«Жаңарған Қазақстан, жаңарған ұрпақ»

«Жаңарған Қазақстан, жаңарған ұрпақ»

«Жаңарған Қазақстан, жаңарған ұрпақ»
ашық дереккөзі
Жуырда Алматы қаласындағы № 4 кітапхана ұжымы «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестік мүшелерімен оқырмандар кездесуін өткізді. Кездесу тақырыбы – «Жаңарған Қазақстан, жаңарған ұрпақ». Қоғамдық бірлестіктің төрағасы Болат Құрымбаев бірлестіктің 2009 жылы құрылып, Әділет министрлігінде заңды тіркелгенін, «Желтоқсаншылар кімдер? Олар алаңға не үшін шықты?» сауалдық тақырыптарды алға тарта отырып, біраз құнды мағлұматтар берді. Тәуелсіздік ата-бабаларымыздың және Алаш арыстарының арманы болып, империялық езгіге қарсы сан рет көтерілісті бастарынан кешкендерін, репрессия жылдарындағы ұлт зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккендерін, сол көтерілістердің жалғасы болған желтоқсан жастарының отаршылдық саясатқа қарсы тегеурінді қарсылығын айта келіп, тарихи сабақтарына тоқталды. Журналистер одағының «Алтын Жұлдыз» белгісінің иегері, публицист-жазушы Талғат Айтбай өз сөзінде желтоқсан көтерілісінің тәрбиелік мәні мен тарихи маңызына кеңінен тоқталып, «Желтоқсан − Тәуелсіздік бастауы», «Заман келбеті және ұлттық тәрбие мәселелері» және «Ұлт тағдыры болашақ ұрпақ қолында» атты тақырыптардың бір-бірімен сабақтасып, ауқымды мәселелерді қамтитынын ескертіп, бүгінгі жеткіншектерге желтоқсан жастарының ерлік пен өрлігін үлгі ете отырып, бұл көтеріліс ұлттық құндылықтарымыздың  тарихи  бір бөлігі болып табылатынын  жеткізді. Бүкіл түркі дүниесі ақындары фестивалінің лауреаты, ақын Болат Шарахымбай желтоқсан көтерілісі жастарының империялық саясатқа қарсы тұрған ерлік істерінен сөз қозғай келіп, оның ұлттық тәрбиедегі алатын орны жан-жақты, сан-салалы екенін сөзіне арқау етті. Оқырмандар сұрауы бойынша өзінің «Азаттық ауасы» атты өлеңін оқыды. Халықаралық «Түркістан» газетінің қызметкері, Республика Президенті сыйлығының иегері, публицист-журналист Көлбай Адырбекұлы өзі жазып жүрген циклдік «Казахское дело» мақалаларын тілге тиек етіп, желтоқсан көтерілісі кезінде тек студенттер мен жұмысшы жастар ғана емес, ұлттың зиялы қауымы да қуғын-сүргіннің зардабын шеккені туралы республикалық мұрағаттардан алған материалдар бойынша айтып берді. Желтоқсаншы, саясаткер Геройхан Қыстаубаев желтоқсан көтерілісінің тарихи рөлін айта отырып, жастарды тәуелсіздігімізді қорғауда білімді әрі білікті болуға шақырды. Сондай-ақ, желтоқсаншы әйелдер Шолпан Мұратқызы мен Гүлзатхан Темірбекова және кездесуге арнайы келген қария Бибіғайша Көпесбаева  тоталитарлық үстемдікке қарсы тұрған 86-жыл жастарының патриотизмі туралы  сөз қозғады. Кездесу соңында кітапхана меңгерушісі Сағын Иманбаева желтоқсан көтерілісі ардагерлерінің жастар өнеге алатын ұлағатты ой-пікірлері  үшін ризашылығын білдірді.