466
Жапон суретшісінің ерекше сөзі
Жапон суретшісінің ерекше сөзі
Мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен Ұлттық музейде Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған «Нұр келбетті Астана» атты көркемсурет көрмесі ашылды. Көрмедегі бас қаламыздың әсем келбетін кескіндеген әлемдік суретшілердің туындысы көздің жауын алады. Ал көпшілік назарына ұсынылған барлық сурет Ұлттық музейдің қорына табысталады.
АҚШ, Бразилия, Ресей, Жапония, Үндістан елдерінен келген қылқалам шеберлерінің туындылары көрген жанға әсер етпей қоймайды. Әлемдік деңгейдегі танымал қылқалам шеберлері Александра Коннор (Ұлыбритания), Джовани Томасси (Италия), Жизель Улисс (Бразилия), Игорь Дубовой (Ресей), Марко Зубак (Хорватия), Әділбек Бәйтереков (Қырғызстан), т.б. Астананың көркем бейнесін өз қиялдарымен тоғыстыра білген. Ал еліміздің өнер майталмандары Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев, Айнабек Оспановтың туындылары көрме төрінен орын алып қана қоймай, жоғары бағаға ие болуда.
Суретші қиялында шек бар ма? Астана – болашақтың қаласы екенін әрбір шығармадан байқауға болады. Білім ордасы, гүлзарлар, саябақ. Тақырып ауқымы кең. Бір-бірін жаңаша бағытта үйлестіре білген суретшілердің өнеріне тәнті болмау мүмкін емес. «Әуежайдан шыға сала ең бірінші назарға іліккені – жап-жасыл кең дала. Табиғаты тамаша екен. Егер Жапонияда тумасам және қаланы таңдау мүмкіндігі өзіме берілсе, Астанада дүниеге келуді қалаушы едім», – дейді жапон суретшісі Акира Мурата. Ал ұлыбританиялық суретші Александра Коннорды қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, этникалық негіздегі салт-дәстүрі тәнті еткен. «Ұшардың алдында бір апта бұрын үстімдегі оюлы бешпетті ойланбастан сатып алдым. Мұны қазаққа деген құрметім деп есептеңіз. Сондай-ақ, бүркітшінің суретін сала бастадым. Жалпы, туындыларымның басым бөлігін тарихқа арнағым келеді», – деп қазақ ыстық ілтипатын жеткізді.
Көрмеге туындысы қойылған суретшілердің арасында әйгілі Лувр музейіне де туындылары қойылған мәртебелі меймандар бар. Әрине, олардың қазақ топырағына аяқ басуы жәйдан-жәй емес. Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан ұйымдастырушылар Оқушылар сарайында және «Шабыт» университетінде арнайы шеберлік сабақтарын да өткізетінін жеткізді. Ал бұл осы салаға жаңадан келіп жатқан шәкірттер үшін мерейлі сәт.