682
Королеваға келін болған «КҮЛШЕКЕР»
Королеваға келін болған «КҮЛШЕКЕР»
Осы жұрт Британ корольдік отбасының өмірін неге қызықтайды десем, оның бір себебін әлем халықтары ертегілерінен іздеу керек екен. Сонау Мысыр жазуларынан табылған Күлшекер туралы ертегі әр заманда, әртүрлі тілде, сан қилы нұсқалармен айтылып келеді. Бірақ түп өзегі, шырқау шегі – біреу. Ешкімге елеусіз, жетімдік пен жалғыздықтың машақатын көріп, томаға-тұйық тіршілік етіп жатқан жас қыздың басына бақ та, тақ та бір-ақ күнде беріле салады. Қорғансыздың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырайтын сәті – патшазадамен кездесуі емес пе? Әрине, талғампаз патша ұлының көңілінен шығу үшін қорғансыз қыз көп еңбек етті, ең бастысы, не жамандық көрсе де, жақсылықтан үмітін үзбеді. Ақыры, екі жас үйленіп, «ұзақ та бақытты өмір сүрді». Мыңжылдық тарихы бар Күлшекер хикаясының заманауи актриса Меганның тағдырымен ұқсастығы көп. Бәлкім, Меган Күлшекерден «өнеге» алып, тынбай еңбек етіп, талмай жігерленіп, өз бақыты үшін күресті дегеніміз дұрыс болар. Кеше ғана қатардағы телехикая әртістерінің бірі, нәсілі қарадан шыққан Меган бір-ақ күнде ағылшын аристократына айналып, британ принціне күйеуге шықты. Ертегіден несі кем? «Меган мен Гарри» атты хикаятты жұрт болып тамашалаған миллиондардың қуанышында шек жоқ. Құдды ертегіге тап болғандай.
Англияның Беркшир графтығындағы Виндзор қамалының айналасы 19 мамыр күні ығы-жығы адамға толды. BBC жаңалықтар қызметі дәл осы күні қамал алдына жиналған адамдардың саны жүз мыңнан асты деп хабарлады. Қолдарына плакат ұстап, «екі жас бақытты болсын» деп даурыққан, қалыңдық пен күйеуді бір сәт көріп қалуға ынтыққан жұртта ес жоқ. Америка, Еуропа және Британияның басқа аймақтарынан Виндзор қамалына арнайы келген халық. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Ғажап! Керемет! Сондай әдемі! Қандай сұлу! Бұл бір ғажайып!» деген сықылды мағынасы жақын одағай тіркестер. Тіпті, екі жастың некесін қиятын шіркеуде епископ Майкл Карри қатты толқып, 13,5 минут бойы арқаланып сөз сөйледі. Сырт қарағанда, бұл үйлену тойы емес, Америка құрлығы жаңадан ашылды немесе бұ халық көптен аңдысқан жауын жеңіп, масайраған күн туды деп қалуға болар еді. Той күні тынымсыз жұмыс істеп, күнұзақ тікелей эфирден хабар берген британдық журналистердің хабарлауынша, бұл салтанатқа жүз мың адам қатысып, оны бір ғана BBC арнасынан екі миллиард адам тамашалаған.
Осынша дабыра-шуды тудырған не? Бар болғаны, 34 жастағы британдық Гарри мен 37 жастағы Меган атты америкалық қыздың үйлену тойы.
«Той десе, қу бас домалайды» деген сөз дәл британдықтарға арнап айтылған ба дерсің. Құлқын сәріден Виндзор қамалының төңірегін айналсоқтап, британ туынан тіктірген көйлекпен көлбеңдеп, түрлі пішін, сан қилы үлгідегі қалпақ киген бастар... Тіпті, қалыңдық көйлегін киіп, «Merry me, Harry!» («Гарри, маған үйлен!») деп дабырлап жүрген орта жастағы әйелдер де осында.
Әрине, Британияда елдің бәрі монарх әулетін елжірей жақсы көреді десек, жалған болар еді. Оны «ескіліктің сарқыншағы» санайтын, қарапайым адамдар төлейтін «королева салығына» наразылық білдіретіндер аз емес. Скептиктер аристократтық той өтер-өтпестен оның шығынын есептеп шығарды: Гарри мен Меганның үйлену тойына аттай 32 миллион фунт стерлинг жұмсалыпты. «Financial Times» газетінің экономикалық сарапшыларының есебіне сенсек, бұл елдегі үйлену тойының жалпы шығыны орта есеппен 18 мың фунт стерлингтен аспайды. Сонда Британ монарх әулеті бір тойға қарапайым британдықтардан 2000 есе көп ақша жұмсады деген сөз. Міне, айырма қайда жатыр. Осыдан соң теңдік пен әділдік туралы пәлсапа соғып көріңіз? Бірақ бұл тойдың Ұлыбритания қазынасына 500 миллион фунт стерлинг пайда түсіргенін де ұмытпауға тиіспіз.
Бір ғажабы, бейресми деректерге жүгінсек, той шығынының басым бөлігі, яғни, 30 миллион фунт стерлинг Виндзор қамалының қауіпсіздігін арттыру шараларына бөлінген көрінеді. Тойды қызықтауға келген халықта сан жоқ, бұл рас. Виндзор қамалынан ашық пәуескемен сейілге шыққан Гарри мен Меганға қошемет көрсеткен халық жолдың екі бетін түгел қоршап, ұзын-сонар тізбек құрды. Бірақ әу баста осы тойдың өзі қара халықты қызықтыру үшін ұйымдастырылды емес пе, сондықтан сол халықтан қорғану үшін қауіпсіздікке қыруар қаржы жұмсаудың қисынын түсіну оңай емес...
Сонда үйлену тойының нақты шығыны 2 миллион фунттың шамасында деген сөз, бірақ соның өзі әдеттегі некеқияр тойға жұмсалатын қаражаттан жүз есе көп.
Виндзор қамалының осы күндердегі кейбір шығындарынан мысал келтірсек:
- Қонақтарға берілетін шәй-пәй – 26 000 фунт стерлинг;
- Уақытша дәретханалар – 20 000 фунт стерлинг;
- Қонақтарға қонақасы беру – 300 000 фунт стерлинг;
- Арақ-шарап – 193 000 фунт стерлинг.
Ұлыбритания