499
Турист тура жолдан ауытқыса...
Турист тура жолдан ауытқыса...
Өткен жексенбіде Алматы облысында тауға демалуға шыққан ресейлік 8 туристің біреуі мерт болды. Ақсу өзеніне құлап, суға батып кеткен шетелдікті серіктері құтқара алмаған. Туристер Алматы облысындағы жедел-құтқару жасағының ресми тіркеуінен өтпегендіктен әрі оқиға орнында байланыстың жоқтығынан құтқарушылар оларды табу үшін біраз әуре-сарсаңға түскен. Талдықорғаннан 120 шақырым жерде орын алған төтенше жағдай күн ысыса таудың саясында демалуға асығатын көп адамға сабақ болса игі. Өкінішке қарай, қазақтың асқар тауларын көру үшін шетелден арнайы ат арытып келетін туристер ғана емес, даламыздың әр тау-тасын, қия-қалтарысын жатқа білетін өз отандастарымыз да соңғы уақытта қайғылы жағдайға жиі тап болады.
Биылғы жылдың ақпан айында достарымен тауға шыққан Алматы қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Әбілбаев суға құлап қайтыс болды. Абайсызда опат болған Нұрсұлтан екі серігімен бірге тауға шығып, адасып кеткен. Байқаусызда су қоймасына құлаған жігіт судың аса суықтығына шыдай алмай сол жерде көз жұмған. Оның жанындағы серіктерінің бірі қатты аязда үсіп, ауруханаға жеткізілді. Ал үшінші жігіт дін аман.
Қаза болған жігіттің достарының айтуынша, ол үнемі тауларға қызығып, шыңдардың сұлулығына таңдана қараған. Ағылшын тілін жетік меңгерген жігіт тауға шыққысы келетін шетелдік туристерге жолбасшы болып та жүрген. Алатаудың бұрын-соңды өзі баспаған шыңын бағындырғысы келген жігіттің ажалы таудан болады деп ешкім ойламаған.
Құтқарушылар дер кезінде жетпегенде осыдан бір ай бұрын Көкжайлаудан Алмарасанға бет алып, жолай тауда адасып кеткен туристердің де аман-есен табылуы екіталай еді. ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметінің дерегінше, 27 және 35 жастағы ересек пен 7 жасар ұл бала «Просвещенец» демалыс үйінен Көкжайлау шатқалына қарай жоғары өрлеп кеткен. Қараңғылық қоюланған кезде тауға шыққан үшеу келген жолынан жаңылған. Абырой болғанда кинолог маман және иісшіл ит, жедел топтың 8 мүшесі адасқандарды тез арада тауып, демалыс орнына жеткізді.
Таудағы демалыстың соңы төтенше жағдайға ұласуы алыс-жақынды тұмса табиғатымен тамсандырған Алатау биіктерінде ғана емес, Оңтүстік Қазақстан облысының таулы аймақтарында да жиі орын алатын жайт. Өңірде жыл басынан бері құтқару жасағының қызметкерлері таулы өңірлерге 3 рет іздестіру-құтқару жұмысына шығып, төтенше жағдайға тап болған 5 адамды құтқарған. Өткен жылдың осы мезгілінде құтқарушылар 7 шақырылымға барып, 12 адамға көмек көрсеткен еді.
Құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, аман қалғандардың бірі – осыдан бір ай бұрын Сайрам-Өгем табиғи паркінде адасып кеткен 21 жастағы турист. Жас жігіт табиғатты тамашалап жүріп, тобынан қалып қойған. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, туристің тауда адасып кеткені туралы ақпарат кезекші бөлімге 13 мамырда, кешкі сағат 20.30-да түскен. Оқиға орнына арнайы техникамен жеткен жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері іздестіру шараларын 14 мамыр күні таңғы сағат 05.30-да бастап, сағат 9-дар шамасында жоғалған жігіт дін аман табылды. Құтқарушылар «жігіттің көрер жарығы бар екен» десті. Өйткені тауда адасқандардың өзі емес, денесі табылатын жағдайлар көп. Мәселен, өткен жылдың күзінде бір топ серігімен бірге тауға көтерілген 26 жасар жігіт жартастан өлі күйінде табылды. Төтенше жағдай департаментіне жас жігіттің тауға кеткеннен оралмағаны туралы хабар түскен бойда құтқару жасағының 20 қызметкері мен төрт техникасы және жергілікті тұрғындардан 50 адам іздеуге шыққанымен, тауда адасқан жігіт табыла қоймаған. Тек іздеу жұмыстарының екінші күні оның денесі табылды.
Осындай қайғылы жағдайлар орын алмас үшін ОҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағы мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жергілікті тұрғындарға таулы аймақтарда демалған кезде қауіпсіздік шараларын сақтауды қатаң ескертуде. Мекеме басшысы Талғат Байсариевтің айтуынша, таудағы төтенше оқиғалар көбіне демалушылардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауынан туындайды. «Таудағы келеңсіз оқиғаларды алдын алу үшін таңдалған бағыт қатысушылардың дайындық деңгейіне және мүмкіндіктеріне сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ, қозғалыс бағдарын мұқият зерделеу қажет. Ондағы жер бедерінің сипатымен, қауіпті жерлері мен су көздерінен хабардар болып, тауға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып алу керек», – дейді Талғат Есалыұлы.
Жыл басынан бері жергілікті төтеншеліктер тұрғындарға қауіпсіздік шаралары көрсетілген 7000-ға жуық үнпарақ таратып, 165 рет әңгімелесу-түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Мамандардың айтуынша, таулы өңірлерге барғанда адамдар топтасып жүргендері абзал. Тау көлдерінде шомылмаған ләзім, өйткені су салқын болғандықтан, суық тию қаупі бар. Күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде тау жотасынан төмен түсуге әрекет ету керек. Сондай-ақ, темірі бар заттарды адамдардан қашық ұстап, жеке ағаштың астына, таңбалау бағаналардың тұсына және су қоймасы жағасында отырмаған дұрыс дейді төтеншеліктер.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда, барлық байланыс құралдарына тегін қызмет көрсететін тәуліктік кезекшіліктегі «101» және «112» нөмірлеріне жедел хабарласқан жөн.