МЕН – САЯСИ ОЙЫНДАРДЫҢ ҚҰРБАНЫМЫН
МЕН – САЯСИ ОЙЫНДАРДЫҢ ҚҰРБАНЫМЫН
Күні кеше ғана «Скат» әуе компаниясының қызметкерінен мемлекеттік
тілде сөйлеуді талап етем деп жүріп, үш күнге абақтыға қамалған, оның соңы
Гитлерге қатысты дауға ұласқан әріптесіміз әрі ұлтты сүйген азаматтарымыздың
бірі, Қазақстандағы ең танымал және өзін өзі қаржыландырып отырған үш бірдей
басылым – «Жұлдыздар отбасы», «АҢЫЗ
АДАМ», «Жұлдыз-жорамалдың» қожайыны әрі бас редакторы Жарылқап Қалыбай билікке «датын»
айтты. Естір құлақ болса, әрине.
«Ардагерлерді айдап салды»
– Жарылқап аға, «АҢЫЗ АДАМ»
журналының төңірегіндегі дау басылды ма десек, керісінше, ушыға түскен сияқты
ғой. Не себепті?
– Меніңше, Гитлерге қатысты туындаған дау – мүдделі топтың қысымы арқылы
жүзеге асырылып жатқан дүние. Егер хронологиясына қарасаңыз, дау 2014 жылдың 17
сәуірінен басталды. (Біз журналды таратуға 12 сәуірде бергенбіз). Сол күні
Ресейдің «Регнум» ақпараттық агенттігі және «Росбалт.ру» деген шовинистік
пиғылдағы сайты мен осы сарындас бірнеше баспасөз құралы шу шығарды. Себеп,
ресейлік БАҚ-тың тілшілері «Қазақстанда бір саны түгелдей Гитлердің 125
жылдығына арналған бір журнал шықты. Онда фашизмді дәріптеп, насихаттап отыр»
деп көпе-көрнеу жала жапты.
– Ресейлік журналистердің
қазақша білмейтіні анық. Біздің мемлекеттік тілде шыққан журналды олар қалай түсінген?
– Қазақстанда
«Регнум» ақпараттық агенттігінің Шығыс бюросы бар екен. Білетіндердің айтуынша,
аталған бюроның біздегі өкілі – Қазақстан азаматы Михаил Пак деген журналист. Арандатуды
көздеген сондай журналистер 9 мамыр қарсаңында біздің ардагерлердің ашу-ызасын
тудыру үшін маған айдап салып, «Гитлерді ақтады, фашизмді жақтады» деген
сарында бұрмаланған деректер жіберді. Бүкіл ресейлік БАҚ-қа тараған осы
бұрмалаушылықты тіпті Ресейдің ең ірі
ақпараттық агенттігінің бірі – РИА «Новости»-ге
дейін жүйелі түрде бақылап отырғанын көрдім. 17 сәуірден бастап өрбіген осы
оқиғадан кейін бұл іске Қазақстанның «Нұр.кз», «Закон.кз», «Тудей.кз»,
«Тенгриньюс» үкіметтік сайттары және КТК, Евразия, Мир телеарналары Ресейдің
бұрмаланған мақаласын еш тексерместен, сол күйінде басып, одан ары дүрліктірді.
Михаил Пак Гитлер туралы журналға Қазақстанның бақылаушы, басқарушы органдары
үндемей отыр, біз бұл оқиғаның немен тынарын аяғына дейін бақылайтын боламыз
деп Қазақстан үкіметіне доқ көрсетті. Оны біздің ресейшіл сайттар сол күйінде
қайталап басты. Содан қорықты ма, білмеймін, 18 сәуір күні Қазақстан
Республикасының Байланыс және ақпарат агенттігі «АҢЫЗ АДАМ» журналының Гитлерге
арналған санында “Қазақстан конституциясы мен заңнамаларындағы
әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни алауыздықты қоздыру туралы бабын
бұзатын белгілер бар”, сондықтан журналдың бас редакторы және құрылтайшысы
Жарылқап Қалыбайды ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабына сәйкес 7 жылдан 12 жылға
дейін бас бостандығынан айыруға болады деп мәлімдеп, Бас прокуратураның функциясын жалғыз өзі
атқарды. Содан Ресейдің Сыртқы істер министрлігі біздің елге наразылық нотасын
жіберіп, «Қазақстан аумағында мұндай журнал шығуға тиіс емес» деп
үзілді-кесілді бұйрық беріп, біздің елдің ішкі ісіне қол сұқты. Бір қызығы,
біздің үкіметтік органдар мұндай нотаға намыстанып, «сіздер неге біздің ішкі
ісімізге қол сұғасыз, бізде қандай журнал шығуы керек, ол қай тақырыпты жазуы
немесе жазбауы керек – бұл біздің ішкі ісіміз» деп жауап берудің орнына сол 18
сәуірден бастап мені бір азаматтық, екі әкімшілік сотқа сүйреп келеді. Алматы
қаласының Алмалы аудандық №2 соты қолдан ұйымдастырылған 13 ардагердің (әуелі
10, екі аптадан кейін және 3 ардагер қосып) арыз-шағымымен журнал редакциясын «фашизмді
насихаттағаны үшін» Қазақстан халқы мен соғыс және еңбек ардагерлерінен жария түрде
кешірім сұрап, олардың шеккен «моральдық
зияны үшін» 13 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттеп отыр. Қазір мен Алматы қалалық сотына аппеляциялық шағым түсіруге
дайындалып жатырмын. Бір қызығы, шағымданушы ардагерлердің көпшілігі Алматыдағы
«Ардагерлер үйінде» тұрады екен. РИА «Новости», «Регнум», «Москва» сайттары және
Қазақстандағы орыс тілінде хабар тарататын КТК, Тенгриньюс және т.б. ресейшіл
баспасөз құралдары бір ай бойы жүрген сот процесіне қатысқан жоқ, тек шешім
шығарылатын күні сағат түскі 12-де келді. Ал сот отырысы негізі таңғы сағат
9-да басталуы тиіс болатын. Бір сағат күтіп отырдық. Судьяның хатшысы келді де,
сот үкімінің сағат 12-де жарияланатынын хабарлады. Ол кезде мені қолдаған қазақ
журналистері көп келген. Өкінішке қарай, отырыстың сағаты ауыстырылғанда
көпшілігі келе алмады. Есесіне, Ресейдің сайттары, порталдары мен газеттері,
сондай-ақ, еліміздегі орыстілді БАҚ өкілдері қаптап кетті. Менің таңғалатыным,
неге олар қазақ журналистерімен бірге таңғы 9-да келмеді? Уақыттың ауыстырылғанын,
сот отырысының 12-де болатынын қайдан білді? Кім шақырды оларды?
– Сіздің үстіңізден шағымданған
ардагерлермен бетпе-бет кездестіңіз бе?
– Жоқ, кездескен жоқпын. Меніңше, Гитлерге қатысты шағымданған ардагерлерді
біреулердің арандатып отыруы мүмкін. Тіпті, қорқытып-үркітуі, қоқан-лоққы
жасауы да әбден мүмкін. Өкінішке қарай, мен оны ардагерлерден сұрай алмаймын.
Сот процесінде мүдделі тұлға ретінде көрсетілгендіктен, маған заң жүзінде
кездесуге болмайды.
– Сонда шағымданушылар бір ай
бойы жүрген сот процестеріне де қатысқан жоқ па?
– Жоқ, қатысқан жоқ. Бір айдың ішінде 3 рет отырыс болды. Олардың
әрқайсысында мен шағымданушылардың сот отырысына қатысуын талап еттім. Бірақ
олар келмеді. Естуімше, «31 телеарнаның» қызметкері Жарас Ниязбек пен «Алаш
айнасы» интернет-газетінің журналисі Қанат Әбілқайыр бірінші сот отырысынан
кейін «Ардагерлер үйіне» барса, ардагерлердің барлығы дерлік сол мекенде
тұратыны анықталыпты. Ең бастысы, БАҚ өкілдерін қарттармен кездестіруге рұқсат
етілмеген. Тілшілердің табандылығының арқасында ғана Протесенко мен Целуева
деген екі қария кемпірді есіктің алдына шығарып берген. Олармен өткізілген
сұхбаттар телеарналарға, интернетке шықты. Сонда «Ардагерлер үйінде» тұратын
әлгі кісілер «АҢЫЗ АДАМҒА» шыққан Гитлер туралы қазақша мақалаларды оқымаған
да! Тек «АҢЫЗ АДАМДЫ» жамандаған орыс тіліндегі бір мақаланы оқыдық», – депті.
Сорақысы сол, әр ардагерге төленуі тиіс 5 миллиондық моральдық шығыннан да олар бейхабар. Сонда
ардагерлерді, жасы келген қарияларды әлдекімдер пайдаланып отырмағанына кім
кепіл?! Егер журналдағы мақалаларды, ой-пікірлерді оқымаса, ардагерлер қалай
моральдық тұрғыда өтемақы талап ете алады? Тағы бір түсініксіз жайт, сот
сараптамасының қорытындысында Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер – фашист емес» деген
мақаласында «экстремизмді ақтау белгілері бар» депті. Біріншіден, ол мақала
емес, Гитлер мен Ұлы Отан соғысы туралы жасалған сауалнамаға қатысты көп
пікірдің бірі ғана. Екіншіден, «экстремизмді ақтау дегеніміз» – елді экстремистік,
радикалдық шараларға шақыру, соны насихаттау деген сөз емес. Ал «АҢЫЗ АДАМНЫҢ» Гитлер туралы санында экстремистік актіге
шақырмақ түгілі, экстремизмді ақтайтын сөз жоқ. Оның үстіне, егер менің
журналым қоғамдық-саяси басылым болып, тек Нағашыбай Есмырзаның ғана мақаласын
бір санға шығарсам, онда әңгіме басқа! «АҢЫЗ
АДАМ» журналының басқа басылымдардан медиа-жоба ретіндегі ерекшелігі сол – ғылыми-танымдық
журнал. Яғни, ғылыми пікірталас алаңы. Сол сандағы 52 бетте 40-тан астам ғалым
мен маман Гитлер мен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты өздерінің субъективті
пікірін білдірген. Нағашыбай Есмырзаның бір ғана пікіріне бола тұтас 52 беттік
бір журналды жоққа шығаруға не қаралауға болмайды. Әрі кіріспеде мен «Гитлерді
ІІ Дүниежүзілік соғыстың басталуына кінәлі, осындай адам тағы да билікке келмеуі
тиіс. Келсе, бүкіл адамзаты орға жығады» деп ескертіп отырмын. Редакцияның
оқырманға беріп отырған бағыт-бағдары да, өз позициясы да осы.
«Кремльге есеп беруде»
– Сіздің журналыңызда «Автордың
пікіріне редакция жауап бермейді» деген ескерту бар ма?
– Бар, әрине. Ол барлық басылымда болады ғой.
– Ендеше Нағашыбай Есмырза
сіздің қызметкеріңіз емес, көп автордың бірі. Сот оны ескермеді ме?
– Дәл осы мәселені мен де айттым сан мәрте, адвокаттарым да айтты. Бірақ
ескертуімізді сот елемеді. Есепке алынбай қалды. Даудың негізгі себебіне
үңілсек, Ресейдің мемлекеттік мүддесін көздеп отыр. Өйткені Гитлер мен ІІ
Дүниежүзілік соғыс туралы жан-жақты айтылған журналда көптеген ғалымдарымыз
Путинді Гитлермен салыстырған. Сол үшін ғана ресейлік БАҚ өздерінің мемлекеттік
мүддесін қорғап, біздің Гитлер мен фашизмді әшкерелеген журнал санын
көпе-көрнеу бұрмалап түсіндіріп отыр. Сорақысы сол, мәселенің мән-жайына
қанықпай тұрып, біздің биліктің ақпаратық және сот тармақтары Ресейдің
бұрмаланған ақпаратына сеніп және соны аяғына дейін ақтап алып отыр. Ал Ресей
баспасөзінің айтқандарын көшіріп басқан Қазақстандағы орыстілді БАҚ-тың
көздегені не? Олар Қазақстанның мүддесіне қызмет ете ме, әлде Ресейдің бе? Ол
аздай, біздің үкімет жоғарыда айтып өткенімдей, ешқандай прокурордың
тексеруінсіз, сотың шешімінсіз-ақ, 1937 жылдағыдай әй-шай жоқ, 18 сәуір күні-ақ
мені сыртымнан 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығымнан айыру керек екенін
мәлімдеп жіберді.
– Құзырлы органдарға осыны
айтып, шағымдандыңыз ба?
– Жоқ, шағымданған жоқпын. Баспасөздің үстінен қарап отырған орган
болғандықтан, жылы жауып қоя салғам. Соны пайдаланды ма, маған жан-жақтан
шабуыл күшейді. Агенттіктің сайтындағы әлгі ақпараттан кейін жағдай тіпті
ушығып кетті. Ресей билігі осыдан кейін Қазақстанға наразылық нотасын жіберді. Өкінішке қарай, сот процестерінің
хронологиясына қарасам, біздің құзырлы органдар Кремльге есеп берумен шұғылдануда.
Яғни, алдымен маған ақпараттық шабуыл жасалды. КТК арнасы үйінде тыныш жатқан ардагерлердің
қолына «АҢЫЗ АДАМДЫ» ұстатып қойып сөйлетті. Ертесі күні Алматының қақ
төріндегі Панфиловшылар бағына ардагерлерді жинады. 1937 жылғы НКВД
қызметкерлері киген киімдерді киіп алып, қолдарындағы мылтықтың ұшындағы
найзаға «АҢЫЗ АДАМ» журналын түйреп, отқа өртеді. Осылайша, сахналанған көрініс
қойды.
– Бұл шараға Алматы әкімдігінен
ресми түрде рұхсат берілген бе?
– Сахналанған көріністі орындап жатқанда шараға қатысушылардың қасында
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының бастығы Ерболат Әуезов пен оның
орынбасары бірге жүрген. Әншейінде наразылық не басқа бір шара өткізуге рұхсат
алу үшін кем дегенде 10 күн, не 1 ай күту керек. Ал оларға бір күннің ішінде
кім рұхсат берген? Ерболат Әуезов пен оның орынбасары неғып жүр ол жерде?
Журналистер қауымы оларға сұрақ қойғысы келіп еді, екеуі де тырағайлап тұра
қашты. Неге? Оған да мән бермедім. Ал әлгі екі шенеуніктің тырағайлап қашқан
бейнетаспасын сайттар мен әлеуметтік желілерде көрсетті. Сәлден кейін жоғары
жақтан халықтан кешірім сұрау туралы жарлық кеп түсті. Мен бас тарттым.
Есесіне, 7 мамыр қарсаңында «соғыс ардагерлері мен отан қорғаушыларды»
құттықтап, халыққа не үшін Гитлерге сан арнағанымды түсіндіруге тырыстым. 11
мамыр күні Алматы қалалық әкімшілігі Ішкі саясат басқармасы әкімшілік сотқа
менің үстімнен шағым түсірді. Сөйтсем, «АҢЫЗ АДАМ» журналының баяғыда шығып
кеткен 4-ші санында журналдың шығу деректерінде техникалық қате кетіпті. Яғни,
баспахананың аты көрсетіліпті де, оның мекен-жайы көрсетілмей қалған. Сот сол
үшін «АҢЫЗ АДАМ», «Жұлдыздар отбасы», «Жұлдыз- жорамал» журналдарының
редакциясын бір соттады, ол үшеуінің бас редакторы ретінде мені және соттады,
сөйтіп 120 орташа айлық көлемінде айыппұл салды. Сот шешімі әділетсіз болса да,
үнсіз келістім де, айыппұлды төледім.
Сонымен бәрі біткен шығар десем, керісінше болып шықты. Қудалаулар мен
психологиялық тұрғыда қысым көрсетулер жиілей түсті. Осының салдарынан,
өмірімде бірінші рет қан қысымым жоғарылап, гипертонияға ұшырадым. Алматыдағы
Кардиология институтына жедел-жәрдем арқылы түсіп, он күн ем қабылдап жатсам,
«сізді енді Азаматтық кодекс бойынша сотқа шақырып жатыр» деген хабар жетті.
Апыл-ғұпыл адвокат іздеуге кірістім. Екі күннің ішінде тауып, сотқа келсем,
ардагерлер үстімнен шағым түсіргенін білдім. Бір айға созылған сот кеше бітті
ғой. Әлі заңды түрде күшіне енген жоқ. Мен енді қалалық сотқа аппеляциялық шағым
түсіремін. Өйткені сот шешімімен келіспеймін.
«Жеке пікірге әркімнің қақы бар»
– Сот тарапынан тағылған басқа
айып бар ма?
– Жоқ, басқа айып жоқ. Сот-филологиялық сараптамасын жасаған Назым
Айтжанқызы Мұқанова деген саясаттанушы ғалым, шенеунік 52 беттік журналдың
ішінен тек Нағашыбай Есмырзаның сауалнамаға берген жауабын бөліп алып, «Гитлер
– фашист емес» деген мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деп қорытынды
жасаған. Біріншіден, қайталап айтайын, бұл – Нағашыбай Есмырзаның жеке пікірі.
Сондықтан тек соның пікірін жұлып алмай, журналдың мазмұнын тұтас бір контексте
қарау керек. Екіншіден, Нағашыбай КазГУ-дің тарих факультетін бітірген.
Алматыдағы Халық шаруашылығы институтында ұзақ жылдар бойы тарих пәнінен оқытушы
болған. Яғни, көлденеңнен киліккен көкатты емес. Ол «Гитлер – ешқандай да фашист
емес, ол – социал-демократ» деген. Анығында, Муссолинидің Италияда фашистік
партия құрып, оның көсеміне айналғанын, ал Гитлер – Германиядағы Ұлтшыл-социалистердің жұмысшы
париясының көсемі болғанын Нағашыбай Есмырза тарихшы ретінде түсіндіріп берген.
Өз пікірінде ол Сталин мен Гитлерді салыстыра келе, «Сталин Гитлерден де жаман,
соғысты бастаған сол» дейді. Бұл тарихшының жеке пікірі. Оған ешкім өзінің
ұстанымын күштеп таңа алмайды ғой. Әрі «АҢЫЗ АДАМ» медиа-жобасының басты
мақсаты да – ортақ тақырыпқа ғылыми дискуссия құру. Ал ғылымды дамыту
мақсатындағы пікірталас – ешқандай да экстремизмді, терроризмді немесе фашизмді
ақтау болып табылмайды. Гитлерге арналған санда 52 бетке 40 ғалым мен маманның
пікірі берілген. Сол қырықтың бірі ғана Гитлерді ұлтын сүйген азамат ретінде
көрсеткен. Онда тұрған не бар? Баспасөздің принципі бойынша шындықты ашу үшін
екі тарапқа да сөз берілуі тиіс. Сөз бостандығы деген осы. Сосын, кеңес одағы
кезіндегідей неге біз бірдей үйде тұрып, бірдей ойлап, бірдей жалақы алуға
тиіспіз?! Неге?! Сонда 23 жылдан бергі Қазақстан демократиялық зайырлы мемлекет
дегеніміз қайда?!
Күні ертең Алматы қалалық ішкі істер департаменті мені тағы да сотқа
сүйрегелі отыр. Себеп, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 344-бабы, 2 тармағы бойынша «Гитлер сіз үшін қандай тұлға?» деген
сауалнамаға жауап берген Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер – фашист емес» және
Қарағанды мемлекеттік университеті профессоры Мырзағали Хасеннің «Майн кампфта»
көп нәрсе дұрыс жазылған» деген пікірлері үшін мені тағы әкімшілік
құқықбұзушылық туралы жауапқа тартқалы отыр. Тексеру жұмыстары басталып кетті.
Мен мұндай ұстаныммен келіспеймін. Егер бұл басқа елдерде болса, күлкілі жағдай
болар еді. Коммунистік режимдегідей, адамдардың барлығы бір пікірде, бір
ұстанымда болуы шарт деген талап жоқ қазір. Тәуелсіздігін 23 жыл бұрын алған
Қазақстанда сөз бостандығы, ой мен пікір еркіндігі бар. Қанша жыл бұрын өтіп
кеткен тарихи оқиғаға ғалымдар мен мамандардың жеке көзқарастарын білдірген
журнал санына сонша шүйліккені күлкілі әрі түсініксіз. Егер журналда
жарияланған дүниелерде адамдарды экстремизмге шақырып, арандатып, іштен ірітуге
тырысса, заң алдында жауапқа тарту – міндет. Алайда, «Аңыз Адамда» ондай заңсыз
әрекеттің жұрнағы да жоқ қой! Есесіне, «Путинге сөз тиіп кетті» деп тулаған
Кремльге біздің құзырлы органдардың есеп беруге тырысуы бар. Ал мен –
Қазақстандағы ең бейкүнә құрбанмын. Құзырлы органдар Кремльге «Әй, сенің
Жириновскийің мен Лимоновың Қазақстанның территориялық тұтастығына, ұлттық
қауіпсіздігіне қатер төндіретін, елді іштен ірітетін небір мәлімдеме жасап жүр.
Неге соларды тыйып алмайсың?! Ресейдегі қаншама бұқаралық ақпарат құралдары осы
сандырақты неге елге таратып, насихаттап жүр?!» деп ашық айтуға бата алмайды.
– Сіз «соңғы кездері маған
қысым көрсету жиілеп кетті» дедіңіз. Оған сізбен ашық күресуге дәрменсіз
бәсекелестердің ықпалы жоқ па?
– Ол да бар ғой негізі. Бірақ басты себеп ол емес. Бастысы, Гитлерге
арналған сол санда Путинге тіл тигізуі. Жуырда ғана Еуразиялық экономикалық
одақ құрылды. Яғни, біз Ресейдің қолтығына кеңестік империя кезіндегідей жайлап
кіріп бара жатырмыз. Рухани жағынан да, экономикалық жағынан да
тәуелсіздігімізден айрыламыз. Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік жоқ.
Еліміздегі бүкіл дүңгіршектер мен газет-журнал, кітаптар сататын дүкендерде тек
ресейлік өнімдер сатылуда. Қазақша өнімдер 1 пайызға да жетпейді. Телеарналарды
алсаңыз, 70-80 пайыздан астамы ресейлік өнімдер. Яғни, Ресейдің, орыстардың
идеологиясын насихаттайды. Бұл дегеніңіз – сананы улау. 23 жылдан бері үздіксіз
жүргізіліп келе жатқан осы жаңсақ идеологияның кесірінен кез келген нәрсеге
Ресейдің көзімен қарайтын ұрпақ қалыптасты. Тіпті, Украинадағы жағдайдың өзінде
Ресейдің мүддесін жақтайтындар көптеп табылады. Қазір Путин Сталинді қайта
ұлықтауға тырысып жатыр ғой. 53-56 жылдары Хрущев Сталиннің кім екенін ашып
айтып, бүкіл елге оны масқара қылған. Тіпті, сталиндік идеологияны
насихаттайтын бүкіл оқулықты білім жүйесінен алып тастады. Сталин жүргізген
саясаттың қате екенін дәлелдеді. Енді сол солақай саясатты қайта «тірілтуге»
тыраштанған Путин Сталиннің жауыздығын ақтап алғысы келеді. Бізге оны керемет етіп
көрсетуге жанталасады. Сонда ол үшін Сталин жағымды образдағы тұлға болса,
Гитлер – фашист, күллі адамзаттың жауы. Шын мәнісінде, Сталиннің қазаққа
жасаған қиянаты мен жауыздығы, ұлтқа келтірген зияны Гитлерден он, тіпті, жүз
есе көп! Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 350 мың адам қатысқан, олар соғысқа
қатысуға мәжбүр еді.
– Сонда бәсекелестердің ішкі
нарықтағы ықпалыңызды қызғанып жасаған жасырын әрекеті емес пе бұл қысымдар?
– Айттым ғой, бәсекелестер басты себеп емес бұл жерде. Көреалмаушылықтар,
нарықтық экономикадағы «жабайы» ойындар емес, саяси астардың құрбанымын мен.
Кезінде «АҢЫЗ АДАМ» журналына ортақтасқысы келгендер болды биліктен. Пайдамен
бөлісуді, кіріске ортақтасуды қалаған. Мен үзілді-кесілді бас тарттым. Олар
мені тендердің «сүбелі» жерімен, сыйлықтармен қызықтырғысы келген. Мен
қабылдамадым. Қазір Гитлерге қатысты туындаған даудың арқасында олар менен кек
алуға тырысып жатқан да шығар.
«Медиа-бизнесіме зиян келді»
– «АҢЫЗ АДАМ», «Жұлдыздар
отбасы», «Жұлдыз-жорамалдың» бюджеті туралы айта аласыз ба?
– Бюджеті туралы айта алмаймын. Ол коммерциялық құпия. Бір сөзбен айтсам,
өзін өзі ақтап отырған журналдар. Бірақ бір нәрсені ғана ашық айта аламын.
Былтыр СКАТ әуе компаниясына қатысты даудан кейін бөлшек саудадағы таралымы
күрт қысқарды. Сол кезде СКАТ-қа тиесілі ұшақта ұшып келе жатып, қазақша
білмейтін стюард жігіттен мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен едім. Ол
өзінің орнына қазақша білетін қыз арқылы
сотқа менің үстімнен бұзақылық жасады деген шағым түсірді. Мен о баста мән
берген де жоқпын. Тәртіп сақшылары айыппұлмен шектелетінімді айтқаннан кейін
сот процесіне қатыстым. Бірақ сот апыл-ғұпыл шешім шығарып, мені 3 тәулікке
абақтыға қамады. Оның соңынан қуғындауға абақтыда отырған үш күнім қайтып
келмейді ғой деп ойладым да, жылы жауып қоя салғанмын. Сол күннен бастап маған
«нацпат» ұлтшыл патриот деген «айдар» тақты. Гитлерге байланысты даудан кейін
журналдың таралымына шектеу жасаудың айла-шарғылары ұйымдастырылды. Журналдан
түсетін кіріс екі кезеңнен тұрады: біріншісі, жазылу арқылы. Екіншісі, бөлшек
саудада сату арқылы. Сол бөлшек саудадағы таралымды күрт қысқартып тастады. Тұтынушылық
сұранысты тарату агенттіктері қолдан шектеп отыр. Менің жеке пікірім, белгісіз
біреулер менің медиа-бизнесімнің түбіне жетуді көздейтін сияқты. Бірақ мен
қайталап айтайын, сот шешімімен келіспеймін. Солақай саясатты ұстанатындарға
қарсы күресімді де тоқтатпаймын.
– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз
жемісті болғай!
Әңгімелескен Нәзия
Жоямергенқызы