БАНКТІҢ БАСТЫ БЕЛГІСІ – ҚАРЖЫСЫНЫҢ КӨПТІГІ
БАНКТІҢ БАСТЫ БЕЛГІСІ – ҚАРЖЫСЫНЫҢ КӨПТІГІ
Ұлттық банктің төрағалығымен Астанада өткен брифингте коммерциялық банктердің бүгінгі хал-ахуалы мен қазынасын реттеу туралы мәселе қаралды. Халықтың қаржысын еселеп жеуді тоқтату, сондай-ақ банкроттың алдын алу үшін банктерге қатал ереже тағайындалмақ. «Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» отандық банктердің болашағын анықтап бергендей болды.
Ресейде банк ашу үшін 80 миллион доллар қаражат жеткілікті. Ал Қазақстандағы талап бұдан да жоғары. Соған қарамастан соңғы жылдары кейбір банктер бәсекеге төтеп бере алмай, өздерін банкрот жариялағаны баршаға аян. Сондықтан Ұлттық банк жоғарыда аталған құжатқа сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, капиталға қойылар талапты 30 миллиард теңгеге дейін өсіру туралы ұсынысты қарады. Бұл шамамен – 160 миллион доллардай. Бұл сома тек ұлғая береді, 2017 жылы – 50 миллиард, 2018 жылы – 75 миллиард, ал 2019 жылы 100 миллиард теңгеге жеткізіледі.
Жиын барысында Ұлттық банк төрағасы Қайра Келімбетов салымшы депозитін де көтерді. «Кейбір банктерге қазақстандықтардан көбірек, ал басқаларына керісінше, аз салым тартуға рұқсат етіледі. Қазірдің өзінде капиталдану деңгейі 100 миллиард теңгеден асып отырған ірі банктер халықтың депозиті бойынша ешқандай шектелмейді. Бізде мұндай 8 банк бар. Мұның сыртында капиталын өте тез өсіре алатын банктер бар. Бұлар бойынша мынадай саты бекітілді: егер банк капиталы 30 миллиардқа жетсе, ол халықтан 30-дан 50 миллиардқа дейінгі көлемде депозит тарта алады. Егер капиталы 50 миллиардқа дейін ұлғайса, 50-ден 75 миллиард теңгеге дейін салым жинауына рұқсат. Егер 75 болса, тиісінше, 75-100 миллиард. Егер 100 миллиардқа жетсе, шектеуі жойылады», – деді. «2030 жылға дейінгі тұжырымдаманың негізгі мақсаттарының бірі – акционерлердің жауапкершілігін арттыру, келесі циклдық дағдарыс кезінде банк душар болған әртүрлі проблемаларды шешудің үлкен ауыртпалығы мемлекеттің және қарапайым салық төлеушілердің емес, акционерлер мен кредиторлардың иығына түсуі тиіс! Демек болашақ дағдарыстар кезіндегі құтқару жоспары – қайта құрылымдау болуы керек», – деді бас банкир. Қазақстандағы банктердің бір-бірімен біріге бастауы да алыс емес. «Альянс банк» – «Темір банк» – «Форте банктің» бірігуі осының дәлелі.
Қайрат Келімбетов:
«НЕСИЕДЕН
АУЛАҚ БОЛЫҢДАР»
Қайтарылмайтын несие – банктердің түйіні шешілмес түйткілі. Қайрат Келімбетов ипотека мәселесін қозғай келе, банктерді дағдарысқа ұшырататын дәп осы қаржыландыру екенін айтты. «Банктер 2004-2007 жылдары әсіресе, жылжымайтын мүлік нарығында және құрылыс саласына тым көп кредиттер таратты, бұл дағдарысқа әкелді. Құтқару үшін Ұлттық қордан мол қаржы бөлініп, Алматы мен Астанада жүздеген мың пәтердің құрылысы тек мемлекеттің көмегімен аяқталды. Әйтсе де, оның жаңғырығы әлі қалуда», – дейді Келімбетов мырза. Оның айтуынша, 200 000 ипотекашының қазір 30 мыңы қарызын қайтаруды тоқтатқан. Ипотекалық несиенің кез келген азамат үшін ауыр екені белгілі. Бірақ оның сыртындағы кепілсіз несиенің көпшілігі тіпті қайтарымсыз қалады екен. Кепілсіз несие алғандардың жалпы саны – 4 миллионнан астам. «Менің кеңесім – банктен несие алмаңдар». Бұл – Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің қарапайым жұртшылыққа жаны ашып айтқан ақыл-кеңесі.
«Негізінен, ел азаматтарына мүмкіндігінше банктерден несие алмауға кеңес берген болар едім. Несиенің халықтың басын айналдыратын екі түрі бар. Ипотекалық және тұтынушы несиесі. Әрине, әркім-ақ жақсы, қымбатырақ баспана алуға тырысады, бұл түсінікті жайт. Мысалы, дамыған елдерде халықтың 70 пайызы жалдамалы үйлерде тұрады. Ол жақта өзі тұратын үйге иелік ету міндетті емес, ондай түсінік жоқ», – деді. Банк төрағасының бұл сөзіне құлақ ассақ, несие төлегенше пәтер ақысын төлеп, жалдамалы пәтерде тұра бер дегенді аңғартатын сияқты.
Қазір елімізде баспананы ипотекаға алған қазақстандықтардың шамамен 15 пайызы қарызын төлеуге қабілетсіз. Бірақ еріккеннен несие алмағаны да анық. Болашақта әйтеуір өзінің меншігі болатыны кім-кімді болса да еліктіріп, несие алуға итермелейтіні шындық. Келімбетов мырза кезінде өзі де несие алып, уақтылы қайтарғанын айтты. «Зейнеткерлердің өзі миллион доллар несие алғанда таң қалып отырамыз. Менде мынадай қарапайым ғана сұрақ бар: мұндай қомақты соманы кімге сүйеніп алды, алмақтың да салмағы бар емес пе? Және банкке де бір сұрақ: сіздердің тәуекел-менеджменттік жүйелеріңіз не ойлаған, Құдай сақтасын, егер зейнеткерге бір жағдай болса, не істейсіздер?», – деді Ұлттық банк төрағасы. Мұндайда қарттардың баласына немесе немерелеріне несие алып беретіні белгілі. Ал банктердің қандай жүйемен несие беретіні түсініксіз. Мысалы, шағын айлық еңбекақысы, тұрақты жұмысы бар, тепсе темір үзетін азаматтар несие ала алмай жүреді. Ал қарттардың миллионмен қарыз рәсімдеуі қандай жүйемен жүзеге асырылады?
Тұтынушы несиесіне келер болсақ, ең алдымен айлық еңбекақы ескеріледі. «Онда ең бірінші айлықтан айлыққа дейінгі жағдай ескеріледі. Әрине, әр отбасы мен адамда несиені уақытша төлеп тұра алатын мүмкіндік бар. Тіпті несиені жауып тастай алады да. (…) Бірақ олар несиені өте жоғары пайызбен алады, мұны ешқашан ұмытпау керек. Енді сұрақ: «Енді сіздерге осы керек пе?», – деді Қайрат Келімбетов. Олай болса, мәселенің оңай шешімін қарастырайық. Несиенің өте жоғары үстеме пайызын төмендету керек. Үлгі тұтатын Еуропа елдерінде 20 пайыздық үстеме пайыз деген атымен жоқ. Сондықтан халық қарыз төлеуге де, қарыз алып пәтер ақысын төлеуге де қабілетті. Бұл мәселеде қоғам қайраткері Ермек Нарымбаевтың пікірі басқа. «Еуропадан 2 пайызбен алынатын несие біздің банктерге 7 пайызбен жеткізіледі. Ал қазақстандық банктер бұл пайыздық үстемені 15-20 пайызбен береді қара халыққа. Осыдан еселенген пайыздар проблемасы шыға келеді. Бұл Ұлттық банктің әлі күнге дейін ескермей отырған түйткілді мәселесі. Өйткені несие беретін банктер үстінен пайданы шелектеп, еселеп көріп отыр. Әуел бастағы – 2 – 7 – 15 – 200 пайызға айналатын үстеме банктерге кемінде 80 пайыздық пайда әкеледі. Бұл бірінші мәселе. Ал екіншісі – қолжетімді баспана бағдарламасына тікелей байланысты. Нақты мысалмен айтар болсақ, Қонаевтың тұсында бір бесжылдықта 32 миллион шаршы метр баспана салынып, халыққа тегін таратылатын. Қазір бұдан әлдеқайда аз тұрғын үй тұрғызылады. Егер бір жылға бөлетін болсақ, жылына 4,6 миллион шаршы метрдей үй тұрғызылып отырған екен. Ал бүгін ше? Бүгінде 5 миллионды оп-оңай салуға болады, технологиялық мүмкіндіктер өте көп. Тіпті 5-7 миллион шаршы метр баспана салуға күші жетеді мемлекеттің, тегін таратпаса да болады. Оның бірі жоқ, ендеше тоналып жатырмыз деген сөз».
Ақниет ОСПАНБАЙ