Ереванда үкімет ғимараты алдындағы шерушілерді ұстады

Армения полициясы Еревандағы үкімет ғимаратына кіре берісті басып алуға талпынған оппозиция жақтастарын ұстады. Бұрынғы президент Серж Саргсянның премьер-министр болуына қарсы топ бүгін тағы да наразылыққа шықты.

Наразылық қозғалысына жетекшілік ететін оппозициялық депутат Никол Пашинян бір күн бұрын шерушілерді таңертең үкімет ғимаратының алдына жиналуға шақырған. Мұнда бүгін премьер Саргсянның төрағалығымен министрлер кеңсесінің алғашқы отырысы өтеді. Наразы топ министрлерді ғимаратқа кіргізбей қойғысы келген.

Армения полициясы 19 сәуірде азаматтарға «ерекше қорғалатын нысандар» мәртебесін еске салып, мұндай нысандарға заңсыз кіргені үшін полиция шара қолдануға құқылы екенін ескертті.

Пашинян болса полиция бейбіт шерушілерге қару қолдануға құқы жоқ деп мәлімдеді.

Еревандағы Республика алаңындағы түнгі шеруге бұрынғы президенттің премьер-министр болып тағайындалуына қарсы мыңдаған адам қатысты. Таңертеңгі жиналыста осы мәселе қаралуы тиіс.

Back to top button