250
ХҚО арқылы 10 млн астам қызмет көрсетілген
ХҚО арқылы 10 млн астам қызмет көрсетілген
Оңтүстік Қазақстан облыстық Халыққа қызмет көрсету орталықтары 2 жыл ішінде 10 миллионнан астам қызмет көрсеткен. Облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітовтың айтуынша, қызметтердің 7 миллионы электрондық нұсқада көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жыл басынан бері, азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны 621-ге жетіп отыр. «Мамандандырылған ХҚО арқылы екі жыл ішінде азаматтарға автокөлікті қайта тіркеу бойынша 202 мыңға жуық қызмет көрсетіліп, 70 мыңдай жүргізуші куәлігі берілген. Ал 2018 жылдың басынан бері 62 мыңнан астам автокөлікті қайта тіркеу құжаты қабылданса, 13 мыңға жуық жүргізуші куәлігі тапсырылып отыр», - деді Еркебұлан Асанбайұлы. Қазіргі таңда өңірде 34 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың ақпан айында өңірде Цифрлық ХҚО ашылып, азаматтарға ыңғайлы болу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету секторы қосылды. Орталық мамандары азаматтардың үйлеріне бара отырып 10 мыңға жуық қызмет көрсеткен. «Айта кетерлігі, жуық арада «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясына» қарасты үш бірдей департамент бірігетін болады. Олар: ОҚО «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру және Әлеуметтік төлемдер ведомство аралық есептеу орталығы департаменттері. Бұл шара құрылымдық бөлімшелерді оңтайландырып, түрлі қызметтерді жеңілдетуге бағытталған»,- деді Еркебұлан Асанбайұлы.