«Қазақ газеттері» серіктестігінің 15 жылдығына

«Қазақ газеттері» серіктестігінің 15 жылдығына

«Қазақ газеттері» серіктестігінің 15 жылдығына
ашық дереккөзі
316

Сонау 80-ші жылдары Грузияда болғаным бар еді. Ол кезде Кеңестер Одағында грузин қыздары Нона Гаприндашвили, Нана Александрия, Майя Чибурданидзе бірінен кейін бірі шахматтан әлем чемпионының тәжін киіп, атағы дүрілдеп тұрған болатын. Кутаиси қаласында болғанымызда жергілікті тұрғындардың аузынан «чемпион қыздар бізден шығады, ал атақ-абыройға Тбилиси ие болады» деген өкпе-назы аралас сөзді өз құлағыммен естігенім бар. Сөйтсек, Кутаисиден шыққан талантты жас­тарды сол заматта үй-ішімен қоса Тбилисиге көшіріп алдырып, кең де жайлы үй-жай беріп, оның ішінде жас дарынға бөлек бөлме арнап, жағдай жасап, ішін неше түрлі керекті оқулықтар, әдебиеттер, құралдармен жабдықтап береді екен. Міне, бұл өз елінің ертеңін, абырой-беделін ойлағандықтың жарқын үлгісі. 

Сол кездері біздің республикада Аида Мүсілімова, Пану Әбдіқасова, Гүлнар Сахатова сынды талантты шахматшы қазақ қыздары болды. Бірақ олардың маңдайынан сипаған ешкім табылмады. Бір ғана мысал келтірейін. 1980 жылдары Алматыдағы бас­палар («Қазақстан», «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Мектеп», «Өнер») Абай даңғылы мен Гагарин даңғылының қиылысындағы жаңадан салынған баспалар үйіне көшті.

 Бір жолы «Өнер» баспасында қызмет істейтін шахмат жанашыры марқұм Өмірбек Оралбеков баспалардың бас редакторлары орынбасарларының басын қосып, шахматшы қызымыз Гүлнар Сахатовамен кездесу өткізейік деген ұсыныс жасады. Шахматты сыйлайтын жандар бұған келістік. Сонда Өмірбек тағы бір мәселенің шетін шығарды: Гүлнар қызымыздың ірі жарыстарға киіп баратын жөнді киімі де жоқ екен. Грузин қыздары күнде жарысқа жаңа көйлек киіп, көңілдері көтеріңкі отырғанда, ауыстырары болмағандықтан бір ғана көйлекпен келетін біздің қызымыздың көңілі әрдайым пәс болып жүреді екен. Ал қыз балаға мұндай жағдайдың қаншалықты ауыр тиетіні айтпаса да түсінікті. Содан 6 баспаның басшылары мен кәсіподақ ұйымдары ақылдаса келіп, жуырда жарысқа барғалы отырған Гүлнардың жолына азын-аулақ қаржы жинап беруге келістік. 

Сол жолы Гүлнар 20-дан астам тақтада бір мезгілде ойын өткізді. Көпшілігін ұтты. 5-6 партияда ұтылды. Жап-жас қыздың әкесіндей адамдармен бір мезгілде сеанс өткізуі, әрине, оңай болған жоқ. Бір жағынан ұялады, қысылады. Осыны түсінген кейбір жолдастар тақта үстіндегі жағдайлары жақсы бола тұра тең ойын ұсынғанымызда, Гүлнар: «сіздерде шахматты сыйлайтын, оның қыр-сырын түсінетін жандар көп екен», – деп риза болып кеткен еді. Кейін шахматшы қызымыз шетелдік бір жігітке тұрмысқа шығып кетті деп естідім. 

Енді, міне, тәуелсіздік алғалы өз қолымыз аузымызға жетіп, спорттың әр түрінен жас дарындарымыз топ жарып келе жатыр. Бұған шүкіршілік етейік. Шахматтан жас­тар арасындағы әлем чемпионы Дәрмен Сәдуақасовты, қыздар арасынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Жансая Әбдімәлікті және әлі өрімдей жас талант Бибісара Асаубаеваны ерекше атар едік. Ал осыларға барлық жағдайды жасау орнына олардың еңбегін елемеу тек біздің елде ғана кездесетін жәйт болар, сірә. Мұның өзі қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымайтынын тағы бір дәлелдейтін жәйт болса керек. Өйткені мұндай жәйттерге онша мән бере қоймайтын билік басындағыларды айтпағанда біздің кейбір қалталы азаматтарымыз көршілес мемлекеттерден келетін жалбыр шашын әйелдерше желкесіне түйіп алған немесе жалбыратып иығына түсіріп, сахнаға жартылай жалаңаш шығып, даңғұр-дұңғыр еткен әншілердің қойын-қонышын оқиғаға толтырып жіберетініне мәз болып жүретінін қайтерсің. Біреудің қаңсығы біреуге таңсық деген осы да. Одан қала берді мейрамханаларда сайрандап, түнгі клубтарда тайраңдап, халықтың ризығын төгіп-шашып, ысырап етіп жүргені де жанға батады. Ал қазақ байғұстың көбісінің тым болмаса баспанасы жоқ, өлсе құны жоқ, оны ойлап бас қатырып жатқан жан тағы жоқ. 

Мұны ашынғаннан айтамыз, жаныққаннан жазамыз. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас» күйінде. Өзгеріп жатқан дүние жоқ. Дегенмен үміт үзгіміз келмейді.

Шахмат әлемінде қатар-құрбыларының арасынан бұзып-жарып шыққан қызымыз Жансаяға Құдай қуат берсін. Өткен жылы мамыр айында «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін журналистер арасында тұңғыш шахмат турнирі өткізілген болатын. Сол жарысқа құрметті қонақ ретінде әкесімен бірге шақырылған Жансаяны мен сонда тұңғыш рет көрген едім. Сол жолы әріптестеріміздің бірі қоярда қоймай қиылып сұрап, Жансаямен шахмат ойнаған болатын. Әлгі әріптесіміздің ұтылып қалғанына біраз күліп алған едік. Өйткені Жансая әлем чемпионы, гроссмейстер. Ал біздің керек десеңіз разрядымыз да жоқ. Сондықтан да қарсыласуға шамамыз жетпейді. Ал кілең журналистердің өзара бәсекесі қызық өтетіні даусыз. Тек сол жолы спорт шеберлігіне кандидат Нұрлан Құмар бауырымыздың жарысқа қатысып, бәрімізді ұтып кеткені бар. Ереже бойынша спорттық атағы барлар өзі құралыптастармен, яғни спорт шеберлерімен немес одан үміткерлермен, кемінде бірінші разряды барлармен күш сынасулары керек. Сонда қарапайым шахматшылардың өзара жарысы қызықты болмақ. Мұны жарысты ұйымдастырушылар осы жолы ескерер деп үміттенеміз. 

Ал енді биыл сол жарыс жалғасын тапқалы отыр. Ол «Қазақ газеттері» серіктестігінің құрылғанына 15 жыл толуына арналмақ. Оның үстіне журналистер бәсекесі қазақтың атын әлемге танытып жүрген Жансая қызымыздың Алматыда ашылған академиясында өткізілмек. Ендеше Жансаямыздың жеңісті жолдары жалғаса бергей!

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ, 

Қазақстанның құрметті журналисі 

Алматы

Серіктес жаңалықтары