14 Маусым, 22:52 119 0 Өнер TURKYSTAN.KZ

«СӘЛЕМ САҒАН, АСТАНА!»

Елорданың 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақ­стан» Орталық концерт залында Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбаевтың «Сәлем саған, Астана!» концерті жоғары дәрежеде өтті.

А.Қоразбайұлы «Алтын қорымызды» құнды туындылармен байытып, сонымен қатар тарихымызға орасан зор әрі баға жетпес үлес қосып келе жатқан өнер қайраткері. Әнші-композитор жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, небір дүлдүл дарындар мен дарабоз саңлақтардың шеберлігін шыңдаған. Көмейінен бал тамған орындаушы ән айтқанда, тарихын қоса айтып, тыңдармандарды әннің тұңғиығына жетелейді.

Оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста өткен «Сәлем саған, Астана!» концертінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ақ тілегін білдіріп, Алтынбек Қоразбаевқа шапан жапты. Қазақ эстрадасының белгілі әншілері – Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, «Музарт» тобы, Тоқтар мен Бейбіт, Жұбаныш Жексенұлы, Саят Медеуов, Қыдырәлі мен Қарақат, Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Садуақасова, Мөлдір Әуелбекова, Алма Аманжолова, «Меломен» тобы, Ернар Айдар, Нұрболат Абдуллин, «Айтұмар» тобы өнер көрсетті.

Елорданың торқалы тойын атап өту Алтынбек Қоразбаевтың кешімен басталған  бұл концерт астаналықтар мен қала қонақтары үшін тамаша тарту болды.

Соңғы жаңалықтар