Гүлназ Раздықова: Қазір кей салафиттердің сыртқы түрін ғана өзгерткенін ескерген жөн

Гүлназ Раздықова: Қазір кей салафиттердің сыртқы түрін ғана өзгерткенін ескерген жөн

Гүлназ Раздықова: Қазір кей салафиттердің сыртқы түрін ғана өзгерткенін ескерген жөн
ашық дереккөзі
525
 Қазақстан Республикасының жаңа заң жобасында деструктивті діни ағымдардың атрибуттарын немесе сыртқы белгілерін жұртшылық алдында көрсетіп жүруге тыйым салынады. Радикалды және экстремистік ұйымдардың адептілерін қандай белгілері бойынша тануға болады? Осы жөнініде біз Павлодар Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықовамен сұхбаттасқан едік.   Гүлназ Мақсұтқызы, діни киімдердің кей түрлерін киюге тыйым салу қоғамда қызу резонанс туғызды, өйткені кейбір адамдар мұны дінге сенушілердің құқығына қысым жасаушылық деп бағалайды. Ретсіз өскен дәу сақалдар, қысқа шалбарлар және қара хиджабтар соншалықты қауіпті ме? –  Бес жылдан астам уақыт бойы әр түрлі дәстүрлі емес жалған діни культтермен жұмыс істеп келе жатқан адам ретінде айтарым – діншілдіктің сыртқы белгілері адамның радикалдығының негізгі сипаттамасы емес. Өйткені оның ең басты қауіптілігі сақал мен қысқа шалбарда емес, сол идеологиямен санасы уланған адамда. Сұхбаттарымның біреуінде «тақый» туралы айтқан болатынмын, онда адам өзінің ішкі идеологиясының сыртқы белгілерін, мінез-құлқын әдейі жасырады. Бұндай әрекет әсіресе, «Хизбут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының немесе такфир-жихадшыл ағымның адептілеріне тән. Мысалы, жаңа факті ретінде айтуға болады: өздерін біздің еліміздегі дәстүрлі исламның жолын қуушылар ретінде танытқан адамдар Сирияға баруға әрекет жасаған. Олар осылайша имамдарды ғана емес, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін алдаған. Діни сенімнің сыртқы белгілерінен, сақалдан және изарадан және т.б. құтылған адамның құқыққа қарсы іс-қимыл, соның ішінде теракт жасауы әбден мүмкін ғой. Қазір көптеген салафиттер сыртқы түрлерін өзгерткенін естен шығармаған жөн, сондықтан да сыртқы белгілерді негізге алуға болмайды. –  Деструктивті діни ағымдардың жолын қуушыларды қандай белгілер бойынша ажыратуға болады, толығырақ тоқталсаңыз. –  Мінез-құлықтық, психологиялық, диалогтық көрсеткіштер бар ғой, солар бойынша адам радикалдық немесе дәстүрлі емес діни ағымның жолын қуушы екендігін байқауға болады. Сіз жақын адамдарыңыздың бойынан осындай белгілердің біреуін байқап қалсаңыз, бірден дүрлігудің қажеті жоқ. Тағы да баса айтамын, диагностика адаммен көзбе-көз сөйлесу барысында жасалады, қашықтықтан ол адам туралы тұжырым жасау мүмкін емес. Деструктивті ағымдардың жолын қуушылардың сынына ұшырап, анекдоттарына негіз болатын іс-әрекет жасамау керек. Бұл белгілер адептілердің туған туыстары, жақындары үшін пайдалырақ. Мен балаларының қандай мазхаб бойынша намаз оқитындарын, қандай діни кітаптар оқитындарын білмейтін ата-аналарға ақыл-кеңестерді жиі беремін. Бұқаралық діни ағарту жұмысы – азаматтарымыздың дін сауаттылығы үшін жасалатын тұғырнама болып табылады. Ақпараттандырылған болсаң, қаруландың деген сөз. Сондықтан да назарымызды толық көлемде болатын келесі белгілерге аударуымыз қажет. Олар діни культке тартылудың бастапқы сатысында көрінуі мүмкін. Біріншісі, әрине, атының өзгеруі. Адам біздің құлағымызға сіңген өзінің дәстүрлі есімін ауыстырғысы келеді. Олардың көпшілігі кейіннен жеке куәліктерін ауыстырып, әкелерінің аттарын алып тастайды. «Менің әкем намаз оқымайды, яғни ол – шайтан» - деп мәлімдейді олар. Олардың пікірінше, қазақтың көптеген есімдері шариаттың  немесе шынайы исламның канондарына қайшы келеді. Қос есімдері де болуы мүмкін, қоғамда өздерінің әдеттегі аттарымен, ал өз таныстарының арасында басқа атпен (кунья) жүреді. «Шайтан» аттары тізбесінің ішінде Күн, Таң, Ай, Тас бөліктері және ат қоюда пұтқа табынушылық белгілері бар т.т.  енеді. Екінші. Лексиконның өзгеруі. Адам мынадай арабизмдерді белсенді қолданады: «Бисмиллях», «Иншаллах», «ахи», «ухти», «Машаллах», «Джазакалахухайран». Мұндай сөздер дәстүрлі дінге сенушілердің лексиконында да болуы мүмкін, ал деструктивті ағымдардың өкілдері оларды неғұрлым күшті эмоциямен айтады: мысалы, «Машаллах!!!», «Аузубиллях!!!», «Субханаллах!!!». Яғни араб сөздерін эмоциялық реңін күшейтіп қолданады. Үшінші. Тамақтану әдетінің өзгеруі. Олар етті намаз оқитын базардағы таныстарынан ғана сатып алады. Іс-шараларда еттің иесінің кім екенін білмесе, ортақ дастарханнан ас ішпейді. Мал исламның канондары бойынша сойылмаса, оны «харам» деп санап, іс-шараларға, туыстарымен кездесулерге бармауға тырысады. –  Жаңадан қосылған адептілердің тұрмыстарында өзгерістер бола ма? – Әрине, адамның өмір сүру ортасы өзгереді. Деструктивті діни ағымдардың жолын қуушылар «қуғынға ушырау» дертіне шалдығатынын атап өткен жөн. Олар арнайы қызметтер немесе құқық қорғау органдары оларды тәулік бойы бақылайды, тың тыңдайды деп ойлайды, сондықтан да олар тұратын жерлерін жиі ауыстырады, тұрмыста сопылық жолды таңдайды. Олардың жиһазы көшіп-қонуға ыңғайлы, үлкен шкафтары, стационарлық компьютерлері, тұрмыстық техникасы жоқ. Үлкен айналар, тұмарлар, дәстүрлі мүсіндер (мысалы, қасиетті орындардан әкелінген, балалардың, отбасының суреттері, магниттер және т.б.) болмайды. Теледидарлары, радиолары жоқ (немесе матамен жабылады не қабырғаға экраны бұрылып қойылады). Алайда интернетке қолжетімді гаджеттері, смартфондары міндетті түрде болады. Бұл міндетті шарт, өйткені олар барлық «фетвілерін» (нұсқаулықтарын) интернет-арналар, атап айтқанда, әлеуметтік желілер арқылы алады. Сондықтан да телевизор мен радио олар үшін харам, ал интернет харам емес.   Гүлназ Мақсұтқызы, ал салт-дәстүрлерге, отбасылық салтанаттарға қатысты не айтасыз, бұл салада өзгерістер бар ма? – Салафиттер өздерін Суннаның жолын қуушылармыз деп санағанымен, олар қонақ шақырмауға тырысады. Айта кететін жалғыз жағдай – олар бала туғандағы шілдехананы – «ақықаны» өте қарапайым, жұпыны атап өтеді. Қоғамдық орындарға барудан, халықтық мерекелерге қатысудан бас тартады. Туған күн, той, үйлену тойы деген болмайды. Қазақ халқының «тұсау кесу», «баланы қырқынан шығару», «ас беру», «жұмалық», «жеті шелпек» және т.б. салттарын сақтамайды. Туған-туыстарының зираттарына, кесенелерге бармайды, намаз оқығанда беттерін сипамайды, бата жасамайды. Қазақ халқының барлық салт-дәстүрлері исламның канондарына сәйкес болса-дағы, оларды «бидьа» - жаңадан енгізілген деп, жоққа шығарады, Бейіт басына тастар орнатылмайды, қабірлер жермен тегістеледі. Қайтыс болғандар туралы туыстарына хабарламайды, оларды шақырмайды. Ас беру, зират басына бару және т.б. ғұрыптарды олар қажет емес, (ширк) деп есептейді. Осындай ерекшеліктер туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары мен теологтары өте жақсы айтып жүр. – Интернетте футбол ойыны кезінде Қазақстан Республикасының әнұраны ойналғанда салафиттердің орнынан тұрмағаны туралы бейнежазба таралды. Мұны қалай түсінуге болады? – Мұны Қазақстан Республикасының әнұранына құрмет сезімінің, патриотизмнің жоқтығы деп түсіндіруге болады. Олар Гимн ойналған кезде орындарынан тұрмайды, қолдарын кеуделеріне қоймайды. ҚР Ата Заңын құрметтемейді. Менің тәжірибемде судья залға кіргенде, экстремистің сотта орнынан тұрудан үзілді-кесілді бас тартқан жағдай болды. Ол бұл қылығын сотты сот деп санамаймын деп түсіндірді. Дегенмен де, бірнеше әңгімелесу өткізілгеннен кейін, сотқа құрмет көрсетуге көнді. Көптеген спортшылар да жарыстар ашылу алдында еліміздің Гимні ойнаған кезде, қолдарын кеуделеріне қоймайды. Мемлекеттік органдарда қызмет істеуден бас тартуды да осы қатарға қоюға болады. Діни ұстанымдары бойынша «харам» мемлекетке жұмыс істемеуге тырысады, олар көбінесе жеке меншік бизнеспен айналысады, өзін-өзі жұмыспен қамтиды. – Әлеуметтік желіде салафиттер мешіттердің имамдарын қаралау науқандарын жиі өткізеді. Бұл қандай мақсатпен жасалады? – Салафиттер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдарын жек көреді, олардың уағыздарын тыңдамайды, ата-бабаларымыздың дәстүрлі діндеріне қызығушылық танытпайды. Оның орнына олар өздерінің «интернет-уағыздаушыларын» – шейхтерін тыңдайды. Айтпақшы, осы уағыздаушылардың көпшілігі қазір қылмыстық жазаларын өтеуде. Олардың мешіттегі жұма намазына қатысуы регламенттелген. Мешітке олар шариат канондары бойынша жұма намазы тек мешітте оқылу қажет болған соң келеді. Олар намаздың міндетті бөлігін ғана оқиды, сосын жергілікті жамағатпен және имамдармен кездеспеуге тырысып, бірден кетіп қалады. Намаз оқылып болған соң олар отырған адамдарды баса-көктеп, аттап өтіп, тезірек кетуге тырысады. Бұл мешітті, басқа дінге сенушілерді сыйламау ғой. Оларға «кәпірлер» деген атақ тағып, өздерін басқаларға қарсы қойып, жамағаттың бірлігін бұзады, іріткі салады. Ал Исламның ең басты талаптарының бірі – умманың бірлігі емес пе. – Біз радикалдар туралы айтып отырмыз, ал салафиттердің арасында біртоға, орташалары да бар ғой? – Салафизмнің келісімге келетін идеология емес екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Ағымның жолын қуушылар орташа немесе радикал да болуы мүмкін, бізде радикалдылықты анықтайтын барометр немесе градусник жоқ. Біз адамның сөзіне, ниеттеріне және іс-әрекеттеріне назар аударамыз. Адамды жайдан жай экстремист немесе террорист деп атай салуға болмайды, бұл үшін сот шешімі қажет. Сондықтан да біз салафиттер экстремист болып кетеді деп айта алмаймыз. Экстремизм дегеніміз – ой, идеология. Ойдан іс-әрекетке адамдардың барлығы әрқашан көше қоймайды. Салафиттердің арасында да исламның қандай бағытын ұстанып жүргендерін түсінбей жүрген, заңды сақтайтын адамдар баршылық. Жабық діни топта ұзақ уақыт бойы болған адамның тоннельдік қара-ақ ойлауы қалыптасатынын естен шығармаған жөн. Ол түрлі себептерге байланысты радикалдануы мүмкін: психологиялық жарақат, өмірде жолы болмауы, әлеуметтік-тұрмыстық фактор, сыртқы ортаның ықпалы және т.т. Кез келген фактор іске қосу тетігі болуы мүмкін. Қазақстанда экстремизм және терроризм үшін сотталғандардың 100 пайызы салафизмнің жолын қуғандар. Естеріңізге түсіріңіздерші, Египетте оңтайлы сәтте салафиттер партия құрып, билікке ұмтылған жоқ па. Бұл мемлекеттік құрылысқа түбірімен қарсы, жау адамдардың оқшауланған тобы. Сондықтан да бұл жай ғана Құдайға құлшылық ету емес. Осы идеология еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп, исламның канондарын дәстүрлі түсіндіруді бұрмалайды. – Салафизм сияқты қауіпті құбылысқа Қазақстанда заңнамалық деңгейде неге тыйым салынбайды? – Иә, біздің қоғамымыздың салафиттермен жұмыс істеу еш нәтиже бермейді, осы идеологияға тыйым салу керек деп  есептейтін бір бөлігі бар. Алайда, олардың біздің азаматтарымыз, біріміздің аға-бауырымыз, апа-сіңліміз екендігін  түсінуіміз қажет. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» - деген қазақ халқының нақыл сөзі бар емес пе. Сүрінбейтін тұяқ жоқ, адаспайтын адам жоқ. Бір жақсылығы, олардың көпшілігі қателерін түсініп, дәстүрлі дінімізге бет бұрып жатыр. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Бұл жеңіліс емес, нағыз ерлік, өзі үшін ғана емес, соңынан ерген басқалар үшін үлкен жауапкершілікті сезіну. Ал біздің қоғамымыз оларға қол ұщын созып, қатарымызға қосылуға мүмкіндік беруге дайын. Ең бастысы, олар дін адамдарды жауластырмай, бір-біріне жақындататын сезім екендігін түсінулері керек.
  • Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары