381
Алматыда дәрігерлер менингококк жұқпасы туралы түсіндіруде
Алматыда дәрігерлер менингококк жұқпасы туралы түсіндіруде
Алматыда дәрігерлер менингококк жұқпасы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Емхана дәрігерлері ХҚКО, базарлар, мешіттер, әскери бөлімдер, білім беру ошақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде №11 емхананың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері адам көп шоғырланған жерлерді аралап жүр.
«Мамандар негізінен аурудың алғашқы белгілері, сақтану жолдары туралы түсіндіріп жатыр. Біз сәуір айынан бері 8 балабақшада, 6 мектепте, 2 мешітте, барлығы 36 ұйымда болдық. Бұл жұмыстарға барлығы 28 дәрігер жұмылдырылған. Одан бөлек медбикелер, психологтар, әлеуметтік мамандар барады. Арнайы жаднамаларда барлық қызметтің телефондары, менің жеке нөмірім де ілініп тұр», - деді №11 емхана бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Амурказинова Айнаш. Сондай-ақ, оның айтуынша, емхананың 2 дәрігері аптасына 1 рет жұқпалы ауруханалар ауруханасында 12 сағат кезекшілік етеді. Айта кету керек, Жетісу аудандық медициналық ұжымға 2 емхана, 3 медициналық ұйым кіреді. Аталған ұжым бойынша эпидемиологтар белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. «Біздің мамандар 4 мешітті, 10 мектепті, 14 балабақшаны, 3 жатақхананы аралады. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде 367 жазба жарияланды. Менингококк жұқпасынан сақтану туралы профилактикалық видео аудандағы 40 мониторда күні бойы көрсетіліп тұрады. Аулаларды аралап 501 жаднама таратылды», - деді эпидемиолог-дәрігер Оспанова Райхан. Айта кету керек, республика бойынша қазіргі таңда менингококк жұқпасына 59 адамның шалдыққаны анықталды. Елімізде биыл жыл басынан бері 13 адам қайтыс болды.