Асқар Мұстабеков: Жастарымыздың рухы биік, намысы күшті

Асқар Мұстабеков: Жастарымыздың рухы биік, намысы күшті

Асқар Мұстабеков: Жастарымыздың  рухы биік, намысы күшті
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев ел әскерінің жоғары әлеуеті жөнінде: «Бүгін еліміздің Қарулы Күштерінің біртұтас жүйесін құрайтын заманауи, саны жағынан жинақы, жақсы жабдықталған және ұрысқа қабілетті Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштері құрылды» деп үлкен сенім артқан болатын.  Осы тұрғыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Елбасы үміт артқан асқаралы асуларды бағындырып, тәуелсіз еліміз бен жеріміздің бейбітшілігі, тыныштығы үшін мамандар дайындауда. Бүгінде әскерлердің барлық түрлері мен тектеріне арналған инженер-мамандарға мемлекеттік идеологияны сіңіріп, отаншылдық рухқа тәрбиелеп жатқан Орталық Азиядағы алғашқы және бірегей әскери-инженерлік жоғары оқу орны  туралы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, полковник Асқар Досбосынұлы Мұстабековті әңгімеге тартқан едік. – Асқар Досбосынұлы, қазақ әскеріне офицер кадрларын дайындау үшін ашылған оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? – 1991 жылы егемендік алған тұста елімізде офицерлік кадр мамандарын дайындайтын екі әскери оқу орны қалған болатын. Бірі Алматы қаласында орналасқан Кеңес Одағының маршалы И.С. Конев атындағы Алматы әскери жалпы командалық училищесі мен екіншісі Ф.Э. Дзержинский атындағы шекаралық командалық училищесі еді. Одан кейін 1994 жылы Ақтөбенің жоғарғы азаматтық авиация училищесінде  ұшқыш-техниктерді дайындайтын Әскери әуе күштерінің әскери факультеті ашылды.  Әскери мамандарды дайындау, еліміздің қорғаныс күшін нығайту үшін аталған әскери оқу орындары жеткіліксіз еді. Осыған байланысты зениттік-зымыранды, радиотехникалық әскерлер, радиотехникалық қамтамасыз ету бөлімдері, байланыс әскерлері мен автоматты басқару жүйесінің мамандарын дайындайтын төл әскери оқу орны керек болды. Сол уақытта Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы, армия генералы, Халық ҚаҺарманы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың күш салуымен Азаматтық авиация академиясының әскери факультеті жанынан, 2001 жылдың 15 қазанында Үкімет қаулысымен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты құрылды. Қорғаныс министрінің директивасына сәйкес әскери институттың орналасатын орны, штаттық құрылымы мен негізгі жеке құрамның оқу орны бекітілді. Әскери институттың бірінші бастығы болып 2002 жылы полковник Асылхан Мәуленұлы Сағынаев тағайындалды. Оқу орнының қабырғасын қалауға және нығайтуда сол кездегі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің басшысы генерал-майор Оқас Базарғалиұлы Сапаровтың да еңбегі орасан. Ал 2007 жылы генерал-майор Е.Оразов басшылық еткен тұста институт қазіргі орынға көшіріліп, оқу-жаттығу базасын әрі қарай дамытуға күш салды. Сондай-ақ, 2010-2017 жылдар ішінде генерал-майор Қайрат Әнуарбекұлы Садықовтың басшылығымен білім беру жүйесіне бірқатар реформа жүргізілді. Қазіргі таңда институттың құрылғанына 17 жыл толды. Әрине, 17 жыл аз да, көп те уақыт емес. Осы уақыт ішінде еліміздің Қарулы күштеріне 1500-ден астам офицер дайындалды. Институт қабырғасынан бір жылда 150-200 лейтенант түлеп ұшып, еліміздің әр тарапында өз Отанына қалтқысыз қызмет атқаруда. Олар бүгінде бригада командирлерінің орынбасары, батальон, рота командирлері лауазымын атқарып жүр. Қарулы күштерде ғана емес, әскери саланың басқа да құрылымдарында, зенитті ракеталық, радиотехникалық бөлімдерде, байланыс, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз ету нысандарында, автоматтандырылған басқару жүйелерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, шекара шебінде қызмет етіп жүрген офицерлер жетерлік. Институттың басты бағыты – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің зияткерлік діңгегін қалайтын, жоғары кәсіби деңгейдегі әскери мамандар дайындау. – Елбасы, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Офицер – мемлекеттік қызметкер ғана емес, ол көптеген адамдардың өмірі сеніп тапсырылатын мемлекет адамы», – деген еді. Оның үстіне, «офицер болу – батылдар мамандығы» дегенді жиі естиміз. Әскери оқу орнына келетіндерге талап қандай?  – Әскери маман болу үшін талап пен ынта маңызды. Дәлірегінде, осы салаға өмірін арнауы керек. Кездейсоқ келген адамнан мықты Отан қорғаушы шығады деп айта алмаймын. Жоғары оқу орны болғаннан кейін, талап бәріне ортақ. Бірақ бізге оқуға түсудің бір ерекшелігі, медициналық комиссиядан, дене дайындығынан және психологиялық тесттен өткенде жоғары талап қойылады. Одан бөлек мектепте алған білімі таразыға түседі. Инженерлік институт негізінен математика мен физика пәніне аса мән береді. Содан кейін ғана жалпы қорытынды бағасына қарап, оқуға қабылдаймыз. Оқу орны Әскери радиотехника, Радио-байланыс пен зенитті ракеталық әскерлердің қондырғыларын жөндеу; Зенитті ракеталық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы; Радиотехникалық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі автоматты басқару жүйелерінің инженері мамандықтары бойынша білікті, отансүйгіш мамандар тәрбиелейді. Бізде бәрі тегін. Жататын орны, тамағы, киетін киімі – бәрі мемлекеттің қамқорлығында. Әр курсант сабақ үлгеріміне және курсы жоғарылаған сайын белгіленген мемлекеттік стипендияны алып тұрады. Сондай-ақ, оқуды бітірген мамандардың 100 пайыз жұмысқа орналасуына кепілдік бар.  Тіпті, институтты тәмамдап, қызметке орналасқан түлектердің жұмыс орнынан пікір аламыз. Олар маманның қай жағынан ақсап тұрғанын, қай жағынан көш ілгері екенін тәптіштеп жазып жібереді. Соған байланысты маман дайындау барысына талдау жасап, кемшіліктерді болдырмауға күш саламыз. Бүгінгі күні институт қабырғасында жоғарғы кәсіби деңгейдегі профессорлық-оқытушылар құрамы қызмет атқарады. Атап айтсақ, 4 ғылым докторы, 10-нан аса ғылым кандидаты және 84 ғылым магистрлері курсанттарға сапалы білім беруде. – Оқу орнының заманауи құралдармен жабдықталуы көңіл көншіте ме? Биылдан бастап «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, барлық сала цифрландыру үдерісіне бағытталуда. Ал әскери институтқа цифрландыру келді ме? – Институт жабдықталуы жағынан ешбір оқу орнынан кенже қалған емес. Заманауи үлгіге сай қажетті оқу-материалдық базамен жабдықталған. Соңғы кезде әскери білім ордаларына мемлекет тарапынан қолдау ерекше. Кафедраларда бүгінде Қарулы күштерде қолданылып жүрген қару-жарақтың барлық түрі бар. Әдіскерлік-оқу кабинеттер, кітапхана, дәрісханалар, соңғы үлгідегі құралдармен қамтылған зертханалар білімгерлердің игілігіне арналған. Цифрландырудың да ауылы алыс емес. Алдағы уақытта білім беру, ақпараттық жүйені бір арнаға тоғыстыру жоспарда бар. Бұл әрі қағазбастылықты азайтады. Сондықтан әскери саланы да цифрландыру өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлінген. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс» деген тапсырма берілді. Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігін айтты. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отырған үштілділік оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуді міндеттеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – халықаралық деңгейдегі жаңа технология мен жаңа индустрияның әрі жаңа экономика тілі екендігіне тоқталды. «Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды» деп алдымызға үлкен мақсат қойды. Әсіресе, сандық технология, жаңа инновациялар мен коммуникацияларды дамыту мәселелеріне басымдық берді. Президенттің осы бағдардағы тапсырмаларына сәйкес, білім сапасын арттыру мақсатында оқу үдерісіне жаңа ақпараттық технологиялар мен тиімді әдіс-тәсілдерді көптеп енгізіп, басшылыққа алу – негізгі жоспарымыз болып отыр. – Әскери салада әлі күнге орыс тілі басым. Оқу құралдары, ресми құжаттар – орыс тілінде. Сіздіңше, қазақыландыруға не кедергі? –  Әрине, мемлекеттік тілге көшу керек. Әзірге білім беру үрдісі екі тілде болғанмен, көбіне орыс тілінде. Егер курсант орыс тілінде түсінбесе, оған әр кафедрада мемлекеттік тілге жетік оқытушылар егжей-тегжейлі түсіндіріп береді. Қазір күнделікті қолданатын сөздің бәрі қазақша. Тек техникалық терминді аудару қиынға соғуда. Бұл түйткіл әскери салада ғана емес, басқа техникалық оқу орындарында да бар жағдай. Әлі күнге техникалық салаға қатысты жарық көрген сөздік жоқтың қасы. Барының өзінде әр сөз әрқалай жазылған. Меніңше, Елбасы айтпақшы, кейбір сөздерді аударудың керегі жоқ. Әскери салада да халықаралық терминдер қалу керек. Оқытушылар техникалық оқулықтардың электронды базасын қалыптастырып, түзіп, орыс тіліндегі дәріс-кітаптардың 50 пайызын мемлекеттік тілге аудару ісін жүргізуде. Аталмыш дүниелердің баршасы да білім сапасын жақсартуға тиімді ықпалын тигізері анық. Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің маңызы барған сайын айқындала түсіп, бұл саладағы түйткілді мәселелер өзінің оң шешімін тауып келе жатқаны сөзсіз. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мемлекетіміздің қорғаныс саласын қамтамасыз етіп қана қоймай, әскер саласындағы мемлекеттік тілдің де дамуына ерекше мән беріп келеді. Біздің бірінші мақсатымыз – әскерге Отан алдындағы парызын өтеуге келген әрбір жас сарбазды әскери дайындықтан өткізіп, тәні мен рухын шыңдау болса, екіншіден, сарбаздардың өз арасында қазақ тілінде сөйлесіп, әскери әндерді қазақ тілінде шырқап, әскери терминдер мен сөздердің қазақ тілінде айтылуына баса мән беру болып табылады және оның айрықша мәні бар. Дейтұрғанмен, әскердегі тілдік ортаны қалыптастыру оңай шаруа емес.  Кеңестік заманнан әбден орнығып, қалыптасып қалған әскери сөздер, әскери терминдердің барлығы орыс тілінде болғаны белгілі. Еліміз егемендігін алып, төрткүл дүниеге тәуелсіз мемлекет ретінде танылып, қасиетті ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тілге айналған кезде, әскер тілін қазақ тілінде қалыптастыруға, дамытуға, басымдық беруге түбегейлі бетбұрыс жасалды. Әскерге келген сарбаздарға айтылатын бұйрық сөздер түгелімен қазақшаланып, Қарулы күштер саласында қазақ тілі жаппай көрініс таба бастады. Бүгінгі таңда да біз әскери саладағы қазақ тілінің әрі қарай да кең өріс алып, қанатын кеңге жайып, тілдік ортаның ана тілімізде қалыптасуына мүдделіміз. Сарбаздардың рухын, батырлық қасиеттерін тәрбиелеуде тіліміздің атқаратын рөлі аса зор. Өйткені халқымыздың ел мен жерді қорғаған батыр ұлдары өз ана тілдерінде сөйлеп, сол үшін де рухы биік, намысы күшті болғаны тарихтан белгілі. Міне, осы жылдар ішінде біз Қарулы күштер саласында Отан алдындағы парызын өтеп жүрген, сондай-ақ, өзінің өмірін, қызметін осы саламен тығыз байланыстырған әскери адамдарға қазақ тілінің қажеттілігін сезіндіріп, қазақ тілінің толыққанды әскер тілі бола алатынына берік сенімдерін қалыптастыра алдық деп ойлаймын. –  Есесіне, оқу орны ағылшын тіліне басымдық беріп жатқан көрінеді. Оқытушылар үш тілде білім беруге көшіп кетті ме? – Институт мамандардың білімі жоғары болу үшін ең алдымен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге күш салуда. Биылдан бастап оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіп, шет тілін жетік білуге көңіл бөлінді. Әр пәннен ағылшын тілінде дәріс беретін оқытушы дайындалуда. Олар үш тілді еркін түсініп, дәріс оқи алатындай деңгейге жету жолында ізденіп, еңбектеніп жатыр. Ол үшін арнайы Шет тілдері кафедрасы бар. Бұрын ағылшын тілін 1-2 курста ғана оқытсақ, биыл 1-5 курс аралығында кәсіби тұрғыда үйретуге басымдық беріледі. Осы орайда жоғары білім беру жүйесінің сапасына, кадрлық құрамына ерекше назар аударамыз. – Шетелдік оқу орындарымен әріптестік байланыс қандай деңгейде? Сондай-ақ, Қырғызстаннан келген жастарға білім гранты бөлінеді екен. Бұл өзара мемлекет­аралық келісім арқылы шешілген бе? –  Бүгінгі таңда білім ордасы шетелдік әріптестерімен, шетелдік әскери оқу орындарымен де тығыз қарым-қатынас орнатқан. Атап айтар болсақ, 34 сарбаз Ресей мен Белоруссияның бірнеше қалаларында білім алып келді. Институтымыздың оқытушы-мамандары Мәскеу мен Санкт-Петербор қалаларында ғылыми дәрежелерін қорғап, тәжірибе алмасып, ізденістерін үзбей жалғастырып тұру мәселесі де жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар Қырғызстаннан да келіп, білім алып жатқан курсанттар бар. Жыл сайын арнайы грант бөлінеді. Бірақ қалай және қандай талапқа сай қабылданатынында біздің қатысымыз жоқ. Бізге осыншама курсант оқиды деп айтады. Білім беру, тәрбиелеу жұмыстары – біздің мойнымызда. 2015 жылы бірнеше қырғыз курсанттары бітірді. Қазір де 1-2 курста оқып жүр. Олардың неліктен бізді таңдағанына келсек, Кеңес Одағы тарағаннан кейін біздің елде қару-жарақ қоры болды. Оны қолдану тактикасы да жақсы дамыған. Сол себептен де Қазақстанда білім алғысы келетіндер көп деп ойлаймын. Оның үстіне бұл Қырғызстан мемлекетіне қолдау ретінде берілген көмек шығар. Бізде тек қырғыз курсанттары оқыса, Астанадағы әскери ұлттық университетте Орта Азия, ТМД елдерінен арнайы келіп оқитын жастар көп. –  Әскери институт курсанттарының білім сайыстарына қатысып, оқ бойы озық шығып жүргенінен де хабардармыз. Осы тұрғыда білім беру ісіндегі жетістіктерге тоқтала кетсеңіз... – 2017 жылдың 10-13 сәуірі аралығында алғаш рет Қазақстан Республикасында Радио­электроника және байланыс әскери-инженерлік  институты базасында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Т.Мұхтаровтың тікелей қатысуымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің жоғарғы білім беру ұйымдары курсанттарының арасында математика пәнінен III халықаралық олимпиадасы өтіп, біздің команда 6 елдің арасында жүлделі 2-орынды иемденген еді. Осы уақытқа дейін Институт курсанттары Ресей Федерациясының: Воронеж, Смоленск, Санкт-Петербург, Ярославль, Кострома қалаларында өткен ғылыми олимпиадаларға белсенді түрде қатысып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Сондай-ақ, ТМД аясында үш жыл қатарынан командалар математика мен информатикадан олимпиадаға қатысып, бақ сынауда. ТМД қатысушы мемлекеттердің жоғары білім беру ұйымдары курсанттарының математика пәнінен IV Халықаралық олимпиадасы өз мәресіне жетіп, екінші мәрте ұйымдастырылған халықаралық олимпиадада Радио­электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары екі жыл қатарынан екінші орынды иеленді. ТМД деңгейінде осындай үздік нәтиже көрсету – институт қабырғасындағы оқытушы-профессорлар құрамының жоғарғы деңгейдегі кәсіби шеберлігін айқындаса керек. Оның дәлелі ретінде таяуда 2-курс курсанттары командасының Армения республикасында ТМД қатысушы мемлекеттердің жоғарғы білім беру ұйымдары курсанттарының арасында ағылшын тілінен өткен ІV халықаралық олимпиадасына қатысып, абсолютті командалық есепте жеңісті үшінші орынды иеленгенін айта кеткен жөн. Сол сияқты таяуда информатика пәнінен екі команда Санкт-Петербург қаласына барып, олимпиадада жүлделі орынға ие болды. Осы өткізілген олимпиадалар, оның сыртындағы жаттығулардың бәрі әріптестіктің арқасында жүзеге асуда. Биылдан бастап Қорғаныс министрлігі біздің курсанттарды шетелге он күндік білімін жетілдіруге жіберуді қолға алмақшы. Екіншіден, әлгіндей олимпиада, конференция, семинарларды ұйымдастыру барысында әр елден келген мамандар жетістіктерін алға тартып, түйткілді жайттарды бірге шешуге тырысамыз. Бұл көрсеткіштің бәрі оқу орнының халықаралық деңгейдегі дәрежесін көтере түседі. Сондай-ақ, барлық саладағы студенттердің басын қосатын спорттық бағыттағы шараларымыз да бар. Интеллектуалды, ғылыми бағыттағы іс-шараларымыз өскелең ұрпақтың адамгершілік-әдеп ұғымын, ұлттық құндылықтарын қалыптастыруда атқаратын рөлі зор деп білемін. Бүгінде курсанттардан құралған «Байланыс жігіттері» тобы жоғары оқу орындарының «Көңілді тапқырлар алаңынан» табылып, республикалық жоғары лига ойындарындағы жалғыз әскери команда ретінде көрерменнің көңіліне жол табуда. Мұнымен қоса «Патриот» ғылыми-пікірсайыс клубы халықаралық және республикалық турнирлерде үздік нәтиже көрсетіп, осы уақытқа дейін алдына жан салған жоқ. Өз елімізді айтпағанда, Әзірбай-жан, Қырғызстанның жоғары оқу орындарынан арнайы шақырту келіп түсті. Жеке тұлғаны үйлесімді қалыптастырып, оның рухани-мәдени, зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған «Бес қару», «Сұңқар» клубтары Әуезов ауданының мектептерінде түрлі тақырыптағы әскери-патриоттық дөңгелек үстелдер өткізіп, оқушылардың әскери өмір жайындағы сұрақтарына толымды жауап береді. – Институттың жауынгерлік жоспарына сәйкес, командалық штабтық оқу-жаттығулар өтіп, институттың әскери қызметкерлері жедел тактикалық дайындықта кәсіби дағдыларын жетілдіре ме? – Институттың офицерлері, сержанттары және курсанттары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі тарапынан ұйымдастырылған барлық іс-шараларға атсалысып келеді. С-125 оқу дивизионының есептік тобымен қатар, институт курсанттары «Сарышаған» мемлекеттік сынақ алаңында жауынгерлік атудан «Жауынгерлік достастық» оқу жаттығуында шеберліктерін шыңдайды. 5-курс курсанттары Отар 40-әскери базасында өткізілген «Қаратау – 2017» оқу-жаттығуына қатысты, сондай-ақ «Сарышаған» мемлекеттік полигонында «Жауынгерлік достастық – 2017» далалық жаттығуда білік-дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ, мемлекет көлемінде өткізілетін әскери мерекелік шеруге институт есеп тобы сап түзеп, үнемі үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. – Соңғы кезде әскери сала қызметкерлеріне мемлекет тарапынан айтарлықтай жағдай жасалып жатқаны белгілі. Енді тек білек сыбанып, жұмыс істеу керек шығар... – Оныңыз рас. Әлемде экономикалық дағдарыс болып жатса да, мемлекет әскери қызметкерлердің әлеуетін көтеруді қолға алды. Былтыр жалақымыз 25 пайызға өсті. Баспанасы жоқ әскери қызметкер пәтер жалдап тұрса, ақшасы мемлекет тарапынан төленеді. Мұнымен қоса, әскери қызметкерге және отбасы мүшелерінің санына қарай есепшотқа ақша бөлініп тұрады. Ол жинақталған қаржыға қалаған жерінен баспана ала алады немесе жер алып, үй салуына болады. Нәтижесінде әр әскери қызметкер өзінің жеке баспанасына қол жеткізеді. – Демек, Қазақстан халқының тыныш ұйқтауына кепілдік бар ғой...  – Құдайға шүкір, еліміздің іргесі тыныш. Осы бейбіт күнімізден арылмайық. Әрине, бүгінгі әскер жоғары техникалық қару-жарақпен жабдықталған. Шекара шебін елімізді ең білікті, мықты сарбаздар күзетуде. Сондықтан да халықтың тыныш ұйқтауына кепілдік бар. Елдің басына күн туса, халқымыз сол жігіттерге сенеді, соларға сүйенеді емес пе? Ендеше, ел ерге қарағанда, ер жерге қарамасын дейік. Сондықтан қандай жағдай болмасын, Отанды қасық қанымыз қалғанша қорғауды парызымыз, борышымыз деп білуіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет! Отан қорғаушылар күні құтты болсын!  

 Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы