Алдын алса, қатерлі ісік емделеді

Алдын алса, қатерлі ісік емделеді

Алдын алса, қатерлі ісік емделеді
ашық дереккөзі
Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратындар саны күннен күнге өсіп келеді. Ауруын асқындырып алып, шарасыз күйге түсіп, қапыда қалатын жандар жиі кездеседі. Мамандардың айтуынша, обыр ауруының алдын алу шараларына жыл сайын тексеруден өту, генетикалық бейімділігін (қатерлі ісікке бейімділік) білу, саламатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу жатады. Бүгінде қатерлі ісікке бейімділікті анықтауға арналған маркерлер жасалып, жекелеген адамдардың осы ауруға шалдығу қаупінің жоғары немесе төмен екендігі бағаланады. Ауру ерте анықталып, уақытында ем қабылданса, айығып кетуге әбден болады. Осындай мәселелер туралы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкогинекология орталығының  меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ерлан Кукубасовпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Обыр ауруының алдын алу шараларына қарамастан, қатерлі ісікпен ауыратындар саны неге жылдан-жылға көбейіп отыр? – Қазіргі таңда елімізде қатерлі ісікті ерте анықтайтын скринингтік бағдарламалар енгізілді, олар: сүт безінің, колоректальды және жатыр мойны қатерлі ісігінің скринингі. Бүгінде жиі кездесетін жатыр мойны қатерлі ісігі скрининг арқылы оңай анықталады, себебі жатыр мойны – бұл визуалды орган әрі сау жатыр мойнының қатерлі ісікке айналуы 15-20 жылға дейін созылады. Сондықтан әйел адам ең болмағанда 3-5 жылда бір рет гинекологқа барып, жатыр мойнынан жағынды алғызып, жатыр мойны қатерлі ісігінен сақтануына болады. Скринингтік бағдарламалар АҚШ, Австралия, Нидерландтар сияқты дамыған елдерде 50-ші жылдары енгізілген және жатыр мойны қатерлі ісігі аурулары осындай табысты бағдарламалардың арқасында екі есеге төмендеген. Жатыр мойны қатерлі ісігін алғашқы сатыларында анықтау мүмкіндіктеріне, диагностика мен емдеу әдістерінің жетілуіне қарамастан, асқынған аурулар азаяр емес. Қазақстанда жатыр мойны қатерлі ісігінен күніне 2 әйел көз жұмады. Елімізде ұлттық скринингтік бағдарлама 2008 жылдан бері 30 бен 60 жас аралығындағы әйелдерді әр 5 жыл сайын тегін тексеруден өткізеді. Өкінішке қарай, әйелдер тексеруден өтуге қорқады немесе немқұрайлылық танытады. Олар ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емделіп, жазылуға мүмкін болатындығын білгені жөн. – Әйелдерде онкологиялық аурулардың пайда болуына ықпал ететін қандай факторлар бар? – Гинекологиялық обырдың дамуына этиологиялық әртүрлі факторлар бар. Мысалы, профессор Харальд цур Хаузен адамның папиллома вирусының жатыр мойны обырын тудыратынын дәлелдеп, Нобель сыйлығына ие болды. АПВ-ның 100-ден астам түрі бар, оның 14-і адам үшін қауіпті әрі тек жатыр мойнының қатерлі ісігі ғана емес, ауыз қуысының, тік ішектің артқы тесігінің (анустың), сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктеріне алып келеді. Адамның папиллома вирусы мен жатыр мойны обырының арасындағы байланыс жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы екпе жасау қажеттігін анықтады. АҚШ және Австралия сияқты елдер жасөспірім қыздарды иммунизациялау бағдарламаларын 10 жыл бұрын енгізген. Екпе жасаудың экономикалық тиімділігін көптеген зерттеулер дәлелдеді. 2013-2016 жылдар арасында үш жыл бойы Қазақстанның төрт аймағында жасөспірім қыздарға жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы тегін екпе жасау бағдарламасы болды, алайда осы екпеге қарсылық танытқандар салдарынан Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш бағдарламаны жапты. Бүгінде бұл екпені ақылы түрде жасатуға болады. Сонымен қатар, біз обыр дамуының тұқым қуалаушылық факторын да ұмытпауымыз керек, аналық және сүт бездері обырының дамуына жауап беретін гендер бар. – Аурудан толық айығып кетуге бола ма? Қазіргі таңда онкогинекологияда қандай жаңа емдеу әдістері қолданылады? – 100 пайыз айығуға болады. Егер қатерлі ісік алдындағы немесе ерте сатысындағы кезеңде анықталса, емделу мүмкіндігі жоғары. Онкологияда емдеудің 3 негізгі әдістері бар: ота жасау, химиотерапия және сәулемен емдеу. Біз әлемдік стандарттарға сай емдеу әдістерін қолданамыз. Ісіктің түріне байланысты емдеу жоспары қарастырылады. Мультидисциплинарлық топ әр емделушінің жағдайын жеке қарайды, оның қорытындысы бойынша емдеу жолдары белгіленеді. – Обырға бейімділікті анықтаудың әдістері бар ма? – Иә, обырдың дамуына генетикалық бейімділікті анықтаудың әдістері бар. Мысалы, аналық без обырының кейбір түрлері тұқым қуалаушылық сипатқа ие әрі BRCA1 және BRCA2 гендеріндегі тұқым қуалаушылық мутациялармен байланысты. Сондай-ақ, бұл гендердегі мутациялар сүт безі обырын туғызуы мүмкін. Гендегі BRCA1 мутациясының болуы салдарынан – 40-60%, BRCA2 мутациясынан 20-35% қатерлі ісік дамуы мүмкін. Сонымен қатар, аналық без обырының пайда болуына гендегі MLH1 және MSH2 мутацияларынан пайда болатын сирек генетикалық Линча синдромы ықпал етеді. Бұл гендер 10-15% тұқым қуалаушылық аналық және тоқ ішек қатерлі ісіктерінің дамуына жағдай жасайды. – Сіздің ойыңызша, аурудың алдын алу шараларын қалай ұйымдастыруға болады? – Ақпарат беру ең тиімді тәсіл. Не себепті екенін білмеймін, халыққа ақпарат жетпей жатады. Мүмкін, бұл адамдардың газет оқымауынан, теледидар көрмеуінен болар. Халыққа ақпарат берудегі БАҚ-тың рөлі зор. Бүгінде көптеген газеттер мен телеарналардың веб сайты бар. Әлеуметтік желідегі парақшалар аудиториямен байланыс жасап, маңызды ақпаратты жеткізуде таптырмас құрал. Онлайн кеңістікте ақпараттық роликтер мен постар орналастыру халықты ақпараттандыруға септігін тигізеді деген ойдамын. Ақпараттандыру көп деңгейлі болуы қажет, екі жақ та ақпарат алмасуға мүдделі болуы тиіс. Емханалар мен өзге де медициналық орталықтар халыққа ақпарат беруде белсенділік танытқаны дұрыс. Ақпарат бәріне қолжетімді болғаны жөн. – Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты аурудың алдын алуда қандай іс-шаралар жүргізіп отыр? – Қазақстанның онкологиялық қызметі – динамикалық дамушы қызмет. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында халыққа онкологиялық көмек көрсетудің 4 деңгейі бар. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары сүт безінің, колоректальды және жатыр мойны қатерлі ісігінің скринигтерін жетілдіру, халыққа онкологиялық қызмет көрсетуді дамытудың Жол картасын жасау, диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамасын жасау шараларын жүзеге асыруда. Қазақстандық диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамасы халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді. – Ауруды тексеру, емдеу әдістерін жетілдіруде қандай шаралар жасалуда? – Жыл сайын диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістері жасалуда. Бұл жетістіктер халықаралық конференцияларда баяндалып, рецензиялық журналдарда жарияланады. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында клникалық жұмыстармен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысамыз. Қазақстан Республикасындағы онкоауруларды диагностикалау мен емдеуге нұсқау беретін клиникалық хаттамаларды дайындауға қатысамыз. – Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Жәнібек ҒАЛЫМ