Министр неге мұңын шақты? 

Министр неге мұңын шақты? 

Министр неге мұңын шақты? 
ашық дереккөзі
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов апта басында өткен Сенаттың пленарлық отырысында депутаттарға мұңын шақты. Министрдің айтуынша, жүргізуші куәлігін басып шығаруға, түрмедегілерді тамақтандыруға, сонымен бірге, өрт сөндіру қызметінің жұмысына қаржы жетіспейді. Ішкі істер министрлігіндегі қаржының жетіспеушілігі жөніндегі мәселені әуелі Сенат депутаты Дариға Назарбаева көтерді. Сенатордың келтірген деректерін Қалмұханбет Қасымов та жоққа шығармады. «Расымен де, төрт бағыт бойынша қаржыландырудың жетіспеушілігі мәселесі бар. Бұл – Ұлттық гвардия, ТЖК, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және барлық ішкі істер органдары. Әрине, бәріміз бір министрлік құрамына кіреміз. Алайда қаржыландыру лимитін Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бекітеді. Болашақта колония құрылысын, өрт сөндіру депосы құрылысын жоспарладық, ақша бөлеміз. Бізге жобалық-сметалық құжатты жасау арқылы қаржы береді, ал қаржыландыратын уақыт жеткенде оны ала алмаймыз», – деді Ішкі істер министрі. Алайда сенаторлар қаржының жетіспеушілігіне қолда бар ақшаны тиімді пайдалана алмай отырған министрліктің өзін айыптады. «Өрт сөндіретін көліктерге арналған  депоның  құрылысына деп жасалған 15 жобаның тек төртеуі ғана жүзеге асырылуда. Былтыр төрт  жобаның мерзімі өтіп кетті. Ал оны әзірлеуге бюджеттен 86 млн теңге жұмсалған. Тағы 100 миллион теңгелік  жеті жоба  2018-2020 жылдардың бюджетіне кірмей қалды. Яғни, қазынаның 186 млн теңгесі далаға кетпек. Бұған кім жауап береді?», – деп сауал жолдады Дариға Назарбаева. Расымен де, бюджеттен бөлінген миллиондар желге ұшып жатса, ол үшін кім жауапты? Бюджетті жоспарлаған Ұлттық экономика министрлігі ме? Әлде бөлінген қаражатты тиімді жұмсай алмаған Ішкі істер министрлігі ме? Бұл ретте Ішкі істер министрі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе жұмыс атқарса, мәселенің шешімі табылатынына сенім артатынын айтып құтылды. Ал депутаттар Төтенше жағдайлар комитеті мен Ұлттық гвардияның дербес бюджетін бекіту қажеттігін алға тартуда. Бұған министрліктегілер де қарсылық білдіріп отырған жоқ. Төтенше жағдайлар комитеті мен Ұлттық гвардияның өзіндік бюджетін нақтылау мәселесі бұған дейін талай мәрте көтерілген. Бірақ одан еш нәтиже болмағаны көрініп тұр. Депутаттардың пікірінше, аталған екі бөлім министрлік құрамында өгей баланың күйін кешіп жүргенге ұқсайды. Алайда Ішкі істер министрі өз іштерінде де қаржылық түйткілдердің көп екенін айтты. Соның бірі – жүргізуші куәлігінің жыры. Қаржының жетіспеушілігі салдарынан елімізде үстіміздегі жылдың тамыз және қыркүйек айларында жүргізуші куәлігін беру тоқтатылуы мүмкін. Қарапайым жүргізуші куәлігін басып шығаруға жауапты ведомствоның ақшасы таусылған. Жалпы, соңғы уақытта Ішкі істер министрлігі барлық мәселенің төркінін қаржының жетіспеушілігімен байланыстырып жүрген тәрізді. Естеріңізде болса, мамыр айында өткен Үкімет отырысының бірінде Қалмұханбет Қасымов дала өртіне қарсы күрес жүргізу үшін техникалық базаның ескіргенін, оны жаңарту үшін қаржы тапшы екенін айтқан еді. Су тасқынына байланысты мәселелердің де жыл сайын қаржыға келіп тірелетінін көпшіліктің көзі көріп, құлағы естіп жүр. Қаржылық мәселеге байланысты Ішкі істер министрлігі мәжілісмендердің де сын садағына ілініп үлгерді. Маусым айының басында Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, сонда депутат Қанат Мусин министрлікте 2017 жылы дебиторлық және кредиторлық берешектер бойынша қомақты қаржы жиналғандығын тілге тиек еткен. Депутаттың мәліметінше, қарыздың жалпы сомасы – 21,5 млрд теңге. Ал ведомство басшысы қарыздарды қайтаруда ешқандай кедергілердің жоқ екенін, қазіргі уақытта Қаржы министрлігімен бірлесіп жұмыс жасап жатқандығын мәлімдеді. Дегенмен, Бюджеттік кодекс бойынша, дебиторлық және кредиторлық қарыздың болуы  қаржылық тәртіптің әлсіздігін көрсетеді. Яғни, дебиторлық берешек министрліктің бөлінген қаржыны тиімсіз пайдаланғанын білдіреді.