609
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі қарқын алуда
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі қарқын алуда
Тұрғын үй мәселесі – бүгінгі қоғамдағы өзекті тақырып. Қазақстан халқын толықтай баспанамен қамтамасыз ету, сапалы әрі заманауи тұрғын үйлерді салу мақсатында елімізде сан түрлі жобалар қолға алынуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының бесінші басымдығында: «Әкімдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетілдіру мәселесін мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде белсенді шешуі керек», – деген болатын. Елбасының бұл тапсырмасы Алматы қаласында да табысты жүзеге асырылып келеді.
Мемлекет басшысының белгілеп берген бес бағытын бұлжытпай орындауға Алматы қаласының қауқары жетеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде тұрғын үй құрылысы 4 есе артып, 16 500 пәтер кілті өз иелеріне табысталды. Шаһардағы тұрғын үй құрылысы 2018 жылы да тоқтап қалмақ емес. Биыл 520 миллиард теңгенің 38 жобасы мақұлданып, нәтижесінде 1,5 миллион шаршы метр баспана салынады.
Ал жастарды қолдау мақсатында былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бағдарлама бойынша 5 пайызбен тұрғын үйді ипотекамен алу үшін жергілікті қазынадан 1 миллиард теңге бөлінді. Сөйтіп, былтыр 100 алматылық қоныс тойын тойлады. Бұл бастама биыл да жалғаспақ. Қазірдің өзінде бұл бағдарламаға қазынадан 2 миллиард теңге қарастырылып отыр. «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша биыл 200 отбасы баспаналы болмақ. Олардың қатарына мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, жеке кәсіпкерлер мен жеке компаниялардың қызметкерлері де жатқызылған. «Өткен жылы «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Мұнда жас отбасылар алдын ала төлемсіз 5 пайыздық кредит алады. 6 мыңнан астам өтініш түсті. Сайт арқылы ашық іріктеу жолымен балдық жүйе бойынша 100 өтініш мақұлданды. Іріктеу кезінде жастардың отбасындағы бала саны, қаладағы жұмыс өтілі және әлеуметтік жағдайы есепке алынды. Жоғары сұранысты ескере отырып, биыл бағдарламаны жүзеге асыру аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Осы жылы бұл мақсатқа екі есе көп қаржы – 2 миллиард теңге қарастырылатын болады», – деген болатын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.
Қала билігі төртінші санаттағы, яғни эконом-класс үйлердің санын көбейтпек. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді баспана салу басты назарда. Мәселен, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы 15 жылға пайызсыз несиемен 5 мың отбасы пәтер алды. 175 пәтер жетімдерге берілді.
Сонымен қатар, тұрғын үйге қатысты мәселерді шешу мақсатында Елбасы тапсырмасымен қолға алынған «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасының жүзеге асырылып келе жатқаны мәлім. 2020 жылға дейін жалғасатын бағдарламаның мақсаты – халықтың көп пәтерлі тұрғын үйлерде тұруына қолайлы жағдай жасау және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын жақсарту. Алматы қаласында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жұмыстарының табыстылығына шаһарда атқарылып жатқан жұмыстар дәлел. Алып шаһарда баспаналарды қалпына келтіруге бағытталған бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Оның үстіне, тұрғын үй қорын лайықты ұстау мәселесі – қала басшылығы іс-қызметінің маңызды бағыттарының бірі. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жертөлелер, жеделсатылар мен инженерлік желілерді ауыстыру қарастырылған. Келер жылы Алматыда бағдарлама аясында 105 көпқабатты тұрғын үйдегі 222 жеделсаты ауыстырылмақ. Бұл үшін жалпы сомасы 1 миллиард 443 миллион теңге жұмсалады. Ал лифтілерді ауыстыру мерзімі 2018 жылдың 15 тамызына дейін аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде 8 үйдегі 16 лифт ауыстырылып үлгерді. Ал «Алматылифт» мекемесі кез келген үйді заманауи жеделсатымен қамтуға қауқарлымыз дейді. Қосалқы бөлшектен бастап, дайын өнімге дейін отандық өнім. Компания өкілдерінің айтуынша, бір ғана түйткіл бар. Тұрғындардың көбі лифттерін ауыстыруға келісім бере бермейді. Әсіресе, төменгі қабаттағы пәтер иелері. Дегенмен жеделсаты көпқабатты үйдің меншігі болғандықтан тұрғындар кеткен шығынды өз қалталарынан өтеулері тиіс.
Жалпы, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының деректерінше, 2011-2018 жылдар аралығында Алматы қаласында жалпы сомасы 1 миллиард 930 миллион теңгені құрайтын 375 жеделсаты алмастырылған. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерде ескірген жеделсатыларды ауыстыру маңызды мәселе. Жеделсатыларды жаңарту – тұрғындардың қауіпсіздігін сақтаудағы басты міндеттердің бірі. Деректерге иек артсақ, Алматы қаласының тұрғын үй қорында шамамен 3700 жеделсаты бар. Оның жартысынан көбі ауыстыруды талап етеді. Биыл пәтер иелері кооперативтерінен рекордтық тапсырыс түсті. Ал өткен жылы 94 үйдегі 199 лифт ауыстырылып, 143 үй күрделі жөндеуден өтті.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мақсатында 2011-2017 жылдар аралығында Алматы қаласында 539 тұрғын үйге жөндеу жүргізілді. Жөндеу жұмыстарына 5 миллиард 252 миллион теңге жұмсалды. Оның ішінде 284 үйге күрделі жөндеу жүргізілсе, 88 үйге ескірген элеваторлық тораптар орнына блокты автоматтандырылған жылу пункттері орнатылған. Ал биыл «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаӊғырту» бағдарламасы шеӊберінде 130 үйге кешендік жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Жалпы, бағдарлама бойынша тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, тиімді, үнемді жағын қарастыру – тұрғын үйлерді басқару органдарының құзырында. Алматы қаласының тұрғын үй қоры 824 ПИК қызмет көрсететін 8 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үйді қамтиды.
Бұл ретте Пәтер иелері кооперативтеріне де жүктелер міндет аз емес. ПИК тұрғын үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын ПИК-ке төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу мен штат қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады. Бірақ кооперативтердің бәрі бірдей өз жұмыстарын мінсіз атқара бермейді. Сондықтан олардың жұмысын үнемі қадағалап отыру қажеттілігі туындайды. Қазіргі уақытта Алматы қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жұмыстарын электронды форматқа ауыстырды. Осының нәтижесінде, басқарма Пәтер иелері кооперативтерінің жұмыстарын қашықтықтан басқаруға мүмкіндік алды. Өткен жылы тексерілген 260 ПИК-тің 220-сы жұмыстарына салғырттық танытқаны үшін жауапкершілікке тартылған болатын.
Сонымен қатар, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Пәтер иелері кооперативі арқылы электронды қызмет көрсету жүйесін енгізбекші. Яғни, әр тұрғын электронды түрде өтініш беріп, ПИК есебімен таныса алады. Бұл тұрғын үйлерге қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Ал мұндай жөндеу жұмыстары мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі. Бірақ тұрғындар бұл қаражатты 8-15 жыл ішінде қайтаруы тиіс. Бұл ретте үй-жайға жүктелген берешек меншік иесінің қалауы бойынша мерзімінен бұрын өтелуі мүмкін. Егер борышкер үйді күтіп ұстауға немқұрайлы қараса, қажетті қаражатты қайтарса, оларға жаза қолдану мәселесі қолға алынуда. Яғни, борышкер атанған тұрғындар банктен несие ала алмайды. Жауапты орын өкілдері қарызгерлер туралы мәліметті бірінші кредиттік бюроға тапсырады. Осылайша, мәліметтің барлығы борышкердің несие тарихына жазылатын болады. Бұл жоспарды жүзеге асыру мақсатында Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы «Бірінші несиелік бюро» ЖШС және екінші деңгейлі банктермен өзара меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы өткен жылдың соңына таман билік органдары қызметінің ашықтығын, сондай-ақ, көп пәтерлі үйлерді тиісті жағдайда ұстау мақсатында Алматы қаласы тұрғын үй қорын ұстаудың жаңа ережесін бекіткен болатын. Қала тұрғындарының көпшілігі өздерінің құқықтары мен міндеттерін біле бермейтіндіктен қабылданған ереже алматылықтардың туындаған мәселелерді шешудегі басты механизмі болмақ. Көп пәтерлі тұрғын үйлерге ағымдағы және күрделі жөндеулер өткізудің реті де осы ережеде ұсынылған. Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы бұл Ереже қаланың тұрғын үй қоры саласын жақсартуға жаңа серпін беретініне және түрлі түйткілдерді ойдағыдай шешуге ықпал ететініне сенімді.