334
Астанаға 9 ел инвестиция салады
Астанаға 9 ел инвестиция салады
Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының І инвестициялық форумында 9 елдің бизнесмендері аумақтың қай тұсына инвестиция салу керегінен хабардар болды. Форумға қатысушылар үшін инвестиция алаңындағы қолданыста бар, оның ішінде 100-ден астам жер учаскесінің базалық мәліметі, құрылысы бітпей қалған нысандар, инвестиция салымы қажет жобалар ұсынылды.
300-ге тарта форумға қатысушылар ішінде Франция, Германия, Түркия, Канада, Қытай, Ресей, Белоруссия, Украина, Әзірбайжан және отандық кәсіпкерлер де бар. Іс-шараның қорытындысы бойынша 30 млрд теңгені құрайтын 11 құжатқа қол қойылды. Яғни, алдағы уақытта шамамен 100 млн АҚШ долларына тең жобалар жүзеге аспақ. Айталық, Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппараты мен неміс Marcel Boschung AG арасындағы әріптестік туралы меморандум жол метеостанциясына ноу-хау енгізуге мүмкіндік береді. Қар еріту құрал-жабдығы өндірісі саласындағы әріптестік бойынша және Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты ММ, TrecanCombustion (Канада), «ANTMachinery» ЖШС арасында қар еріту бойынша МЖК жобасы меморандумына қол қойылды. Ал жаяу жүргіншілер бульвары құрылысы бойынша, Сарыарқа ауданы әкімі аппараты, «Astana» ӘКК» ҰК» АҚ және «CITY BOX» ЖШС арасында өзара келісім туралы меморандум мен әріптестікке қол жеткізілді. Футбол алаңы құрылысын салуға Сарыарқа ауданы әкімі аппараты мен DUOL (Словения) компаниясы арасында әріптестік туралы меморандум өз нәтижесін береді деп болжануда.
Ал польшалық инвесторлар «TYTAN» брендінің атынан ғимараттарда жылуды сақтайтын өнімдер мен дисперсиялық және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін Астанадағы «Selena Insulations» зауытын іске қосқан болатын. Арнайы зауыттың жұмысымен танысқан Польша Республикасының президенті Анджей Дуда «Астана – жаңа қала» экономикалық аймағында орналасқан «Selena Insulations» зауытында польшалық «Selena Group» инвесторының 25 жылдығы және компанияның Қазақстанда 15 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқанын айтқан еді.
«Selena Group» – бұл жаһандық компания. Бас штаб пәтері Польшада орналасқан. Құрылыс химиясы өнімдерін шығаратын польшалық холдингтік компания әлемдік полиуретанды көбікті өндіру көлемі бойынша үш жетекші компаниялардың бірі болып табылады. Компания еліміздегі өз жұмысын 2002 жылы дайын өнімдерді жеткізумен бастады. «Selena Group» өнімдері Қазақстан нарығында төрт сегмент – полиуретан көбік, құрылыс желімі, қымтақ және көбікті желім бойынша берік жетекшілік орындарды алып отыр. Қазақстанның 8 қаласында компанияның өкілдіктері бар.
«Selena Insulations» зауыты – тікелей шетелдік инвестицияларды қазақстандық экономиканың шикізаттық емес секторына тарту жөніндегі мемлекеттің саясатын дәйекті жүзеге асырудың нәтижесі. Астана аймақтағы ең тартымды инвестициялық бағыттардың бірі болуға мүдделі.
«Польша мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас тек саяси салада ғана емес, іскерлік, мәдениет пен ғылымда да дамып келеді. 2016 жылдың желтоқсанында «Selena Insulations» заманауи жоғары технологиялық зауытын арнайы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. Польша Республикасының президенті Анджей Дуда мырза бұл құрылым бүгінгі таңда Польша мен Қазақстан арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады», – деді.
Қазақстандағы «Selena» бизнесін құру барысында клиенттік компанияларда 3 мыңнан астам жұмыс орны және шикізатты жеткізетін кәсіпорындарда 700-ден астам жұмыс орны ашылды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың тонна құрғақ құрылыс ерітінді мен жылына 10 мың тонна дисперсиялық ерітінді көлемін құрайды. Алдағы уақытта бұл көлемді жылына 180 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар. Өнімді Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей елдерінің нарығына экспорттау көзделген.