«ЧЕМОДАН САЯБАҒЫ», «ҒАРЫШКЕРЛЕР ГҮЛЗАРЫ», «ӘДЕБИЕТ БУЛЬВАРЫ»...

«ЧЕМОДАН САЯБАҒЫ», «ҒАРЫШКЕРЛЕР ГҮЛЗАРЫ», «ӘДЕБИЕТ БУЛЬВАРЫ»...

«ЧЕМОДАН САЯБАҒЫ», «ҒАРЫШКЕРЛЕР ГҮЛЗАРЫ», «ӘДЕБИЕТ БУЛЬВАРЫ»...
ашық дереккөзі
Астананың мерейтойы қарсаңында елорданың кескін-келбеті ерекше құлпырған. Жасыл желек пен сан түрлі гүлдерге көмкерілген бас қала жайнап шыға келді. Әсіресе, күн жылынғалы бері көгалдандыру жұмыстары барынша қыза түсті. Мұны Астана әкімі Әсет Исекешевтің өзі қатаң қадағалап отыр. Бір өкініштісі қаланың оң жағалауындағы ескі үйлер сүрілгеннен кейін орны көзге қораш болып тұратын. Сондай орындарды абаттандыру мен көгалдандыруға, тұрғындардың демалатын  орнына айналдыруға ерекше мән беріліп отырғаны қуантады. «Қаланың оң жағалауын саябақ пен гүлзарларға айналдыру біз үшін өте маңызды. Сүрілген үйлердің аумағын біз коммерциялық нысандарға берместен бұрын, тұрғындардың өтініші бойынша балалар мен үлкендерге арналған спорт алаңы бар гүлзарлар мен желекжолдар саламыз. Осы жылы оң жағалауда 13 гүлзар, келесі жылы 5 гүлзар жайқалып тұрмақ. Ботаникалық бақ пен Линейный саябағы, «Арай» саябағын қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға таяп қалды. Жалпы алғанда, 18 нысанға 85 балалар ойын аттракционы мен 115 спорт жабдығы, 18 футбол, баскетбол, теннис алаңы, 17 км веложол, 30 субұрқақ кешені, 12 шақырым жүгіру жолы, 2 скейт-алаң салынады. Осының бәрі қалалық ортаның сапасын жақсартатынына сенімдімін» – деген еді Әсет Исекешев қала аумағын аралау барысында. Астана әкімінің сөзіне қарағанда, осы жылдың 1 шілдесіне дейін 7 саябақ пен гүлзардың құрылысы аяқталады. Ал келесі жылы 5 гүлзар мен бульвардың құрылысы қолға алынбақ. Осы айтылған саябақтар мен гүлзардың бәріне 120 гектар жер бөлінген. Бір айта кететін жайт – көгалдандыру Астана күніне ғана байланысты емес, бұл жоспарлы жұмыс. Елорданың тойынан кейін де қарқынды түрде жалғаса береді. Бұл ретте Астанада салынатын әрбір саябақ пен бульвар ерекше стильмен, арнайы тақырыпқа сай безендірілмек. Атаулары да айрықша. Мәселен, осы маусым айының соңына қарай Біржан сал көшесіндегі №5 үйдің маңайында салынып жатқан гүлзардың құрылысы толық бітеді. Оның атауы – «Чемодан саябағы». Мұның өзіндік себебі бар. Біріншіден, бұл гүлзардан теміржол вокзалы қашық емес. Екіншіден, гүлзардың сәулеттік кескін-пішіні кәдімгі чемодан үлгісінде. Үшіншіден, мұнда балалар теміржолы болады. Сондықтан бұл гүлзарға «Чемодан саябағы» деген атау жарасып-ақ тұр. Пушкин көшесіндегі №15 «Б» үйінің маңайында салынып жатқан гүлзардың атауы – «Қытай қорғаны». Мұнда балалардың ойын алаңы жасалып, спорт жабдықтары орнатылады. Бұл жерде түрлі спорт сайыстарын өткізуге мүмкіндік жасалмақ. Соның бірі – асық ату. Тұрғындар осы ұлттық ойын түрі бойынша бәсекеге түсетін күн алыс емес. Республика даңғылы мен Дүкенұлы көшесінің қиылысында «Астрономдар мен ғарышкерлер гүлзары» пайда болады. Бұл гүлзардың атына заты сай. Скейтдром, қоғамдық тамақтану орны бар. Балалар ғана емес ересектер де қызыға тамашалайтын қисық айналар да осы орында орнатылады. Балалардың ойын алаңы да ескерілген. Төбешік сырғанақтар да қарастырылған. Осы жылдың соңына дейін Майлин көшесіндегі №9 үйдің жанында тағы бір гүл бағы бой көтереді. Оның аумағына футбол, баскетбол, балалар ойын алаңы, спорттық жабдықтар және асық ойнайтын орындар салынбақ. Сарыарқа даңғылындағы №27 үй ауданында тастардан жасалған гүл бағы пайда болады. Саябақтың ішінде тастар өте көп, сырттай қарағанда жапондық тас саябағын еске салады. Бұдан басқа, гүлзарда сауда павильондары, балалар ойын алаңы, спорт жабдықтары да қарастырылады. Осы аудандағы №23 үйдің маңайына математикалық гүлбақ пайда болады. Жоба бойынша мұнда шахмат бұрышы, шешімін таппаған аллея, «синусоид тақтасы», балалар ойын алаңы, спорт жабдығы, велосипедшілер тұрағы қарастырылды. Сембинов көшесі мен «Егемен Қазақ-стан» газеті» көшесі аралығында күні кешегіге дейін екі қабатты ескі үйлер болатын. Оның бәрі дерлік сырылды. Енді осы аумақта да бульвар салынады. Оның атауы – «Театр». Себебі осы орында амфитеатр ашылмақ. Сондықтан да бульвар «Театр» деп аталады. Абай даңғылының біраз бөлігі, Сембинов, «Егемен Қазақстан» газеті» және Бейсекбаев көшелері бір-бірімен шектесіп жатыр. Бұл да Астананың оң жағалауы. Енді осы аумақтың тұрғындары үшін «Әдебиет бульвары» салынбақ. Өйткені оның сыртқы пішіні кітапқа ұқсас болады. Бұл жерде, жобалаушылардың пікіріне қарағанда, кітап сөрелері мен оқырмандар үшін орындықтар қойылады. Балалардың ойын алаңдары да қарастырылған. Міне, Астананың барлық аумағында осындай саябақтар мен гүлзарлар салынып біткен кезде елорда қазіргіден ерекше көркейе түсетіні айдан анық. Гүлденіп, көркейе бер, әсем Астана!  

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

Астана