230
Өзбекстан президенті 226 адамға рақымшылық жасады
Өзбекстан президенті 226 адамға рақымшылық жасады
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 12 маусымда «Жасаған ісіне өкініп, тәубеге келген жазасын өтеушілер тобына рақымшылық беру туралы» заңға қол қойды.
Қасиетті Рамазан айына байланысты және Өзбекстан Конституциясының 93-бабы 23-тармағына сәйкес қабылданған жарлық бойынша 226 азаматқа рақымшылық жарияланды. Олар - білместікпен қылмыс жасап, ол ісіне өкінген, таза жолға түскен жазасын өтеушілер.
Рақымшылыққа ілінгендер ішінде 102 адам жазадан толықтай босатылды, 71 адам шартты түрде бостандыққа шығады, 39 адамның жазасы жұмсартылады. Осылайша түзеу мекемесінен 212 адам босап шығады. Бұған қоса 14 адамға берілген жаза мерзімі қысқартылады.
Сонымен бірге рақымшылықпен бостандыққа шыққан 40 адамның жасы алпыстан асқан, 37 шетел азаматы босап шықты. Рақымшылыққа іліккендердің ішінде 37 әйел бар. Тыйым салынған ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін сотталған 51 адам бостандыққа шықты.
Үкімет түрмеден босап шыққандардың туыстары мен жақындарына қосылуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, еңбекке баулуына, қоғамда өз орнын табуына көмектеседі.