«100 жаңа оқулық»: кітаптың электрондық нұсқасы жарық көреді

«100 жаңа оқулық»: кітаптың электрондық нұсқасы жарық көреді

«100 жаңа оқулық»: кітаптың электрондық нұсқасы жарық көреді
ашық дереккөзі
1705
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» деген еді. Елбасының тапсырмасымен қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында құрылған Ұлттық аударма бюросы алғашқы 18 оқулықты аударып,  ел-жұртқа таныстырды. Әлеуметтік-гуманитарлық салада 100 жетекші оқулық аудармасы жастарды – прагматизм мен бәсекеге қабілетті рухани жетілдіруде және жаңа Қазақстан ұрпағын қалыптастыруда нақты қадам екені анық. Кітаптар батыс философиясының тарихы, тіл білімі, семиотика, жаңа педагогика, ғаламтор психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, журналистика, өнер тарихы сынды бағыттарды қамтиды. Бұдан бөлек, экономика мен кәсіпкерлік туралы аударылатын алты оқулық еліміздегі бизнес-мектептерге МВА бағдарламасын қазақ тілінде жасап, оқытуға мүмкіндік бермек. Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы: «Кітаптар белгілі бір іріктеуден өтті. Іріктеудің басы оқу орындарынан басталды. Біз оларға өтініш жіберіп, өздеріне қажет деген оқулықтар тізімін сұраттық. 800-ден аса оқулықтың тізімі келді. Оның ішінде оқулықтар да, жекелеген зерттеу еңбектері де болды. Бірақ барлығы да алдыңғы қатарлы оқу орындарында гуманитарлық бағыттағы оқу бағдарламасында бар кітаптар. Сондай-ақ, Ұлттық аударма бюросының қойып отырған талабына сәйкес, әрбір оқулық әлемдегі ең мықты оқу орнында шыққан болуға тиіс. Кем дегенде, баспада үш рет басылғаны жөн. Әрі таралымы да жоғары болуы керек. Осы талаптар ескерілген жағдайда ғана оқулықты аудару процесі басталады. Бұл талаптар оқулыққа деген сұраныстың жоғары екендігін, оның мазмұн тұрғысынан өзектілігін растайды», – дейді. Оқулықтардың дені негізінен ағылшын тілінен аударылуда. Дәлірек айтқанда, түпнұсқадан аударылған 18 оқулықтың 16 кітабы ағылшын тілінде жазылған. Бір кітап француз тілінен, тағы біреуі орыс тілінен аударылды. Жалпы, аударуға іріктеліп алынған оқулықтардың 40 пайызы орыс тіліндегі кітаптар. «Ұлттық аударма бюросы осы 100 оқулықты қазақ тіліне тəржімалаумен ғана шектелмейді. Астанада өткен үлкен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «оқулықтар электронды форматта жəне бейнелекция түрін де жариялансын» деген нақты тапсырмалар берген болатын. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтта жарияланады. Сонымен қатар, бейнелекциялар түсіріліп жатыр. Ұлттық аударма бюросының kitap.kz жəне openU.kz деген екі жобасы бар екені мəлім. Айтулы қос жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ. Сонымен қатар Елбасы тарапынан терминологиялық жəне түсіндірме сөздіктерді жаңарту жөнінде де тапсырма берілді. Ол жұмыс та қолға алынып, қазіргі кезде жобасы əзірлене бастады. Ұлттық аударма бюросы аударылған кітаптарды редакциялау барысында терминология жағынан да көп шаруа атқаруда. Осы жұмыстардың барлығының нəтижесін алдағы уақытта жариялаймыз», – деді Н.Қожабек. Ал Алматыдағы Достық үйінде Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Ғылыми сарапшылар тобының Бірыңғай республикалық күнінің «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылауға арналған кезектен тыс отырысында философия, саясаттану жəне дінтану институтының саясаттану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтарбек Шайкемелев: «Тоқсаныншы жылдардың басында отандық білім мен ғылым саласы қиын кезеңге тап болғаны баршаға мəлім. Оның өзіндік себептері болды. Елдегі экономикалық дағдарыс, формация мен идеологияның өзгеруі жəне басқа да жайттар кері əсерін тигізбей қоймады. Бертін келе жағдай бірте-бірте түзеліп, сол олқылықтардың орнын толтыра бастадық. Сондай игі бастамалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Ондағы мақсат – гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша əлемдегі ең үздік 100 оқулықты əртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау», – деді. Елбасы алғашқы 18 оқулықтың тұсаукесер рәсімінде: «Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың əрі қарай сапалы аударылуын жəне басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы əрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі қажет. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пəндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тəжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық жəне экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Төртіншіден, оқулықтар кəдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының жəне солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тəжірибенің, білімнің жəне кəсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек», – деп нақты тапсырмалар берген еді. Нәтиже жаман емес. Бүгінде әлемнің ең үздік оқулықтарын аудару ісі қарқын алды. Қазақ тіліндегі «100 жаңа оқулық» білім сапасын көтеруге септігін тигізсе, бұл істің пайдасы сол болмақ.      

Серіктес жаңалықтары