Сынақ зардабын шеккендер көп

Сынақ зардабын шеккендер көп

Сынақ зардабын шеккендер көп
ашық дереккөзі
Талайды қыршынынан қиып, өмірін мезгілсіз жалмаған Семей қасіреті полигон оқиғасымен қатысты екені әлемге аян. Қасиетті қазақ жерінің қасіреті болған атом сынағы қазақты қан қақсатты. Қанша ұрпақ, қанша күнәсіз бөбек жарық дүниеге келмей жатып тағдыр тауқыметін тартты...Десе де «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген оқиға еш уақытта қайталанбауы тиіс» деген елбасы сөзі елдің болашаққа деген сенімін нығайта түседі. Семей – әдебиет пен өнердің ошағы, көркемсөздің қара шаңырағы.Бүгінде білім ордасына да айналып келеді. Қала да жыл сайын көркіне көрік қосып, заманмен бірге дамуда. Ұлы Абайдың туған жері, Алаш қозғалысының астанасы атанған елге атомның зардабы тимегенде, бұдан да бетер көркейіп тұрар ма еді... Полигонның жарасын жазу үшін ауыз толтырып айтарлықтай шаралар атқарылуы керек.Осы жерде туып, ауыр экологиялық дертке душар болғандар, әлеуметтік жағдайы төмен, баспанасыз тағдыр кешіп жатқандар көп.Кез келген отбасында жарылыстың зардабын кешкенбір адамның бар екенін көзімізбен көре аламыз. 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған  «Невада- Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Кім білсін, осы бір тарихи ұлы күннің шымылдығын ашқан Олжастай оғландар болмаса, қасиетті мекеннің бүгінгі күні не болар еді?! Тарихтың аумалы-төкпелі кезеңінде Олжас ағамыз бастаған бір топ азаматтар ерлік жасап, жеріміздегі жарылысқа қарсы тұрды. Полигон жабылды, бірақ, жүректерде өшпестей із қалдырды. Ендігі тілек – атом кесепатынан денсаулығынан айырылған жандар мен олардың ұрпақтарын радиация зардабынын құтқарып, уланған топырақ пен суды қатерлі сәуледен тазартып алсақ, қазақ халқының үлкен бір бөлігі ғұмыр кешіп жатқан Семей өңіріне баяғы Алаштың астанасы болған даңқын қайтарып, қазақтың рухани әлемін жаңғыртудың бір шарасын жасаған болар едік.  

Лунара МҰҚАНОВА,

Шәкәрім атындағы

мемлекеттік университеті,

журналистика факультетінің

3-курс студенті