400
Үш тілділік – даму даңғылы
Үш тілділік – даму даңғылы
Қарағанды облысы, Саран қаласында балаларға тілдерді меңгертумен шұғылданатын үш лагерь ашылды. Саран қаласы мен жақын маңдағы елді мекендердегі 1-9 сынып аралығында оқитын 120 бала жазғы лагерьде демалып қана қоймай, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп қайтады.
«Қазына», «Lingualand» және «Шуақ» жазғы лагерьлері облыс әкімдігі мен қала әкімдігінің қолдауымен «Нұр Отан» партиясының «Үш тілге көшу» бастамашыл жобасын жүзеге асыру шеңберінде А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжі базасында ашылды.
Колледж – облыстағы көне әрі танымал білім беру ордасының бірі. Ол түлектері мен қалыптасқан дәстүрлері арқылы беделге ие. Колледж оқытушылар мен студенттері әртүрлі интеллектуалдық жарыстардың жеңімпаздары, ғылыми конференциялардың белсенді қатысушылары. Оқу орны елдегі және шетелдегі белді оқу орындарымен, оның ішінде Алматы қаласындағы Гете университетімен тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Оқу орнында Германия мен Ұлыбританиядан келген мамандар дәріс оқиды. Партиялық «Үш тілге көшу» жобасының аталмыш колледж базасында жүзеге асуы тегін емес. Себебі колледжде «Ағылшын тілі», «Тілашар» және «Журналистика» үйірмелері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетілдіруге бағытталған.
Лагерьлерді ашу салтанатында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова жұмыстың негізгі бағытына тоқталды.
– Үш тілділікті енгізу – мемлекеттік саясат пен партияның басым бағыттарының бірі ғана емес. Бұл – заман талабы. Себебі бәсекеге қабілетті, білімді болу үшін мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін жоғары деңгейде меңгеру қажет. Осының нәтижесінде, сіздер біздің бай тарихымызды, мәдениетімізді, дәстүрімізді танып, алдыңғы қатарлы технологияларды меңгересіздер, гуманитарлық және нақты ғылымдардың әлемдік жетістіктеріне қанығасыздар. Үш тілді білу сіздерді алға жетелейтін болады, – деді Қадиша Оспанова.
Лагерь жұмысын ұйымдастырушылардың айтуынша, балалармен қарым-қатынас барысында әртүрлі форматтар қолданылады. Тілдік кедергіні бұзу мақсатында «Еркін диалог», ойындар мен спорттық шаралар, интеллектуалды викториналарлар ұйымдастырылады. Партияның аймақтық филиалы облыс әкімдігімен бірлесе отырып, жаз айларында тағы осындай бес лагерь ашуды жоспарлап отыр.