Қолдан кеткен Қысқы Олимпиада қытайлардың қоржынын қампайтпақ

Қолдан кеткен Қысқы Олимпиада қытайлардың қоржынын қампайтпақ

Қолдан кеткен Қысқы Олимпиада қытайлардың қоржынын қампайтпақ
ашық дереккөзі
339

31 шілде Тәуелсіз еліміз үшін тарихи күнге айналуы мүмкін еді. Төрт көзіміз түгел Куала-Лумпурдың қимылын бақтық. Халықаралық Олимпиада комитетінің 128-сессиясында дауыс беру нәтижесі Алматының пайдасына шешілер деп үміттендік. Ақ олимпиаданы өзінде өткізуге өтініш білдірген екі ел – бірі мың жылдық тарихы бар алып держава, бірі тәуелсіз ел атанғанына толық ширек ғасыр да толмаған дамушы мемлекеттің тартысына сырттан көз тіккендер де бұл тартыста Алматының Бейжіңге лайықты бәсекелес екенін айтып, мүмкіндігімізді жоғары бағалаған болатын. Бірақ ХОК жеңісті Қытайдың қанжығасына байлады. Біз қай жерден мүлт кеттік? Неден қағылдық?

2022 жылғы қысқы Олимпиада өте­тін қаланы таңдау барысында Бейжің Алматыдан бар-жоғы 4 дауыс қана артық алды. Жеңімпазды ХОК-қа мүше 85 адамның дауысы анықтады. Комитеттің қазақстандық пен қытайлық мүшелері және президенті Томас Бахтың дауыс беру құқығы болған жоқ. Дауыс беру қорытындысы бойынша Бейжіңге 44, Алматыға 40 дауыс бұйырды. Комитеттің бір мүшесі белгісіз себеппен таңдау жасаудан бас тартқан.

Осылайша Бейжің жазғы және қыс­қы Олимпиада ойындарын бір­дей өткізуші бірінші қала ретінде тарих­қа енбек. Румынияның Брашов қаласын 10 дауыспен арт­та қалдырған Швейцарияның Лозан­насы ХХІІІ қысқы ойындарды өткіз­геннен кейін Олимпиада алауын Қытайға салтанатты түрде та­быс­тайтын болады.

Көңіл пәс болып тұрса да,­ қытайлықтарды жеңісімен құттық­та­д­ық. Әлемдік доданы табысты өт­кізуге сәттілік тіледік. Сол күні-ақ Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының төра­ғасы Си Цзиньпинге құттықтау жедел­хатын жолдады.

«Бұл оқиға жаңа Қытайдың кең мүмкіндіктерін әлемге тағы да та­нытты. Мен Қытай тарапының Олим­пиадалық ойындарды жоғары дәре­жеде ұйымдастыруды қамта­масыз ету үшін барлық күшін жұ­мыл­дыратынына, сондай-ақ халық­тар достығы мен бейбітшілікті одан әрі нығайта түсуге үлес қоса­тынына сенімдімін», – делінген онда. Сондай-ақ, Елбасы Қытай халқының бақ-берекесі артып, гүлдене беруіне тілектестік білдірді.

Бахтың қолы бізге бұрмады

Біз жеңістен қатты дәмелі едік. Өкінішке қарай, Краков (Польша), Львов (Украина), Осло (Норвегия) мен Стокгольмді (Швеция) орта жолда қалдырып, соңғы белеске жеткенімізді жұбаныш қылуға мәжбүрміз.

ХОК президентімен кездесу, баспа­сөз мәслихаттары, жанкүйер­лер флешмобы, Алматы өтінімін таныс­тыру рәсімі – бәрі өзіміз жос­пар­лағандай сәтті өтті. Құрлық­тың бір қиырындағы Малайзияға Халықаралық Олимпиада комите­тінің Томас Бах бастаған мүшелері 28 шілде күні түгел жиналды. Үкімет басшысы, Алматы өтініш беру-ұйымдастыру комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегация да межелі жерге ертерек жетуге асықты. Ондағы ойы − Алматының өзін­дік артықшылықтары мен ерекше­ліктері жайлы мүмкіндігінше көбі­рек әңгімелеу, сөзі өтімді кісілермен жүз­десіп, еліміздің ұпайын еселеу. Қазақстан өтініш беру-ұйым­­дастыру комитеті төрағасының орын­­басары Андрей Крюков баста­ған, Олимпиаданың екі дүркін жүлде­гері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, паралимпиадашы Жалын Балтабаева, республика Ұлттық паралимпиялық комитетінің президенті Қайрат Боранбаев қостаған делегация мүшелері сейсенбі күні брифинг өткізіп, еліміздің алдағы қысқы Ойындарға байланысты ұстанып отырған басты бағыттары турасында сөз етті.

– Біз онда ойын мазмұнының спорт­шылар төңірегіне құрылаты­нын жеткізуге талпындық. Былайша айтқанда, барлық мәселе ең алдымен осы жарыстарға қатысатын сайыпқырандарға барлық жағдайды жасауға, соның арқасында олардың уақыттарын өте жақсы өткізулеріне жол ашуға негізделеді. Мұның басы атлеттердің жатынжайлары өзде­рі жарыс жолына шығатын арена­лар мен алаңдардың маңына орнала­суларынан басталады. Олим­пиа­даның осы кезге дейінгі тари­хында тап осындай барлық жағы­нан икемді Ойындар болған жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, біз Олимпиада үшін барынша жинақы бағдарлама ұсындық. Соның арқасында спортшылар бір күннің ішінде сайысқа да, одан кейін орталық алаңда өтетін марапаттау рәсіміне де, ақырында қаланың көрікті жерлерін аралап та үлгереді. Бұлардың арасында өзге әріптестерінің сайыстарын тамашалап қалуға да уақыт табады. Дәл қазіргі таңда Алматы Ойындар өткізуге мейлінше бейім қала болып табылады. Бүгінге дейін бізде спорттың көптеген түрлерінен әлем чемпионаттары өтті. Соларда жиналған тәжірибенің текке кетпейтініне де біз сенімдіміз, − деді брифингтен кейін сұхбат берген Крюков.

Ал 30 шілде күні Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Куала-Лумпурдағы ХОК-тың баспасөз орталығында журналистермен халықаралық баспасөз мәслихатын өткізді. Үміткер қаланың басшысы ретінде Есімов шетелдік медиа өкілдеріне Алматының 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге қандай дайындықтар жүргізіп жатқанын кеңірек баяндады. Қазақстан мен Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты сұрақтарға жауап берді.

«Егер біздің Олимпиада өткізуге бер­ген алғашқы өтінішімізді еске алатын болсақ, осы мерзім арал­ы­ғында қаланың экономикасы екі есе арт­ты, инфрақұрылым жақсарып, спорт және мәдениет нысандары жетіл­дірілді. Бүгінде Алматы еліміз­дің экономикалық орталығы болып табы­лады және республикалық бюджеттің басым бөлігін жасақтайды, қаланың ЖІӨ көлемі дағдарысқа қарамастан кейбір көршілеріміздікінен асып жығылады», − деді қала әкімі. Сонымен қатар, Ахметжан Есімов Алматы өтініміндегі Олимпиаданы өткізу шығындарына назар аударуға шақырды:

− Күн тәртібіндегі басты мәселе − Ойындарды өткізу кезінде аз шығындану. ХОК бағалауында Алматыда спорт нысандарының 70 пайызы бар, онда түрлі деңгейдегі жарыстар өткізілген. Әлем чемпионатынан бастап түрлі ойындарға дейін. Мысалы, 2015 жылы коньки спортынан Әлем чемпионаты өтті. Яғни, бізде спорт нысандарының 70 пайызы дайын. Бүгінде біз Универсиада-2017 өткізуге дайындалып жатырмыз, яғни 2017 жылдың басына қарай 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге қажетті спорт нысандарымыздың үлесі 80 пайызды құрайтын болады. Біз ХОК талаптарына толығымен жауап береміз, − деп түсіндірді А.Есімов. Қазақстан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов те қала басшысының сөзін жалғап, Алматының Олимпиада өткізетін қала ретінде өзіндік артықшылықтарына тоқталды.

Шешуші сәт – Convention Center Kuala Lumpur залындағы XXIV қысқы Олимпиада ойындары мен XIII Паралимпиада ойындарын өткізуге қазақстандық өтінімді таныстыру рәсімін тікелей эфир арқылы куә болу үшін 31 шілде күні Астана уақытымен сағат 15.00-де Kazsport арнасына телмірдік. Алматы-2022 тұжырымдамасын 7 адам таныстырды: ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов, ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Алматы-2022 өтініш беру-ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Андрей Крюков, ХОК комиссиясының спортшылармен қарым-қатынас жөніндегі мү­ше­сі Наталья Сипович, Сочи Олимпиада­сының қола жүлдегері Денис Тен және мәнерлеп сырғанаушы Карина Узурова. Таныстырылым барысында Алматының Олимпиада өткізуге ең қолайлы қала екені, қала инфрақұрылымы 2022 жылға дейін барлық қажетті спорт ғимараттарымен толығатыны айтылды. Ойындарды Қазақстанда өткізудің техникалық, қаржы-экономикалық және саяси тұстары көрсетілді. Біздің ауқымды спорт шараларын ұйымдастыру тәжірибеміз – Азия ойындары, коньки тебу спортынан Әлем чемпионаты, Универсиада туралы дәйектер келтірілді. Сонымен қатар, Алматыдағы табиғи қар мен тау Олимпиа­да кезінде спортшылар үшін өте ыңғайлы болатыны басты назарда ұсталды. Өйткені қысқы Олимпиада ойындарында қардың тапшылығын көрген қалалар баршылық. Оның үстіне, басты бәсекелесіміз Қытайда да қар Алатау баурайындағыдай қалың түспейді. Спикерлер Алматыдағы спорт ғимараттарының бір-біріне өте жақын орналасқандығын, таудағы және қаладағы нысандардың қашықтығы 30 шақырымнан аспайтынын, бұл өз кезегінде спортшылар үшін уақыт үнемдеп, көбірек жаттығуға, тынығуға мүмкіндік беретінін алға тартты.

Қысқы олимпиаданы Алматыда табыс­ты өткізудің тамаша мүмкін­дік­терін атап өткен Кәрім Мәсімов: «Бүгін бізге, Қазақстанға сенім артуларыңызды сұраймыз, − деді ХОК мүшелеріне. − Қысқы Олимпиада ойындарын өткізетін қала ретінде Алматыны таңдау үлкен тәуекелге барумен бірдей деп ойлайтындар бар. Бірақ тәуекелсіз инновация болмайтынын өздеріңіз білесіздер. Біздің өтінімімізге нақты фактілер арқау болды. Осы фактілер негізінде Алматыны таңдайтын болсаңыздар, Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Олимпиада қозғалысы үшін де тарихи шешім қабылдар едіңіздер», − деп атап өтті Үкімет басшысы. Ол бейнероликте көрсетілген деректер мен қазақстандық спикерлер келтірген дәйектердің бәрі ақиқат екенін және ең бастысы, Қазақстан экономикасының тұрақтылығына күмән арту негізсіз екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Кәрім Мәсімов Ойындар ешқашан өткізілмеген аймақта Олимпиада жалауын желбіретудің мән-маңызына да тоқталды:

− Біз шағын, дамушы елдердің Қысқы олимпиаданы табысты өткізе алатынының тамаша мүмкіндігі болып табыламыз. Біз − Ойындар ешқашан өткізілмеген аймаққа Олимпиаданың ұзақ мерзімдік әлеуетін таныта алудың нағыз мүмкіндігіміз. Сондай-ақ, біз – 2020 жылғы қысқы Олимпиаданың күн тәртібін жүзеге асыруға көмектесудің нағыз мүмкіндігіміз», − деп сендірген еді Үкімет басшысы.

ХОК Президенті Томас Бахтың Алматы таныстырылымын жоға­ры бағалағаны үмітімізді есе­лей түсті: «Қазақстан өзінің жетістік­те­рімен мақтана алады. Сіздер өз өтінімдеріңізбен әлемдегі мил­лион­даған жанкүйерлер мен спорт­шыларды шабыттандырып отыр­сыз­дар. Мен сізге Қазақстан 2020 жылғы Олимпиаданың күн тәрті­біне қосылып, олимпиада құнды­лық­тарын дамытқаны үшін диплом табыстаймын», − деп ҚР Премьер-министрі, Алматы-2022 өтініш беру-ұйымдастыру комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке диплом ұстатқанда тіпті марқайып қалдық. Үкімет басшысының, Алматы әкімінің ХОК президентімен таныстырылымға дейінгі екіжақты кездесулері нәтижесіз емес деп түйдік. Сессияға қатысқан Монако принці ІІ Альберттің Қазақстан таныстырылымына зор қызығушылық танытуы да жеңісті біз жаққа бұра түскендей көрінген еді. Бірақ... Томас Бах жеңімпаз қаланың аты салынған конверттен «Бейжің» деген жазуды суырып алғанда көңіліміз су сепкендей басылды.

Алматының ұрымтал тұстары көп

Сарапшылар әу баста-ақ Бейжің­нің бәсі басым түсетінін болжап қойғанын несіне жасырайық? Әйтсе де, Алматының да Қытай елінің астана­сынан ат оздыратын ұрымтал тұстары көп еді. Біріншіден, оңтүстік астанамыздың климаты қысқы спорт түрлерін өткізуге аса қолайлы. Алатаудың баурайы көктемнің ортасына дейін қалың қар құрсауында жатады. Екіншіден, сайыстардың бір қаланың аумағында өтетіні және Қазақстанның барынша жинақылықты ұстанатыны Ойындардың аумағын Бейжіңнен бөлек тағы Чжанцзякоу атты қалаға дейін ұлғайтып, сайыстарды 200 шақырым радиуста өткізгелі отырған Қытайдан басты артықшылықтарымыздың бірі болды. Алматы-2022 тұжырымдамасы бойынша Алматының барлық спорт нысандары Олимпиадалық қалашықтан 30 шақырымдық аумақта, орта есеппен жолына 30-45 минуттай жұмсалатын қашықтықта орналасқан. Ондағы мақсат – атлеттердің жолдан шаршап, күйзелісті күйге түспей, көбірек жаттығуына, демалуына мүмкіндік беру. Олимпиадалық қала­шық­тың әртүрлі алты бағыты бойын­ша қоныс тебетін ареналар өзінше алты қырлы жұлдызды көзге елестетеді. Мұның тағы бір тиімді жағы, жарыс жолдарының бұлайша орналасулары транспорт тасқынының нөпірінен құтқарып, қозғалысты жеделдететіні де ХОК сессиясында айтылды.

Үшіншіден, егер қысқы Олим­пиада Алматыда өтер болса, бар болғаны 2 спорттық нысан салу қажеттілігі туар еді. Өйткені келер жылдың басында 2017 жылғы Универсиаданы өткізуге арналған нысандардың құрылысы толық аяқталады. Яғни 2022 жылғы Ойындарды өткізуге қажетті 13 кешеннің 11-і дайын болатын. Төртіншіден, елдегі бейбітшілік пен татулық, экономикалық тұрақтылық, Қазақстанның халықаралық қауым­дас­тық алдындағы жағымды имиджі де Алматының бәсін басым етуі тиіс-тін. Бесіншіден, оңтүстік астанамыз әлемдік спорт додаларын өткізуден біраз тәжірибе жинақтады. Алматыда 120 әлемдік рекорд орнатылғанын мақтанышпен айттық. Алайда бұл дәйектер ХОК мүшелерін қанағаттандырмаған сыңайлы. Ең өкініштісі, 2022 жыл қазақ үшін ырым етуге тамаша жыл болар еді-ау. Үш саны «2» цифрынан тұратын мұндай жылдар бір ғасырда бір-ақ рет келетінін айтсақ та жеткілікті. Оның үстіне, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өте салысымен келетін қысқы Олимпиаданың мәні мен маңызы тіпті арта түсер еді. Әттең, бір кем дүние!..

«Бейжің жеңетініне күмән болған жоқ»

Қытай өтінішін 12 адамнан тұра­тын делегация таныстырды, олардың ара­сында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Лю Яндунь, Бейжің әкімі Ван Аншунь, ХОК мүшесі Янг Янг пен ҰБҚ-ның экс-жұлдызы Яо Мин бар. Өз өтініштерінде Қытай тарапы жарыстың көп бөлігі стадиондарда өтетінін мәлімдеді, нақтырақ айтқанда, 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындары өткен нысандарда. Жазғы Олимпиададан бөлек, бірнеше рет Азия ойындарын өткізіп үлгерген қаланың сол аламандардан қалған түрлі спорт инфрақұрылымдарының өзі бір төбе. Күншығыстағы көршіміз Куала-Лумпурға ат басын тіреген алғашқы күннен-ақ өз еншілеріндегі стадиондар мен алпауыт ареналарды қысқы Олимпиаданы өткізуге тиімді пайдаланатындарын алға тартты. Мысалы, қытайлар «Құстың ұясы» деген поэтикалық атауы бар атақты стадиондарында Ақ Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттарын өткізбекші екен. Бейжің өтінімін таныстырушылар 2022 жылғы Ойын­дарды бұрынғы құрылымдар базасында үш кластер бойынша өткізу жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, олар Орталық Бейжің кластерінде жоғарыдағы салтанатты сәттерден бөлек, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, хоккей, керлинг, коньки спорты бойынша жарыстар өткізуді ойға алса, тау шаңғысы, бобслей, шана спорты, скелетон секілді сайыстарды Бейжіңнің Яньцин уезінде ұйымдастырмақ. Бейжің-2022 тұжы­­рым­дамасы бойынша Чжанц­зякоуда шаңғы жарысы, трамплиннен секіру, биатлон, фристайл мен сноуборд шеберлері бақ сынаспақ.

Бейжіңнің көлік инфрақұ­ры­лы­мын жетіл­дірудің жоспары да ХОК наза­рына айрықша түсті. Айта кетейік, Қытай өтінішіндегі ең осал тұс ретінде елдегі спорт нысан­дарының бір-бірінен алшақ орналасуы аталғандықтан, Қытай билігі мәселенің шешімін жан-жақты қарастырыпты. Ақырында Бейжіңнен Чжанцзякоуға дейін жоғары жылдамдықты теміржол салуға бекінген. Ол Олимпиаданың ең басты үш нысанын жалғайтын болады.

«Бейжің-Чжанцзякоу жобасы бойынша пойыздардың жылдамдығы сағатына 350 шақырым болады. Пекин-Чжанцзякоудағы Олимпиада нысандарының аралығына кететін уақыт шамамен 52 минут болады», − деді Қытайдың дамыту және реформа істері жөніндегі Мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Ван Сяотао.

ХОК мүшелерін толғандырған тағы бір мәселе – экология. Бейжің алаңдауға негіз жоқ екенін айтып, әлемдік дода кезінде Олимпиада қалашығын таза ауамен қамтамасыз етуге уәде берді. ХОК Қытайдың уәдесі де, уәжі де біздікінен әлдеқайда сенімдірек деп тапты. Екі қаланың өтінімі таныстырылған соң Алматыны аутсайдер ретінде танығандардың қатарында өз мамандарымыз да бар. Мәселен, Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков: «Қытайлықтардың қала туралы бейнеролигін көрген соң-ақ, мен біздің ұтылатынымызды білдім. Әрине, шығынның аз кетіп, ойынның жинақы өтуі Алматының артықшылығы. Бірақ мұндай ірі ойындардың астанасы таңдалған кезде, шамамен 22 фактор есепке алынады», – деді.

Ақ Олимпиада ешкімді ұшпаққа шығарған емес

1994 жылғы Олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың айтуынша, Бейжіңнің Алматыдан айтарлықтай басым түсуіне Қытайдың экономикасы мен индустриясы мықты, әлемдегі көшбасшы ел болуы әсер етті. «Олимпиаданы неліктен Алматы емес, Бейжің өткізеді? Өйткені Олимпиада өткізу үшін көптеген факторлар әсер етеді. Экономикалық-саяси жағдайлар, спорттық әлеует те бар. Біздің таныстырылым өте жоғары деңгейде өтті. Алматыда өтсе, ойындардың өте ыңғайлы және жинақы болатыны айтылды. Алайда Қытайдың ұтып кетуіне аталған мемлекеттің экономикасы мен индустриясы мықты, әлемдегі көшбасшы ел болуы әсер етті. Ал спорттық тұрғыдан біз жақсы көріндік. Мұны әлемдік сарапшылар да атап өтті. Қайталап айтамын, Алматы Бейжіңнен әлдеқайда жоғары болды. Тек бұл жерде қаржылық жағдай көп нәрсені шешіп кетті», – деді ол. Бұл қазақстандықтарды жігерлендіру үшін айтылған сөз болуы да мүмкін. Бірақ жеңістің біреу, жеңімпаздың жалқы болатынын білетін ел де, билік те мойи қойған жоқ. Тіпті, Алматының Олимпиада қаласы атанбағанына қуанғандар да жетерлік. Олар ел имиджі үшін қолға алынатын әлемдік шаралардың шығыны қазына қаржысын ортайтып қана қоймай, сыбайлас жемқорлықпен күреске де кері әсерін тигізетінін алға тартуда.

Онысы рас, Олимпиада өткізу Қазақстан секілді дамушы ел үшін үлкен тәуекел, тұжырымдамада қысқы Ойындардың бюджеті 1,7 миллиард доллар болады деп көрсетілгенімен, қосымша шығын 4,5 миллиард долларға жуықтайтыны айтылған болатын. Шетелдік БАҚ-тың журналистерімен кездесуінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Олимпиадаға дайындық жұмыстары үшін Қазақстан Ұлттық қор қаражатының бір бөлігін жұмсауға дайын екенін айтты. Қазақстан Премьерінің: «Біз мұнайдан түсетін табысты бюджеттен тысқары ұстаймыз. Банкке салым салған сияқты. Қазақстан сол қаржының белгілі бір бөлігін Олимпиада шығындары үшін пайдалануға да-йын. Біз еліміздің имиджін өзгерткіміз келеді. Олимпиада өткізе алатынымызды бүкіл әлемге дәлелдегім келеді» деген сөзін Reuters агенттігі жалпақ жұртқа таратты.

Болашақ ұрпақтың еншісі ортаяды дегенді естіген соң қазақстандық атқа­мінер­лердің көпшілігі Ақ Олимпиа­даны Алматыға әкелудің қажет­тілігіне күмәнмен қарады. Бейжіңнің жеңісін Қазақстан үшін оң шешім санайтындары сондықтан. Оның үстіне, 1998 жылдан бері тек АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен қысқы Олимпиада ғана экономикалық тұрғыдан табысты болғанын ескерусіз қалдыруға болмас. Ақ Олимпиаданың өзгесі шығынға батырғаны болмаса, ешбір елді ұшпаққа шығара қоймады. Кейбірінің шығыны түскен пайдадан 7-8 есе көп болғаны жасырын емес. Мәселен, өткен жылы Ресей Сочи Олимпиадасын өткізу үшін 50 миллиард доллар жұмсады.

Депутат Айқын Қоңыровтың айтуынша, имидждік шаралардың игілігімен бірге кедергілері де қоса жүреді. «Қазіргідей экономикалық қиын­дықтар жағдайында елдің инвес­тициялық және туристік тартым­дылығына имидждік шара қан­шалықты әсер ететінін түсіну үшін мықты экономист-болжаушы болу керек шығар. Мұндай зерттеулер мүлдем жоқ деуге болады. «Жүре көреміз» деген ұстаным басым сияқты. Мейлі, Олимпиадаға қажетті нысандар үшін құрылыс материалдарының 80 пайызы жергілікті өндірушілерден алынады, бұл отандық құрылыс пен қызмет көрсету саласына үлкен қолдау болады делік. Бірақ салынған нысандардың бәрі аталмыш шарадан кейін бос қалатынын, олардың әрі қарайғы пайдаланылуы талай түйткілге себеп болатынын ұмытпайық», − дейді ол. Депутат әлемдік сарапшылардың дағдарыс туралы дабылы бекер емес екенін, сондықтан Ұлттық қордан алынған әр тиынның орны ойсырап қалуы мүмкін екенін алға тартты.

Kursiv.kz жүргізген сауалнамада қазақстандық мұнай-газ және энергетикалық кешен ұйымы қауымдастығының (Kazenergy) атқарушы директоры Тоғжан Қожалиеваның пікірі де Айқын Қоңыровпен бір жерден шықты. Оның айтуынша, әлем елдері Олимпиаданы демеушілердің қаражаты есебінен өткізеді, күні бүгінге дейін ешбір мемлекеттің тәжірибесінде Ойындарға дайындық үшін Ұлттық қор қаражатын жұмсау дерегі болмаған. «Әдетте мұндай ауқымды шаралардың қаржылық шығындары мұнай-газ секторына жүктеледі. Қазір бизнестің рентабельдігі көп болса 5 пайыздың төңірегінде. Сондықтан кез келген қосымша салмақ оларға ауыртпашылық түсіріп, мұнайдың өзіндік құнына әсер етуі мүмкін», − дейді сарапшы.

Алайда бизнес өкілдері Алматының жеңілісі елімізді көп олжадан құралақан қалдырды деп есептейді. «Әдетте мұндай әлемдік іс-шаралар кезінде байланыс операторларының бірі ресми серіктес ретінде тіркеледі. Бір ғана байланыс түрі емес, ел аумағында қызмет көрсететін өзге операторлар да өз қызметін ілгерілетуге мүмкіндік алады», − дейді «Beeline Қазақстан» компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Алексей Бендзь. Мәселен, 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде «Мегафон» ресми ұялы байланыс операторы ретінде жұмыс істеді. Компания шараны ұйымдастыру, өткізу жұмыстарына белсенді қатысты. Тіпті, спорттық кешендердің бірі «Мегафон» атауына ие болды.

«Tele2 Kazakhstan» компания­сының коммерциялық директоры Даниэль Карповичтің айтуынша, Олимпиада – ең алдымен, туристер мен спортшылар ағыны. Демек, роуминг трафигі арта түседі деген сөз. «Қысқы Олимпиада біз үшін қосымша кірістің таптырмас көзі болар еді. Қазақстан нарығындағы бәсекелестеріміздің бәрі бұл додада Алматының жеңіске жетуін тіледі», − дейді ол. Сақтандыру нарығының ойыншылары да қанша пайдадан қағылғандарын есептеп әуре. Ақ Олимпиада Алатаудың баурайында өтсе, спортшылар мен спорттық нысандарды сақтандыру арқылы олар да жағдайларын түзеп алмақ ниетте еді.

Көршінің қуанышына қызық­тық, қызғандық та. Бірақ кеше ғана тәуелсіздігін алған жас мемлекет мың жылдық тарихы, тағылымды тәжірибесі бар алпауыт державаға лайықты бәсеке бола алғанының өзі – үлкен жеңіс. Мұны бүк түскеннің ақталу үшін айтатын сөзі деп қабылдасаңыз, өз еркіңіз. Ең бастысы, қай тұсымыздың осал екенін, қай жерден мүлт кеткенімізді түсіндік. Таныс-білістік көбейді, тәжірибе молайды. Әр істің бір қайыры бар.

 

Серіктес жаңалықтары