"Отан-Ана" ІІ республикалық әншілер байқауы мәреге жетті

"Отан-Ана" ІІ республикалық әншілер байқауы мәреге жетті

"Отан-Ана" ІІ республикалық әншілер байқауы мәреге жетті
ашық дереккөзі
334
Қызылорда қаласында 16 мамыр күні басталған ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шүкенов атындағы "Отан-Ана" ІІ республикалық орындаушылар конкурсы аяқталды. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорданың 200 жылдығына тұспа-тұс келiп отыр. Республикалық байқауға 18-30 жас аралығындағы әншілер өтiнiш жiбердi. Ал қатысушылардың өнер көрсету реттілігі алдын-ала жеребе таңдау арқылы анықталды. Байқауда әншілерге минусовкада бэк-вокалды қолдануға рұқсат етiлмедi. Биыл ән сайысына еліміздің барлық қалаларынан және Өзбекстаннан 25 орындаушы қатысып, бағын сынады. Өнерпаздардың талантына ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ержан Әбдрахманов, әнші Дильназ Ахмадиева,  композитор Ринат Гайсин, Еркеш Шакеев, Батырхан Шүкенов атындағы қордың директоры болған Олжас Байқановтар баға берді. Байқау қорытындысы бойынша, Бас жүлдені Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Ерік Төленов алды. Бірінші орынды қарағандылық Гүлнар Көшенова, екінші орынды Батыс Қазақстан облысы атынан қатысқан Айымбек Сартуков және үшінші орынды қызылордалық Индира Байымбетова мен астаналық Күләйім Қайырбаевалар иеленді. Сонымен қатар, Шөкеновтер отбасының арнайы жүлдесімен алматылық Сырымтай Еңсепов, қала әкімінің арнайы жүлдесімен ақтөбелік Нұртас Омаров және қызылордалық Тұрғанәлі Шарапов марапатталды. Ал Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесі Арайлым Маханбетжановаға берілді.   18 мамыр – Батырхан Шүкеновтің туған күні. Осыған орай әншінің туған жерінде оның ескерткіші қойылды. Бұл бастаманы 2016 жылы облыстық жастар саясаты мәселелері басқарамасы көтерген болатын. Ал 2017 жылы арнайы облыстық комиссия бұл ұсынысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне жіберді. Ескерткіштің эскиздік жобаларын таңдау облыстық «Сыр бойы» газет басылымы мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілді. Конкурсқа жалпы саны 13 эскиздік жоба келіп түскен. Солардың арасынан 2017 жылғы 7 сәуірдегі Мемлекеттік комиссияның шешімімен мүсінші Мұрат Мансұровтың жобасы үздік деп танылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі – 3,6 метр, ал мүсіннің биіктігі – 2,2 м (2Н.В) қоладан жасалған, тұғырының биіктігі – 1,6 м. Сондай-ақ, конкурсанттар Батырхан Шүкенов ескерткішінің ашылуына қатысып, ескерткіш маңына тал екті. Кешке Қызылорда қаласының орталық алаңында конкурс жеңімпаздары мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен Гала-концерт өтеді. Конкурсты ұйымдастырушы: Қызылорда облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және «Таңдау» продюсерлік орталығы. ҚОСЫМША АҚПАРАТ Батырхан Шүкеновті еске алуға арналған «Отан Ана» конкурсы биыл екінші рет өтті. Ал байқау тұңғыш рет 2016 жылы ұйымдастырылған еді. Ол кезде бағын сынауға барлығы 200-ден аса адам өтініш білдіріп, оның 26-сы іріктеліп алынған болатын. Байқауға Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауераты Роза Рымбаева, композитор-музыкант, бүкілодақтық эстрада әртістері конкурсының лауреаты Яков Хан, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова секілді өнер иелері қазылық етті. Байқаудың бас жүлдесін қарағандылық Ербол Тәжиев, ал бірінші орынды астаналық Дәурен Оразбеков пен қарағандылық Әлібек Шәкенов алды. Байқаудың екінші орнын Батыс Қазақстан облысының өнерпазы Сұлтан Қайырсапиев пен қызылордалық Ерлан Байбазаров иеленді. Үшін орын атыраулық Динара Хайруллина мен Шығыс қазақстандық Жанерке Қабатаева және Қызылорда азаматы Дархан Қаматаевтарға бұйырды.

Серіктес жаңалықтары