851
«Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы»
«Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы»
2018 жылдың 6 маусымында Алматы қаласындағы Жазушылар кітапханасында Елорданың 20 жылдығына орай «Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы» атты дөңгелек үстел өтті. Басқосуға мұрындық болған «Ел-шежіре» қоғамдық қоры мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы. Іс-шараның басты мақсаты – Астананың Қазақстанның дамуына қосқан үлесін және атқарылған ауқымды істерін баяндау. Елорданың қалыптасу тарихына баға беру.
Жас қаланың екі он жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған жиынға ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, журналист, жазушы Қанат Әбілқайыр, Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедхан сынды бірқатар қоғам қайраткерлері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталмыш шара Жазушылар кітапханасының меңгерушісі Елена Ағайса ханымның алғы сөзімен басталып, «Ел-шежіре» қоғамдық қорының төрағасы Дәулет Әшімханның кіріспе сөзімен жалғасын тапты. Сондай-ақ, Әлібек Асқаров Елорданың кешегі мен бүгінін салыстырып, әрқилы естелігін әзілмен әңгімелеп берді. Астананы Арқаға көшіргені дұрыс болғандығын тілге тиек етті. Ол «Астана небәрі 20 жылда жаңа қалаға айналып үлгерді. Бұрын шет елдерге таң қалып қарасақ, бүгінде солармен теңесіп, иық тіресе алдық. Күн санап дамыған қаламыз әлі талай алып қаланың алдын орайтынына кәміл сенемін» – деп сөзін түйіндеді.
Қоғам қайраткері Асылы Осман «Елбасының бастамасына, тапқырлығына, табандылығына ешкім күмәнданған емес. Ол Астананы көшіру барысында өткенді ескеріп, бүгінін ойлап, болашаққа баянды жоспар жасады. Түсінігі мол, саналылар бір ауыздан қолдады. Күдіктен үміт басым болып, сенім ақталды. Міне бүгінде гүлденген, экономикасы қуатты мегаполис атанды» – деді.
Дөңгелек үстел барысында студенттер іс-шараға қатысушыларға Астана қаласының тарихы туралы сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Бұған қоса, келген қонақтар кітапханаға естелік кітаптарын сыйлады. Жиынды ақын, жырау Алтынбек Ибрагимов өзінің «Астанаға арнау» жырымен қорытындылады.