Астана процесіне берілген жоғары баға

Астана процесіне берілген жоғары баға

Астана процесіне берілген жоғары баға
ашық дереккөзі
207
Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүше елдерінің Сыртқы істер министрлері бас қосты. Іс-шараға ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттің – Армения Республикасынан Сыртқы істер министрі Зограб Мнацаканян, Беларусь Республикасынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Дапкюнас, Қазақстан Республикасынан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Қырғыз Республикасынан Сыртқы істер министрлігінің статс-хатшысы Айбек Омокеев, Ресей Федерациясынан Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстан Республикасынан Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, сондай-ақ, ҰҚШҰ Бас хатшысы Юрий Хачатуров қатысты. Басқосудың күн тәртібінде 12 мәселе қаралды. Министрлер ұйым жанындағы сыртқы саясат мәселелері бойынша үйлестіруді, сондай-ақ, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті түйткілдерін талқылап, трансшекаралық сын-қатерлер, террористік ұйымдар тарапынан болатын қауіп-қатерге қарсылық көрсету бойынша тәжірибе алмасты. Бұдан өзге   Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) арнайы жол картасында белгіленген 2018-2021 жылдарға арналған «БҰҰ халықаралық бейбітшілік қызметін дамыту мүддесінде ҰҚШҰ бейбітшілік тудыру әлеуетін пайдалануға жағдай жасау» тақырыбы кеңінен сөз болды. Олар халықаралық күн тәртібі және Ұйым аясындағы сыртқы саяси ынтымақтастықтың одан ары дамуы туралы пікір алмасты. Кеңес қорытындысы бойынша баяндалғандай, кездесуге қатысушыларға Ауғанстандағы ағымдағы ахуал және оның даму перспективаларын бағалауды салыстыруға мүмкіндік берді. Отырыс барысында Сириядағы дағдарыс тек саяси және дипломатиялық шаралар арқылы шешілуі мүмкін екендігі туралы жалпы ұстаным расталды. Осыған байланысты Сириядағы жағдайды тұрақтандырудағы Астана процесінің рөлі ерекше атап өтілді. Тараптар АҚШ пен КХДР  басшылары арасындағы алдағы келіссөздер Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы, қарусыздандыру және әлемдегі жаппай жою қаруын таратпау мәселелерін шешуде маңызды қадам болатынына үміт артады. Сонымен қатар күн тәртібіне ҰҚШҰ мен халықаралық құрылымдар арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту енгізілген. Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалық етуі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуымен сәйкес келді. Осылайша, Қазақстан аталған екі ұйым арасындағы байланысты жандандыру үшін  жұмыс істейді. ҚР Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов Президент Н.Назарбаевтың өткен жылғы қарашада Минск қаласында өткен мерейтойлық саммитте ұсынған басым бағыттарды іске асыру Кеңес отырысының басты тақырыбы болғандығын атап өтті. Әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту мен нығайту, жаһандық терроризмге қарсы күрес халықаралық жүйесін қалыптастыруға Ұйымның қатысуы, киберқауіпсіздік саласындағы қауіптерге қарсы тұрудың бірлескен тәсілдерін әзірлеу және есірткінің заңсыз айналымымен күресудің нақты шараларын әзірлеу сияқты өзекті мәселелер басым бағыттардың қатарында. Қазақстан ҰҚШҰ, ТМД, Орталық Азиялық аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығы, АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар және құрылымдармен ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет деп санайды. Қазақстан Республикасында және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде белсенді ілгерілеп келе жатқан Қазақстан Президентінің терроризмсіз әлемге қол жеткізу жөніндегі әрекет ету кодексін құру жөніндегі бастамасын одан әрі жүзеге асыру ҰҚШҰ серіктестерімен ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты. Осы құжаттың негізгі мақсаттары БҰҰ 100 жылдығына орай 2045 жылы контртерроризм және даму бойынша терроризмсіз әлемге қол жеткізу жөніндегі серіктес елдердің кең халықаралық коалициясын құру. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Ұйымды институттық тұрғыда нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құқықтық мәртебесі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы мақұлданды. «Қазақстан ҰҚШҰ-ның халық­аралық ұйымдармен байланысын дамытуға және арттыруға мүдделі. Биыл ҰҚШҰ-да төрағалық етуімізді және бір мезгілде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысуымызды символдық мәнге ие деп есептейміз. Қазақстан аталмыш ұйымдардың күн тәртібіндегі жұмыстарды жақындастыру тұрғысында тығыз жұмыс істеуде. БҰҰ мүддесі үшін ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін пайдалану мүмкіндігін зерттеу үстіндеміз. Осы бағытта БҰҰ хатшысы мен ҰҚШҰ арасында жол картасы жасалған», – деді Қайрат Әбдірахманов. Ал ҰҚШҰ бас хатшысы Юрий Хачатуров жыл басынан бері 2017 жылы күзде Минскіде қабылданған ҰҚШҰ Мемлекет басшылары кеңесінің шешімдерін орындау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Оның ішінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезіндегі ұсыныстарына басымдық берілді. «Сыртқы істер министрлері кездесуінде атқарылған жұмыстардың аралық нәтижелері туралы айтылды. Әлемдегі қазіргі ахуалға баға беріліп, осы орайдағы ұйымның алдына қойылған міндет туралы айтылды. Сондай-ақ, халықаралық қатынастағы негативті тенденцияларды болдырмаудың превентивті алдын алу шаралары, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қатер төндіретін мәселелер сөз болды. ҰҚШҰ БҰҰ хатшылығымен белсенді жұмыс атқара бастады. «БҰҰ халықаралық бітімгершілік қызметін дамыту мүддесінде (2018-2021 жылдарға арналған) ҰҚШҰ бітімгершілік әлеуетін пайдалануға жағдай жасау» туралы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының арнайы жол картасын қалыптастыру қолға алынды. Екі аптадан соң ҰҚШҰ бас хатшысының орынбасары Нью-Йорк қаласына БҰҰ бас хатшысының орынбасары Лакруамен кездесуге барады. Осы кездесуде жол картасының мән-жайы белгілі болады», – деді Юрий Хачатуров. Кездесу барысында тараптар Орта және кіші қашықтықты зымырандарды жою туралы шарттың күшіне енуінің 30 жылдығына арналған бірлескен мәлімдемені қабылдады. Ал жалпы, ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі бірқатар құжаттар бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Олардың ең маңыздылары ағымдағы жылы күзде Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтетін ҰҚШҰ саммитінде Мемлекет басшыларының қарауына ұсынылмақшы. Сондай-ақ, «ҰҚШҰ мен Халықаралық Қызыл крест пен Жарты ай комитеті мен ҰҚШҰ арасындағы хаттама», «ҰҚШҰ мүше елдері мүдделеріне сәйкес үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту бойынша шаралар жоспары», ҰҚШҰ мүше елдерінің заңсыз көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қарастырылды.  

Серіктес жаңалықтары