі де жетілдірілді. 

Жалпы қандай аспапты алсақ та, оларды оқу орындарында оқытып, бағдарлама жасап, сол бойынша дайындамаса, қолданысқа енбей қала береді, көтермесе және жоғарғы деңгейдегі оркестрлерде отырып ойнамаса, олар өспейді. Кеңес кезінде белгілі бір аспаптарға арнайы композиторларға тапсырыс жасалып, оларға қаламақы берілетін. Қазір қаражатты қалтаңнан қашанғы төлейсің? Ал композитордың жазып жатқан шығармасы орындалмаса, оған уақыт зая етіп несі бар? Яғни, репертуарлық мол қор жасай алса, аспап әрі қарай сөзсіз дамиды. Жаңа музыка арналмаған соң тыңдарманнан да сұраныс жоқ. Бұл мәселеде орындаушы, композитор мен аспап жасаушы шебер тығыз байланыста болып, олар өзара талап қоя білуі қажет. 

– Әншілердің ұлттық аспаптарды аранжировкада пайдаланып жүргеніне қалай қарайсыз?

– «Домбыра эстрадаға көбірек кетіп қалды» деген сын біраз айтылып жүр. Десе де бұл заман талабы. Оны тоқтата алмаймыз. Енді біздің міндетіміз, кәсіби орындаушыларымыз домбырасын өздері дәріптей білуі керек. Мәселен, эстрадалық орындауда қобыз, сазсырнай, домбыра, сыбызғы сынды аспаптар үнін аранжировкада әр жеріне бір қосып берекесін кетіреді. Мен мұны қолдамаймын. Күйдің мәнін жоғалтып алмас үшін кәсіби орындаушылар өзінің кәсіби біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдай түсуі керек. Ұлттық аспаптарды өз деңгейінде дәріптеу үшін біз солардың әрқайсысының партиясының өз музыкалық желісін жасап, гармониясын үйлестіріп, жеңілдеп контрапункт жазып, туындының сыр-сипатын аша түсуіміз қажет. 

– Қаптап кеткен «жұлдыз» әншілер туралы не ойлайсыз?

– Кейбір эстрада әндеріміз сын көтермейді. Сөздері де, әуені де түсініксіз. Өз басым көркемдік кеңес жасап тұруға қарсы емеспін. Мамандар отырып, эфирден жіберілетін шығармаларды сұрыптауы керек. Бұрын әр ірі ұжым жанында көркемдік кеңес қызмет етіп, кемшіліктерін түзетуге қайтарып жіберетінбіз, сонда тамаша дүниелер туған еді. Тыңдарманды біржақты кінәлауға болмас, телерадиодан жіберілсе, жақсы, дұрыс болған соң жүріп жатыр деп ойлайды. Ағымдағы музыкаға жоғары талап қажет, халықтың деңгейін көтеру үшін көркемдігі биік музыкалармен тәрбиелеуіміз керек. 

– Ой бөліскеніңізге үлкен рахмет. 

Сұхбаттасқан Бақыт Тұрмағамбетова

Серіктес жаңалықтары